jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Заманауи аурухана

01 қантар 2017, 12:00
203

Талдықорған қаласында тағы да бір нысан ел игілігі үшін пайдалануға берілді. Халықты сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндетінің бірі. Сол мақсатты орындау үшін Алматы облысы да талпынып жатыр. Оның бір дәлелі ретінде жақында ашылған көпсалалы аурухананың заманауи үлгіде жабдықталып, науқастың ем қабылдауына барлық жағдай жасалғанын айтуға болады. «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген бұл нысанға жалпы алғанда, 9,3 миллиард теңге қаржы жұмсалған. Оның 7484 миллионы республикалық бюджет есебінен болса, 1887 миллион теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінген. Аурухананың салтанатты ашылуына облыс әкімі Амандық Баталов қатысып, елімізде денсаулық саласының дамуына көп көңіл бөлініп отырғанын айтты.

Заманауи аурухана

Амандық Баталов, облыс әкімі:
– Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында бой көтерген көпсалалы аурухана бәріміздің ортақ игілігіміз үшін есігін айқара ашты. Жаңа ғимарат тек қалалықтар үшін ғана емес, облыс халқы үшін аса маңызды. Аталған нысан салынып жатқан кезде бірнеше рет келіп, құрылыс жұмысының қалай жүріп жатқанын көріп қайттым. Бүгін, міне, мемлекет тарапынан қолдау тапқандығының нәтижесінде жоспарымыздың орындалғанына барлығымыз бірдей куә болып тұрмыз. Жетісудың еңкейген қариясынан, еңбектеген баласына дейін енді заманауи ауруханада емделетін болады. Әрбір азаматтың денсаулығын нығайтуға, қорғауға барынша жағдай жасалып отыр. Құрметті медицина қызметкерлері, мұндағы ең озық медициналық құрал-жабдықты күтіп ұстап, халықтың игілігіне жаратуды негізгі міндет деп түсініңіздер. Ұлт көшбасшысының бізге артқан сенімін ақтап, халық үшін еңбек етейік. Жаңа нысан үнемі жақсылықтың жаршысы болсын деп тілеймін. Денсаулық саласының дамуына жыл сайын көптеп көңіл бөлінуде. Осы салаға бөлінетін қаражат жылдан-жылға артып, облыста бұл көрсеткіш биыл 80,1 миллиард теңгеге жетті. 2015 жылы 67,8 миллиард теңге бөлінген. 300 төсектік Талдықорған көпсалалы ауруханасы жалпы құны 4 094 миллион теңге болатын заманауи медициналық құралмен, техникамен жабдықталған. Халыққа қызмет көрсететін 676 кадрлық бірлік болса, оның 143 білікті дәрігер. Ғимараттың жалпы алаңы 33885,6 шаршы метрді құрайды. Ауруханада станционарлық жоғары кәсіби медициналық көмек көрсетіледі. Оның құрылымында терапия, хирургия, политравма және қалпына келтіру ортохирургиясы, нейрохирургия, миниинвазивті хирургия, оториноларингология және жақ-бет сүйек хирургиясы, урология және офтальмология бөлімі жұмыс істейді. Құрал-жабдықтың ішінде магнитно-резонанстық томография, эксимерлік лазер, барокамера, эндобейнехирургиялық құрылғы бар. Аты аталған кейбір медициналық құрылғылар еліміздегі санаулы мекемеде ғана қолданылады.

Заманауи аурухана
Аурухананың ресми ашылу салтанатына жиылған аурухананың медицина қызметкерлері арасында өзіне жүктелген міндетті адал атқарып жүрген бірнеше қызметкерге облыс әкімі пәтер кілтін табыс етті. Денсаулық сақтау саласының ардагері Шәймерден Садықов жетісулықтарға ақ жарма тілегін білдіріп, жас мамандарға ақыл-кеңесін айтты. Жиында «Астана Құрылыс» компаниясының бірінші вице-президенті Қайрат Тандықбаев аурухананың бас дәрігері Сәуле Құсмолдановаға ғимараттың кілтін тапсырды. Жақсылыққа жиылған ел ағалары көпсалалы аурухананың лентасын салтанатты түрде қиды.

