|
«Кәмелеттік жасқа толмаған баламды кінәсін толықтай дәлелдемей жатып үш жылға бас бостандығынан айырды. Әділдік қайда?» – деген Дәнехан апамыз редакциямыздан көмек сұрай келіпті. Ашынған ананың ақиқат іздеп бармаған жері, баспаған тауы қалмапты.
Тиісті мекемелерден қайыр таппай қамыққан ана баспасөз арқылы бұл мәселені әділет орындарының құлағына жеткізсем деген ниетте. Енді болған жайдың жай-жапсарын жинақтап жеткізсек. 2009 жылдың 13 шілдесінде Алматы-Бішкек тас жолының 130-шақырымында даниялық велошабандоз, саяхатшы Кент Иоргенсенді 25-30 жас аралығындағы төрт азамат тонап кеткен. Осы іске қатысы бар деген күдікпен Дәнехан апаның 16 жастағы кенже ұлы Нұрдәулет жауапқа тартылды. Ал даниялық азаматты соққыға жығып, тонап кеткен белгісіз төрт жігіттің кімдер екені анықталған жоқ. Сот өтті, үкім шықты. Бірақ тергеу барысында жинақталған дәйектерді Дәнехан апа «негізсіз» деп отыр. Ең қызығы, бұл сот отырысының бірде-біреуіне жәбірленуші Кент Иоргенсен қатыспапты. Тек тергеу жұмысына басында ғана қатысқан даниялық саяхатшы сот процесі аяқталмай жатып еліне қайтып кеткен. Ол полиция қызметкеріне 14 шілде күні барып шағымданып, құны 500 еуро тұратын ноутбук, ұялы телефон, 500 АҚШ доллары, 200 еуро, Таиландтың 100 баты, Данияның 100 кронын ұрлатқанын айтады. Тіпті 25-30 жас аралығындағы төрттіктің біреуін жүзбе-жүз көрсе, танитынын да жеткізеді. Жүздесуге келгенде даниялық саяхатшы 25 емес, 16 жастағы Нұрдәулетті нұқып көрсетіп, мені тонаған осы жігіт деп таныған. «Даниялық азаматтың жасөспірім мен ересек адамды ажырата алмауы түсініксіз», – дейді арызданушы. Шағым түскен күні полиция қызметкерлері оқиға орнын шолып шығып, сусын ыдысынан екі адамның саусақ ізін алады. Тергеушілер жәбірленушінің ұрлатқан ұялы телефонын шілденің 18 күні Нұрғанат Ауғанбаевтан, яғни күдікті Нұрдәулеттің туған ағасынан тәркілейді. Әскери қызметтегі Нұрғанат бұл ұялы телефонды шілденің 15 күні «Көк базарда» 5 мың теңгеге сатып алыпты. Тергеушілер Нұрғанатпен бірге ұялы телефонды сатқан адамды іздеп, базарды да шарлап қайтыпты. Өкінішке қарай, құжынаған халықтың арасынан әлгі «сотка» сатқан жігітті табу мүмкін болмады. Енді тергеушілер ұялы телефонның жаңа қожайыны Нұрғанатты тергеуді қойып, оның әйелі мен інісі Нұрдәулетті сұрақтың астына алған. Дәнехан апайдың айтуынша, даниялық саяхатшы тоналғаннан жарты сағат бұрын кенже ұлы Нұрдәулетке хабарласқанда үйде болған. «Жарты сағаттың ішінде Алматыдан 130 шақырым алыс жерге жету мүмкін емес қой», − дейді. Шілденің отызы күні оқиға орнында табылған сусынның ыдысынан Нұрдәулеттің саусақ іздері табылады. Бірақ Дәнехан апаның айтуынша, тергеу барысында полиция қызметкерлері баласына газдалған бір сусынның ыдысын қинап ұстатып, саусағының ізін алған. – Оның үстіне, біздің қорғаушымыз Бауыржан Сүлейменовтiң айтуынша, оқиға орнынан табылған газдалған сусынның ыдыстары қапталмаған. Қапталмаған ыдыстан саусақтың іздері бір күнде-ақ жойылып кетеді екен. Ал бұл сусынның ыдыстары арнайы мамандарға 25 шілде күні берілген. Яғни 11 күннен кейін. Сол