jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Жусан иісін, алып атырабын аялаған

23 ақпан 2018, 14:44
755

Жусан иісін, алып атырабын аялаған

Қазақ әдебиеті қабырғалы қаламгерінен айырылды. Осы аптада Атырау жұрты рухы өр, мінезі ер, Жайықтай сырбаз ұлын соңғы сапарға шығарып салды. Махамбет сыйлығының иегері, Халықаралық Айтматов академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, драматург-жазушы Рақымжан Отарбаев 62 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Бұл – қазақ өнері үшін ауыр қаза.

Былтыр күзде Атырауда Рақымжан ағамен туған жер, Атырауда кіндігі кесілген өр ұлдың тарихы, шежіресі туралы әңгімелескен едік. Қаламгердің арғы-бергі тарихты түгел қопарған емен-жарқын әңгімесін газет бетінде жариялаудың сәті – қара жамылған қазалы уақытта түскеніне, өзіміз де қынжылып отырмыз.

Рақымжан ағаның бізге айтқан сол сырлы әңгімесін өзінің сөз саптасын сақтап, беріп отырмыз.

Туған жер деген ұлы ұғым

Жыл құстары болады: көктемде келеді, күзде қайтып кетеді. Мен осы ауылдың қарғасы сияқтымын, бағымда отырамын. Атырауда кіндігі кесілген азаматтардың бойындағы бір қасиеті – ашығын айтып, турасын сөйлейді. Бір қолында құшағы, бір қолында пышағы тұрмайды. Бетіңді тырнап алады. Бірақ оның ар жағында кек жоқ, әппақ. Өтірік пен өсекке тіптен шорқақ. Оған көндіксең, Атыраудың сүйікті перзенті болып кетесің. Ал көндікпесең, өмір бойына өзіңді жат сезінесің. Алматыда 20 жыл тұрып, елге келген кезде, мен де көндіге алмай жүрдім. Оңтүстіктің кеңдігіне, жұмсақтығына, биязы сөзіне үйреніп қалғам. Мұнда жерсіне алмай «Әй, осы Атырауды-ай!» деп талай кіжінеген кездерім болды. Бірақ осы жердің адамымын, перзентімін. Атырау жұрты – адал, таза, қасқа халық!
Туған жер деген ұлы ұғым ғой. Оның бүгінгісін айтсаң, ертеңгісі бар. Кешегісі ше? Біз қолымызға қалам алып, бірдеме жазып жүрген болсақ, осы өлкеде туып, осында қартайған шалдардан құлағымызға құйылып қалған әңгімелер. Ертедегі тарих. Ертедегі тарихты білмей, елдікті білмейсің.
Мен жастай тарихқа құмар болдым. Тарихшы емеспін, әдебиетшімін. Бірақ тарихты да біраз сүзіп шықтым. Ерте дүние тарихын, Қазақстан тарихын, оның ішінде батыс өңірдің тарихын зерттеп, оқып, шама-шарқымша індеттім.

Бейбарыс та Жайықта туған

Бейбарыс осы Жайық өңірінде туған. Әкесінің аты – Жамақхан. Шешесінің аты – Әйек. Тарихта солай жазылған. Моңғол шапқыншылығына ұшырап, ауылдағы жас балалардың бәрі қолға түседі. Кәрі-құртаңды моңғолдар қырды-қырмады – оған куә жоқ. Бірақ жас күшті, жас қанды итальян саудагеріне сатады. Ол саудагердің де аты-жөні бар. Бейбарысты, Қалауымды, сол сияқты қыпшақ балаларын алып, Каирға тап болды. Сонда «Мәмлүк» деген үлкен әскер құрды. Ол жерде жалғыз қыпшақтар болған жоқ, аландар да, осетиндер де, грузин, армияндар да болды. Бірақ араб патшаларын күзететін ең сенімді мәмлүк – қыпшақтар ғана болған. Әйтпесе, құл боп барған Бейбарыс сұлтан болып ел билемес еді.

