|
Кедендік одақтың кереметін ең алғаш көретін біз. Өйткені Батыс Қазақстан облысы Ресейдің Самара, Саратов, Волгаград, Орынбор, Астрахань сияқты ірі бес облысымен шектесіп жатыр. Өткен жылдың қараша айында Мәскеуде Одаққа мүше үш ел бірыңғай кедендік тарифтерді мақұлдаған болатын.
Енді Одаққа мүше елдер арасындағы саудада тауарлар мен қызметтерге ешқандай баж салығы салынбайды. Осы жылдың шілдесінен бастап үш мемлекет арасындағы кедендік рәсімдеулер де тоқтатылады. Бұл кезде көп мәселені дәл осы мерзімде қабылданатын Кедендік кодекс шарттары арқылы шеше алады екенбіз. Баж салығы қымбаттайды Мұнай өнімдерін, түрлі құрал-жабдықтарды, қара металл мен көптеген азық-түлік түрлерін көрші Ресейден алатын Батыс Қазақстан облысы жаңа Одақтың жайлылығын шын мәнінде сезінуі тиіс қой. Әрине, Қазақстанның өзге аймағы да жалпы игіліктен құр қалмасы белгілі. Алайда медальдің екі жағы болатыны сияқты Одақтың бізге онша қолайлы тимейтін тұстары да аз емес. Бұл жұмсартып айтқан түріміз. Турасына көшсек, енді Одаққа кірмейтін шетелдерден келетін тауар түрлері екі есе қымбаттайтын болды. Батыс Қазақстан облыстық кедендік бақылау департаментінің бастығы Әмірхан Мауқұлов өз сөзінде Одақтан тысқары шетелдерден келетін тауарларға баж салығы өсетінін айтып өтті. Ел бюджетінің үш пайызын баж салығы құрайды екен. Сондықтан баж салығы өскенде бюджетке түсетін түсім тоғыз пайызға өседі. Былай қарағанда, жаман емес. Енді бұл жағдайды ішкі нарықта салыстырып көрейік. Нақты ақпарат көздері ғана емес, әр тұтынушы да мұны жақсы біледі: ішкі нарықтағы киім-кешектің тоқсан пайызы Қытай мен Түркиядан келеді. Осы киімдерге кедендік баж салығы өскеннен кейін бағасы екі есеге жуық қымбаттайтыны сөзсіз. Басқасын айтпағанда, сэконд-хэнд киімдеріне баж салығы 15 пайыздан 20 пайызға артпақ. Ішкі нарықты сараптап отырған экономистердің айтуынша, Ресей мен Белоруссиядан келетін киімдер көп арзандай қоймайды екен. Әрі халықтың басым бөлігі «сэконд-хэндтен» киінеді, қалтасы көтеретін орта топ қытай мен түрік киімдерін қолай көреді. Ал байшыкештер үшін ресейлік киімдерден сәл-пәл арзандағанынан келіп кетер ештеңе жоқ. Әйел біткеннің есін алып жүрген «Орифлэйм», «Мэри Кэй» және басқа шетелдік косметикалық брендтер де екі есе қымбаттайды. Бұрын елімізге келетін косметикалық тауарларға баж салығы бес пайыз болса, енді 15 пайызға көтерілмек. Косметиканың және бір қиын жері, бояу-сояуды қолдануға келгенде әйелдер арасындағы әлеуметтік жағдай көп айырыла қоймайды. Байы өз алдына, орташа мен кедейі де қарызданып-қауғаланып болса да, соңғы бояу үлгілерін жағып қалуға құмар. Осы күні ауылдағы келіншектер де қаладағы құрбысынан қалмайтын болып жүр. Сонда бұрын әзер қол жеткізіп жүрген «Орифлэйм», «Мэри Кэй» бағасы екі есе қымбаттаса, дәулеті құрала қоймаған отағаларының жағдайы қалай болатынын көзге елестетудің өзі қиын. Қош бол, «Иномарка» Кедендік кірістер басқармасының бастығы Роза Байболатованың айтуынша, Одақтан тысқары елдерден келетін көптеген тауар түрлеріне баж салығы әжептәуір өскен. Осындай жаңа тарифтердің тоқсан пайызы ресейлік базадан алынған екен. Ал Ресейде мұндай тариф баяғыдан бар. Олар өздерінің отандық өндірушілерін қорғау үшін тариф шамасын осындай мөлшерге жеткізген. Осы арада «жоғары тариф біздің өндірісшілерді де қорғамай ма, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырмай ма?» деген сұрақтың тууы заңды. Біздің елімізде, мәселен, жеңіл автокөлік бір-екі