jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Заңсыз уағызшылар әшкереленуі тиіс

30 қыркүйек 2016, 12:11
666

73ca158db7cf34905b2196014794501e_resize_w_1140_h_696

Еліміздегі дін саласындағы ахуал қазіргі уақытта күрделеніп отыр. Экстремизм мен терроризм қаупі, салафизм идеологиясы, түрмедегі діни жағдай, мешітте орысша уағыз оқу секілді түйткілді мәселе бүгін көпшілікті толғандыратыны рас. Ендеше, жаңадан құрылған дін істері және азаматтық қоғам министрлігі елдегі діни ахуалды реттеу әрі тұрақтылықты сақтау үшін қандай пәрменді шешім қабылдамақ? Мұны біз министрліктің дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкиннен сұрап білдік.

Жас қазақ: Бүгінде Парламентте экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша жаңа заң жобасы талқыланып жатқаны белгілі. Осы құжатта дін мәселесіне қатысты қандай өзгерістер бар?
Ғалым Шойкин: Бұл заң жобасында негізінен экстремизмге және терроризмге қарсы күрес және оның алдын алуға бағытталған шаралар қарастырылған. Біз дiн саласындағы мемлекеттiк саясат бойынша тұжырымдама дайындаймыз. Соған сәйкес, бірқатар заңға өзгерiс енгiзетiн боламыз. Ал қазiргi заң жобасында тек кейбiр мәселелер ғана қамтылған. Бұл ұсыныстар өз кезегінде дiни экстремизмнiң алдын алуға ықпал ететіні сөзсіз.
Біршама тарқатып айтар болсақ, мәселен, дiни туризм деген ұғымға заңда түсiнiк беру қажет. Оның тәртібін дiн iстерi және азаматтық қоғам министрлiгi және туризммен айналысатын инвестициялар және даму министрлiгi бекiтетiн болады. Өйткені, бүгінгі күні үлкен қажылық сапарын ұйымдастыру мәселесі реттелсе де, үмре, яғни кіші қажылық назардан тыс қалып отыр. Қажылық сапарымен Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасы айналысса, үмреге туристiк фирмалар өз бетінше апарады. Яғни бұл кіші қажылық қадағаланбайды деген сөз. Үлкен қажылықта бұл мәселе шешiлген. Ниет еткендерді имамдар бастап апарып, басқа ағым өкiлдерiнiң уағыз жүргiзуiне жол бермейдi.

