jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Тұрқы түйедей, мінезі мысықтай бала қайдан туады?

22 ақпан, 14:09
2298

Жүрсін Ерман – айтыс өнерінің өркендеуіне жанашыр болған танымал тұлға. Ақындығымен де ерекшеленетін, қоғамдағы құбылыстарды қалт жібермей бағасын беріп, бағамдап отыратын азамат. Белгілі қаламгердің жанына бататын не, не қуантады? Біздің тілшімізге сұхбат берген Жүрсін Ерман ағамыз біраз мәселені қозғады.

Jas qazaq: Жүрсін аға, ұлттың сөзін сөйлейді, жоғын жоқтайды-ау деген біраз азаматты әңгімеге тарттық. Сұхбаттарымыз басылымда жарияланды. Олар көбіне қазір қоғамда ең өзекті тақырыпқа айналған ұрпақ тәрбиесі төңірегіне тереңдеп әңгіме айтты. Сізбен де осы бір өзекті тақырыпты талқылауды жөн көрдік.

Ж.Ерман: Сұрағыңды қоймай тұрып, емеурініңді түсініп отырғандаймын. Бізде қазір бала тәрбиесінің кемшілігін отбасынан көретін біржақты пікір қалыптасты. Қазір отбасы балаға ие болудан қалған. Оның үстіне, біздің қоғамда жартыкеш отбасылар көп. Баланың тәрбиесін жалғызілікті ананың мойнына артып қойдық. Әке тәрбиесін көрмеген, еркектің ықпалымен өспеген бала төрт құбыласы тең, кеудесі намысқа толы азамат бола алмайды. Тұрқы түйедей болып тұрса да, мінезі мысықтай болып қалады. Сондықтан, бала тәрбиесін жалғызбасты әйелдердің мойнына артып қойған дұрыс емес. Ұрпақ тәрбиесіне мемлекет жауапты болуы керек. Мен саған бір мысал айтып берейін. Немере қызым бар. Қолымызда өсті. Әдетте біз үйде бәріміз қазақша сөйлейміз. Қызымның тілі тақылдап тұрып қазақша шықты. Үш жасында үйдің қасындағы қазақша балабақшаға бердік. Балабақшаға барған күннен бастап қызымыздың тілі бұзылды. Тіпті орысша ойлап, орысша сөйлейтін болды. Бір күні маған айтады: «Ата, у меня есть подруга. Люда. Она такая эксцентричная» дейді. Мұндай орысшаны мен де білмеймін. Міне, қазақ балабақшасындағы жағдай: олар қазақша тәрбие беріп жатқан жоқ. Қазір қазақ мектебінде оқып жүр. Өзің мектепке барып көрдің бе?

Jas qazaq: Барып жүрмін…

Ж.Ерман: Мектепке барсаң, балалардың бәрі орысша шүлдірлейді. Бұл жұрттың бәрі білетін дүние. Осы немерелерімді «Балапан» телеарнасының алдына отырғызып қойып, хабарларын көрсете алмадым. Өйткені баланың көзін тартатын, ойын қызықтыратын бағдарлама жоқ. Тек соңғы жылдары ғана батырлар жырынан, ертегі, эпостардан мультфильм жасау қолға алынды. Бірақ ол аз. Көптеген БАҚ, телефон, әлеуметтік желінің бәрі орысша. Бұның да салқыны тиіп жатыр ұрпақ тәрбиесіне. Балаға қазақ тілін үйретуге де нақты қадам қажет.

Jas qazaq: Айтысқа айтайықшы. Қазір жұрт арасында айтыс ақындары туралы әңгіме көп. «Ақындар жік-жікке, топ-топқа бөлініп кетті: сақалдылар мен сақалсыздар, шыншылдар мен жағымпаздар дегендей. Сіз қай жағындасыз?

Ж.Ерман: Халық не десе, сол десін: қазақ қоғамы қалай, айтыс та сондай. Біздің қоғамда қазір неше түрлі діни секталар жұмыс істеп жатыр. Олар маңайын үйіріп әкетеді. Әсіресе, санасы қатаймаған жастар соңына тез түсіп кетіп жатады. Шолақ балақ шалбар кигендер, сақал қойғандар дегендей. Әлемде ислам дінінің 73 түрлі ағымы бар екен. Қазақстанда да біраз ағымы бар соның. Солар айтысқа қалай әсер етпесін? Қазақстанда айтысып жүрген 300-дей ақынды білеміз. Соның ішінде әртүрлі ағымдағылары бар. Тіпті көрнекті ақындарымыздың сол жолға түсіп кетуіне себепкер болған белді-белді, мүмкіндігі бар азаматтарымыз да баршылық. Солардың кесірінен, «домбыра харам» дейтін ақындарымыз шықты. Айтысқа солардың кесірі тиді. Оларды айтыстан шеттеттік. Өйткені, біз айтысты діни саясаттың қолжаулығы ете алмаймыз. Сөйтіп, қазір өздерінің дұрыс жолға түспегендерін сезгендер өлеңге қайтып келіп жатыр. Соңғы бір айдың ішінде айтыстан шеттеп жүрген Балғынбек Имашев, Жандарбек Бұлғақов, Сырым Әуезхан сияқты ақындарымыз өзінің одағына қайтып келіп, «Біз жаздық, жаңылдық. Бізді айтысқа шығар» деп отыр. Біз оларды одаққа қосып жатырмыз.
Міне, осындай уақытша жіктелу болды. «Ондай болған жоқ» деп жауырды жаба тоқи алмаймын. Бірақ «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деген ғой. Биыл сол ақындар үлкен айтыстарға қатысады. Ақынның сөзі – Құдайдың сыйы, халықтың қазынасы. Ондай талантты ағым мен изімдердің жетегіне жіберуге болмайды. Біз сол үшін күрестік. Оң нәтижесін беріп жатыр.