қаладан басқа жерде құрастырылмайды. Ал Ресейде көп қалада жеңіл көліктер шығаратын зауыттар бар. Оны азсынсаңыз, тағы бірнеше қалаларында шетелдік көліктер құрастырылады. Сонда баж салығына жоғары тариф енгізу қай ел үшін тиімді? Оны енді өздеріңіз де шамалаған боларсыздар. Біздің елімізге шетелдік ұсталған автокөліктерді енгізу үшін баж салығын бұрынғыдан отыз пайызға артық төлеуге тура келеді. Бұған қоса, «иномарканың» шыққан мерзімі және қозғалтқышының көлеміне қарап енгізеді екен. Бұл – өткен жылғы жеткізілген көліктер толық сатылып болғаннан кейін, жапон мен неміс көліктерін өз нарығымызда 10 мың доллардан арзаны табылмайды деген сөз. Бұдан былай тек ресейлік көліктерге немесе Ресейде құрастырылған «иномарка» ғана мінетін боламыз. Бағаны бақылайтын комиссия Бәрін бір жіпке тізіп жіберсек, әрине, дұрыс болмайды. Мамандар жаңа Одақ тәртіптеріне бейімделіп болғанша, тоғыз тауар тобына бұрынғы тариф сақталады дейді. Соның ішінде жеміс-жидек түрлері, алюминий, пластмасса және целлюлоза, фармацевтикалық өнімдер, жиһаздар, төсек-орын сияқты тауарлар бұрынғы бағамен келеді. Жылға жетпейтін уақыт ішінде біз жоғарыдай айтылған тауар түрлерін өзімізде өндіруге тиіспіз. Ал әзірге біздің облысқа жүктеліп отырған міндет – баға саясатын қадағалау. Яғни Ресейден келген тауар сол елдегі бағадан аса қымбат болмауы тиіс. Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов барлық басқарма басшыларын жинап, жиналыс өткізгенде, осы мәселені қадап тапсырды. Өз орынбасарларына кедендік қатынасты қадағалайтын арнайы комиссия құруды тапсырды. Бұл комиссия құрамына құқық қоргау органдары, Облыстық кедендік бақылау департаменті жетекшілері, Облыстық және қалалық мәслихат депутаттары кірді. Комиссияның арнайы іс-жоспары жасақталуда. Облыс әкімдігінің бұл әрекеті ел ішіндегі «әй, қайдам» деген күдікті сейілте бастаған тәрізді. Іс жүзінде қалай болатынын көре жатамыз да.
Басқа аймақтардан Брокерлер бордай тозады Сарапшылардың пікірінше, елімізде брокерлік компаниялардың 90 пайызы жабылып тынады Бірыңғай Кедендік одаққа кірудің қазақ елі үшін 170 млн адам құрайтын ауқымды өнім өткізу нарығы әрі 600 млрд доллар көлеміндегі мемлекеттердің өндірістік әлеуеті сынды ұтымды тұстары бар. Болғанмен, бұл Одақ бәрімізге бірдей бақ әкеле ала ма? Атырау облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының мәжіліс залында өткен алқалы жиында осы мәселе талқыға түсті. Кедендік бақылауды ұйымдастыру басқармасының бастығы Е.Ерекенов: «Қазақстанның Кедендік одаққа енуі – ел экономикасының дамуына ашылған жол» деген баға берді. Жиын барысында үштік одақтың құрылуы мемлекеттік тексеру жұмыстарын оңтайландырып, көліктердің себепсіз тоқтап тұруының алдын алумен бірге мемлекеттік органдар жүргізетін рәсімдеу шараларының жылдамдауына, үш ел арасындағы тауар алмасу кедендік рәсімдеусіз жүзеге асуына кепіл болатыны жайлы айтылып өтті. Дегенмен Кедендік одаққа ену жергілікті тауар өнімдері айналымының дамуына кедергі келтіруі мүмкін. Бұл, әсіресе, кәсіпкерлер үшін едәуір қиындық туғызбақ. Шекара асырып жеңіл көлік әкелумен айналысатын кәсіпкерлер мәселенің анық-қанығын түсіне алмай дал, өйткені құны 60 мың доллар тұратын 2009 жылы шыққан «Ауди» көлігіне бұрын 2 миллион теңге көлемінде баж салығын төлеп келсе, енді ол 4 миллион теңгеге өскен. Бұрын пайдаланылған көліктер үшін төленетін баж салығы тіпті қымбат, яғни бұрын 150 мың теңге төленіп келсе, жаңа жылдан бастап бір