jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Алыс та жақын America

02 ақпан 2018, 11:24
166

Алыс та жақын America

NASDAQ (National Association of Securities Dealers Automated Quotation – Ұлттық құнды қағаздар бойынша дилерлер қауымдастығының автоматтандырылған бағамдау жүйесі) блокчейн технологиясын басқалардан бұрынырақ қолға алды. Бүгінде ол өзге компаниялардың осы технологияны енгізуіне жағдай жасап, кірісін еселей түсуде. 2015 жылы бағдарламамен қамтамасыз ету қызметі 400 млн доллар әкеліпті.

«Мен NASDAQ-тың миссиясын, оның АҚШ қана емес, әлемдік экономикадағы рөлін жоғары бағалаймын. Біз сенімді серіктес ретінде дүниежүзіндегі 80 биржада жұмыс істеп жатқан технологияны ұсынамыз». Компания президенті Адина Фридман осылай дейді. Реті келгенде айта кетейік, Forbes рейтингі бойынша әлемдегі ең ықпалды 100 әйелдің арасында 31-ші орында тұрған қаржыгер ханым тынымсыз еңбек, терең білім, үздіксіз ізденіспен жетістікке жетудің таптырмас үлгісі. Бір сөзбен, биржаның майын ішкен маман. Өзінің айтуынша, жұмысында бір-біріне ұқсас күн болмайды. Отбасына да, спортқа да уақыт табады. Сенбеуіңіз мүмкін, бірақ бизнесвумен – тхэквондодан қара белбеудің иегері.

Алыс та жақын America

Ол Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) көкжиегі кең деп біледі. Қазақ тарапының орталық қызметіне қатысты шаруаны жан-жақты пысықтағанына топ-менеджерге тән ыждаһаттықпен назар аударды. «Біз бұл іске осындай көзқараспен кіріскендеріңізге қуанамыз» деп ризашылығын білдірді.
Шынында да бір мемлекеттің аумағында ағылшын заңы, шетелдік қазылар, 50 жылға дейін салық, еңбек, виза және валюта жеңілдіктеріне арқа сүйеп, қызмет көрсетуді көздейтін қаржы жүйесін құру оңай емес. Бітпейтін бюрократия мен арқаны кеңге салып жүре беретін жайбасарлығымызды ескерсек, тіпті де. Ең күрделі міндет ірі компанияларды жобаға тарту болса керек. Кезінде NASDAQ-тың Лондон биржасымен қосылу әрекеті екі рет сәтсіздікке ұшырады. Тек бәсекелесі – шведтің OMX компаниясымен біріккен соң ғана табыс көзі телегей кәрі құрлыққа жол ашылды.
Еуразия кіндігінде орналасқан Қазақстан нарығы да тартымды. Аймақты былай қояйық, сонау Франкфурт пен Шанхай арасындағы ұлан-ғайыр атырапта халықаралық ауқымда биржа жоқ. Елбасы Астананың «жасыл», ислам және инновациялық қаржы құралдарын дамытатын өңірлік орталық болуға мүмкіндігі мол екенін атап өтті. Н. Назарбаев бұдан бірер жыл бұрын АХҚО басқару кеңесінің мүшелерімен кездескенде орталықтың «Жібек жолы» экономикалық белдеуі бойында қаржы қызметін көрсете алатын әлеуетіне айрықша тоқталды. Бүгінде «Бір жол, бір белдеу» деп аталатын транзит тасымалындағы ғаламат жобаға жүздеген мемлекеттің, трансұлттық компаниялардың ықылас танытқанын ескерсек, күре жолдың бойында халықаралық қаржы орталығын тездетіп құру – нарықтың уақыт күттірмес талабы. Қарапайым тілмен түйіндесек, ертерек қимылдағанның ісі де, ырысы да артық.
Шикізат бағасының құлдырауы, ірі державалар арасындағы ымырасыз текетірес экономикаға ауадай қажет инвестицияны қат дүниеге айналдырды. Аузы дуалы ресейлік сарапшы Алексей Кудрин санкциялар соғысынан келген кесірлі зиян деп Батыстан инвестиция мен жоғары технологияның тежелуін айтады. Қазынасы мұнай мен газға қарайтын терістік көршіміздегі кеніштер заманауи құрал-жабдыққа, тың зерттеулерге зәру. Жергілікті ғылым мен өндіріс әлемдік трендтен (беталыс) қалып қойды. Ал Америка ғылыми прогресс пен шаруашылықты ұйымдастырудың дәстүрлі тәсілін бір-бірімен қабыстыра отырып, онсыз да мықты инновациялық әлеуетін еселеді. Силикон ойпаты орналасқан бір ғана Калифорния штатының жалпы ішкі өнімі Ресейдікінен екі есе көп екені де таң қалдырмайды. Африканың оңтүстігіндегі бір мектепте оқып жүргенде бала қиялына Айзек Азимовтың фантастикалық шығармалары шабыт берген Илон Маск осы Америкаға келіп, ғаламдық ғарышта төңкеріс жасады. Жақын күндері көп мәрте қолданылатын Falcon Heavy-ді ұшырғалы отырған ол «Мұндай қымбат та күрделі зымыран тасығышты жасап, артынан оны, жойып жіберу нағыз есуастық» дейді.