себептен де бұл дәйек баланы күдікті деп санауға жарамсыз, − дейді ашынған ана. Сот мәжілісіне оқиға болған күні Нұрдәулетті көрген адамдар да қатысыпты. Дәнехан апа сол куәгерлердің түгелдей сұралмағанына да қапалы. Соттың шығарған үкімінде күдікті Нұрдәулет сол күнгі оқиғаны былай тізбектеген. «Мен шілде айының 13-күні сағат кешкі 5-6-лар шамасында жеңгем Вераны «Сайран» автовокзалына шығарып салуға келдім. Ол жерде бізді Нұрғанат күтіп алды. Біздің сол жерде тұрғанымызды Жаркент қаласының тұрғындары Асқар Халықов, Бақытжан Ысмайлов деген азаматтар көрген. Содан кейін мен сағат кешкі 20.00 шамасында Қайнар ауылындағы үйіме жеттім. Менің үйге кіргенімді жеңгем Айжан, сондай-ақ көршілер көрді». Тағы бір айта кетер жайт, даниялық саяхатшыны белгісіз төртеу бопсалап жатқанда, Нұрғанат інісі Нұрдәулетке хабарласқан. Сонда ол Алматыда болған. Оны ұялы телефонына түскен қоңырау арқылы анықтаған. Яғни күдікті Нұрдәулет бір уақытта Алматы қаласында және қаладан 130 шақырым жерде болып үлгерген. Енді істі жүргізген Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі Ш.Ахметовтің сот отырысындағы сөзіне көз жүгіртсек. − Н.Жұмақанұлы 2009 жылы шілде айының 13 күні түнгі сағат 23.00-де ұялы телефон арқылы шалынған қоңырауларға қарағанда Алматы қаласында болған. Ол 14 шілде күні даниялық азаматты тонағаннан кейін ұялы телефонмен өзін суретке түсірген. Сондай-ақ сол күні кешкі сағат 6-дан 49 минут кеткенде ағасы Нұрғанатты суретке түсірген. Осы дәлел-дәйектерді келтіре отырып, Н.Жұмаханұлының «15 шілде күні ұялы телефонды «Көк базардан» 5 мың теңгеге сатып алдым» деп келтірген дәлелдері жоққа шығарылды. Жақында бес айға созылған іске нүкте қойылып, сот үкім шығарды. Нұрдәулет Жұмаханұлы ҚР Қылмыстық кодексінің 178-бабының 2-бөлімі А,В тармақтары бойынша кінәлі болып танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылған. Оның сыртында күдіктінің ата-анасы жәбірленуші Кент Иоргенсенге келтірілген шығынды өтеп берген. Ал Нұрдәулеттің қорғаушысы Бауыржан Сүлейменов іс заңсыз жүргізілді деген пікірде. − Қылмыстық іс заңсыз жүргізілді. Судья жәбірленушінің жоғалтқан ұялы телефоны мен сусынның ыдысынан алынған саусақтарының ізін дәлелге ала отырып, кәмелеттік жасқа толмаған баланы үш жылға бас бостандығынан айырды. Олар куәгерлер мен біздің келтірген дәлел-дәйектерді еш негіссіз жоққа шығарды. Оның үстіне, сот жәбірленушісіз өтті. Жоғарғы соттың қабылдаған қаулысы бойынша, сот отырысына жәбірленуші қатыспаса, оның жауабы негіссіз. Десе де, судья мен тергеушілер істі елшіліктен келген бір ауыз сөз түсініктеме негізінде жүргізді. Алайда Бауыржан Сүлейменовтің сөзімен Алматы облысы Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімі бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары Бақыт Омарбаев келіспейді. Ол: «Заңгердің келтірген дәлелдері ойдан шығарылған. Судья мұндай үкімді дәлелдер жеткіліксіз болса, шығармайтын еді, − дейді. Енді Дәнехан апа Алматы облысының сотына шағымданбақ. Әділдік үшін Жоғарғы сотқа арызданудан да тайынбайтынын айтты. |