«Уральская неделя» газеті нені көксейді ? PDF Басу E-mail
Қолданушылардың рейтингі: / 2
ЖаманЖақсы 
Автор: Талғат Қатауов, жазушы   
26.02.2010 14:15

2009 жылдың желтоқсан айы қала тұрғындары үшін берекелі аяқталды. Олай дейтінім, Орал қаласы әкімдігі жанындағы ономастикалық комиссияның әбден зерделей отырып, ұсыныс жасауымен қалалық мәслихат еш тарихи және географиялық құндылығы жоқ 10 көшенің атауын өзгертті.

Келешекте осындай мән-мағынасы жоқ және заңды түрде тіркелмеген 100 көше атауы ауысатыны ел-жұртты қуантып тастады.Патшалық отарлау саясаты мен кеңестік идеология тұсында ешбір себеп-сылтаусыз, зорлықпен енгізілген көше аттарын өзгертіп, халықтың ұмтылған маңдайалды ұл-қыздарының есімдерін оралтуды көздеген қала әкімдігі мен мәслихатының бастаған батыл қадамдары мен іс-әрекеттері – көңіл қуантарлық жағдай.

 Өкініштісі сол, тұрғылықты халықтың пікірін ескере, ҚР заңдылықтарына сүйене отырып, шығарған мәслихаттың шешіміне қарсы топырақ шашу, ономастикалық комиссияның мүшелерін еш негізсіз қаралау және қазақ ұлтын мұқату мақалалары «Уральская неделя» газетінде жыл басынан бері жиілеп кетті. Осы газетте (№1 саны, 14.01.2010) Н.Смирнова «Я не знаю, зачем и кому это нужно» мақаласында Садовая, Вальковая көшесінің аты өзгеруіне наразылығын білдіре отырып, жергілікті ұлт пен билікке жөнсіз күйе жаққан. Автор: «...А может, дело вовсе не в том, что кому-то очень хочется уничтожить здесь все русское? И ведь заразное это дело, учитывая местный менталитет: а чем наш-то предок или мы сами хуже?» деген сөзді орыс халқының құлағына қасақана сіңіре отырып, түпкі мақсаты арандату ойы бар екенін айқын сездірген. Сол нөмірдегі «Умерьте пыль, господа ономасты» мақаласында Я.Горожанин: «Жергілікті ономастикалық комис­сия­ның ешқандай олай жасауға құқығы жоқ, олар қандай негізге сүйеніп шешім шығарды, ауыстыру кімнің бастамасы?» деп сауал қоя келе, «көшені ауыстыру – сауатсыздық, тарихты сыйламау, ескі атты құрметтемеу» деп соғады. «Ономастикалық комиссияға арыз жазып, ақша берсең болды, шаруаң бітеді» дегенді айтып, ұлт мүддесін көздеген азаматтарды негізсіз қаралаған. Әрине, ондай пікірге түбегейлі қарсымыз. Қала әкімдігі жанындағы ономастикалық комиссияның мүшелері, төрағасы – қала әкімінің орынбасары Т.Нығметов, ғалым Ұ.Ержанова, тіл саласының кәсіби білікті мамандары Б.Жексенғалиев, М.Сабыров өз істеріне мұқият, жауапты және қазақ тарихы мен мәдениетін шемішкеше шағатын, адами қасиеті жоғары, рухтары асқақ ұлтжанды азаматтар екенін облыс жұртшылығы біледі. Басылымның 4.02.2010 жылғы №4 санында облысымыздың дамуына ерекше үлес қосқан, өңіріміздің білікті басшысы болған Мұстақым Біләлұлына соғыс ардагері Валькин «Көшеге М.Ықсанов есімі неге қажет?» деп аузына келгенін айтқан. Газеттің 11.02.2010 жылғы №5 санындағы «Улица судебная» атты мақалада Г.Мухин және Н.Сладкова бастама көтерген қала әкімдігінің және дұрыс шешім шығарған мәслихат пен пайымды ұсыныс жасай білген ономастикалық комиссияның Вальковая, Садовая көшесін өзгертуі заңсыз деп, ҚР Жоғарғы Сотына дейін шағымданып, бұрынғы есімдерін қайтарып алмақ ойларын білдіріпті. Және өздерінің ата-бабаларынан қалған жеріндей, Орал қаласының ескі жағы – Куренейден бастап облыстық әкімдікке дейін көше атауларын ауыстыруға мүлде қарсымыз депті. Олардың айтуынша, осы аралықтағы көшелердің тарихи маңыздылығы зор екен. Мұның өзі қала бөлігін жекеменшіктері санағанмен пара-пар. Ақпарат арқылы айқай-шу шығарып, «даңқты есім» деп жүрген (Вальковая көшесі) Валько атауы – патша армиясы сарбаздарының кір киімін жуатын құрал. Әйтсе де жазғыштар сол көшеге есімі берілген, Ақжайықтың арысы, көп жыл қасиетті шаңырақ Батыс Қазақстан мемелекеттік университетінде еңбек еткен (1945-52 ж.ж ЖОО ректоры болды) абзал ағамыз, профессор С.Ақмурзинді «ол кім, оны ешкім танымайды?» деген. Сонда, олардың ойынша, аяқ астында жататын жаман, сасық «кіржуғыш», жансыз зат, өлкеміздің тарихына есімін алтын әріппен қалдырған асыл азаматымыз Ақмурзиннен бағалы болғаны ма? Мынадай сорақы салыстыруларына қалай көз жұмып қарауға болады? Апталықтың 21.02.2010 жылғы №2 санында З.