jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Бюджетте нақтылық керек

01 қантар 2017, 12:41
152

Биылғы жылы Алматы облысының бюджеті 394 миллиард теңге болып бекітілді. Бұл жуырда облыс әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өңір басшысы Амандық Баталовтың қатысуымен өткен мәслихаттың кезектен тыс сессиясы кезінде белгілі болды. Алқалы жиында алдағы екі жылға арналған облыстық бюджеттің көлеміне өзгерістер енгізу мен төрт жылды қамтитын даму бағдарламасын жаңа редакцияда бекіту мәселелері қаралды. Сонымен бірге мәслихат жергілікті полиция қызметінің жарты жылда атқарған жұмысымен танысты.

Бюджетте нақтылық керек

Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Нәфиса Сатыбалдинаның айтуынша, биыл облыс бюджетіне 137,1 миллиард теңге көлемінде кіріс кіреді. Биылғы жылдың жағымды жаңалығы ретінде несиелік тұрғын үй салу үрдісінің жанданғанын атап өтті. Мемлекет бюджетіне салмақ салмайтын, қаржы көзін жекеменшік холдингтер мен қаржылық ұйымдардан алатын тұрғын үй кешендері көптеп бой көтермек. Ал облыстағы қала мен аудандардың инфрақұрылымдарын дамытуға республикалық бюджеттен 5,4 миллиард теңге бөлінеді.
Елбасының өңірлерге берген нұсқауларының бірі – үш ауысымды мектептерді жою болса, ол жағы да Алматы облысында оң шешіліп келеді. Нәфиса Сатыбалдинаның айтуынша, биылғы жылы облыстағы үш ауысымда оқитын бес мектептің мәселесін шешуге 420 миллион теңге қарастырылған. Сонымен қатар мектеп мұғалімдерінің штат бірлігін кеңейту, білім ордаларының материалдық-техникалық базасын дамытуға да көңіл бөлінбекші.

Бюджетте нақтылық керек
Мүмкіндігі шектеулі жандарды оқыту мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Облыс әкімдігі жыл сайын бұл салаға қаржы қарастырады. Биыл 27 миллион теңге мүгедек балаларды оқыту үшін жұмсалады. Бұл тұрғыдағы жұмысты жақсарту үшін, әсіресе әлеуметтік педагогтердің санын арттырып, оларға жаңа жұмыс орындарын құру қажеттігі де белгілі. Мүмкіндігі шектеулі адамдар да білім алуға құқылы. Жалпы, біздің мемлекетте орта білім алуға қоғамның әр мүшесі құқылы ғана емес, тіпті міндетті.
Бюджет шығыстарын нақтылауда қорғаныс саласы, яғни төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою іс-шараларын жүзеге асыруға 411,4 миллион теңге қарастырылған. Бұл Іле ауданында жауын-шашыннан бұзылған екі көпірдің құрылысына, Ұзынағаш ауылындағы көп пәтерлі тұрғын үйді апаттан қалпына келтіруге, Қаратал ауданындағы Тентек өзенінің түбі арқылы өтетін су құбырының бөлігін жасауға, сондай-ақ басқа аудандардағы төтенше жағдайлар салдарын жоюға жұмсалмақ.
Медицина, мәдениет, спорт, ветеринария, тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы, жер қатынастар салалары мен құрылысы аяқталмаған ғимараттарды да облыстық бюджет жоспарына алынған. Оларға бөлінген қаржы көлемі мен қолға алынған қомақты жұмыстар да талдыланды. Сондай-ақ жастар тәжірибесін дамыту, аурухананы қайта жабдықтау, мектептердің материалдық базасын нығайту, ауыл-аймаққа тартылған су жүйелерін күрделі жөндеу бағыттарына бөлінетін қаржы көлемі де айтылды.
Сөз соңында Нәфиса Сатыбалдина биылғы облыстық бюджеттің көлемін 394 миллиард теңге көлемінде бекітуді сұрады. Облыстық мәслихат депутаттары экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының ұсынысы мен өңірлік даму бағдарламасының жаңа нұсқасын бір ауыздан бекітті.

