|
Мәсімов Үкіметі мүшелерінің арасында өз саласын «шемішкеше шағатын» министрлер көп емес. Содан соң Үкімет қожайынының алдында бүгежектемей, өз ойын ашық білдіретіндері тіпті саусақпен санарлық-ақ. Солардың бірі – Сауат Мыңбаев.
Жуырда Энергетика және минералдық ресурстар министрі «Жас қазаққа» сұхбат беріп, осы салаға қатысты бірқатар маңызды мәселелерді ашық айтты. Біз төменде сұхбатымыздың толық нұсқасын жариялап отырмыз. Жас қазақ: Сауат Мұхаметбайұлы, сіз жуырдағы министрліктің алқалы жиынында «Ресейлік мердігерлерден электр қуаты құнының қымбат болмайтынына кепілдік алмай тұрып, Ақтауда АЭС-тың құрылысын бастауға болмайды. Әйтпесе, бұл жобаға мемлекеттің 2 млрд долларын жұмсап жібергенімізбен, одан алынатын өнімнің бағасы қымбат болып шығады. Ал жоба іске асырылған соң кері шегіне алмаймыз. Нақты міндеттемелерсіз қыруар қаржыны желге шашуға болмайды. Ондай жағдайда атом электр стансасы аты шулы «Қазсаттың» кебін киюі мүмкін» деген оқыс мәлімдеме жасадыңыз. Мұның сыры неде? Сауат Мыңбаев: Қазақстан атом электр стансасын салуға мүдделі болып отыр. Бұл бағыттағы жүзеге асырылуы мүмкін нұсқаның бірі – ресейлік азаматтар мен әскери технологиялар пайдаланылатын ВБЭР-300 реакторлық қондырғысы бар АЭС-тың құрылысын жүргізу. Бірақ... бұл реакторды жетілдіру қажет. Қазақстан осы шаруаны Ресеймен бірлесіп, жүзеге асыруға ниет етуде. Бірлескен ынтымақтастықтың талаптары ВБЭР-300 типтес реакторлық қондырғыны жасаудағы бірлескен жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі үкіметаралық келісімнің жобасында анық көрсетілген. Алайда қазір бұл мәселенің даулы жағы да кездесіп отыр. Тараптардың келіссөздері нәтижесінде бұл келіспеушіліктерге нүкте қойылады деп үміттенемін. Мысалы, АЭС «ҚазСаттың» кебін кимес үшін Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі (ЭМРМ) екіжақты келісімді Қазақстан Республикасы АЭС-ын жобалау жөніндегі жобадан шығып қалған жағдайда салынған қаржысын қайтарып алуға белгілі бір кепілдік беретін нормамен толықтыруға ұсыныс жасады. Атап айтқанда, егер де атом стансасы жобасының экономикалық тиімділік көрсеткіштері, қызметкерлерді оқыту мен дайындау біздің көңілімізден шықпай жатса, салған қаржымызды қайтарып аламыз ғой. Аталған жоба жүзеге асатын болса, Қазақстанға үшінші елдердің нарығына шығуға жол ашылады. Яғни энергоблоктарды өз еліміздің аумағында ғана емес, Ресейдің де аумағында салуымызға мүмкіндік туады. Жас қазақ: Қазақстан да, Иран да жаңа жылдың қарсаңында бірқатар шетелдік БАҚ, соның ішінде, Ассошиэйтед Пресс агенттігі таратқан «Иран Қазақстаннан 1350 тонна уран рудасын сатып алу туралы келісім жасауға ниеттеніп отыр» деген жалған ақпарға ресми ұстанымын білдірді. Алайда уранның у-шуы мұнымен басылмай тұр. Жақында, дәлірек айтсақ, 30 қаңтарда Энергетика және минералды ресурстар министрлігі: «АР агенттігінің ақпараты Қазақстанның атына кір келтірген, жалған әңгіме болып табылады» деген ресми мәлімдеме жасады. Сонда құзырлы министрліктің үн қатуына неге бір ай уақыт керек болды? Әлде, бізде мемлекеттің бақылауынан тыс әртүрлі келісім-шарттар жасалуы мүмкін бе? Сауат Мыңбаев: Бұл жалған ақпарды БАҚ өткен жылдың соңында таратты. ЭМРМ бұл ақпардың шындыққа сәйкеспейтінін бірнеше мәрте хабарлады. Сыртқы істер министрлігі де солай әрекет еткенін білесіздер. Себебі, шындығында уран рудасын сату туралы келісім мемлекеттің рұқсатымен ғана жасалады. Бұл – бір. Екіншіден, уран өзіне ғана