Тағдыр – біреу, кезек – екеу. Ата-бабаларымыздан бері қарай құлағымызға сіңіп қалған Мысырды Бейбарыс екі үлкен шапқыншылықтан құтқарды. Біреуі – Франция королінің «Крест жорығы». Сегіз ғасыр өтсе де, арабтарда Бейбарыс сұлтанның аты, қолбасшылық құпиясы әлі күнге дейін аңыз. Африканың тоғыз елін кесіп өтетін ұлы Ніл өзенін бөгеп, француз әскерін суға тоғытып, батпаққа батырып жіберу не деген көрегендік! Не деген ерлік! Екіншісі – кезінде елін шауып, өзін құлдыққа сатып жіберген моңғол әскерін ойсырата жеңуі.
Балам Ермерей екеуміз Каир мен Александрияны араладық. Сонда Нілдің бөлініп ағатын жап-жасыл шалғынды жерін көрсетті бізге. Сол арал сияқты аумақта Бейбарыс киіз үй тігіп отырыпты. «Сенің аталарың бие байлап, қымыз ішіп отырды» деді сол жақтағы тарихшылар. Бейбарыс өмір бойы қыпшақ тілінде, әрі-беріден соң қазақ тілінде сөйлеген. Тәңірберді деген аудармашысы болған. Бейбарыстың әйелінің аты – Тәжібақыт. Ахмат, Сайыт деген екі ұлы болған.
2010 жыл. Бейбарыс туралы пьеса жазылып, театрда қойылып жатқан. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы болатынмын. Сәтін салып Каир ұлттық кітапханасының президентімен екіжақты меморандумға қол қойдық. Каирдың кітапхана басшысы мені бөлек бөлмеге алып барып: «Мынаны қараңыз! Бұл Бейбарыстың көзі тірі кезінде ғалымдар, тарихшылар жазған 3000 беттік тарих, қыпшақ баласының ерлікке толы шежіресі. Осыны қозғап, іздеп келген ешкім жоқ», – деді.
Бейбарыстың кезінде салынған қаншама сәулет өнері бар. Әл Азхар университетінде болдым. Бейбарыс пен Қалауым, Қайтпай сұлтан салдырған ғимараттарда болдық. Бәрінің басында қазақтың қошқар мүйіз оюы тұр. Сұрадым. «Мұндай қошқар мүйізді ою бізде болған жоқ. Әлі де жоқ. Бұл – қыпшақтардан, сенің бабаларыңнан қалған», – деді.
Каирда 30 миллион халық тұрады. 1,5 миллионы Өлі қаласында. Өлі қала деген не? Өлі қала – зираттар. Онда Ақсұңқар, Қарасұңқар, Ақтай, Қоңқабай, Тұманбай және қыпшақтың екі сұлтаны – Қорықпас пен Қашпас жатыр. Қорықпас пен Қашпас он екі ата Байұлының ішінде Беріш пен шеркеші. Картасында солай деп жазылған, алып келдім. 300 жыл ел билепті. Олардан кейін 41 жыл ел басқарған Қайтпай сұлтанның Александрия қаласындағы қамалы, сәулет өнері, егіншілікке халықты қалай баулығаны, тегін монша ашқаны – мұның бәрі әлі күнге дейін ұмыт болмаған аңыз бен ақиқат.
Сол аңыздың үлкені Каирдың ортасындағы Бейбарыстың мешіті. Біз барған кезде мешітті күрделі жөндеуден өткізіп жатыпты. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қордан 4 млн доллар ақша бөлдірген екен. Сол мешіттен екі тас алып келдім. VIII ғасыр өтсе де, нілі құрымаған, ортасында мөрі бар.
2000 жылы Иманғали Тасмағамбетов Атырауда облыс әкімі болып тұрған кезі еді. Мені шақырды. Бардым. «Терезеге қарашы» деді. Қарадым. «Анау Лениннің ескерткіші. Екі айдан кейін орнынан аламын. Бейбарыстың ескерткішін жасатып жатырмын. Соны қоямын. Сен театрдың директорысың. «Бейбарыс» деген пьеса жаз. Үлкен шара өтеді. Шетелден ғалымдар, қонақтар келеді. Сенің пьесаңды қоямыз», – деді. Сол пьесаның жазылуына Иманғали ықпал етті.