Алыс та жақын America
Елбасының Вашингтон сапарында осы ғарыш тақырыбы да қозғалды. Аспан кеңістігін қару-жарақ алаңына айналдырмау жайы баса айтылды. Экономика мен ғылымға қатысты келіссөздерден түйгеніміз – еліміз өзара тиімді, тең дәрежелі қарым-қатынасты қалайды. Қажет кезде, өзгеге қол ұшын соза алады. Айталық, АҚШ айрықша мән беріп отырған Ауғанстанда тұрақтылықты баянды ету үшін қаржылай көмек көрсетіп келеді. Білім саласындағы жәрдемі өз алдына. Бизнестің мүддесін бірінші орынға қоятын американдықтарға да осындай серіктес керек. Бүгінгі билікпен берекелі барыс-келіс жасау үшін Трамптың діттегенін тап басу қажет. «America First (Алдымен Америкаға)!» деген ұранмен Ақ үйге келген АҚШ президенті экономика ғана емес, бәріне бизнестің көзімен қарайтын сияқты. Ол ғаламдық климатқа арналған Париж келісімінен шығатынын мәлімдегенде, аталған құжаттың біраз жылдан кейін 2,7 млн отандасын жұмыссыз қалдыратынын қаперге салды. Еуропадан тауар мұхиттың ар жағына болмашы салықпен барып жатқанда, отандық кәсіпорындардың өнімі кәрі құрлыққа қиындықпен кіретініне қынжылды. Жергілікті мұнайшыны да демеп жіберді. Сөйтіп елдегі «қара алтын» өндірісі тәулігіне 9,6 млн баррельге жетті. Бұрын болмаған көрсеткіш! Мамандар көп өтпей, Сауд Арабиясы мен Ресейді басып озады деген пікірде.
Тек биліктің қолдауымен мұнай көптеп шығарыла бастады дейтін пікір қисынсыздау. Басты себеп – өндіріске заманауи құрал-жабдықты қолдану. Соның арқасында тақтатас (сланец) мұнайы алынды. Жаңа технология жұмысты тез бастап, тиімсіз кезде тоқтата қоюға мүмкіндік береді. Біздегі «Теңізшевройл» компаниясының бұрынғы бас директоры Тим Миллер мырзадан жаңа технологияны елімізде қолдану туралы сұрағанбыз. Кәсіпқой мұнайшы мұның мүмкін екенін айтқан. АҚШ астанасында «Шеврон» компаниясымен жасалған келісімге сәйкес, пайдалы жобаларға 251 млн доллар салынады. Қашанда қазақ баспасөзін қолдайтын осы компания елімізде ғылыми, мәдени, әлеуметтік жобалардың іске асуына мұрындық болып жүр. Қазақ-британ техникалық университетіндегі зертхана – солардың бірегейі. Ол әлгінде сөз еткен мұнай өндірісіндегі тың әдіс-тәсілді біздегі кеніштерге әкелу жайын қарастырады.
Boeing және General Electric компанияларымен жасалған келісім-шарттар да өзара тиімді. Америкадағы өндіріс ошақтарына берілетін жаңа тапсырыс жұмыс орындарын сақтау тұрғысынан пайдалы. Ал теңіз жолдарынан алыс жатқан (landlocked countries) Қазақстанға аймақтағы өрісі тар әрі кедергісі көп одақпен шектелмей, ғаламдық экономиканың бір бөлшегі болу бәрінен де маңызды. General Electric-тің тіркемелі локомотивтері әлгі «Жібек жолы» бойымен транзит тасымалын жүзеге асырып жатса, еліміз жаһандық логистикалық процестің маңызды буынына айналады деген сөз.
Қазақ «Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес» дейді. Қанатты сөзді тақырыбымызға қарата айтсақ, 90-жылдардың басындағы қиын да күрделі кезеңде АҚШ-тың біздің тәуелсіздігімізді саяси тұрғыдан қолдауы, экономикамызды қомақты инвестициямен демеуі ешқашан ұмытылмайтын сауапты қадам. Өз кезегінде Құрама Штаттар да міндеттемесіне әрдайым адал, сенімді стратегиялық серіктес – Қазақстанмен қарым-қатынастың жемісін көріп келеді. Вашингтондағы Назарбаев -Трамп кездесуі өткенді безбендеп, келешекке деген сенімді нықтай түсті.