Заманауи аурухана

Шәймерден САДЫҚОВ, денсаулық сақтау саласының ардагері:
– Ақ халат – денсаулық сақтаудың символы. Жауапкершіліктің ауыр салмағын арқалаған абзал жандардың үстіне ілген киімі мен көңілін ешқашан кір шалмаса екен деп тілеймін. Ең бастысы адамгершілік деген ардың туын төмен түсірмесеңіздер болғаны. Өйткені, сіздер адам жанының санитарысыздар. Ал ертеңгі күннің тізгінін ұстайтын жастарға айтарым, оқудан, үйренуден жалықпаңыздар. Сонда ғана сіздер елге, халыққа адал әрі сапалы қызмет көрсете аласыздар.
Кең әрі жарық заманауи үлгіде жасалған ғимараттың кіреберісіндегі анықтама бөлімі толығымен компьютермен жабдықталған. Электронды жүйе арқылы жұмыс істейді. Бұл – ауруханаға келген науқасты дереу тізімге алып, жедел қызмет көрсету үшін жасалынған. Қонақтар бірінші қабаттағы терапия бөлімін аралап, онда орнатылған құрал-жабдықтың сапасы мен жатын бөлмелердің жайлылығына көңіл бөлді. Сонымен қатар дәрігерлерге келелі кеңес, түрлі басқосу өткізу үшін арнайы жасалған мәжіліс залы да назардан тыс қалмады. Хирургия мен операциялық бөлімдерді шолып өткен облыс басшысы медициналық аппараттармен танысып шықты. Сондай-ақ емделушілермен тілдесіп, оларға саулық тіледі.

Асқар МАРАТҰЛЫ,
урология бөлімінің меңгерушісі:
– Облыс орталығында жаңадан ашылған ауруханада қызмет істейтінімді зор мақтанышпен айтамын. Әрбір саланың өзіндік қиыншылығы бар. Сол секілді біздің саланың да өзіндік меңгеретін қыры мен сыры көп-ақ. Дегенмен, адам өзі таңдаған мамандықтың биік шыңын бағындыруы тиіс. Осы жолда біз аянып жатқан жоқпыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, облыс әкімі Амандық Баталов мүмкіндік беріп, барлық жағдайды жасап, зор сенім артуда. Соның нәтижесінде пәтер кілтіне ие болдым. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш. Ендігі біздің міндет – халық денсаулығын жақсарту. Бұл – біздің азаматтық парызымыз.

Заманауи аурухана

Райхан ШОҚПАРОВА,
емделуші:
– Ауыр жарақат алып, ауруханаға түстім. Жаңа, заманауи аппаратпен ота жасалды. Шүкір, барлығы да сәтті өтті. Енді, міне, бір аптадан асты, ем алып жатырмын. Дәрігерлер мен медбикелер күндіз-түні денсаулығымызды жиі-жиі тексеріп, дәрі-дәрмегімізді уақытысымен береді. Өз басым өте ризамын. Қаншама науқас емделіп, сауығып отбасына оралып жатыр. Халықтың жағдайын ойлаған басшыларға аналық алғысымды айтамын.

Шынаргүл ОҢАШБАЙ,
Алматы облысы

29 қараша, 11:56
Білімде сұрақ көп, жауап жоқ
22 қараша, 15:01
Сирия соқпақтары немесе бір фильм-қилы тағдырлар
22 қараша, 11:27
Ілия Жақанов: Менің әнім сендерсіз де айтылып жүр!
19 қараша, 15:12
Айтматов әлемі
18 қараша, 11:52
Әпкемді алдап кетіпті...
15 қараша, 18:07
Автобустың әлегі
15 қараша, 18:01
Ұн қымбат, ет тапшы
12 қараша, 12:27
Мақау кісінің мұңы