jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Қазақтай қарсылық көрсеткен халық жоқ

26 тамыз 2016, 13:47
1183

IMG_9509

«1916 ұлттық көтерілісті 1917 жылғы ақпан төңкерісінің орын алуын тездетті дейді. Расында солай ма? Біз әлі тарихи шындыққа жеткен жоқпыз. Бұл – ешқандайда ұлт-азаттық емес, рулық қозғалыс. Қозғалыс күші – қазақ рулары». Тарих ғылымының докторы, профессор, Әл Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Талас Омарбеков, «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі мен «Жас қазақ» республикалық газетінің бірлесіп ұйымдастыруымен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына арналған конференциясында осындай мәселе көтерді. Жиынға тарих ғылымының докторы, профессор Болатбек Нәсенов, тарих ғылымының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ доценті Еркін Ермұқанов қатысты.

Арман Әубәкір: Ақ патшаның әскерге адам алмаймыз деген ең алғашқы жарлығы болған екен. Ал 1916 жылғы көтерілістің негізінде, патша өз сөзінен айнып кетті деп халық наразылық білдіргенге ұқсайды. Болатбек аға, Сіз осы туралы дерек таптым деп едіңіз. Сол дерекпен бөліссеңіз?

па

Болатбек Нәсенов: Көкшетаудың Қоңырқұлжа атты аға сұлтаны мен Қарқараның Шыңғыс, Тұрсын деген сұлтандары патша қабылдауында болады. Бұл 1834 жылы болған. Ең бірінші аймақтық жарлық 1824 жылы Көкшетау мен Қарқаралыда қабылданған. Басқа да аймақтарды тарту үшін ең алдымен осы екі аймақтан бастаған. Әртүрлі сыйлық беріп, ананы жасаймын, мынаны жасаймын деп үміттендірген. Сол кезде Қоңырқұлжа айтады: «Біздің қазақ халқын қобалжытып тұрған бір мәселе бар. Ол сіздер біздің жастарымызды солдатқа алсаңыздар, бірде-бір болыс сіздің қарауыңызда болмайды. Бәрі кетіп қалады. Қазақтан жауынгер алмаймын деген мәселені шешсеңіз» – дейді.

Сол кезде император келісімін беріпті. Осы туралы Ленинградтағы музейде материал бар, бірақ ол менің қолыма түспеді. Омбы қаласының мұражайында «Омбы тарихы» деген кітап бар. Сол кітапта 330 жыл бұрынғы Орыс патшалығының қоластындағылардың тарихы жазылған. «Абылай хан» деген кітабымның бірінші томында алдымен қазақшасы, кейіннен аударып орысшасын бердім. Соның ішінде әр жыл жеке-жеке сипатталған. Қай жылы қандай сұлтан қоластына өткендігі. Мына жерде Қалдан Серен туылды, мына жерде өлді деген мәлімет бар. Соның ішінде былай жазылыпты: «1834 жылы император Қоңырқұлжаға «Қазақтан солдат алмаймын» деген жарлыққа қол қойыпты». Бұл туралы «Омбы тарихында» жазылған. Ал енді бұл туралы мұражайдың архивінде болуға тиіс. Мен Омбыда 4 ай болдым. Кетуге 4-5 күн қалғанда мұражай қызметкері «Ешкімге айтпаңыз, мен сізге құпия бір құжатты көрсетемін», – деді. Ол Кенесары туралы дерек екен. Уақытымның тығыздығынан әр жерін ғана қарап алғанмын. Кейіннен түгелімен түсіріп алмағаныма өкіндім. Себебі орыстар қазақ тарихын әр жерге тығып тастаған.

1916 жылғы көтеріліске келетін болсақ, патша Қоңырқұлжаға берген уәдесін орындап қазақтан жауынгер алынбады. Тек 1916 жылы жаңа патша келіп, талап өзгерді. Сол кездері тек қазақтан емес, барлық ұлттан жауынгер алуға жарлық берілді. Ал бірақ осыған қазақтан басқа ұлт қазақтай тегеурінді қарсылық жасаған жоқ.мсчмчс

 