миллионнан астам қаржыңызды беруге тиіссіз. Бизнес өкілдері арасындағы бәсекеге қабілеттіліктің сыналар тұсы енді келгендей. Бұрын Котяевка кеден бекеті арқылы тыңғылықты тексеруден кейін ғана өткізілетін тауарлар, азық-түлік өнімдерін енді кез келген адам екі ел арасында емін-еркін алып өте алады. Атыраулық кәсіпкерлер «бұдан былай ресейлік бизнес өкілдері үшін қолайлы жағдай туатын болды» дейді, өйткені енді кез келген фирма Атыраудан сауда нүктелерін ашып, өз істерін дөңгелетуге мүмкіндік бар. Есесіне, ресейлік тауарларды кедендік рәсімнен өткізу қажетсіз болып қалғандықтан, делдалдарға жұмыс табылмай қалуы мүмкін. Жорамал бойынша, брокерлік компаниялардың 90 пайызына жабылып қалу қаупі төніп тұр. Бақытгүл Бабаш Одақтың ойпаңы Барыс жылының басты жаңалығының бірі Қазақстанның кедендік үштікке кіруі болды. Талқылауы толық пісіп-жетілген Кедендік кодекс саналса да, қаңтардың бірінен енгізілген жүйенің бір ай ішіндегі кедергісі жетерлік. Шыны керек, алғашқы екі аптада кеденшілер де, кәсіпкерлер де әрі-сәрі күй кешіп, жаңа кодекстің тиімді-тиімсіз тұстарын саралаумен болды. Бірақ араға он күн салып соңғысының басымдық танытқаны жасырын емес. Бұл ретте, ең бірінші зардап шегетін үшінші елден, яғни Ресей мен Белоруссиядан өзге елдерден тауар жеткізетін кәсіпкер екендігі белгілі. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінің бас маманы Гауһар Жақыпова үшінші елден жеткізілетін тауарға арналған кеден кұны шамамен 20-30 пайызға өскенін жасырмайды. Сондықтан болар, қаңтар айында Германия мен Норвегия, Польша сияқты мемлекеттерден жеткізілген тауар аз. Өзін Сергей деп таныстырған брокерлік компанияның жетекшісі: «Қазақстандықтардың ендігі киетіні сапасыз иленген теріден тігілген тон, қайқы пима болады», – деп мысқылдайды. Құндыз бөрік пен тонның ауылы алыстайды дегенді айтады. Брокерлік компаниялардың бұлай шорт кесуі де түсінікті. Себебі соңғы күндері оларға келетін клиент қатары сиреген. Немістің көлігіне салынатын кедендік салық аз күнде әжептәуір өскен. Көлік базарындағы темір тұлпарлардың барлығы дерлік жаңа жылға дейінгі әкелінгендер. Жаңасына баруға кәсіпкерлердің жүрегі дауаламайды. Жүк тасымалдаумен айналысатын жеке кәсіпкер Александр Воловик жыл сайын бір-екі көлігін ауыстыратынын айтады. Ендігі жоспары басқа. «Мен жылына немістің екі «МАН-ын» алатынмын. Биыл олардың кедендік салығы екі жарым есеге өсті. Ал ресейлік «Камаз» әрі кеткенде екі-үш жылға ғана шыдас береді. Сондықтан ендігі уақытта көлік ауыстыру ойыма да кіріп шықпайды» дегенді айтады. Кедендік одақтың басты табысы – шілденің бірінен оның құрамына кіретін үш ел арасындағы кедендік салық болмайды. Яғни бұл мемлекеттер арасындағы тауарға қосымша құн салығынан басқа төлем қарастырылмайды. Ендеше, баяғыдан қойы қоралас елдердің тауарлы пәуескесі де кедергісіз жүріп-тұра алады. Тауардың басым бөлігі Ресейден Қазақстанға жол тартатыны анық. Ал отандық тауар өндірісі мұндай бәсекелестікке даяр ма? Яғни ресейліктер Қазақстандағы саудасының етегін одан да кеңге жаяды. Кеденшілер де, брокерлік компаниядағылар да қуырдақтың көкесі түйе сойғанда, яғни шілдеде басталатынын жасырмайды. Ал кәсіпкерлер азық-түлік бағасының бір-екі айда, шеттен әкелінген қор аяқталғанда басталатынын айтады. Іңкәр Қажымұратқызы Үштік одақ: табыс қалай бөлінеді? Ресей, Беларусь және Қазақстанның бірінші вице-премьерлері кеден төлемінен түскен табысты қай елге қанша көлемде бөлу туралы мәселеде ортақ шешімге келе алмады. Бұл туралы РИА Новостиге Ресейдің бірінші вице-премьері Игорь Шувалов мәлімдеді. «Алдағы екі аптада бірнеше мәселенің түйінін шешуіміз керек. Оның ішінде түскен табысты бөлісу мәселесі де бар. Белоруссия жағы бірнеше ұсыныс түсірді, оны біз жан-жақты қарастыруымыз қажет», – деді И.