Уразалиева «қазақтар жоңғар құлдығынан қорқып, Ресей патшалығының қол астына тығылды» деп қазақты қоян секілді қорқаққа теңеп, ұлттың ар-намысына тиген. Осылардың барлығы – өзге ұлт иелерінің тарихымызды құрметтемеуі, ата-баба рухын қорлауы, халқымызды қадірлемеуі және ұлт перзенттері, ғұлама ғалым С.Ақмурзин мен мемлекет қайраткері М.Ықсановтың аруағына тіл тигізуі, рухын сыйламауы жанымызға батпағанда қайтеді? Олардың аспанға тулап «ата-бабамыздың несі және біздің қай жеріміз кем?» деп теңейтіндей, қалалық әкімдік пен мәслихат көшелерге қазақтың киелі санайтын әр шаңырақтың төрінде, жоғарыда ілініп тұратын бесік, домбыра, қамшы т.т атымен ауыстырмады. 2006 жылы қалалық мәслихат шешімімен Орал қаласының орталық көшелеріне Карев, Ларин, Н.Савичев есімдері берілгенде және Есаул атауы қалдырылғанда, байырғы халық бәріне салиқалы түрде қарап, «ол кім, танымаймыз, ондай есімдер бізге қажет емес» деп басылымдарға пікірін жаза айқайламады.
 Өздері дүрліге жазғандай, ешкім де (жергілікті билік пен тұрғылықты халық та) орыс тілін жоюды, орыс халқын мұқатуды мақсат етпейді. Балтық жағалауы елдері секілді «кетіңдер» деп айт­пайды, болашақта ондай сөз шықпайды да және ешқандай қысымшылық жасалып жатқан жоқ. Керісінше, әлем бойынша бірде-бір мемлекетте жоқ Қазақстан халқы ассамблеясын құрып, сол құрылым арқылы Парламентке депутаттарын сайладық. Республиканың әр түкпірінде (ауылға дейін) елімізде мекендейтін этнос өкілдерінің тарихы мен мәдениетін насихаттайтын орталықтар ашып, салт-дәстүрлерінің дамуына жағдай жасап бердік. Десек те, авторлар осының бәрін көрмей, «жуас түйе жүндеуге жақсы» дегендей, сабырлы да шыдамды қазақтың намысына неге тиісе қалды?.. Қазақ – әрдайым дос болғанға құшағын жаятын бауырмал, қонақжай және жомарт халық. Алайда біздің  ұлттың да рухы, ар-намысы, сана-сезімі бар екенін олар естен шығармасын. Демократияны желеу етіп аузына келгенін соғып, ұлтымызды қорлауға, асыл перзенттерімізді мазақ етуге, кемсітуге және қазақ тарихы мен мәдениетіне менсінбей қарауға жол бермейміз. Ондай ұлтараздыққа және кемсітушілікке ешқашан төзбейміз.
 Егер де қаракөз бауырымыз, мақала жазған азаматтардың есаулдары мен атамандарына және белгілі адамдарына тіл тигізсе, «Ол кім? Бізге не үшін қажет?» деп ой-пікірін жаза қалса, онда олар жерді аспанға көтере шулап: «Ойбай! бізді куып жатыр, кемсітіп жатыр» деп әлемге жар салар еді. Ал олардың ұлтымызға қарата айтқан мысқыл, кекесінді мақалалары жыл басынан бері «Уральская неделяның» басты тақырыбына айналды. Бұл билікке айтқан сыны емес, қазақ халқын мінеу. Мұның артында ұйымдастырып отырған күштің бар екені, яғни тату-тәтті өмір сүріп жатқан екі жұрттың арасына іріткі салу мақсатымен жүргізіліп отырғаны бесенеден белгілі. Мақалалардың жазылуы сауатты, бірізді, бір ойлы жазылған және мақсаттары не екені анық білініп тұр. Қитұрқы ой-пікірлерді жазғандардың және осындай ұлтаралық қатынасқа сызат салатын мақалаларды басып шығарған «Уральская неделя» газетінің іс-әрекеттері 1990-91 жылдардағы тіркелмеген «Қайта өрлеу» қозғалысының мақсатын еріксіз еске түсіреді. Бұл қозғалыс кезінде «Ақжайық өңірі – біздің жеріміз» деген ұстанымды орыс-казактардың құлағына әбден сіңіріп, қазақтың ар-намысына тиетін ауыр сөздерді таратқан шовинистік пиғылдағы әрекеттеріне дер кезінде тосқауыл қоймау себепті оның арты 1991 жылғы қыркүйек оқиғасына ұласқан болатын.
 Қазақ басылымдарының бетіне әлдеқалай өзге этнос өкілдерінің шамына тиетін ой-пікір шығып кетсе, заң қызметкерлері соңынан шам ала жүріп, ірі көлемде айыппұл салып, жауып тастай салар еді. Ал жыл басынан бері «Уральская неделя» газетінінің бес нөміріндегі ұлтымызға тиетін бес бірдей мақаланы тиісті құзыретті органдардың көрмей отыруы көңілге ой салады. Сол себепті келеңсіз жағдайларға ұрынбастан бұрын, ішкі саясат департаменті мен заңды қадағалау органдары орыстілді басылымының қазақты кекету, тарихы мен мәдениетіне және асыл азаматтарына негізсіз тіл тигізер мақаласының шығуына шектеу қоюларын сұраймыз. «Уральская неделя» газетінің ұлтаралық қатынасты қоздыра отырып, ойраңдауына жол бермейміз!.. Ономастикалық комиссияның келешектегі көше атауларының өзгертілуіне саналы түрде қарап, жеті рет өлшей отырып, қолдарына алған істің қалауын табатынына сенімім мол.
                      