Jas qazaq: Қазіргі айтыс ақындары шындықты, ақиқатты қалай түсінеді?

Ж.Ерман: Шындық деген не? Ол кімнің шындығы, қандай шындық? Осы жағын ойланып жауап беру керек. Менің өз ойым, шындықты көркемдік деңгейін түсірмей, есебін тауып, шешімін тауып айту керек. «Шындық осы екен» деп басы-көзге ұра беруге болмайды.
Айтыс көрермендерді тәрбиелеп келе жатыр. Көрермен айтыспен бірге өсуде. Шындықты әркім әртүрлі түсінеді. Билікке қатты сөз айтқан адам ғана шындықты айта білді деп ұғады. Шындықты айту олай болмайды. Айтыстың құралы – поэзия. Ал поэзияның шыңы – көркемдік. Сондықтан менің жүрегімді кім көркем шындыққа толтырса, мен соған бас иемін. Аттан мен ұранды шындық деп түсіну – санасы төмен адамдардың пікірі.

Jas qazaq: Айтыс ақындарын тежейтін цензура бар ма?

Ж.Ерман: Цензура бар. Мен тарапымнан шектеу жоқ. Бірақ айтысты халыққа көрсететін телеарналар тарапынан цензура күшіне мініп тұр. Сөзіме дәлел келтіре кетейін. Былтыр қыркүйекте Алматының Алмалы ауданының 10 жылдығына байланысты айтыс өткіздік. Сол айтысты 14 айдан кейін үзіп-жұлып көрсетті. Кесіп-күзеп тастайтындай біреудің шамына тиетін сөз болса бір жөн. Шектен шыққан ешкім жоқ. Соның өзін кесіп-күзеп тастапты. Мысалы, бір ақынның қарсыласына жасаған шабуылы жоқ, ананың жауабы бар дегендей. Көрген адам түсінбейді. Ұлттық арнаны кіргізіп, монтажына екі ақынымызды отырғызып қойғанбыз. Соның өзінде жұлым-жұлымын шығарды.
Қазан айында Астанада халықаралық айтыс өтті. Эфирге берілген жоқ. Сол жолғы айтыста жоғары биліктің шамына тиетін бір ауыз сөз болса ше? «Алтын домбыраның» айтысын кесіп-кесіп, клипке айналдырып тастапты. Ринаттың айтысының 5 минутын ғана беріпті. Цензура сол жақта – телеарнаның ішінде, өз әріптестеріміздің арасында отыр. Министрлік тарапынан «кесіңдер, пішіңдер» деген пәрмен жоқ. Көлеңкесінен қорқып отырған телеарнаның ішіндегі редакторлар. Кеңес Одағы кезіндегідей ресми цензурадан қиын болып тұр бұлар.
Қонаевтың 100 жылдығына байланысты осыдан 5 жыл бұрын «Қонаевтай ер қайда?» деген айтыс өткіздік. Сол кезде 31 телеарнаның директоры Бағдат Қожахметов «Мен мойныма аламын. Түсіремін, эфирден көрсетемін» деген. Сол айтыс бүгінге дейін еш жерден көрсетілмей келеді. Бағдатқа «Уәдең қайда?» дедім. Ол «Мен жоғары жақтан қорқып отырмын. Бұл айтысты эфирге берсем, қызметіммен қоштасуыма тура келеді» деп шынын айтты. Шындықты халыққа жеткізгені үшін қызметтен кетсең, кетіп қал! Бүгінде табанының бүрі бар жігіт аз.

Jas qazaq: Жұрт Ринатты шындықты айтатын ақын деп жатады. Сіз басқаша қарайтын сияқтысыз ғой?

