Бір шеге PDF Басу E-mail
Қолданушылардың рейтингі: / 2
ЖаманЖақсы 
Автор: Срайыл Смайыл   
05.02.2010 12:18

Сонау Ақсақ Темір дәуірінен жетіпті дейтін сөз бар. «Бір шеге бір тағаны (нәл), бір таға бір атты, бір ат бір адамды, бір адам бір елді құтқарады». Сол мемлекеттің береке-байлығын арттыратын бір ұнсыр, сөз жоқ, салық. Көне кезеңде малын базарға жетектеген кісі «аяқбасты» төлеген. Бұл байырғы қаржы термині. Әр адамның қазынаға қосқан үлесі әлгі шеге іспеттес. «Көптің түкірігін» көл етеді.


Бір қызығы, капитализм әлемінде аяқастынан дәулеті асып-тасығандар «мақсұтым – ырғын байлық» демейді. Спорт тарихында тұңғыш рет миллион долларды олжалаған америкалық атақты гольфші Уолтер Хаген өзінен ақшаға құштарлық туралы сұрағанда: «Мен ешқашан миллионер болғым келген емес. Мен тек миллионер секілді өмір сүргім келді», – деп жауап беріпті.
Бізде миллионер жетерлік. «Болмасаң да, ұқсап бақ» дейтіндер одан да көп. Бірақ соңғылары салыққа сараң. «Америкадағы «Өлімнен құтылсаң да, салықтан құтылмайсың» дейтін нақыл бұл кісілердің сөздік қорына әлі енген жоқ. Содан шығар, амалы таусылған Алматы қалалық Салық комитеті астындағы «темір тұлпары» үшін 2008 жылы тиісті тиын-тебенін төлемегендердің тізімін көрсетті. Берешегі тиын-тебенді еңсермейтіндер емес, әрине. Көлік болғанда салдыр-салақ, ілдебайлап төрт дөңгелекті сүйретіп жүрген көтерем мәшине емес. Қозғалтқышының көлемі 4000 текше метрден асатын, бензинді ұрттап емес, шелектеп ішетін, құны 30-40 мың доллардан басталатын темірдің нағыз ақалтекесі». Атауы таңсық мұндай «тұлпарлардың» кейбірін тіпті автомобильдің отаны – Американың көшесінен кездестіре алмайсың. Биылғы 1 ақпандағы есеп бойынша, салықтан жалтарғандардың берешегі 11 мың теңгеден басталып, 1 миллион теңгеден асып жығылады.
Каро Бабаян, Сергей Кабенок, Мәдина Әбдиева, Шәріп Кәримов, Мейірман Қаражанов, Алмас Есімбеков сықылды азаматтардың салық қарызымен «миллионер» атанғанын аңғарасыз. Тізімге үстірт көз жүгіртіп-ақ, небір танымал тұлғалармен қауышасыз. Даңқты дизайнер, белді бизнесмен, әйгілі әнші, ұлағатты ұстаз, саңлақ спортшы (бұрынғы), таңданбаңыз, журналист те жүр арасында. Алтын Ысқақова есімді азаматшаның «Лексус» маркалы үш бірдей көлігі үшін берешегі – 500 мың теңгедей.  Айтпақшы, жыл басында борышкерлердің саны 1184 екен. Тізім баспасөзде жарияланған соң 195-і өткен айда қарызынан құтылыпты.
Салық жинаушылардың басы осылай қатып жатқанда, Үкімет осы жетіде жалпыға бірдей табыс декларациясын жариялау жүйесінің үш жылдан кейін күшіне енетінін хабарлады. Мұндай құжат әркімнің табысын қандай жолмен тапқанын анықтап береді деседі. Бірақ игі бастама   әдеттегідей сұйылып кетпесе...
 Салықтан жалтару – қазына қамын ойлаған кез  келген мемлекетте күнә. Терістік көршімізде берешегі барлар әуежайдан қайтарылады. Қарыздан құтылған соң ғана шетелге шығуға рұқсат. Тиын-тебенге мұқият түріктер де борышкерге түсіністікпен қарамайды. Той-томалақта ән айтып, қалтасын қампайтқандар тиісті салығын төлейді. Әйтпесе, сотқа сүйреп, хабар-ошар құралдары арқылы абыройын айрандай төгеді. Бұл елде жыл сайын салықтан жалтарған «йүзсүздердің» (бетсіз) тізімі газетте жарияланып, теледидардан көрсетеді. Салықты көп төлегендер құрметке бөленеді. 90-жылдары Ыстамбұлдағы жезөкшелер үйінің қожайыны Матильда Манукян есімді әйелдің қазынаға ең көп қаржы құйған азаматтардың көшін бастап, мақтау қағазымен марапатталғаны да бар.

 

 

Түсініктемелерді қосу


Қорғау коды
Жаңарту


 




GISMETEO: Погода по г. Алматы

http://www.kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

2009 © Аманат медиа Design by KAV