Еркін Ермұқанов: Болатбек аға мұрағаттар туралы мәселені дұрыс бастады. Мәскеуде, Ленинградта 1916 жылғы көтеріліске қатысты дерек өте көп. Біз енді шамамыз келгенше, өзіміздің мүмкіндігімізше соны жинастыруға тырыстық. Әсіресе, Мәскеуде РФ-ның әскери-тарихи мұрағатына барған кезде, «бізге уақыты келген жоқ», – деп кейбір деректі берген жоқ. Ал енді мұндай деректер шыны керек, мұрағаттарда ғана сақталатын. Әлі де болса деректерді іздестіріп, 1960,1996 жылдары шыққан құжаттар жинағы сияқты шығаруға болады. Сондықтан да алдағы уақытта осы бағытта жұмыс жасауымыз керек. Бұл мәселе бүгінгі таңда шама-шарқы жеткенше зерттеліп жатыр. Шыны керек, бүкіл Қазақстанды шарпығаннан кейін, біздің аймақтардың барлығы бірдей әлі толық көлемде зерттелген жоқ. Торғай мен Жетісу жағына көбірек екпін салынады да, басқа аймақтар тыс қалуда.

 

Арман Әубәкір: 1916 жылғы көтерілісті сөз етсек. Шын мәнінде, көтерілістің революциялық сипаты болды ма? Кеңес үкіметі дәлелдегендей, көтеріліс таптық күрес болды ма? Осыған қатысты не айтасыздар?

 

Болатбек Нәсенов: Енді ол жөнінде Ақтоба уезінің Бұлғақты деген болысының бір ақсақалының атынан императорға хат жазыпты. Сонда былай делінген: «Біз патша қоластыңызға кіргелі көп жыл болды. Сізден ешқандай жақсылық көрмедік. Бізді үнемі қанаудасыз, ессіз қалған халық сияқтымыз. Біздің шұрайлы жеріміздің бәрін тартып алдыңдар. Енді, міне, соғысты сылтауратып салықты көбейтіп жатырсыңдар. Онымен қоймай енді адамдарымызды аламыз деп отырсыңдар. Мұны тоқтатыңыз!». Осыған ұқсас хат көп жазылған. Абайдың ұлы Тұрағұл да императорға хат жолдаған. Онда былай делінген: «Жарайды, адам алма демейміз, алыңдар. Халық қарсы шығады. Халық көтерілсе, үлкен бүлік шығады. Сондықтан, сендер біздің айтқанымызға көніңіздер. Біз алты ауылдан жиналыс ашып, белгілі мөлшерде адам жіберейік. Қалған адамдарды солдаттыққа емес, казактарға алыңдар дейді. Яғни ішкі тәртіпті реттеуге пайдалануға алыңдар. Осы сияқты ұсыныс өте көп болған. Ал Қарқаралыда 632 адам қол қойып императорға хат жазыпты. Сонда айтыпты: «Бізден қалай болғанда да адам алатын түрлеріңіз бар. Сондықтан 2-3 болыс бірігіп, белгілі мөлшерде адам берейік. Егін егу үшін, мал бағуға адам қалдырайық. Сол сияқты мына шаруа халқымызды ұмытпайық. Болыстардың өзі де қарсы шыққан. Біз мысалы, Торғай облысынан Амангелдіні ғана білеміз. Ал бір ғана Қостанай өңірінің өзінен сегіз болыста көтеріліс болған. Көптеген би мен старшиналар да халықтың жағында болған.

Еркін Ермұқанов: Шын мәнінде, көтерілістің басы-қасында жүрген болыс, билер өте көп болған. Бір ғана дерек. Зайсан маңындағы көтерілісті Мүрсәлім Бектенов деген болыс басқарған. Ол өзінің қоластындағы халықты аман сақтап қалуы үшін, тіпті казак отрядтарымен белсене күрескен. Сондықтан да мұндай дерек өте көп. Бұл көтерілістің қозғаушы күшін кең ауқымда қарастыратын уақыт жетті. Сондықтан да бұл жерден таптық сарын іздеудің керегі жоқ. Бұл сан ғасырлардан жалғасып келе жатқан ұлт-азаттық көтерілістердің заңды жалғасы. Сондықтан да көтерілістің ұлттық бағытта болғандығын әрқашанда есте ұстауымыз керек.

Елдос Өмірзақұлы: Талас аға, Сіз 1916 жылғы көтерілісті «ұлт-азаттық» деп атауға қарсы екенсіз. Не себепті?

