jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Қабықтан қағаз жасаған

24 мамыр, 15:57
450

Газетіміздің №19 санында «Жоқтан бар жасауда», №20 санында «Жібекпен жұртқа танылған», «Шыңжаң: біз көрген «лагерь» деген тақырыппен Қытайдың оңтүстік Шыңжаң аймағындағы шаруалар өмірін, «саяси лагерь» атанып кеткен түзету мекемесіндегі ұйғыр жастары туралы жаздық. Алматыдағы Қытай консулдығы мұрындық болған жолсапарға әлемнің он шақты елінен қырық шақты журналистің барғанын, сол топтың арасында Jas qazaq газетінің тілшісі де болғанын айтқанбыз. Бүгінгі нөмірде күнгей Шыңжаңдағы қытайлардың ата кәсібі туралы әңгімелекпіз.

Қытайдың дүниежүзілік өркениетке қосқан үлесінің бірі – жібек өндірісі болса, екіншісі – қағаз. Жібекті жаздық. Ал бүгінгі тақырыбымыз – қағаз өнідірісі. Тарихқа көз жүгіртсек, Қытай – қағаздың отаны. Қағазды тұңғыш рет ІІ ғасырда шығыстағы осы көршіміз жасаған. Ал Еуропада ХІ-ХІІ ғасырларда пайда болыпты. Оған негізгі материал ретінде зығыр, мақта, кендір пайдаланған.

Қытайлар алғаш рет қағазды қалай жасады? Тарихқа зер салсақ, олар қағазды бамбук ағашынан жасаған көрінеді. Оған дейін жібек матаға жазу жазып, оны бамбук таяқшаның ішіне салып сақтаған. Бірақ жібек қымбат, бамбук таяқша ауыр болғандықтан, бұл қажеттіліктің орнын ауыстыратын қағаз ойлап табу қажет болады. Сөйтіп, бамбук ағашын жаңқалап жарып, оны ұзақ уақыт қазандағы ыстық суға қайнатып, одан кейін әлгі суға қайнаған қоймалжыңды үлкен ыдысқа салып үздіксіз араластырып, үстіне су құйып, содан кейін сүзіп, сол арқылы қағаз дайындаған.
Қытайлар жібек матаның технологиясын құпия сақтағаны секілді қағаздың технологиясын да бірнеше ғасыр бойы жасырып келді. Тек 751 жылы ғана араб-қытай қақтығысында қағаз жасайтын бірнеше шебер арабтардың тұтқынына түскен. Солардың арқасында арабтар қағаз өндіру кәсібін үйренеді.

Қытайда сол көне дәстүрлі технологиямен қағаз дайындайтын шеберхана әлі де бар. Сондай орталықтың біріне осы жолғы журналистік сапар кезінде бас сұқтық. Хотан қаласынан отыз шақырым қашықтағы Пычақчы (Пышақшы) ауылы қағаз жасаумен аты шыққан шеберлер ауылы. Бұрын бұл Пышақшы ұйғырдың һас шеберлері мен ұсталары тұратын, аты дүйім Қашқарияға әйгілі болыпты. Қазір қағазды байырғы технологиямен өндіретін жалғыз шеберлер ауылы болғандықтан, бүкіл қытай туристері ат басын бұратын бірден-бір қыстақ осы.
Цех шағын аулаға орналасыпты. Қақпадан ішке енген жерде бетін күнге қаратып қаз-қатар тізіп қойған тақтаға көзіміз түсті. Салған жерден журналистер «Бұл не, ол не?» деп жан-жақтан сұрақтың астына алды. Бізге жол бастап келген, өзін осы ауданның әкімімін деп таныстырған Тоқтахұн Махмұт: «Бұл тақталардың не екенін, сіздерді қай жерге ертіп келгенімізді қазір осы цехтың қызметшісі айтып береді», – деп, бізге Зүлфия есімді ұйғыр қызын таныстырды.
Зүлфия мектеп бітіре салып, осы цехқа от жағушы болып жұмысқа тұрған. Еңбегімен жағып, ханзуша тіл сындырған соң орталықтың басшысы цехтың барлық жұмысына жауапты қылып қойыпты. Қағаз цехтың жұмысын сол қыз таныстырды.