тән қасиеті бар өнім болғандықтан, әлемдік нарықта оны сатушылар мен сатып алушылардың ортасы шектеулі. Ал біздің елімізде уран өнімдерін өндіру мен сатуға ең алдымен, қатаң лицензия беріледі. Одан соң бұл бағытта мемлекеттік органдардың тарапынан жасалатын бақылау күшейтілген. Құзырлы министрліктің жарияланымдарға үн қатуының мерзіміне келетін болсақ, біз лицензиялық бақылаумен қоса, БАҚ та көрсетілген лицензиатты тексеру мәселесіне де назар аудардық. Себебі, «БАҚ туралы» заңның 18 бабында көрсетілгендей, қосымша тексеруді қажет ететін өтініштерге ондай өтініш түскеннен бастап бір ай мерзім ішінде жауап қайтарылуы керек. Онымен қоса, ЭМРМ-ге уран сату мәселелері бойынша ешқандай да БАҚ-тан ресми сұрау жасалған жоқ. Министрлік әлгі ақпарды қосымша тексеру аяқталған соң ҚР «БАҚ туралы» заңында бекітілген мерзім ішінде оны жоққа шығарды. Жас қазақ: Сіздің «жер қойнауын пайдаланушыларды жаңарған салық заңдылықтарына ауыстыру мәселесі оп-оңай шешіле салмайды» дегеніңізді біреулер дұрыс түсінді, ал енді біреулер керісінше түсінді. Яғни азуын айға білеген шетелдік компаниялармен келісім-шарттарды бұзып, қайта жасаудан неден ұтамыз, неден ұтыламыз? Сауат Мыңбаев: Бұл мәселенің әртүрлі аспектілері бар. Біріншіден, бұл жердегі әңгіме кезінде жасалған салық заңдылықтарына сүйенетін келісім-шарттар туралы. Өйткені, салық органдарына көбінесе екі заңға бірдей, яғни ескісіне де және жаңа заңға қатар сүйенуге тура келеді. Әрине, салықты әкімшіліктендіру тұрғысынан алғанда, бұл әрдайым қолайсыздық туғызады. Екіншіден, салық салудың деңгейі туралы айтпай кетуге болмайды. Яғни қолданыстағы заңдық салық режимінің деңгейі келісім-шартта көрсетілген деңгейден асып кетіп тұр. Алайда кейбір келісім-шарттарда «ескі ұстанымдар» болғанына қарамастан тараптардың мүддесінің теңдігі дұрыс жазылғанын ұмытпаған жөн. Үшіншіден, егер де жаңа салық салу режиміне көшуге келіссөздердің көмегі болмаса, онда бұл процесті келісім-шарттарды бұзу арқылы ғана жүзеге асыра аламыз. Оның салдарынан мынадай мәселелер туындайды: арбитраждық талқылау, өтамақы төлеу, өндірісті тоқтату, қалай да болсын бұзылған келісімді ауыстыратын басқа бір білікті компанияны тауып алу және т.б. Әрине, бұлардың барлығы жобаның экономикасына жағымсыз жағынан әсер етеді. Сондықтан бұл шаруаны Салық комитеті өз құзырының деңгейінде реттеуде. Жас қазақ: Ресейге кетіп жатқан Қарашығанақ газын өзімізде өңдеу – талай жылдан бері шешімін таба алмай келе жатқан мәселе. Бірқатар сарапшылар «Газ өңдейтін зауытты салуға мәскеудегілер мүдделі емес» деген пікірді алға тартып жүр. Қазақстан «көгілдір отынды» тұтыну бойынша қашан тәуелсіздікке қол жеткізеді? Сауат Мыңбаев: Менің ойымша, сауал дұрыс қойылып отырған жоқ. Біріншіден, Қарашығанақ кен орнында өндірілетін газ көптеген жылдар бойы Орынбор газ өңдеу зауытында қайта өңделеді. Содан соң оның біраз бөлігі Қазақстанның ішкі нарығына келіп түседі. Яғни бізде газ өңдейтін зауыт салу керек деген мәселе көтерілетін болса, онда әңгіме Орынбор газ өңдеу зауытының қуатын арттыру мүмкіндіктері туралы әңгіме қозғауымыз қажет. Өйткені, Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасында осы мәселе жөніндегі үкіметаралық келісім жасалып, қол қойылды. Алайда бұл шаруа Қарашығанақ кен орнындағы газ өндіруді кеңейту жобасы қолға алынған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Бұл былайша айтқанда, «үшінші фаза». Ол газ өндіруді 16-дан 37 млрд