Бюджетте нақтылық керекСессияның екінші бөлігінде облыстық Ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Марат Күштібаев І жартыжылдық қорытындысы бойынша есеп берді.
Елбасы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 30-қадамында жергілікті полиция қызметін құру керектігін тапсырған болатын. Осыған орай қайта жасақталған қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысының кауіпсіздігін қамтамасыз ететін сақшылардың жұмысы жандана түсті.
Алты ай ішінде аймақта 15 мың 344 қылмыс тіркеліп, мұның 51 пайызы ашылған. Осы уақытта тіркелген аса ауыр, ауыр қылмыстар мен қарақшылық шабуыл, зорлау, бұзақылық көрсеткіштер өткен жылғыдан азайған. Алайда бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы 13%-ға (7099-дан 8023-ке), оның ішінде, пәтер ұрлығы 41%-ға, (1766-дан 2492-ге), мал ұрлығы 14%-ға (683-тен 782-ге) өскен.
Бұл бағытта жергілікті полиция қызметі бірқатар ауқымды шараларды жүзеге асырған. Мәселен, «Мал ұрлығына жол жоқ!» атты ереже әзірленіп, Райымбек ауданының Тұйық ауылында малды бірлесіп бағу тәжірибесі қолға алынады. Ережеге сәйкес, бір тәулікте екі бақташы жылқыларға жауапты болса, бір тұрғын ұсақ малды өз мойнына алған. Ауыл тұрғындарының осылай жұмыла жұмыс істеуінің арқасында соңғы екі жылда бірде-бір мал жоғалмаған. Енді бұл тәжірибені облыстың әрбір өңірі қолға алып жатыр.
Жергілікті полиция қызметіне жүктелген негізі міндеттің бірі – құқықбұзушылық профилактикасын тиісті деңгейде ұйымдастыру. Марат Әлімқұлұлының мәліметінше, аталған уақыт ішінде облыс бойынша 172 мың 302 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Оның 68 мың 396-сы жол қозғалысының бұзушылығы, 90 мың 397-сі «мүлдем төзбеушілік» принципі аясында орын алған.
Ресми мәліметке сүйенсек, облыстағы 11 мың 180 шақырымды құрайтын автожолдың 2 мың 915 шақырымы республикаға тиесілі. Жол-көлік оқиғасының 50 пайызға жуығы да осы жолдарда орын алатыны анықталған. Мәселен, Алматы-Өскемен тасжолында 6 айда – 9, «Алматы-Бішкек» бағытында 16, «Алматы-Көкпек-Көктал» трассасында 15 адам қаза тапқан. Ал осы аталған үш тасжолдың бойында жалпы 146 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, жарақат алғандар саны 213-ке жеткен.
Бұдан өзге де мәселелерге тоқталған Марат Күштібаев штат жетіспеушілігін алға тартты. Кадр тапшылығы шешімін таппаса, өңірде қылмыстың ашылуы баяулап қалуы мүмкін.
«Республика бойынша Алматы мен Қостанай облыстарында ғана учаскелік полиция инспекторлары көмекшілерінің штаттық бірлігі енгізілмеген» деген Марат Әлімқұлұлы, аудан орталығынан шалғай ауылдарға қосымша учаскелік полиция инспекторларына 496 көмекші қажеттігін айтады. Мұнымен қоса, ол сөз соңында мемлекетаралық сауда айналымы мен шекараға жақын аудандарда халық санының өсуіне байланысты өз ұсынысын ортаға салды. Нақтылай айтқанда, қолда бар ішкі резерв есебінен, жол-патрульдік полиция ротасын қысқартып, қайтадан, екінші Жол-патрульдік полиция батальонын құру керектігін мәлімдеді. Бұдан бөлек, 209 учаскелік полиция пункті күрделі жөндеуді қажет етеді.
Сессияны қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов бюджеттік жоспарға енгізілген су жүйелеріне тоқталып, тоғандарды күрделі жөндеуден өткізу керектігін тапсырды. Алматы облысы агроөнеркәсіптік өңір болғандықтан, әсіресе дәл қазіргі кезде ауыл-ауылдың, аудан-аймақтың арасында су тасымалдайтын тоғандар істен шықпауға тиіс. Бұл тараптағы жұмыстардың жандана беруі керектігін өңір басшысы баса айтты. Сондай-ақ Амандық Ғаббасұлы жаңадан құрылған жергілікті полиция қызметінің жұмысына оң баға беріп, айтылған ұсыныстардың қаралатындығын тілге тиек етті.

Шынаргүл Оңашбай, Алматы облысы 

12 шiлде, 12:49
Жолдағы жүгенсіздік
05 шiлде, 12:16
Алтынбек Қоразбаев: Жақсы әнге жанашыр көп
05 шiлде, 12:12
Әйелді жанды қуыршаққа айналдырады (EXCLUSIVE)
28 маусым, 10:21
КРІ: Мүмкіндігі мол мұнайхимиясы
21 маусым, 13:50
Тау иесін құтқару
18 маусым, 15:12
Қуанып барып, қарызданып қайтпаңыз!
14 маусым, 11:44
Шапанды сән үшін кимедім
14 маусым, 11:30
Мақсатымыз - айқын, жолымыз - ашық!