Алыс та жақын America

Ист-Ривер шығанағы жағасындағы Тертл-Бей алаңы. Нью-Йорктің келбетіне көрік қосқан еңселі ғимаратты жұрт теледидар арқылы болса да біледі. Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтері осында. Алаңда түрлі елдердің жалаулары алыстан көзге шалынады. Біздің көк туымыз да желбіреп тұр. Бұл мекенде жер-жиһанды толғандырған мәселелерге қатысты саяси шешім қабылданады. Ішке кірсең, құдды бір музей мен галереяда жүргендей әсер аласың. Әлемдегі сәулет, мүсін, сурет, зергерлік және тоқыма өнерінің небір таңғажайып туындылары осында. Біздегі Есік қорғанынан табылған Алтын адам да сән беріп тұр.
Қауіпсіздік Кеңесінің мәжілісі өтетін залға келдік. Журналист қауымға бәрі таңсық. Кіреберістегі БҰҰ жалауының қасында басталған жаппай суретке түсу іште де жалғасты. «Кілең Бас редакторлар клубының мүшелері жиналып қалыппыз. Қане, суретке түсіп қалайық» деді белгілі телепублицист Ерлан Бекхожин. Ол – клубымыздың жетекшісі. Қаламы қарымды әріптесіміз, бүгінде Гарвард университетінде тәлім алып жатқан Шыңғыс Мұқанды осы арадан кездестірдік. Өз елінің асқақтаған мәртебесі мен мерейін көру үшін Нью-Йоркке келген ғой деп ойладық. Уақыттың тығыздығынан өзімен тілдесіп үлгермедік. Қазіргі коммуникация тілін жетік меңгерген «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп әлеуметтік желі арқылы тікелей репортаж жүргізді.