текше метрге дейін шикі газбен ұлғайту деген сөз. Бірақ... біз әзірге Қарашығанақ мәселесі бойынша белгілі бір ұстанымға тоқтаған жоқпыз. Ал консорциум ұсынған нұсқа өте қымбат, сондай-ақ Қазақстанның мүддесіне сай келмейді. Жас қазақ: Қазақстан үшін күйіп тұрған келесі бір мәселе – жанар-жағармай тапшылығы. Осыған орай, Үкімет басшысы сіз басқаратын Энергетика және минералды ресурстар министрлігі мен «Қазмұнайгазды» 2015 жылға дейін еліміздің жанар-жағармай тұтынудағы барлық қажеттілігін 100 пайызға жабуға міндеттеме жүктеді. Бұған қаншалықты мүмкіндіктер бар? Сауат Мыңбаев: Бұл сауалға жауап бермес бұрын анықтамаларды (дефиниция) талдап алайық. Отандық мұнай өңдеу зауыттарында (МӨЗ) ресейлік мұнайдан өндірілген жанар-жағармай өнімдері – отандық өнімге жата ма? Меніңше, жатады. Дегенмен қазіргі кезде жанар-жағар майдың ішкі нарығының 50 пайызы ресейлік мұнай есебінен қамтамасыз етіледі. Мысалы, Павлодар мұнай өңдеу зауытында солай. Өйткені мұнай айдайтын құбыр инфрақұрылымы солай салынған. Яғни бұл мәселеге келгенде еліміздің экономикалық қауіпсіздігі үшін мұнай тасудың ұзақ мерзімдік бағытын қолдауымыз қажет. Мұнай тұрақты жеткізіліп тұрса, отандық МӨЗ де жұмысын тоқтатпайды. Біз бұл бағыттағы жұмысты Ресеймен мәмілеге келіп, жүргізіп жатырмыз. Тағы бір мәселе бар. Мысалы, ішкі нарықтағы жоғары октанды жанармайдың 35 пайызға жуығын сол баяғы Ресейден әкелеміз. Ал мұндай көлемдегі жанармайды өзімізде шығаруға бола ма? Бұл бағытта қандай іс-шаралар атқарылуда? Енді соған келейік. Біріншіден, Қазақстан Үкіметінің 2009 жылғы 14 мамырдағы Қаулысымен 2009-2015 жылдарға арналған отандық мұнай өңдеу зауыттарын дамытудың кешендік жоспары бекітілді. Екіншіден, осы жоспарды жүзеге асыру мақсатында Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жөндеуден өткізудің бірінші кезеңі басталып кетті. Біздің қолымызда ресми бекітілген техникалық-экономикалық негіздеме – жоба бар. Осы жобаны қаржыландыру үшін 1 млрд 40 млн долларға Қытайдың экспорттық-импорттық банкісімен келісімге қол қойылды. Үшіншіден, биыл өзге қалған екі мұнай өңдеу зауытына қатысты да осындай жобалар жасалады. Жылдың соңына дейін оларды қаржыландыру мәселесі де шешіледі. Қорыта айтқанда, аталған үш жобаға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 3,5 млрд долларды құрайды. Бұл жобалар толығымен іске асырылған соң, 2014 жылға қарай Қазақстан 100 пайызға өзінің ішкі нарығын отандық жанар-жағармаймен қамтамасыз ететін болады. Өмір-дерек 1962 жылы туған. М.Лермонтов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін экономист-кибернетик мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымының кандидаты. Университеттен соң ғылыми және оқытушылық қызметпен айналысты. Әр жылдарда «Қазақстан» республикалық құрылыс биржасының президенті, «Қазкоммерцбанк» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары, Қаржы министрінің бірінші орынбасары, Қаржы министрі, Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі, «Қазақстан даму банкі» ЖАҚ президенті, «Каспий өндірістік-қаржылық тобы» ЖШС бас директоры қызметтерін атқарды. 2003 жылдың маусымынан бастап Премьер-министрдің орынбасары, одан кейін Вице-премьер - Индустрия және сауда министрі, «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі холдинг» АҚ атқарушы директоры және басқарма төрағасы болды. Ал 2007 жылдың тамызынан бері ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрі. Астана
|