jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Доллардың қымбаттауына мұнай емес, үрей себепші

28 шiлде 2016, 18:14
500

1b2fe7c4d17e2a78a328cd479bb46e04

Соңғы үш-төрт ай бойы біршама тұрақтылық танытып келген теңге тағы құнсыздана бастады. Қазір Астанада теңгенің бір долларға шаққандағы құны 355-359 теңге шамасында. Бұдан екі күн бұрын айырбас бағамы 364 теңгеге дейін барып еді. Теңгенің бұдан арғы тағдыры не болады? Оның құнсыздануына қандай факторлар әсер етті? Мәжіліс депутаты, экономика ғылымының кандидаты Жексенбай Дүйсебаевпен осы тақырыпта жедел сұхбат құрған едік.

 Жас қазақ: Жексенбай Қартабайұлы, теңгенің бұл жолғы құнсыздануына қандай жағдай әсер етті?

Жексенбай Дүйсебаев: Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Ұлттық банк еркін өзгермелі айырбастау бағамы кестесіне көшті. Сол себептен айырбастау бағамы бірқатар факторларға байланысты өзгеріп отырады. Мәселен, 16 шілде мен 26 шілде аралығында мұнайдың бір баррелі 48,09 доллардан 44,78 долларға дейін төмендеді. «Қара алтын» бағасының күрт өзгеруінебайланысты теңгеміз қайта құнсыздана бастады. Сондай-ақ, көрші Ресей сияқты сауда бойынша әріптес елдердің валюта бағамының өзгеруі де, өз әсерін тигізбей қалған жоқ.

Жас қазақ: Соңғы кезде рубльдің бағамы мұнай бағасының өзгеруіне қарамастан  біршама нығайған сияқты еді.Әлде бұл саяси жарнама болды ма?

Жексенбай Дүйсебаев: Дұрыс айтасыз, Ресейдегі қаржы саласының сарапшы мамандары соңғы уақытта рубль біршама нығайды, мұнай бағасына тәуелділіктен арылды деген сарында әңгіме айтып келіп еді. Бұл олардың болжамы ма, әлде халықтың сенімін арттыру үшін сондай саясат жүргізу қажет болды ма, ол жағын дәл айту қиын. Бірақ әлемдік мұнай бағасының соңғы өзгеруі рубльдің бағамына да әсерін тигізді. Шілде айының 20 күні рубльдің бір долларға шаққандағы құны 62 рубль шамасында еді. Дәл бүгін оның бағасы 65,95 рубль шамасына тұрақтады.Соған сай, теңге бағамы да өзгерді.

Жас қазақ: Жарайды, мұнай бағасының өзгеруімен туындаған факторларға қарсы дау айтпай-ақ қояйық. Ал неге рубльдің бағамы біздің теңгенің құнсыздануына әсер етуі тиіс?

Жексенбай Дүйсебаев:Жаңа жоғарыда айтып өттім, Ресей – сауда бойынша біздің ең үлкен әріптесіміз. Сондықтан, екі ел арасындағы сауда кезінде бәсекелестікті сақтау үшін теңге бағамының өзгеруіне мүмкіндік береміз. Әйтпесе, тауарды сату немесе сатып алу, қызмет көрсету кезінде ұтыламыз. Былтырғы алғашқы жарты жылдықтағы жағдайды есіңізге түсіріп көріңіз.Сол уақытта рубльдің долларға шаққандағы құны біршама төмен болатын. Ал теңге Ұлттық банктің қолдауы арқасында соншалықты құнсызданған  жоқ. Есесіне, Ресейдегі тауарлар теңгеге шаққанда біршама арзан болды.  Осыны пайдаланғысы келгендер Ресейге арзан тауар алу  үшін ағылды, соның салдарынан еліміздегі отандық өндірушілердің өнімі  өтпей, біршама шығынға батқан еді.Сондай жағдай қайталанбас үшін біз көрші елдің валюта бағамын да есепке аламыз.  Бірақ бәрінен бұрын ел ішіндегі психологиялық фактор қатты әсер етуде.

Жас қазақ: Мұны қалай түсінуге болады?Психологиялық фактор деп қазіргі халықтың санасындағы қорқынышты меңзеп отырсыз ба?

Жексенбай Дүйсебаев:Тура солай. Көшеге шығып байқап көрсеңіз, қазір халықтың бәрі жаппай доллар сатып алуға көшті. Банкте теңгемен салынған депозитін шұғыл долларға айырбастап жатқандар да жоқ емес. Өйткені, олардың санасында «доллар тағы қымбаттайды» деген үрей бар. Сол үрейдің әсерімен жаппай доллар сатып алып, ішкі нарықта доллардың жетіспеушілігін туғызады. Бұл психологиялық фактор да доллардың қымбаттауына өз әсерін тигізіп жатыр. Меніңше, мұнайдың бағасынан бұрын, халықтың санасындағы қорқыныш валюта бағамына қатты әсер етіп тұр. Біз бір жағынан доллар бағасының көтерілуіне өзіміз осылай ықпал етіп жатқан сияқтымыз. Сондықтан, қандай жағдайда да ең алдымен қорқыныштан арылуымыз керек.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

12 шiлде, 12:49
Жолдағы жүгенсіздік
05 шiлде, 12:16
Алтынбек Қоразбаев: Жақсы әнге жанашыр көп
05 шiлде, 12:12
Әйелді жанды қуыршаққа айналдырады (EXCLUSIVE)
28 маусым, 10:21
КРІ: Мүмкіндігі мол мұнайхимиясы
21 маусым, 13:50
Тау иесін құтқару
18 маусым, 15:12
Қуанып барып, қарызданып қайтпаңыз!
14 маусым, 11:44
Шапанды сән үшін кимедім
14 маусым, 11:30
Мақсатымыз - айқын, жолымыз - ашық!