Еділ патша да біздің бабамыз

Бейбарыстан ары кетсек, Аттиланың, яғни Еділ патшаның да іздеушісі жоқ. Еділ патша да біздің бабамыз. Бүкіл Еуропаны құтқарды. Еуропа әдебиетін қарап отырсаңыз, Еділ патшаға арналған ода, поэма, өлеңдердің санында шек жоқ. Қаншама опера қойылып жатыр. Ал туған топырағында ешнәрсе жоқ.
Еділ патша Батыс Еуропаны Римнің жорығынан құтқарып, Римді қоршаған кезде, Рим Папасы не істеп еді? Туған қарындасын берді. Ертеңіне Еділ патша өліп шықты.
Екі дүниені ұмытпайық! Біреуі – Рим Папасы «Папа» болғалы, діні басқа адамның бірінші және соңғы рет Еділ патшаның алдына еңбектеп келіп қолын сүю. Екінші – Бейбарыс сұлтан. Дәуіт пайғамбарға тәу етуге барады. Жөйттер келген адам еңкейіп кірсін деп есіктің босағасын аласартып қойған екен. Бейбарыс «Мен атпен бірге жаратылған адаммын. Діні басқа адамның алдында басымды имеймін, еңкеймеймін. Төбесін бұзыңдар» дейді. Давид патшаның ғибадатханасына атпен, төбесін бұздырып тұрып кіреді. Міне, біздің ата-бабаларымыздың ерлігі дейік, өрлігі дейік, артында соншама аңыз қалған, асау шалдар өтті.
Еділ-Жайықтың ортасында атақты Шалкиіздің, Доспамбеттің, қарға бойлы Қазтуғанның өткенін білесіздер. Жалаугер жыр солардан басталды. Сол жыр Махамбетке келіп соқты. Абай өмір бойы махаббатты жырлады, Махамбет өмір бойы соғысты жырлады. Ол – дауылпаз шалдардан қалған мінез, рух, қан.
Бейбарыс сұлтан Сарай-Беркемен байланыс жасап тұрған. Неге? Ол да туған жердің тылсым құдіреті. Сарай-Беркеге мың түрлі сый-сыяпат жіберіп тұрған. Асыл тастың алуан түрі, маймыл сияқты қыпшақ даласына жат аңдар мен бұлбұл сияқты таңсық құстарды да жіберіп отырған. Сонда елшіден не сұрайтын еді? Бір түп жусанды сұрайтын еді ғой. Міне, туған жер! Сол шалдар осы туған топыраққа кіндікпен байланып қалған.
Нағыз «Дала қоңырауы» кім?

Бейбарыстардан кейін бұл топырақтың дарабозы деп Жәңгір ханды айтамын. Мен Жәңгір хан үшін көп таяқ жеген адаммын. Баяғы Совет заманында құдайы-күлшедей жұқа «Жәңгір хан» деген жинағым шығып еді. Өзімнің көкелерім ЦК-ға арыз жазды. «Рақымжан Махамбет пен Исатайды жек көреді. Жәңгір ханшыл. Ол – хан емес, қасқыр. Сондықтан, оның кітабын шығаруға болмайды» деген.
Біз Ыбырай Алтынсаринді «Дала қоңырауы» деп жүрміз. Әруағы ырза болсын, ол – ұлы ағартушы! Ол кісі 1841 жылы дүниеге келді. Ал 1841 жылы Жәңгір хан қазақ даласында алғашқы мектепті ашып еді ғой. Сонда нағыз «Дала қоңырауы» кім? Жәңгір хан қазақша, орысша, немісше, французша еркін сөйлеген адам. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Хандардың ішіндегі ең прогрессивтісі – Жәңгір хан» деді. Оның білімдарлығын, саяси көзқарасын жақсы атаған.
Егер Жәңгір хан емес, қасқыр болса, Семенов Тян-Шанский Петербургтен әкеліп, ботаникалық бақтың бөлімшесін Бөкей ордасынан ашпайтын еді ғой. Сол қарағайлар әлі тұр жайқалып. Мектеп ашты ма? Ашты. Константин Альдекон деген орыс мұғалімін жалдап бала оқытты ма? Оқытты. Ханның баласы ма, қараның баласы ма – бәрібір. Халыққа дәріхана ашып берді. Жаман ауруларға қарсы екпе ектірді. Сонда да Жәңгір жаман. Кейде бұл қазаққа жақсы болсаң да еститінің – атаңа нәлет. Жаман болсаң да еститінің – атаңа нәлет.
Жәңгір – қазақтан шыққан тұңғыш генерал-майор. Баласы Ғұбайдолла Жәңгіров – қазақтан шыққан тұңғыш генерал-лейтенант. Қазанға бардым, татардың астанасы. Ленин оқыған, Лев Толстой оқыған университетінде болдым. Екеуі де бітірмей кеткен. Солармен бірге Жәңгірдің майлы бояу портреті тұр. Өйткені Жәңгір олармен тығыз қарым-қатынас жасаған. Жәңгір хан – атақты Қазан университетінің құрметті профессоры. Олар Фатима-Тоташ Хұсейінқызын алды, күйеу бала деген жоқ. Фатима-Тоташ Ордаға келіп мектеп ашты. Қазақ қыздарына би өнерін үйретті. Ең бастысы, бәйбішелік өмірге дайындаған. Сол Фатима-Тоташ ашқан бәйбішелік мектеп қазір жоқ.
Жан ауыратын бір жайды айтайын. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жоқшылық жылдары Жәңгір ханның зиратын жергілікті халық тонап кеткен. Ағашын отын қылған. Кірпішін алып қора салған. Зиратта Жәңгір хан өзі, артында Фатима-Тоташ, бір жағында баласы Меңдікерей, бір жағында Сейіткерейі жатыр. Бір күні таңертең ауылда таңғажайып құбылыс болыпты. Жұрт орнынан тұрса, Жәңгір үрім-бұтағымен жатқан қорымды сырланған темір қоршаумен біреулер қоршап кетіпті. Сөйтсе, Қазаннан арнайы бригада шығып, бір түнде қоршауды орнатып, қайтып кеткен екен. Бұл – 1946 жылғы оқиға. Ал Жәңгір хан 1846 жылы 11 тамызда қайтыс болды. Бір ғасыр бойы күйеу балаларын ұмытпаған татар халқына таңғалу аз, табыну керек!