Ал үмреғе аттанған азаматтарымыздың әртүрлi жат ағымдардың арбауына түсу қаупі жоғары. Біздің ойымызша, кіші қажылықты да ҚМДБ ұйымдастыруы керек. Заңда «Дiни рәсiмдермен ресми тiркелген дiни ұйымдар ғана айналысады» – деп жазылған. Бұл дұрыс. Сондықтан бiз қажылық пен үмрені дiни рәсiм ретiнде қарауды ұсындық. Бұдан бөлек, заң жобасында миссионерлік мәселелерін реттейтін түзетулер бар. Әртүрлi ағым өкiлдерiнің тiркеуден өтпей, елімізде уағызын жүргiзуіне жол берілмейді.
Жас қазақ: Осы күндері елімізде салафизм ағымына қатысты түрлі пікірлер айтылып жүр. Бұл идеологияға тыйым салу ұсынылды. Осы мәселе бойынша министрлiктiң ұстанымы қандай?
Ғалым Шойкин: Жалпы, қандай да бiр дiни ағымға тыйым салу заң шеңберiнде емес, сот шешiмiмен қабылданады. Бүгiнгі күнге дейiн елiмiзде 23 террористік және экстремистік ұйымға сот шешiмiмен тыйым салынған. Бiздiң министрлiк өз тарапынан дiни экстремизмнiң алдын алуға көбiрек көңiл бөлмекші. Әсiресе, заңсыз уағызшыларды әшкерелеуге күш саламыз.Сондай-ақ заңсыз таралатын әдебиетке тосқауыл қойып, сот шешiмiмен тыйым салу жұмысын жалғастырамыз. Жат пиғылды діни ағымдардың интернеттегі ақпарат көздерiне тосқауыл қою да аса өзекті.
Жалпы, салафизмге тыйым салу мәселесіне келетін болсақ, бұған қатысты қоғамда алуан түрлі пікір бар. Мұны қолдайтындар да, жақтамайтындар да баршылық. Сайып келгенде, қазіргі таңдағы маңызды мәселе жастарымыздың жат ағымдардың жетегінде кетуі болып отырған жоқ па? Біз сондықтан түсіндіру жұмысын жүйелі жүргізіп, жас ұрпақты дұрыс жолға салуға күш салғанымыз жөн деп есептеймін. Яғни бұл мәселеде адасқан азаматтардың қоғамға қайта оралуына көмектесу басты орында болу керек.
Жас қазақ: Жаңа бір сөзіңізде, дін саласындағы мемлекеттік саясат туралы тұжырымда әзірленетінін айттыңыз. Осы құжатқа толығырақ тоқталсаңыз…
Ғалым Шойкин: Жаңа тұжырымдамада дін саласындағы мемлекеттік саясаттың бағыттары айқындалады. Қай саланы алсақ та, мемлекеттік реттеу болуы керек. Ол бар. Зайырлылық, діни экстремизм және тағы басқа мәселелерге қатысты мемлекеттің ұстанымы бекітіліп, болашақта «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға өзгерістер енгізіледі. Дін – идеологиялық сала ғой. Тиісінше, идеологиялық құжат керек. Сондықтан осы тұжырымдаманы әзірлейміз. Қазір жұмыс тобы құрылып жатыр. Оған әртүрлі мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді. Әрине, қоғамның пікірі де міндетті түрде ескеріледі. Жалпы, жаңа тұжырымдама мемлекеттік мүддені қорғауға, қоғамдағы тұрақтылықты, бейбітшілікті сақтауға септігін тигізеді деген ойдамыз.
Жас қазақ: Әңгімемізді түрмедегі діни ахуалға ойыстырсақ. Терроризм және экстремизм баптары бойынша сотталған адамдармен жұмыс қалай жүргізіледі?
Ғалым Шойкин: Қолға алып жатқан мәселенің бірі осы. Әсіресе, соңғы жылдары көптеген шара өткізілді. 2014 жылы «Ақниет» республикалық оңалту орталығы ашылды. Содан бері 300-дей сотталған адам өзінің теріс діни көзқарасын өзгертті. Сондай-ақ ішкі істер министрлігі 2014 жылдан бастап осы баптар бойынша жазасын өтеп жатқандарды бөлек камерада оқшаулау жұмысын қолға алды. Олар қазір өзге сотталушылардан бөлек отырады. Осыған қоса, былтырдан бастап ҚМДБ әр түрмеге имам бекітті. Ал елімізде болған соңғы терактілерге қатысқандар жақында емес, ертеректе түрмеден шыққан адамдар. Жүйелі жұмыс соңғы екі-үш жылдың ішінде қолға алынды.
Жас қазақ: Мешітте қосымша орысша уағыз оқу мәселесі қазір қоғамда өте қызу талқыланып жатыр. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына осындай ұсыныс жасауға не себеп болды?
Ғалым Шойкин: Біздің Комитетке келіп түсетін көп хаттарда осы мәселе көтеріледі. Олардың әрқайсысын мұқият қарауға міндеттіміз. Расында, осындай проблема бар. Қазақша діни тілді түсінбейтіндер мешіттен алмаған ілімді басқа дереккөзден іздейді. Ал ғаламторда деструктивтік мазмұндағы ақпарат жетіп артылады. Қазақша білмейтін, имамдардың оқыған уағызын түсінбейтіндердің жат ағымдарға өтіп кетіп жатқанын көріп отырмыз. Осындай факті көп. Енді бұл мәселені көре тұра көз жұмуға болмайды. Оны шешу жолын іздеу қажет. Біле тұра үнсіз қалсақ, ертең не болады? Қазақша түсінбейтін жастарымыз теріс ағымдардың арбауына түсіп, радикал экстремист, террорист болып жатса, кімнен сұраймыз?! Біз өз ұсынысымызды Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына жеткіздік. Көпұлтты елді мекендерде, жекелеген мешіттерде халықтан осындай өтініш түсіп жатса, соны жамағатпен бірлесе талқылап, олар қарсы болмаса, имамдар уағызды қазақша өткізген соң, 5-10 минут қосымша орысша түсіндіруге болады. Осыны кейбіреулер саясиландыруға тырысып жатыр. Ислам дінін тек қазақтар ғана емес, басқа ұлттар да ұстанады. Олардың бәрі қазақ тілін және діни тілді жете білмеуі мүмкін. Әрі имам неғұрлым көп тіл білсе, өзіне жақсы емес пе?
Қайталап айтамын, біз тек қана ұсыныс жасадық. Заңға сәйкес, бiз дiни ұйымдарға ұсыныс айта аламыз. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы халықтың пікірін ескере отырып, шешімді өзі қабылдайды.

Сұхбаттасқан
Айымгүл Мұратқызы

 

13 тамыз, 12:13
Құрбандықтың қадірін білген жөн
12 тамыз, 12:11
«Вы такая красивая, совсем на казашку не похожи»
09 тамыз, 17:19
Мекемтас Мырзахметов: Бүгінгінің байында қанағат жоқ
09 тамыз, 17:12
Әркімнің өз мүддесі
09 тамыз, 12:11
Даналық пен даралық
09 тамыз, 11:58
Тілсіз қалған халық бар
08 тамыз, 14:29
Қазақ әйелі: "Байтұрсынов деген атын айтқым келмейді"
07 тамыз, 15:59
Шехведрамде, Грузия!