рор

Талас Омарбеков: Мұстафа Шоқай көтеріліс туралы мақала жазған. Оның мақаласы «1916 жылғы көтеріліс туралы большевиктердің өтірігі» деп аталады. Қазір біз сол өтіріктен көтерілістің шындығын ашып алған жоқпыз. Мұстафа Шоқай «ұлт-азаттық» сөзін қолданбайды. «Ұлт-азаттық» сөзін қолданып жүрген мына біздер. Меніңше, «ұлт-азаттық» дегеннен арылуымыз керек. Бұл – патша үкіметіне, оның отаршылдығына қарсы бағытталған ұлттық қозғалыс еді. Ешқандай ұлт-азаттық күрес емес. Мұстафаның мақаласын талдауды жалғастыратын болсам, ол «1916 жылғы көтерілістің баса назар аударатын ең маңызды тұсы қайсы?» деп сұрақ қояды. Бұл сұраққа 1916 жылғы қозғалыс жалпы алғанда, ұлттық қозғалыс еді, онда таптық күрестің елесі де жоқ еді деп жауап береді өзі. Ал енді бізде осы тәуелсіздік кезінде бұл көтерілісті аңызға айналдырдық. Манаш Қозыбаев 1916 жылғы көтеріліс туралы: «Бұл қозғалыс көтеріліс деңгейінен шығып, революция дәрежесіне көтерілген тарихи оқиға» деп баға берді.

Мәмбет Қойгелдиевтің пікірі бойынша «1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс революция деңгейіне көтерілуі үшін қоғамдағы негізгі саяси күштердің, ең алдымен, оның мақсат-мүддесін анықтап, бағыт-бағдар бере алатын интеллигенцияның қолдауын алу керек еді» дейді. Хандардың, батырлардың емес, яғни ұлттық интеллигенцияның қолдауы керек екен. Кез келген ұлт-азаттық революцияның түпкі мақсаты болады. Сондықтан, бұл көтеріліс революция бола алмайды дейді.

1916 ұлттық көтерлісті 1917 жылғы ақпан төңкерісінің орын алуын тездетті дейді. Расында солай ма? Біз әлі тарихи шындыққа жеткен жоқпыз.

Бұл – ешқандайда ұлт-азаттық емес, рулық қозғалыс. Қозғалыс күші – қазақ рулары. Неге бытыраңқы болғанының себебі Қарқара көтерілісі – Албан көтерілісі. Торғайдағы көтерілісте екі хан сайланды. Мысалы, қыпшақтар Әбдіғапарды хан сайлады. Бұл – рулық қозғалыс болғанын айтуымыз керек. Халықты азат етудің орнына олар хан сайлады. Ру-руға бөлінгендіктен, орталықтан басқаратын адам болмады. Яғни бірлік болмады. Ұлт-азаттық көтеріліс болса, оны неге Алаш азаматтары басқармады. Ал Алаш қайраткерлері бұл көтерілістің ұлт-азаттық сарынға ұласа алмайтынын білді. Қазақтың жеңіске жете алмайтынын түсінді. Бұл жай ғана жергілікті жерлердегі көтеріліс болып қана қалады. «Азаттық» деген сөзді Кеңес үкіметінің тарихшылары шығарған. Ру-ру болып Ресей отаршылдығына қарсы күресті. Бірақ біріге алмады.

Арман Әубәкір: Ақ патшаға солдат беру немесе бермеу туралы Алаш зиялылырының өзіндік көзқарасы, ұстанымы бар еді. 19-43 жас аралығындағы азаматтарды әскерге жіберу мәселесі туралы қоғамда үлкен талқы болды. Сол кездегі Алаш зиялыларының көзқарасы, ұстанымы туралы айтып берсеңіздер?

Болатбек Нәсенов: Ол кезде Алаш партиясының іске кірісе бастаған кезі ғой. Партияның алдында үлкен мақсат болды. Олар алғашқы кезде Кеңес үкіметін қолдаған жоқ. Қарсы соғысты, полк болды, дивизия болды. Алашқа әскер керек еді. Сол болашақ әскерді осы соғыста шынықтырып, дайындау, әскери технологияларды жетік білетін жастарды тәрбиелеу мәселесіне көңіл аударды. Бір мәселенің екінші жағы бар еді. Жастарды әскерге әкеткеннен кейін, жұмыс күші кеміп, халықтың жағдайы нашарлайтын болды.

