jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Қанат Ислам: Мен Канеломен де, Коттомен де кездесуге дайынмын (фото)

17 қараша 2016, 12:44
497

Жақында Алматыда керемет бокс кешін өткізіп, қарсыласы Патрик Аллотейді ұпай санымен жеңген Қанат Ислам  эксклюзивті сұхбат берді. Бұл сұхбатта Қанат өзінің жекпе-жегіне қатысты айтылған күмәнді әңгімелерге нүкте қойды.

kanat

— Қанат, елімізде бұрын соңды болмаған кәсіпқой бокс кешін өткіздіңіздер. Білуімізше, АҚШ-тан келген ресми қонақтар да ұйымдастыру жұмыстарына өте жоғары баға беріпті. Боксшыларымыз да намысты қолдан бермей, абыройымызды асқақтатты. Бір сөзбен айтқанда барлығы керемет өтті. Әңгімемізді алдымен осы бокс кешінен бастайықшы. Қанша уақыт дайындалдыңыздар, ұйымдастыруда қандай қиындықтар болды?

 — Көп адам сиятын аренада түрлі-түсті жарықтармен шоу жасалған әлемдік деңгейдегі кәсіпқой боксты телеарнадан ғана көріп, оны Америка немесе Германияда ғана өткізуге болады деп ойлайтындар жоқ емес. Бірақ, осы жарыстан соң көп адамның ойы өзгерді. Шетелден келген қонақтар: «Қанат неге Америкада жекпе-жек өткізіп жүр, мұнда бәрі бар ғой» — деп таң қалыпты. Бұл жекпе-жекті шетелдің бірнеше телеарналары көрсеткенін білесіздер. Кәсіпқой бокс кеші өте жоғары бағаға ие болды.

«Golden Boy Promotions», «Top Rank Promotions» және де көптеген промоутерлік компаниялар бүгінге дейін хабарласып, Қазақстанда жекпе-жек ұйымдастыруға ұсыныс айтып жатыр. Бізде қазір бәрі бар. Елбасымыз барлық жағдай жасап жатыр. Үлкен арена салынды. Осы жарыстың өтуін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек ағамыз қолдап, Бауыржан Оспанов ағам бастап Кеңес Рақышев, Айдын Рахымбаев ағаларым демеушілік жасады. Шетелден төрешілер, WBA, WBO, UBC тұжырымдарының өкілдері келіп, жарыстың жоғары деңгейде әрі әділ өтуін бақылады. Жарысқа жоғары баға берді.

Қанат Ислам: Мен Канеломен де, Коттомен де кездесуге дайынмын (фото)

Менің бір арманым орындалды. Осындай бокс кешін қазақстандықтарға сыйлағанымызға өте қатты қуаныштымын! 12 мыңдық аренаға 15 мың адамның келуі, қанша адамның далада кіре алмай қалғаны мұның бәрі қазақстандықтардың спортқа, боксқа деген қызығушылығының дәлелі.

 — Қанат сіз осы уақытқа дейін 12 раундтық жекпе-жек өткізіп көрмедіңіз. Бұл сіз үшін үлкен тәжірибе болды десек те болатын шығар. Қарсыласыңыз да осал боксшы емес. Көрдік. 12 раунд бойы жойқын соқыңызға шыдаған ең алғашқы мықты қарсылас осы. Дегенмен, көпшілік сізден нокаут күтті. Құлата алмағаныңыздың басты себебі неде? Әлде әу баста жекпе-жекті 12 раундқа созу жоспарланды ма?

— Бокста бір соққымен де жүздеген соққы ұрып та жеңіске жетуге болады. Бұл сондай қызық әрі қиын спорт. Мен бұл жекпе-жекте 12 раундқа дайындалдым. Өйткені менің қарсыласымның нокаунтының өзі мен өткізген жекпе-жектен көп. Өздеріңіз көрдіңіздер, бар күш-жігерімді салдым. Реті келсе құлатуды да ойладым. Бірақ қарсыласымның тактикасы қашып жүріп бокстасу болды. Ондай қарсыластарды жылдам құлату оңай емес. Бұл жекпе-жек маған үлкен тәжірибе болды. Енді мен барлық қарсыласыма дайынмын.

