jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Сүф-сүф, субсидия!

20 сәуiр 2018, 11:53
400

Сүф-сүф, субсидия!

Жылда көктем шықса, ауылдағы әкемнен маза қашады.
– Жұрт алып жатқан субсидияға да қолымыз жетпеді. Қорасында тышқақ лағы жоқтар алып, жырғап отыр, – дейді.
– Сізге неге бермейді? Бір қора қойыңыз бар ғой, – деймін мен де.
– Қайдан білейін? Сұрап барсам, береміз, күтіңіз! – деп шығарып салады. Жеме-жемге келгенде қойымның құлағы «шұнақ», мұрны «пұшық» болып шығады. Сөйтіп, үкіметтің беріп отырған тегін ақшасынан қағылып отырған жоқпын ба? – деп кәдімгідей күйіп-пісетіні бар.

Биыл да салы суға кеткен жайы бар. Онысы рас. Субсидия деген соң, әкімдікті жағалап, тегін ақшадан өз үлесін алып, жем-шөбіне жаратқысы келеді. Бірақ жыл сайын тауы шағылып қайтады.
– Дардай жорналиспін дейсің. Сен де жолын іздеп көрмедің, – деп кейіді өткен жолы. Қатты тиді. Бұрын ойланбаппын.
Осы аптада Жамбыл облысында мемлекеттен берілетін қайтарымсыз ақшаны бір шенеуніктің бала-шағасымен бөліске салғаны туралы ақпаратты оқып, әкемнің «жыры» құлағымда қайта жаңғырды. Ол «Берсең аласың, ексең орасың» деген мақал болушы еді. Субсидия беретіндер сол мақалды «патенттеп» алған сияқты» деген бір хабарласқанында. Сонысы рас екен-ау!..
Бұрын жемқорлық жең ұшынан жалғасушы еді. Мына жағдайға қарағанда, енді дастархан басына ауысқандай. Субсидияға қол салған, қол салғанда да мол салған әлгі шенеунік Шу аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Самат Сейдахметов деген азамат болып шықты. Ол 2014-2016 жылдар аралығында «Бектібай», «Бектібай-1», «Самат» және «Еркін» шаруа қожалықтарына «жанар-жағармай шығындарына» деп, жалпы сомасы 159 миллион 910 мың теңге субсидия бөлген. Шу ауданы бойынша ең ірі қайтарымсыз ақша алған осы шаруа қожалықтарының басшылары әлгі шенеуніктің ағасы, әйелі, баласы және келіні болып шығыпты. Жергілікті шаруаларға бөліп берілуге тиіс 160 миллионға жуық қаржының қызығын шенеуніктің отбасындағы жақындары, бір дастархан басындағы туыстары көрген. Мұны Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті хабарлады. Департаментке біз де қоңырау шалдық. Департаменттің басқарма басшысы Дәурен Омаров 160 миллион теңгенің қалай бөліске түскенін растап отыр.
Ол «Біздің департамент талдау жұмыстарын жүргізеді. Шу ауданының ауыл шаруашылығы бөліміне талдау жұмыстарын жүргізгенімізде, осы мәселені анықтадық. Бірақ 160 миллион теңгенің заңды немесе заңсыз бөліске түскені туралы біз ешнәрсе айта алмаймыз. Өйткені мемлекеттік қызмет туралы заңда және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң бойынша, мүдделер қақтығысы деген дүние бар. Заңда «Мемлекеттік қызметте отырған кез келген азамат жақын туыстарына қатысты қандай да бір шешім қабылдауына тыйым салынады» деп жазылған. Ал әлгі шенеунік шаруалардың субсидия алуға ұсынылған өтінімдерді өзі қараған, шешімді өзі шығарған. Ведомствоаралық комиссия төрағасының орынбасары ретінде жиынтық актілерге өзі қол қойып келген. Қазір бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Құзырлы мекемелер тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Біздің тараптан іс анықталды. Әкімге хабарладық. Әкім Сейдахметовты жұмысынан босатты. Субсидияның түрі көп. Бұл жанар-жағармай шығындарына бөлінген субсидия», – деп мән-жайды баяндады.
Қайтарымсыз ақша болған соң әркім өз үлесін алып қалғысы келетіні анық. Алайда «Судың да сұрауы бар» екенін ұмытып кететініміз қызық! Ауылдағы әкеме қоңырау шалып, осыны айтқам. «Әй, сол субсидияңа көз тиіп кеткен ғой деймін. «Сүф, сүф» деп қойыңдар!» деп күлді. Мен де іштей «Сүф-сүф, субсидия!» дедім.

Жарас Кемелжан

19 ақпан, 20:55
Бақытжан Сағынтаев: "Біз жағымсыз сценарийдің жүзеге асуына жол бермедік"
19 ақпан, 17:20
Айдос Жұқанұлы: Алаш қайраткерлері туралы жазғанымды небәрі 50 адам оқыды
19 ақпан, 15:03
«Отты отпен сөндіреді. Тіл тартысы бар қазаққа ортақ»
19 ақпан, 12:22
Айылдан шыққан мүсінші
19 ақпан, 11:54
Баян-Өлгийдің іргетасын қалаған қазақ
19 ақпан, 11:44
Олжас Әбіл, блогер: Бізге сарапшы журналист керек
19 ақпан, 11:37
Коллектордың қақпанына түскендер
19 ақпан, 11:17
«Бай, қуатты болайық!» деуші еді...