Көптен күткен, күллі дүниенің ынта-ықыласын баурап алған тарихи сәт те келіп жетті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің
8160-шы отырысы басталды. Күн тәртібінде – «Жаппай қырып-жою қаруларын таратпау: сенім шаралары» мәселесі. Елбасы антиядролық міндеттемесін бұзған елге қатаң шара қолдануды ұсынды. Қауіпсіздік Кеңесі оны арнайы қарармен бекітуі тиіс. Жаһан қоғамдастығын тажал қаруды таратпауға бағытталған күресті күшейтуге шақырды. Осы бастан нақты шара қолға алынбаса, жер-жиһанға қауіп төнуі мүмкін екенін ескертті. Бүгінде ғалам бейбітшілікке өте-мөте алаң. Әсіресе, ядролық державалар арасындағы ахуал шиеленісе түскен сайын адамзаттың ертеңі алаңдатпай қоймайды. Мемлекет басшысының осыған орай айтқан пікірі пайымды да пәтуалы: «Қазақстанның ядролық қарусыз жолы өзге елдерге үлгі әрі тәжірибе тұрғысынан көмек болар еді. Тәуелсіз ел болып, мемлекеттігімізді нығайттық. Сол арқылы беделімізді арттырып, ядролық державалардан шабуыл жасамау кепілдігін алдық. Осы ретте, Солтүстік Корея елінің басшылығын біздің жолымызбен жүруге шақырамыз».
Әңгімеміздің басында еліміз 1992 жылы БҰҰ-ға мүше болып қабылданған кезде бөркімізді аспанға атып қуанғанымызды жазып едік. Отыз жылға жетпейтін қысқа мерзімде Қазақстан жаһандық қоғамдастықтың мүддесін көксейтін ұйымда тізгін ұстап, жалпақ дүниеге жол нұсқайтын, кеңес беретін, қордаланған түйінді шешу жолын көрсететін дәрежеге жетті. Сол себепті, бүгінгі қуаныш бұрынғыдан бөлек, одан да зор. Сөз жоқ, 2018 жылдың 18 қаңтары – тарихта алтын әріптермен жазылатын айтулы оқиға. Сондай-ақ мемлекетіміздің ұстанымы мен көзқарасы жұртшылыққа қазақ тілінде жеткізілгенде төбеміз көкке жеткендей болды. Мемлекеттік тіліміздің өрісі кеңейіп, халықаралық деңгейге көтерілгеніне марқайып қалдық.

Елбасы сол күні отандық және шетелдік ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Америка сапарының мән-маңызына баға берді. Биік белесті бағындырумыз, алып асулардан өтуіміз халқымыздың ауызбірлігінің арқасында екенін айрықша атап өтті. Бірлік пен татулықты ту ету – бабаларымыздың аманатына адал болу, өсиетін бұлжытпай орындау.
Өсиет демекші, осы Америкада да құлашын кең жазған әйгілі Ротшильдтер әулетінің ұрпағы, белгілі қаржыгердің жазғаны ойға оралды. Ги ди Ротшильд арғы атасы Майердің дүниеден өтер алдында бес ұлы мен бес қызын шақырып алып, өсиетін әр қазаққа бала күннен таныс аңызбен жеткізгенін айтады. Сақ көсемі балаларына қорамсақтағы бес жебені «Тұтас күйінде сындыраңдар» дейді. Ешқайсысы майыстыра да алмайды. Ал жеке-жеке сындыру оңай. Майер Ротшильд осы тәмсілді айта келе, «Сендер де әрдайым бірге болсаңдар,осылай беріксіңдер. Ал бір-біріңнен айырылып, алыстап кетсеңдер, нәсібің де, молшылығың да уыстан сусып түседі» деген екен. Кейінірек қызыл қалқанмен (rot schiеld – қызыл қалқан) бірге бес жебе «Ротшильдтер банкі» таңбасынан орын алған деседі. Осыны оқығанда ұрпағына ғана емес, өзге жұрттарға да тәлім-тәрбие құралы болған бабаларымыздың даналығына еріксіз тәнті боласың.
Алыста жатса да, жақындай түскен Америкаға сапар ұмытылмас әсер сыйлады. Нью-Йорк мына бір нақылымен де әйгілі. «Табыс пен жетістік ағашында алма көп. Алайда сен Нью-Йорктің ұшар биігіне өрлей алсаң, алма көбірек бұйырады». Тарихи оқиғаның куәгері болған біздер Дәу алма қаласынан елге олжалы оралдық деп сеніммен айта аламыз.

Алыс та жақын America

 

 

 

 

 

Срайыл Смайыл,
Алматы – Нью-Йорк – Алматы

(Соңы. Басы өткен санда)

09 шiлде, 12:00
Қиналғанда қасыңда тіреу болған ағайын
02 шiлде, 11:43
Бір мая шөп – көпке үлгі
02 шiлде, 11:31
Екпе алудың пайдасын халыққа сауатты түрде түсіндіру қажет
02 шiлде, 11:27
Журналист мәртебесін көтереміз!
25 маусым, 12:34
Бесігімізді түзеуде неден сүріндік?
25 маусым, 12:32
Руға тартсақ, ескерткіш те, саябақ та болмайды
25 маусым, 12:27
Жер асты суын пайдалан, жұтамайсың
25 маусым, 12:24
Жаздың жұты жанға батады