Шувалов. Ресей «ең көлемді нарық» ретінде табыстың 90 пайызын алуға мүдделілік танытуда. Бұл елдің экономикалық даму министрлігі мынадай қисынсыз уәж айтыпты: «Ресей экспортқа 300-ден аса тауар шығарады, ал Белоруссия мен Қазақстанда экспорттық баж салығы мүлде жоқ». Қазақстан Премьер-министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев үштік одақ кеденнен түскен түсімді пропорциялы түрде бөлісу механизмін таңдап алғанын тілге тиек еткенімен, нақты мөлшер туралы жақ ашпаған. БАҚ-қа берген түсініктемесінде Ресей қаржы министрінің орынбасары Сергей Шаталов түсім пропорционалды түрде Ресей, Белоруссия, Қазақстан арасында тиісінше былай бөлінгені туралы айтады: 86,5%, 5,0%, 8,5 %. Шаталовтың айтуына қарғанда, Белоруссия жағы түсімнің тағы 0,3 пайызына мүдделілік танытуда. Осыған орай нақты келісімге қол жетпеген. Кедендегі «бір терезе»
Кеден саласына бірыңғай электронды терезе жүйесін енгізу хақындағы әңгіменің шыққанына біраз уақыт болды. Бұл жүйенің іске қосылу мерзімі әсіресе кәсіпкерлердің ерекше қызығушылығын туғызып жүрген көрінеді. Ендеше, жағымды жаңалықтың бір шетін шығарып қояйық: 2010 жылдың соңына дейін елімізде бірыңғай электронды терезе пилоттық жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жобаның басты ерекшелігі – сыртқы саудамен айналысушылар үшін экспорттық-импорттық операцияларды жүзеге асыруға барлық қажетті құжаттарды алуда үлкен септігі тимек. Бұл тәсіл іске қосылған кезде кәсіпкерлер уақыты мен түрлі шығындарын үнемдеуге қол жеткізеді. Екіншіден, барша құжаттарды алу процесі ашық, жеңіл әрі түсінікті жүріп, бұлыңғыр статистикаға жол берілмейді. Себебі бірыңғай рұқсат беру арнасы тиісті мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен байланыста болады. Жалпы, мамандардың айтуына қарағанда, бұл жүйемен жұмыс істеудің машақаты аз көрінеді. Мәселен, кәсіпкер кеден органының сайтына кіреді-дағы, өзіне керекті құжаттарды алмақ мақсатта өтініш білдіреді. Ал қажетті ақпарат мұнан кейін құзыретті органдарға жолданады. Басқаша айтсақ, бірыңғай электронды терезе жүйесі қай ведомствоға қандай ақпарат жіберу керектігін өзі анықтайды. Егер ұсынылған мәліметтер шешім қабылдау үшін жеткілікті болса, кедендік рәсімдеуге рұқсат беріледі. Одан әрі Кеден комитетіне келіп түсетін кеден декларациясын толтырады. Ал кеден бекетіндегі қызметкер құжаттардың түгел не түгел еместігін тексеріп отырады. Дегенмен белгілі бір өтпелі кезеңде бұрынғы механизм де жұмысын тоқтатпайды. Әлемдік тәжірибеге үңілсек, кедендегі «бір терезе» жүйесінің жобасын жасауға 2,5-3 миллион доллар қаржы жұмсалады екен. Бұл – қажетті құрал-жабдықтардың құнын қоспағандағы сома. Осынша инвестиция өзін-өзі үш-төрт жылда ақтауы мүмкін. Сарапшылардың пайымдауынша, бұдан мемлекет те, бизнес те ұтылмайтынға ұқсайды. Яғни ресурстардың өте тиімді жіктелуі мен алым-салықтың тайға таңба басқандай көрсетілуі, заңның белден басылмауы мен сыбайлас жемқорлыққа мейлінше тосқауыл қойылуы мемлекетіміздің инвестициялық рейтингінен оң көрініс таппақ. Ал кәсіпкерлер ақпарат іздеп сабылып, құжаттарын әзірлеуге біраз уақытын сарп етпейді. Фазылбек Тұтқабай |