jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Теріс діни ағым жарға жығады

23 қараша 2017, 16:41
212

Теріс діни ағым жарға жығады

Бүгінгі күнде елімізде ғана емес, дүниежүзінде дәстүрлі емес діни ағымдардың іс-әрекеттері едәуір өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Жастарымыз дәстүрлі емес діни ағымдардың қырларын білмегендіктен сол ұйымдарға бет бұрып кетеді. Бұл жағдай кейіннен отбасының құлдырауына, өмірлерінің бұзылуына әкеліп соғады.

Дәстүрлі емес діни ағым болып табылатын, яғни қоғамды және мемлекетті алаңдатып отырған – салафизм идеологиясының болмысы мен мақсатын танып-талдау, идеологиялық негіздерін қоғамдық тұрғыдан саралағанымыз жөн болар.

Исламда «әс-Салаф әс-Сәлих» деп діннің келген уақытындағы 300 жылдықта өмір сүрген ізгі де, салиқалы ниетпен ғұмыр кешкен, шынайы амал қылған ықыласты бабалар туралы айтылады. «Салаф» сөзінің араб тіліндегі түп негізі «бұрынғы өткен, алдыңғылар» деген сөзден шыққан.
Ең алдымен салафилік танымның идеологиялық негізін айқындап алсақ. Бізге белгілі болғандай, салафилік ағымның дүниетанымдық ұстанымы Ханбалиттер қозғалысының, яғни Бағдадтық хадисшы және фикһ ғалымы Ахмад ибн Ханбалидің жақтаушыларының діни-саяси идеологиясынан туындаған. Ханбалшылық алғашында діни-саяси қозғалыс болып қаланып, кейіннен XI ғ. басында догматикалық-құқықтық мектепке айналды. Ханбалиттер өз теориялары негіздеген тәжірибелеріне сай дәстүршілдіктің кертартпа жақтаушыларының көзқарасын ұстанды. Олар исламды соңғы қатпарлардан тазалау пікірін ұсына отырып, Құранда және хадисте тікелей дәлелдемесі жоқ дінді оқыту арқылы кез-келген демократиялық мемлекеттің зайырлылық ұстанымдарынан бас тартты.

Салафизм бүгінде мұсылмандар көп шоғырланған әлемнің барлық аймақтарына таралуда. Аталған идеологияның қауіп-қатерінен, әсіресе, қарапайым халық көп зардап шегіп жатқанын аңғаруымызға болады. Соның ішінде, жастардың басым бөлігі жат ағымның идеологиясымен адасуда. Сонымен қатар соңғы деректер бойынша, салафилік ағымның идеологиясын насихаттаушылар түзету мекемелеріндегі қылмыстық жауапқа тартылған азаматтар арасында да кең таралып жатыр.

Осылайша, қоғам өкілдерін адастырудағы салафизмнің түпкі және негізгі мақсаты – шариғат қағидалары бойынша теократиялық мемлекет құру болып табылады. Сондай-ақ, аталған идеология зайырлы формадағы кез келген билікке қарсы ымырасыз күрес жүргізуді мақсат етеді және саяси мақсаттағы мүдделерін іске асыру барысында күш қолданудан да тартынбайды.
Салафизмнің діни экстремисттік әрекеті негізіндегі басты қағидалары төмендегі жағдайлармен ерекшелінеді:
— зайырлы азаматтық қоғаммен келіспеушілік және оны шариғат заңдары арқылы исламмен алмастыруға ұмтылу;
— діни көзқарасқа байланысты азаматтық міндеттерден бас тарту;
— ислам әлемін басқа өркениет үлгілеріне қарсы қою;
— шариғаттан бөлек заңдылықтарды мойындамау;
— дінаралық бейбітшілік пен диалогты қоздыру;
— «жиһад» терминін радикалды негізде кәпірлерге қарсы қарулы соғыс, сонымен қатар «шаһид» терминін өзін-өзі жару барысында жәннәт иесі боламыз деген көзқараста.
Тұжырымдалған осы ұстанымдар бойынша салафилік ағым өкілдері діни білімі таяз азаматтарды өз идеологиясына сендіре отырып, қатарына тартады. Бұл алдымен олардың қоғамнан оқшауланып, бейбіт тұрғындарға және мемлекетке қарсы соғыс жариялауына әкеліп соғады. Осылайша, «Мемлекет –тағұт!» деген ұранмен жар салып жүрген жастар радикалды эмиссарлардың ықпалындағы топқа айналады. Діни сауатсыз жастар салафилік идеологияның әсерімен зайырлы мемлекетті Алланың дұшпаны ретінде қабылдап, оған қарсы шығады. Шын мәнінде мұның барлығы ислам қағидаттары мен ұстанымдарын қате түсінуден және діни ұғымдарды терістеуден туындайды. Яғни, бұл белгілерден діни экстремизмнің идеологиялық аспектілерін байқауға болады.
Бүгінгі күні қалың жұртты алаңдатып отырған негізгі мәселелердің бірі – салафизм ағымының жастар арасында белең алып, тез таралуы. Бұл қауіптің алдын алу мақсатында зайырлы қоғам мүмкіндігінше тиімді іс-шаралар ұйымдастырып, Қазақстан мемлекетінде белсенділігі артып келе жатқан діни ағымның құрылымдық және мазмұндық ерекшеліктерін танып білу аса маңызды. Сондықтан әлемдік қауіп-қатердің алдын алу барысында дәстүрлі емес діни ағымдармен күресу идеологиясының негіздемесін мемлекеттік, әрі қоғам өкілдері тарапынан нығайта түсуіміз қажет.

Ілияс Парқұлов

Бүгін, 20:35
Оқушы киімі қанша тұрады?
16 тамыз, 13:26
"Бой түзейтіндер мен ой түзейтіндер бұққан заман"
13 тамыз, 12:13
Құрбандықтың қадірін білген жөн
12 тамыз, 12:11
«Вы такая красивая, совсем на казашку не похожи»
09 тамыз, 17:19
Мекемтас Мырзахметов: Бүгінгінің байында қанағат жоқ
09 тамыз, 17:12
Әркімнің өз мүддесі
09 тамыз, 12:11
Даналық пен даралық
09 тамыз, 11:58
Тілсіз қалған халық бар