Қанат Ислам: Мен Канеломен де, Коттомен де кездесуге дайынмын (фото)

 — Жекпе-жектен соң журналистерге сұхбат бергеніңізде, екі қолыңызды жарақаттап алғаныңызды айттыңыз. 2-3 күннен соң ғаламторға ісіген қолыңыздың суреттері шықты. Қызу талқыланды. Суретті көріп спорт амандары мұндай жарақат Қанаттың қолын дұрыс орамағаннан немесе бокс қолғабының өте нашарлығынан деген пікір білдірді. Расымен мұндай жарақат қолғаптың нашарлығынан болды ма?

— Бұл бокс. Ринг ән айтып, би билейтін жер емес. Рингте жан алысып, жан берісесің. Қаншама спортшылар рингте жан тапсырғанын білесіздер. Қаншама боксшылардың қолы сынып, жекпе-жекті тоқтатқан кездері де болған. Мен 2-3 раундта қолымның ауырғанын сездім. Бірақ рингте оны ойлауға менде мүмкіндік болмады. Маған қаншама қазақстандықтар жанкүйер болып отыр. Бұлар не істей алады деп әлем қарап отыр. Қолым ауырмақ түгіл, екі қолым түсіп қалса да маған шыдау керек. Бұл жерде ұлтымның абыройы мен намысы тұр. Қол ауырды, бұл сылтау емес. Кейде соққың шынтаққа тиеді, кейде бассүйекке тиеді.Түрлі жарыстарда әртүрлі жарақаттар болып тұрады. Бұл солардың бірі ғана. Қолғапты жекпе-жек алдында арнайы АҚШ пен Ресейден келген мамандар тексерді, халықаралық талаптарға сай болды. Бокс сылтау айтатын спорт емес.

Қанат Ислам: Мен Канеломен де, Коттомен де кездесуге дайынмын (фото)

 — Сіз «WBA fedelatin» белбеуіңізді қорғап, «WBO intercontinental» мен «UBC» тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтастыңыз. Біз білетін ақпарат осы. Бірақ, жекпе-жектен соң WBA өкілдері жекпе-жекті есепке алмапты. Себебін әлі ешкім ашып айтқан жоқ. Промоутеріңіз Нелсон Лопес та әлі ресми хабарламады. Осы оқиғаға байланысты сіз не айта аласыз?

— Бұл біздегі бокс жанкүйерлерінің деңгейінің өскендігі. Кәсіпқой боксқа деген қызығушылық артқанының белігісі. Осы жарысыма WBA – дің жауапты адамы келді. Салмақ өлшеуде белбеуді өзі ұстап тұрды, жеңген кезімде рингке шығып беліме тақты. «WBA fedelatin» мен үшін бағынған белес. Мен оның чемпионымын. Бірнеше рет қорғадым. Тіпті 90 күннің ішінде кім мені жекпе-жекке шақырады екен деп те күттім. Ешкім шақырмады. Бұл белбеуді сүйретіп жүре бергім келмейді. Бұл белбеу келесі биікке көтерілу үшін баспалдақ қана. Негізгі мақсат үшін жұмыс жасау керекпіз.

Қанат Ислам: Мен Канеломен де, Коттомен де кездесуге дайынмын (фото)

Менің мақсатым әлем чемпионы болу. Сол үшін тер төгіп жүрмін. Әлем чемпионы кім? Лара, Котто, Канело. Менің бокспен айналысқан уақытым олардан артық болмаса кем емес. Қазір кез-келгенімен жұдырықтасуға дайынмын. Осы орайда айта кеткім келеді, WBA-дің белбеуі үшін алаңдап, рейтинг сайтта неге көрсетілмеген деп уайымдаған жанкүйерлеріме, журналистерге, кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Виктор Демьяненко мырзаға алғысым шексіз. Осындай жанашырларымның бары маған ерекше күш береді.

