jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Жер сатылмайды!

24 мамыр, 16:40
1001

Мөде қаған туралы ел ішінде әдемі аңыз қалған. Аңыз болса да, ақиқатқа бергісіз. Әңгімені содан бастайық.

Доңху ханы Хұн Тұман өлген соң, Мөдеге елші жіберіп, ханнан қалған тұлпарды сұратады. Мөде жылқыны береді. Одан кейін қағанның нақсүйерін сұрайды. Оны да береді. Араны ашылған Доңху ханы енді жер сұрайды. Сонда Мөденің кеңесшілері «Бос жатқан тақыр жер. Аяймыз ба? Берейік!», – дейді. Мөде қатты ашуланып «Жер – мемлекеттің жаны. Жерсіз мемлекет бола ма?! Оны қалай бермексіңдер?!», – деп, әлгілерді жазалайды. Өзі атқа қонып, жатжұрттықтарға қарсы соғыс ашады.
Бұл аңыз-әпсананы неге қозғап отырмыз? Мөдеше айтсақ, жер – мемлекеттің жаны. Біздің елде де жерге қатысты алып-қашпа әңгіме көп айтылған. «Жер жалға беріледі екен, сатылады екен» деген сөзге осы аптада нүкте қойылғандай болды. Осы аптада Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысында ауыл шаруашылығы мамандарымен болған кездесуде «Жер шетелдіктерге сатылмайды!» деп, көптің көкейінде жүрген түйінді тарқатқандай болды.
Бұл қандай түйін еді? Естеріңізде болса, осыдан 4 жыл бұрын, яғни 2015 жылы қарашада Жер Кодексіне өзгеріс енгізіліп, 1,7 млн гектар жердің Қытайға, не шетелдік үлесі бар компанияларға 25 жылға жалға берілетіні туралы әңгіме шыққан болатын. Іле-шала жер комиссиясы құрылып әр облыста көшпелі кеңес өтті. Соның нәтижесінде жерді жалға беруге 5 жылға дейін мораторий жарияланды. Бірақ ол «Жер жалға берілмейді немесе сатылмайды» деген әңгіме емес. Тақырып бес жылдан кейін қайта қозғалуы мүмкін еді. Осы мәселеге кеше Тоқаев нүкте қойды. Қостанай облысында ауыл шаруашылық мамандарымен кездескенде Президент «Жер шетелдіктерге сатылмайды. Бұл менің Президент ретіндегі берік ұстанымым!» деп мәлімдеді.
Қазақ жерді анаға теңейді. «Жер – Ана» дегені содан. Бір кездері Парламент төрінде Халық жазушысы Шерхан Мұртаза «Жерді сатқаның – анаңды сатқаның» деп, жерден артық байлықтың жоғын ескерткен. Жерді қорғау Отанды қорғаумен бірдей шаруа. Жер сатылса, мемлекет болмайды. Ал қазақ жерін жалға алып алған олигархтарға жер сатылса да, сатылмаса да бәрібір. Одан олардың мұртын балта шаппайды. Қайта әлгі қалталы қожайындар мемлекеттен сатып алған немесе 49 жылға жалға алған жерін шөп-шөңге басып бос жатқанша, біреулерге бірнеше есе пайдасына жалға бергені мың есе артық. «Жерді жалға берейік!» дегендердің әуелдегі көздегені сол – «көк қағаз».
Жерді жалға бердің деген сөз – оның асты-үстіндегі байлықтан қоса, айырылдың деген сөз. Онсыз да қазір дәрі шөп іздегендер қара жердің құйқасын тіліп жүрген жоқ па? Jas qazaq газетінің №18-19 санында «Қызылмияның қадірін кетірдік» деген атпен Қытайға саудаланып жатқан қызыл тамырдың тағдыры туралы жаздық. Егер жерді Қытайға не басқа шетелдіктерге жалға берсек, қызылмия түгілі қатқақ жерде қара топырақ қана қалуы мүмкін.
Ұзын сөздің қысқасы: жердің жалға да берілмейтіні, шетелдіктерге сатылмайтыны – көңілдегі көп түйіннің шешімі болғаны анық.

Жарас Кемелжан

18 маусым, 15:12
Қуанып барып, қарызданып қайтпаңыз!
14 маусым, 11:44
Шапанды сән үшін кимедім
14 маусым, 11:30
Мақсатымыз - айқын, жолымыз - ашық!
07 маусым, 12:46
Бұл не деген батпан құйрық?..
07 маусым, 12:39
Жусандай жұғымды болса екен!
31 мамыр, 16:14
Киік - қырғын қайталанбасын дейік...
31 мамыр, 16:08
Ажырасудың себебі - ақша
31 мамыр, 15:48
Алып елдің бір бөлшегі