|
«Жас қазақ» ұлттық апталық газеті 2005 жылдың 7 қаңтарынан бастап шығып келеді. Жарық көргеніне көп уақыт болмаса да, «Жас қазақ» – ақпарат нарығында өз орнын алып, өз бағытын, стилін қалыптастырып үлгерген, өз оқырманын тапқан басылым. Басылымның басты қағидасы – ақиқатты және адамдардың ақиқатқа көз жеткізу, ақиқатты білу құқығын қастерлеу. «Жас қазақ» қоғамда қоғам мүшелерінен жасырын ешқандай құпия болмауы керек деп санайды. Сондықтан да біржақты көзқараспен шектеліп қалмай, қандай қайшылықты жағдайлар, айтыс-тартыстар болсын, пікірталасқа қатысы бар тараптардың барлығына да өз мінберін ұсынуға әзір. «Жас қазақ» ұлттық апталығы Қазақстанның ақпарат кеңістігіндегі шынайы пікір алуандығына, үздік демократиялық үрдістерге, ізгі бастамаларға қашанда тілеулес. Еліміздегі барлық бұқаралық ақпарат құралдарына зор әріптестік құрметпен қарайды. Сонымен қатар елдегі ақпарат кеңістігіндегі кез келген бәсекеге, ашық та әділетті кәсіби бәсекеге қабілетті һәм дайын. Газеттің ұраны – «Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек!». «Жас қазақ» ұлттық апталығы аптасына бір рет, жұма күні, 12 беттік көлемде жарық көреді. Газетте қоғамдық өмірдің барлық салалары дерлік толық қамтылады. Сол себепті, басылымның басты айдарлары да жан-жақты. БІЗДІҢ СҰХБАТ айдарымен берілетін материалдар – негізінен газеттің 3-бетінде орналасады. Мұнда аты елге мәшһүр саясаткерлер, саясаттанушылар, министрлер, депутаттар, қаржыгерлер, экономистер, ғалымдар, ақындар, жазушылар, артистер, спортшылар және тағы да басқа танымал тұлғалар қоғамдағы саяси-әлеуметтік, рухани-мәдени ахуалға, аталмыш салалардағы әр алуан мәселелерге байланысты өз ойларын ортаға салады. «ЖАС ҚАЗАҚТЫҢ» КОНФЕРЕНЦИЯСЫ – дөңгелек үстел үлгісінде өтетін басқосу. Мұнда көтерілер мәселе мен оған қатысушы адамдарды газет редакциясы өзі таңдайды. Конференцияның тақырып аясына ешқандай шектеу қойылмайды. Бұл айдар аясында саяси-экономикалық мәселелер де, әлеуметтік-мәдени әңгімелер де қозғалып жатады. Айдардың мақсаты – күнделікті өмірде көпшілікті алаңдатып отырған жайттардың сырын ашу, тереңіне үңілу, себеп-салдарларын талдау, тығырықтан шығар жолды бірлесіп іздеу. ДӘУЛЕТ – экономика саласына арналған беттің негізгі айдары. Аталған бет еліміздегі һәм әлемдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың тамырын ұдайы басып отыруға тырысады. Мұнда күн сайын құбылып жатқан заманауи экономиканың тынысы сезіледі. Белгілі экономистер, қаржыгерлер, бизнесмендер осы саладағы өзгерістер мен жаңалықтарға тұрақты үн қосып, өз көзқарастарын білдіріп тұрады. «Жас қазақтың» өз журналистері де экономикалық сараптамаларында, шолуларында оқырман білуге міндетті, ол хабардар болуға тиіс жайттарды үнемі көрсетіп отырады. COMMENT – халықаралық саясатқа арналған бет. Бұл айдар аясында негізінен Қазақстанның сыртқы әлеммен байланысы, шет мемлекеттермен арадағы қарым-қатынастың қым-қиғаш мәселелері сөз болады. Сонымен қатар бұл айдардың назарынан дүниедегі болып жатқан оқиғалар, саяси үрдістер, халықаралық жаңалықтар да тыс қалмайды. Осы беттегі «Құнды қағаздар» айдары аясында шетел басылымдарында жарық көрген таңдаулы мақалалар мен көзқарастар аударылып басылады. АЙМАҚ – Қазақстанның ішкі аймақтарындағы ахуалды тұрақты көрсетіп отыратын айдар. Мұнда «Жас қазақтың» облыстардағы меншікті тілшілерінің жергілікті жерлердегі халықтың тыныс-тіршілігіне, әлеуметтік-экономикалық жағдайына қатысты материалдары жарияланып отырады. ӘДЕБИЕТ – қазақ және әлем әдебиетіндегі заманауи үрдістерді, таңдаулы туындыларды, жаңалықтарды қамтып, жариялап отыратын бет. МӘДЕНИЕТ бетінде – елдегі мәдени-рухани саланың сан алуан мәселелері, жетістіктері, кемшіліктері, танымал тұлғалары, жас таланттары туралы жарияланымдар жарық көреді. ӨМІР-ӨНЕР – кино, теледидар, театр, музыка саласындағы жұлдыздардың өмірінен һәм өнерінен сыр шертетін айдар. СПОРТ бетінде – қазақ және шетел спортындағы танымал тұлғалар, жарық жұлдыздар, спорт саласындағы қомақты табыстар мен қордалы мәселелер туралы материалдар жарық көреді. Сондай-ақ жыл он екі ай үзілмейтін айтулы жарыстардың нәтижелері де тұрақты жарияланып отырады. Ал төмендегі айдарлар ай сайын жарық көріп отырады. БІЗДІҢ ОҚЫРМАН – «Жас қазақ» редакциясына келіп түсіп жатқан оқырман хаттарынан сұрыпталып әзірленетін бет. ТІРШІЛІК – күнделікті өмірдегі әр алуан оқиғалар, жеке адамдар тағдырлары, тіршілік тығырығынан шығуға көмектесетін психологиялық кеңестер... ДІН – елдегі діни ахуалды сараптайтын, имандылықты уағыздайтын, адамгершілік тәрбие, ар-ождан мәселелеріне үңілетін бет. ЖАҢА ҚАЗАҚ – жастарға, студенттерге арналған айдар. Бұл бет сол жастардың, студенттердің қатысуымен әзірленеді.
|