 — Келесі жекпе-жектің де ауылы алыс емес шығар. Қай айға жоспарлап отырсыздар? Титулдық кездесу болады ма?

— Бізге тұрып қалуға, көп күтуге болмайды. Чемпиондық атақ үшін болмаса да маған қазір жекпе-жек қажет. Сол атаққа біртабан жақындай беру керек. Осы уақытқа дейін бірнеше рет Лараға жекпе-жекке шығуға ұсыныс тастадық. Бас тартты. Егер мен рейтингте жоғарыласам, оған бас тартуға мүмкіндік болмай қалады. Сол үшін көбірек жекпе-жек өткізіп, рейтингте жоғарылау керек. Тек WBA емес, барлық тұжырым бойынша чемпион болу керекпін. Бұл менің мақсатым.

Қанат Ислам: Мен Канеломен де, Коттомен де кездесуге дайынмын (фото)

 — «Экспо-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында Қанат Ислам Қазақстанда тағы бір жекпе-жек өткізеді дегенді естідік. Келісімшарттар жасалды ма?

— «Экспо» көрмесі еліміз үшін үлкен мүмкіндік. Көрмеге келген жүзмыңдаған туристерге Қазақстанды таныстырып, тарихи жерлерді аралатып қандай ел екенімізді көрсету керекпіз. Мәдениет және спорт министірі Арыстанбек Мұхамедиұлы жарыстан соң қабылдап, Елбасының сәлемін жеткізді. Жекпе-жегімді көріп, жанкүйер болғанын айтты. Министр Экспо көрмесі кезінде жекпе-жек өткізу туралы ұсыныс білдірді. Әрине мен қарсы емеспін және қуана қабылдайтынымды айттым. Келген туристерге Қазақстандағы спорттың деңгейін көрсетуге барынша атсалысу азаматтық парызым. Жақын күндері келіссөздер аяқталып қалады.

Қанат Ислам: Мен Канеломен де, Коттомен де кездесуге дайынмын (фото)

 — «Қанат Ислам сияқты боксшы боламын!» — деп армандап жүрген балалар қазір өте көп. Мықты спортшы болу үшін не істеу керек. Ізбастарларыңызға қандай кеңес айтасыз?

— Менің осы жеңістерім тек өзім үшін емес. Бұл артымнан еріп кел жатқан інілерім үшін. Менің інілерім неге шетелдіктерге еліктеу керек? Неге олардың сурет жинап, солар сияқты болуды армандау керек. Жастар еліктесе өзімізге еліктесін. Оның несі жаман. Генаға, Бейбітке, Қанатқа еліктесін. Егер інілеріміз бізге еліктемесе ол бізге сын. Біз лайықты бола алмай жатырмыз деген сөз. Жастар армандау керек. Олардың армандайтын жолын біз жасап беруіміз керек. Кезінде Бекзат, Ермахан, Мұхтархан ағаларым қаншама жас жүректерге от жақты. Мен өзім осы ағаларыма қатты еліктедім. Сол еліктеу, сол арман әлі жетелеп келе жатыр.

nur.kz

19 шiлде, 12:02
Ажал шақыратын арал
18 шiлде, 11:40
Қажытайдың атбегілігі қандай еді?
12 шiлде, 12:49
Жолдағы жүгенсіздік
05 шiлде, 12:16
Алтынбек Қоразбаев: Жақсы әнге жанашыр көп
05 шiлде, 12:12
Әйелді жанды қуыршаққа айналдырады (EXCLUSIVE)
28 маусым, 10:21
КРІ: Мүмкіндігі мол мұнайхимиясы
21 маусым, 13:50
Тау иесін құтқару
18 маусым, 15:12
Қуанып барып, қарызданып қайтпаңыз!