«Салық өлді дегенше, халық өлді десейші»

Мұхамед-Салық Бабажановтың әкесі – Қарауылқожа Бабажанов. Ол – Жәңгірдің қайын атасы. Зылиха деген қызын алған. Тегі – қожа. Негізі Бұқардан келген. Жәңгір мектебін бітіреді. 1832 жылы туған. Шоқан Уәлихановтан 3 жас үлкен. Неплюев кадет корпусына оқуға түсіп, оны бітіріп, офицерлік шен алады. Содан кейін ғылым жолына түседі. Туған жерінің табиғатын, тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттейді. Семенов Тян-Шанскиймен – Ерікті императорлық географиялық қоғам президентімен тікелей байланыста болады. Тапқан жаңалығының барлығын соларға жіберді. Үлкен ғылыми жиынға қатысып, сөз сөйлеп, баяндама жасайды. Сол жерде Шоқан Уәлихановпен танысады. Мұхамед-Салық Бабажанов Шоқан жазбаларында көп кездеседі. Ол – өлшеусіз еңбегі үшін Ресей императорлық география қоғамының «Күміс медалін» алған тұңғыш қазақ. Оның жазған еңбектерін мен көп жинадым. Қазақша аударып баспадан шығардым. Шын мәнінде, оның бағы ашылмай қалды. Ол өте сауатты адам еді. Бірнеше тілде сөйлеген. Ең соңында оған у беріп өлтірді. Бұл дәлелденген шындық. Халықтың аузында мынадай мақал қалды: «Салық өлді дегенше, халық өлді десейші» деген. Атақты төре тартыстың иесі күйші Дәулеткерей Шығаев «Салық өлген» деген күй шығарды. Ең бір өкініштісі – Ресей жалға алған Капустин Яр деген полигондағы зиратын іздеп бардым. Кеңес үкіметінің кезі еді. Мені зиратқа кіргізбеді. Қорымды қиратып, құлпытасын трактормен бір жерге жинап тастапты. Қарыс қадам жер бастырмады. Міне, егер жоқшы болатын болсақ, туған жердің осындай асыл перзенттерін іздеп, атын ардақтатып, кейінгі ұрпақтың құлағына сіңіре бермесек, туған жер дей бергенімізбен, оның қадір-қасиетіне жетпей қалуымыз мүмкін!

 

Атырау сапарында жазып алған
Жарас КЕМЕЛЖАН

06 желтоқсан, 14:15
Ұшпаққа шығармайтын ойын
06 желтоқсан, 12:07
Жағдай жасағаннан ұтылмаймыз
06 желтоқсан, 11:55
Әкімдер шаршап жүр екен
29 қараша, 11:56
Білімде сұрақ көп, жауап жоқ
22 қараша, 15:01
Сирия соқпақтары немесе бір фильм-қилы тағдырлар
22 қараша, 11:27
Ілия Жақанов: Менің әнім сендерсіз де айтылып жүр!
19 қараша, 15:12
Айтматов әлемі
18 қараша, 11:52
Әпкемді алдап кетіпті...