jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Бір күннен байқағанымыз…

24 мамыр, 16:25
354

Жақында ғана Қызылорда қаласында бокстан еліміздің спартакиадасы өтті. Мәселе ірі жарыстың Қызылордада тұңғыш рет өтуі және оның барысы туралы да емес. Айтпағымыз мүлде басқа.

Осы теледидардан спорттық жарыстар туралы репортаж тыңдауды қойғалы қашан. Шайбалы хоккейден Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатынан басқа. Онда да еліміздің қақ төрінде болғандықтан тыныш қарап жата алмадық. Қысқасы, қазақша репортажды көп көріп жүрген жоқпын. Көргім келмейді емес, көңіл толмайды. Бұлай айтсаң, бірден тісін шықырлатып, көзін ойнатып шыға келетіндер аз емес. Жасыратын түгі жоқ, бүгінгі күні кекшіл комментаторлар көбейіп келеді. Тез өкпелейді, тез ренжиді. Өкпе мен ренішті қойыңызшы, оның бір реті табылар. Түсіне келе райынан қайтар, кекшілдігін айтыңыз. Сізді қайта көрместей есікті тарс жабады. Сіз ол үшін керексіз адамсыз бұдан былай.
Біле білгенге орынды, орынсыз сын болмайды. Сын негізсіз айтылмайды. Белгілі бір себеп болмаса, ол туралы әңгіме айтып не керегі бар еді. Жалпы сынды сыншы айтады, маман айтады, әріптес айтады, тіпті қарапайым жанкүйер де айтады. Өйткені оның құқығы. Кез келген жарысты жақсы комментатордың, түсінікті тілде сөйлейтін, пайым-парасаты бар, спортты, тым құрығанда, өзі жүргізіп отырған спорт түрін жақсы білетін кәсіби маманның жүргізгенін қалайды. Дамылдап, демалып жатып, сүйікті комментаторын тыңдағысы келеді. Шынына келгенде, қарапайым жанкүйер кейде комментатордан да білгір.
Бірді айтып, бірге кетіп жатырмыз. Әлгінде Қызылордада өткен спартакиада туралы сөз бастадық. Бокс – қазақтың ұлттық өнері. Оны көрмеуге болмайды. Сонау бір жылдары Қостанайда өткен ел біріншілігін бастан-аяқ көрсетіп, телеарналарымыз бір қуантып тастап еді. Содан бері осындай жарысты толық көрсеткені осы шығар. Тіпті Азия чемпионатының өзін жазып алып, артынан көрсеткені қабырғамызды қайыстырып жіберіп еді. Содан кейін бе Qazsport-ты көп қарамай жүріп ашып қалсам, спартакиаданың екінші күнін көрсетіп жатыр екен. Қарауға ден қойдым, қойдым да, тағы көңілім қалды.
Ең алдымен, байқаған кемшілігіміз, боксшылардың жейделерінде қай облыстан, қаладан екендігін көрсететін жазбалары жоқ. Бұл спартакиада, онда аумақтағы спортшылар өнер көрсетеді. Кейіннен ұлттық құраманың бас бапкері Ғалым Кенжебаев айтқандай, белгілі былғары қолғап шеберлері Азия додаларынан кейін демалыс алып, бұл бәсекеге 18-20 жастағы жас боксшылар қатысқан. Ендеше олардың қайдан екенін біліп отыру экран алдындағы адамдарға керек-ақ. Мейлі, бұл енді ұйымдастырушылардың, бапкерлердің кемшілігі дейік.
Осы күнгі жарысқа комментаторлық жасаған азамат ә дегеннен сүрініп жатыр. «Солтүстікқазақстандық Жандос Отабеков (естуімізше, осылай) пен Жамбыл облысының өкілі Ермек Мәдиев «…қарама-қайшы жекпе-жек өткізетін болады» деп қойып қалды. «Балапанды күзде санайды», алда әлі екі раунд бар» деп тағы бір жаңалық ашты. Кемінде үш айға созылатын күз бен алты минуттың арасында жер мен көктей айырмашылық бар емес пе?
«Ойын өрнегін көрсетіп жатыр» дейді. Айналайын-ау, бұл футбол емес қой. Бокс ешқашан ойын болмайды, ол – ұрыс, жекпе-жек, шынын айтқанда, төбелес, төбелес болғанда да мәдени төбелес. «Жақсы өнер көрсетіп жатыр» десе де шындыққа сәл жақындай түсер еді.
Қарапайым бір жекпе-жекті Рио Олимпиадасындағы Данияр Елеусінов пен Шахрам Гиясовтың финалдық айқасымен теңестіреді. «Керемет жекпе-жек, тамаша!», «Қуан, қазақ, қуанатын кез келді» деп қазақ бұған дейін жұдырықтасып көрмегендей немесе кезекті бір Олмпиадада алтын арқалап қайтқандай, таңқалу осы комментатордың бір әдіс-амалы секілді. Эмоция керек-ақ, бірақ бәрі өз ретімен. Қанша мақтағанмен ол Данияр болып кетпейді. Шын, риясыз түсіндіру, жұрттың көзін жеткізе білу керек.
«Қос спортшы да солақай» дейді. Талай рет айтып та, жазып та жүрміз. «Қос» деген сөз жақын, ниеті, ой-мақсаты бір адамдарға қаратып айтылады. «Қос-қостан», «қосарлы» деп бекер айтпайды. Ал бір-бірімен жұдырықтасатын боксшылар қашан да қарсылас болып қалады. Сондықтан бұл жерде «Екі боксшы да солақай» деген әлдеқайда дұрыс болып шығар еді.
Алғашқы раунд аяқталар тұсты «кездесу аяқталады» деп жібергенін кездейсоқтық дейік. Кездесу үш раундтан тұратынын ескерсек, кездесудің аяқталуына әлі ерте.
Бүгін басқа бокста – кәсіпқой бокста «жеңетініне үмітіміз өшпейді, кеудемізде сайрап тұр!» деп лепірген комментатордың сөзінен кейін теледидардың құлағын басып қойып, суретін ғана көруге тура келді.
Бұл – біздің естіген сөзіміз. Бірақ шындықтан ауытқи қойған жоқпыз. Кейіннен ұмытпасам, Рауан Оқас жүргізіп, репортажға әр кіргізгендей болды. Сапалы комментарий, салалы комментатор керек дейтініміз сол.

Дүрәлі ДҮЙСЕБАЙ,
Астана

18 маусым, 15:12
Қуанып барып, қарызданып қайтпаңыз!
14 маусым, 11:44
Шапанды сән үшін кимедім
14 маусым, 11:30
Мақсатымыз - айқын, жолымыз - ашық!
07 маусым, 12:46
Бұл не деген батпан құйрық?..
07 маусым, 12:39
Жусандай жұғымды болса екен!
31 мамыр, 16:14
Киік - қырғын қайталанбасын дейік...
31 мамыр, 16:08
Ажырасудың себебі - ақша
31 мамыр, 15:48
Алып елдің бір бөлшегі