 
 Орал қаласы


Талғат Нығметов, Орал қаласы әкімінің орынбасары, қалалық ономастикалық комиссияның төрағасы:
– Қалада мағынасыз, кездейсоқ нәрседен атау иеленіп кеткен көшелер көп-ақ. Мәселен, Макетная, Крылатская, Лиманная деген сияқты.  Бұдан біз ешқандай тарих көріп тұрған жоқпыз. Сондай-ақ тиісті дәрежеде заңдық тұрғыдан рәсімделмеген көшелер де бар. Бұлардың бәрі өзгерді. Алдағы уақытта осындай тағы бірнеше көшеге жаңа атау береміз. Қаланың бас жоспарын жасау үшін көшелерге атау беріліп, заңдық тұрғыдан реттелуі тиіс. Қолымызға түскен атауды беріп, ат үсті өзгертіп жатқанымыз жоқ. Көше аттарының бәрі архив бойынша тексерілді. Қалада 348 көше болса, соның 158-іне қатысты ешқандай тарихи дерек жоқ. Яғни осынша көше аты кездейсоқ атауды иеленіп кеткен. Көшеге берілетін жаңа атаудың әр нұсқасы  зерттеледі, талқыға салынады, жұртшылықтың пікірі ескеріледі. Содан кейін барып арнайы шешіммен мақұлданады.

Дерек пен дәйек
«Облыс әкімінің жылдық есептері мемлекеттік тілде өтетінін айта кету қажет. Облысымызда тіл саясатын жүзеге асыру да Бақтықожа Ізмұхамбетовтің жұмысындағы басым бағыт екені рас. Мысалы, 2004 жылы облыста іс қағаздарды жүргізуде қазақ тілінің үлесі не бары 24 пайыз болса, 2007 жылы ол 81 пайызды, ал 2009 жылы 89 пайызды құрады».

«Айна» газеті, 11 ақпан 2009 жыл

 

 

Түсініктемелерді қосу


Қорғау коды
Жаңарту


 




GISMETEO: Погода по г. Алматы

http://www.kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

2009 © Аманат медиа Design by KAV