Еркін Ермұқанов: Ұлт зиялыларының бас қосуымен 1916 жылдың 7 тамызында Орынборда өткен кеңестің хаттамасы орталық мемлекеттік мұрағатта сақталған. Олардың да мақсаты – қайткен күнде де жарлықтың орындалуын соза түсу еді. Қалай болғанда да – қанның төгілмеуі болатын. Кейін 1926 жылы Бөкейхановтың еңбегін қарап отырсаңыз, «Алыспаған, жұлыспаған адамға теңдік беріле ме» дейді. Яғни қалай болғанда да, алысып жұлыспасақ, бізге теңдікті ешкім бермейді. О баста олардың қалағаны қанның төгілмеуі болатын. Шыны керек, олар жастар майданның қара жұмысына алынғаннан кейін сырт елге барып, халықтың қысым көрмеу мәселесіне баса назар аударды.

Арман Әубәкір: Кейбір майданға алынған әскер қатарына жағдай жасалмай, қажетті азық-түлікпен, баспанамен қамтылмағаны туралы да дерек кездеседі ғой.

Еркін Ермұқанов: Расында, қайсыбір құжат деректерінде қабылдау пункттерінде топ-топ болып, әскерге алынғандар екі айлап, ас-сусыз жатырмыз, арамызда ауруға шалдыққандар бар, «не бізді алыңыздар, не бізді кері қайтарыңыздар» деген мәнде жазылған шағымдарын Мемлекеттік Дума депутаттарына жолдады. Майданға жеткенге дейінгі олардың көрген бейнеттері өз алдына зерттеуді талап етеді.

Арман Әубәкір: Көтеріліс Қазақстанның барлық аймағын қамтыды. Бірақ әрбір аймақтың өз ерекшелігі, қарсыласу деңгейі, хронологиялық созылуы әрқилы болғанға ұқсайды…

Болатбек Нәсенов: Расында, көтеріліс әр жерде әртүрлі болды. Мысалы, Ақтауда, Мақатта болыстар қарсы шықты. Халық болыстарымен бірге болған соң көтеріліс те қуатты болады. Зайсан, Күршім өңірлерінде казактарда армия көп болған. Сондықтан, аяусыз басып-жаңшылды. Тараз, Шымкент көтерілістері туралы да деректер аз. Негізінен, көтеріліс ол өңірлерде де болған. Ал Қорғалжыңда көтеріліске 12 мың адамға дейін қатысқан. Көтеріліс бірінде ұзаққа созылса, бірінде тез басылған.

Арман Әубәкір: Жазалаушы отрядының еш жазығы жоқ, қарапайым халықты да аяусыз жазалағаны айтылады…

Болатбек Нәсенов: Алматы орталығының архивінде Қапал уезінің көтерілісі туралы дерек бар. Сонда Осипов деген полковник жүздіктерді алып шыққан. Олар бірнеше топқа бөлініп ауылдарды аралайды. Ал осы полковник, алдынан кездескен бірнеше отбасының мүшелерін жазықсыз қылышпен шауып тастаған.

Талас Омарбеков: 1916 жылғы көтеріліс тақырыбы аса терең зерттеле қоймаған. Жоңғар шапқыншылығына қарсы соғысқан батырлардың дені көбейді де, Амангелді сияқты ұлт-азаттық көтерілістің батырлары тасада қалып қойды. Ұзақ Жәмеңке, Бекболат – барлығы да тасада қалды. Жалпы, бүгінде бұл тақырып зерттеліп жатқан жоқ. Зерттейтін ғалым да жоқтың қасы.

 

Конференцияны жүргізген

Арман Әубәкір

Елдос Өмірзақ

29 қараша, 11:56
Білімде сұрақ көп, жауап жоқ
22 қараша, 15:01
Сирия соқпақтары немесе бір фильм-қилы тағдырлар
22 қараша, 11:27
Ілия Жақанов: Менің әнім сендерсіз де айтылып жүр!
19 қараша, 15:12
Айтматов әлемі
18 қараша, 11:52
Әпкемді алдап кетіпті...
15 қараша, 18:07
Автобустың әлегі
15 қараша, 18:01
Ұн қымбат, ет тапшы
12 қараша, 12:27
Мақау кісінің мұңы