– Қағаз қалай дайындалады? – деді ресейлік Андрей.
– Қағаз жасау – Қытайдың ең көне дәстүрлі технологиясы. Мақтанышымыз, – деп әңгімесін арыдан бастады әлгі қыз.
– Оны білеміз, – деді журналистер. Зүлфия біздің қызыл сөзге құмар емес екенімізді сезді ме, бірден қағаз жасаудың технологиясына көшіп кетті.
– Қытайдың қағаз жасау технологиясында бамбук ағашы пайдаланылған. Бірақ біздің Шыңжаңда ондай өсімдік жоқ. Сондықтан біз бамбук орнына тұт ағашының қабығын пайдаланамыз, – деп бір бұрышқа үйіп қойған тұт ағашының қабығын көрсетті. Ұстап көрдік. Қатып-семген қарағаштың қабығындай емес, қағаздай жұмсақ.
– Одан ары ше? – дедік біз.
– Одан ары тұт қабығын қазанға салып қайнатамыз. Отты үзбей 10-12 сағат жағып отыру керек. Ағаш қабығы жұмсарып, езіліп, қоймалжыңға айналғанша қайнату қажет. Күйіп кетпеу үшін шөмішпен араластырып отырамыз. Хотанның ми қайнайтын қапырық ыстығында қара қазанның жанында жалынға шарпылып отыру оңай шаруа емес. Өзім бұл жұмысты осы от жағудан бастадым, – деген Зүлфия қазандағы сары кілегейді шөмішпен араластырып көрді. Сосын от жағып отырған қызға «Бір сағаттан кейін отын өшір», – деп тапсырды.

Қағаз жасаудың одан кейінгі рет тәртібі былай: Қазандағы қоймалжыңды алып, ағаш төс пен ағаш балғаның арасына салып, біраз ұрып-соғып, езілмей қалған қалдықтарын мыжып, жаншып, ми балауға айналдырады. Жаншу процесінен кейін үлкен ыдыстағы суға салып, толық араластырады. Ондағы мақсат – езілген қабық сумен араласып, кәдімгі кілегейге айналуы керек. Ал толық жаншылмағаны судың бетіне қалқып шығады. Оны сүзіп алып тастайды.
Жаншылып, сумен араласқан қабықтың кілегейін ұзындығы бір жарым метр, ені 60 сантиметр болатын тақта-қалыпқа құяды. Қалыптың іші кәдімгі ұн елейтін елек сияқты ұсақ тормен қапталған. Қоймалжың сұйықтықты қалыпқа құйғанда су ағып кетеді. Елек бетінде бір қабат жұқа перде қалады. Ол – бізге қажетті қағаз. Оны қалыбымен бірге күнге қаратып қойып, бір-екі сағат кептіреді. Күн мен желге ұсталып кепкен тұт қағазы осылай пайда болады.
Әдетте, бәріміз қағаздың ағаш қабығынан немесе сабаннан жасалатынын ғана білеміз. Содан болар, ақ қағаздың қадіріне жете бермейміз. Бірақ дәл мынадай технологиямен ақ парақтың пайда болатынын бірінші рет көрдік.
Айтпақшы, әлгі тұт қағазын мың жылға дейін сақтауға болады екен. Бізге көрсеткен қалыптағы бір бет қағаздың құны – 60 юань. 3300 теңге. Миллиард қытайдың қажетін мұндай қағаз шығаратын қарапайым мың-миллион цехтың өтемесі анық. Бірақ бұл Қытай үшін технологиясы да, құпиясы да, қағазы да құнды – жәдігер орталық. Өйткені, бұл жерде Қытайдың мың жылдар бойы үзілмей жеткен қағаз жасайтын дәстүрлі технологиясы сақталған. Олар сонысымен мақтанады. Жыл сайын шағын ғана Пышақшы ауылына осы технологияны көру үшін мыңдаған саяхатшы ағылады.
Барды ұқсату деген осы. Бізде де дәстүрлі технологиямен дайындалатын қолөнер мұрамыз баршылық. Мысалы, Алматы іргесіне қоныс тепкен шеберлер ауылындағы ұсталар мен шеберлердің, өрімшілер мен тұрманшылардың қолынан шыққан жауһар заттарымыз, ұқсата білген адамға – алтынға бергісіз қазына, ұлттық байлық екен-ау!..

Жарас Кемелжан,
Алматы – Хотан – Алматы

18 маусым, 15:12
Қуанып барып, қарызданып қайтпаңыз!
14 маусым, 11:44
Шапанды сән үшін кимедім
14 маусым, 11:30
Мақсатымыз - айқын, жолымыз - ашық!
07 маусым, 12:46
Бұл не деген батпан құйрық?..
07 маусым, 12:39
Жусандай жұғымды болса екен!
31 мамыр, 16:14
Киік - қырғын қайталанбасын дейік...
31 мамыр, 16:08
Ажырасудың себебі - ақша
31 мамыр, 15:48
Алып елдің бір бөлшегі