jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Ерекше пансионат

01 қантар 2017, 12:51
219

Мүмкіндігі шектеулі жандарды оқыту, еңбекпен қамту, кедергісіз орта қалыптастыру мәселелері мемлекет назарынан тыс қалған жоқ. Соның нәтижесінде, бүгінде өз кәсібін ашып, жұртқа пайдасын тигізіп жатқан мүгедек жандар көп. Соның бірі – Алматы облысының тұрғыны Елдос Баялышбаев. Ол жақында Алакөл көлінің жағалауында елімізде тұңғыш рет көмекке мұқтаж жандарға арналған «Асар» пансионатын ашты. Өткен жылғы «Startup «Bolashak» жобалары байқауында екінші орынды иеленген Елдос Баялышбаев өзінің бизнес идеясын іске асыру үшін 8 миллион теңге көлемінде қаржыландыруға қол жеткізген болатын.

Ерекше пансионат

Пансионат Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарының шекарасындағы Алакөл көлінің кең жағалауында орналасқан. Көл суының емдік қасиеті бар екені ежелден белгілі. Құрылыс орнын таңдау кезінде көлдің сипаттамасы, яғни оның адамның тірек-қозғалыс жүйесінің ауруын емдеуге, жүйке жүйесін қалпына келтіруге ықпал ететіні және жалпы жазылуға қолайлы қасиеті бар екені басшылыққа алынған. Жалпы алаңы 170 шаршы метрден артық пансионат 30-дан аса адамды бір мезгілде қабылдай алады.
Бөлмелерінде тұру мен ауқаттанудан басқа, мұнда тағы бірқатар қызмет көрсетілетін көрінеді. Мысалы, инватакси, жүзу жаттықтырушылары, тренажерлік жаттығу, бөлмелердің ішінде және пансионаттың аумағында мүгедек арбаларына арналған кедергісіз жол.

Ерекше пансионат
Елдос «Мен осы мақсатымды іске асыру үшін инвестиция көзін ұзақ уақыт бойы іздедім, енді, міне, «Startup «Bolashak» жобасының арқасында менің мақсатым орындалды. Дәл мұндай пансионат ашудағы көздегенім – мүгедек адамдардың мұқтажын қамтамасыз етуді және олар өздерін қоғамымыздың толыққанды мүшелері ретінде сезінуді қалыптастыру болатын», – дейді.
«Жастар кәсіпкерлігін дамыту «Болашақ» қауымдастығы қызметінің басым бағыттарының бірі. Сол жастардың бизнес бастамаларын қолдаудың тиімді құралы саналатын «Startup «Bolashak» байқауы қатысқандарға өздерінің бизнес идеяларымен бөлісуге ғана емес, оларды іске асыруға да мүмкіндік береді», – деп атап өтті пансионаттың ашылуына қатысқан «Болашақ» қауымдастығының атқарушы директоры Азамат Божақов.

Ерекше пансионат
Атап өтетін жайт, кезінде жол апатынан ауыр жарақат алған Елдос осы күнге дейін мұқтажы ерекше адамдарға арналған «Асар» фитнес-клубының директоры қызметін атқарады. Клуб ашылғалы екі жыл ішінде 220 адамға қызмет көрсетіп, олардың 35-тен астамы аяғын басып, жүре бастады. Енді, міне, «Асар» пансионаты осы бастаманы іске асырудың келесі кезеңіне айналмақ. Пансионатта 9 бөлме қарастырылған, оның 6-ы люкс, 3-і стандартты бөлмелер. Люкс бөлмелер бір күнге – 6500 теңге болса, стандартты бөлмелер 5000 теңгеге бағаланған.
Қауымдастығы «Startup «Bolashak» байқауын «Даму» қорымен бірге іске асырады. Жоба әлеуметтік және кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған. 2015 жылы өткен байқаудың бірінші маусымына бүкіл Қазақстаннан жасы 18 бен 29 арасындағы 2000-нан аса жастар қатысты. Байқаудың жеңімпаздары Әділет Елеусов, Елдос Баялышбаев және Бақтыгүл Қасымова қазіргі кезде елдіміздің бизнес ортасында белсенділік танытып жүр. Бұл байқау «Хабар» телеарнасынан реалити-шоу форматында көрсетілді.

Шынаргүл ОҢАШБАЙ, Алматы облысы

29 қараша, 11:56
Білімде сұрақ көп, жауап жоқ
22 қараша, 15:01
Сирия соқпақтары немесе бір фильм-қилы тағдырлар
22 қараша, 11:27
Ілия Жақанов: Менің әнім сендерсіз де айтылып жүр!
19 қараша, 15:12
Айтматов әлемі
18 қараша, 11:52
Әпкемді алдап кетіпті...
15 қараша, 18:07
Автобустың әлегі
15 қараша, 18:01
Ұн қымбат, ет тапшы
12 қараша, 12:27
Мақау кісінің мұңы