jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Алматының аязында қаңғыбастар қайда жүр? (фото)

25 қантар 2018, 18:02
531

Алматының аязында қаңғыбастар қайда жүр? (фото)

Аяз айтып келді. Апта басынан бері басталған сарышұнақ аяз қазір кәріне мініп-ақ тұр. Алматының ылғалы -25 градустың өзін көтере алмай, сақ-сақ күледі. Шаһардағы үйсіз-күйсіздерге баспана болған бейімдеу орталығы аузы-мұрнынан шығып жатыр. 180 адамға шақталған мекемеге қазірдің өзінде 200-ге жуық қаңғыбас тұрақтаған. Аяқ-қолы үсіп, далада қалып, жансақтау үшін келіп жатқандары қаншама?! Базар мен теміржол вокзалдарын жағалап, күнделікті нәпақа тауып жүргендер де қара суықтан тоңып осында ағылыпты. Қарлы-боранда тапқан баспанасы, бұл.

Алматының аязында қаңғыбастар қайда жүр? (фото)

Жыл құсы сияқты: жазда қаңғырып кетіп, қайыр тілеп күнелтетіндердің көбі күн суытса, осында қонақтайды екен. Үйсіз адамға бұл да әжептәуір баспана. Күн сайын май шайнап, қазы-қарта жемесе де, аштан өлтірмейді. Бізді орталық қызметкерлері өздері ертіп жүріп аралатты. Кәрі-жасы аралас. Жүздері сынық. Жатақхана тәрізді салынған үлкен залдың босағасына дейін екі қабат төсек қойылған. Біз бірінен-бірі үлкен, бірінен-бірі адамдарымен өзгеше төрт залға кіріп шықтық. Алғашқы екеуінде жатқандардың қыры сына қоймаған, сергектеу көрінді. Үшіншісіндегілер де сондай. Бұл залда жатқандар күндіз жұмыс істеп, кешке қоналқаға келеді екен. Ал төртінші залды өзіміз «тілеп» алдық. Жолбастап жүргендер «Онда «карантин». Кірмей-ақ қойыңыздар. Ол залдағылар мүгедектер» — деп ескерткен еді. Қоярда қоймай кірдік. Үлкен есігін ашқаннан-ақ қолқаны қабатын ащы иіс бетке ұрды. Төрге озбай босағадан қайтуға тура келді. Өйткені, аяқ басатын жер жоқ. Оның үстіне кетеуі кеткен жандардың қасына жақындаудың өзі, шындығын айтқанда, қиын. Есік көзінен фотокамерамызды туралап бірнеше кадр алдық та, кері шегіндік…

Алматының аязында қаңғыбастар қайда жүр? (фото)

Алматының аязында қаңғыбастар қайда жүр? (фото)
Бізді қарсы алып, жолбастап жүрген Жанна мен Айнагүл бір жылдан бері осында жұмыс істейді. Жанна Жақыпбекова орталықта осы уақыт аралығында кімдердің паналағанын айтып берді. Ол «Мұнда Сапарбай Арынов деген физик болды. Жуырда кетіп қалды. Цыганов деген спортшы бар еді. Оны жақындары алып кетті. Т.Жүргенов академиясын бітірген Руслан Сиқымбеков деген композитор түскен. Ол Мақпал Жүнісованың бірнеше әнінің авторы екен. Ол жігіт те көп тұрақтаған жоқ. Ондай намысты кісілер мұнда көп жатпайды» — деп түсіндірді. Ал Айнагүл Жаскелеңова бізге Қарағандының бұрынғы милиция мектебін оқыған әйелдің осында жатқанын жеткізді. 49 жастағы Гүлзира Таласбаеваны фотокамерадан жүзін жасырып отырды. Сөзге сараңдау кісі екен. Бірақ тағдырының қалай тас-талқан болғанын баяндап берді. «Қарағандыдағы милиция мектебін бітірген соң, заңгер болып бірнеше жерде жұмыс істедім» — деп бастады әңгімесін. «Былтыр үйім өртеніп кетті. Сол жолы барлық құжатымнан айырылдым. Содан кейін, міне мынандай жағдайға тап болдым. Күзден бері осында жатырмын. Құжатым қалпына келсе, жұмыс тауып істесем деген ойым бар» — дейді.

Алматының аязында қаңғыбастар қайда жүр? (фото)
Баспанасыздардың баспанасында алуан тағдыр бар. Қайсыбірін айтып тауысасыз?! Осында келіп, бірімен-бірі танысып, табысып жататын ерлі-зайыптылар да бар. Үш рет түрмеге түсіп шыққан қандықол да жүр арасында. 14 жастағы қызды зорлаған азғын да әлгі 200 міскіннің арасында отыр. «Алтын алқа» иегері – көп балалы ана бауыр еті балаларына сыймай, осында тұрақтапты. Ауған соғысына қатысқан екі батырды кездестірдік. Бірі – қазақ, бірі – орыс ұлтының өкілі. 55 жастағы Александр Сергеевичпен тілдестік. Өз өмірін өзі құртқанына қатты өкініп отырғанын айтады. «Ауған соғысының ардагерімін» деп айтудан ұяламын» — дейді. Екінші ардагер бізге сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартты. Біз де қыстай алмадық.

Алматының аязында қаңғыбастар қайда жүр? (фото)

Алматының аязында қаңғыбастар қайда жүр? (фото)
Келген ізімізбен кері қайтып бара жатқанбыз. Есік көзінен орталық қызметкерлерінің тағы екі қаңғыбасты әкелгенін байқап қалдық. Біреуі қолын жайып ақша сұрады. Біреуі удай мас.
Аяз қысқан Алматы қалтырап тұр. Ал орталықты пана қылған қаңғыбастар жыл құстары сияқты көктем келсе «ұшып» кетеді.

Жарас ШӨКЕ,
Салтанат ШЫРЫНХАН

13 тамыз, 12:13
Құрбандықтың қадірін білген жөн
12 тамыз, 12:11
«Вы такая красивая, совсем на казашку не похожи»
09 тамыз, 17:19
Мекемтас Мырзахметов: Бүгінгінің байында қанағат жоқ
09 тамыз, 17:12
Әркімнің өз мүддесі
09 тамыз, 12:11
Даналық пен даралық
09 тамыз, 11:58
Тілсіз қалған халық бар
08 тамыз, 14:29
Қазақ әйелі: "Байтұрсынов деген атын айтқым келмейді"
07 тамыз, 15:59
Шехведрамде, Грузия!