Ж.Ерман: Оған дауым жоқ. Айтсын. Жұрт жақсы көрсін. Ринаттың өзі де біледі, қай жерде жақсы айтқанын, қай жерде жақсы айтыс жасай алмағанын. Қазан айында Астанада өткен айтыста Ринат жақсы айтыс жасады. Бас жүлдені даусыз жеңіп алды. Оған ешкім кедергі келтіріп жатқан жоқ. Бірақ шындығын айту керек, біздің кейбір үлкен қалалар мен облыстардағы айтыстарға «Ринат Зайытов пен Айбек Қалиев қатыспасын» деген талап қойылады. Өйткені, осы ақындар артық бірдеме айтып қойса, салқыны өзімізге тиеді деп қорқады.

Jas qazaq: Сіз өткізіп жатқан айтыстарға шенеуніктер келіп, отырып тыңдай ма?

Ж.Ерман: Керек болса, атын атап, түсін түстеп берейін. Айтысты қолдап отырған әкімдердің бірі – Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев. Содан кейін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Алматының әкімі Бауыржан Байбек, Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев сияқты атқамінерлер айтысқа қаржы шығарып қана қоймай, келіп отырып, өнер додасын көріп, тамашалап қайтады. Ақындардың айтқан сын-ескертпелерінен қорытынды шығарып, шара қолданып жатады. Бірақ Қарағанды облысында қаншама ақын бар. Ақыны көп болғанымен, жыр додасын өткізуге шамалары келмей отыр. Қанша жылдан бері айтып-айтып, жаманатты болдым. «Абылайды хан көтерген Ұлытауды насихаттайық» дедім. Бірақ облыс басшысы кері тартып келеді. «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» деп жатырмыз. Онда айтыс өткізейік. Айтыс ұлы даланың нағыз рухани өнері ғой.
Астанада айтыс өтсе, парламенттегі депутаттарға, министрліктегі ақжағалыларға жүздеген билет таратылады. Мен «Олар айтысқа келмейді. Әуре болмаңдар» деймін. Айтқанымдай, ол жақтан ешкім келмейді. Келсе, сөз тиюі мүмкін бе? Қазақ «Ер болсаң, бопсаға шыда» дейді ғой. Бірақ олар сөзге шыдамайды. Сондықтан айтысқа ат ізін салмайды.

Jas qazaq: Жүке, сіз кәсіби журналиссіз. Қазіргі жас журналистердің сөз саптасына, тілінің тазалығына, эфир мәдениетіне көңіліңіз тола ма?

Ж.Ерман: Тілдің шұбарлануы халық басындағы түйткіл. Әлеуметтік желіні оқып отырсаңыз, жастардың жазған пікірлері сауатсыз. «Өйтсейші, бүйтсейші, отырық, тындап жатырық» деп көсіледі. «Н» мен «ң»-ды ажырата алмайтын сақаулар да бар. Міне, осы құбылыс эфирде отырған жүргізушілердің тіліне әсер еткен. Баяғы халық сөзінің мәйегін кешіп, билердің тілімен сөйлейтін адам жоққа тән. Жазып жүргендердің ішінен де саусақпен санап алуға болады. Қазақ журналистерінің деңгейі төмендеп кетті. Тілді білмейді. Білуге талпынбайды. Оның бір себебі, тележүргізушілер тілдің, сөздің қадірін білетін журналистер емес, беті жылтыр «жұлдызшалар». Солар эталонға айналғаннан кейін тіл бұзылып жатыр. Қазақ тілінің күйі кетіп, тулақтай болып барады. Бұған тоқтам болу керек. Тоқтау салатындар – БАҚ-тың басында отырған редакторлар. Олар намысшыл, тілді білетін талапшыл азамат болуы керек. Амал қанша?..
Қазір телеарнаның тілі ғана емес, ділі де бұзылып кетті. Бәдік хабарлар шықты. Соны эфирден өткізіп жатқан басшылар, арнаның директорлары қайда қарап отыр? Ұлттың ұятын ашып, қазақтың тәлімін бұзатын болды солар-ақ! Қазақ қызының көшеден бай іздеп жүргенін қашан көріп едің? Қазақ қызының бай үшін шаштарын жұлып, бетін тіліп жатқанын қашан көріп едің?

Jas qazaq: Сіз айтып отырған ұлттың ұятына айналған трагедияға қаламгер қауым үн қатып жатыр ма?

Ж.Ерман: Жоқ. Қазіргі әдебиетте ақсақал жоқ. Кешегі Мұхтар Әуезов, Сырбай Мәуленов секілді бүгінгі ақсақал жазушыларда қариялық қасиет қалмады. Ақсақалдарымыз бірімен-бірі алысып, сотқа сүйреп, арыз жазып әлек. Мемлекеттік сыйлық деген пәле болды. Екі жылда бір рет сол мемсыйлықтың жолында күрес басталады. Мемсыйлық таланттың өлшемі емес. Бірақ жазушы біткенді ділгір қылып қойды. Мен де бір рет бағымды сынап көргем. Финалға шықтым. Құлатып жіберді. Содан көңілім қалған. Оның өзінде Тұмағаң қоймай қойды: «Түс те, түс» деп жарықтық!
Мен осы жерде Жазушылар одағының әлсіздігін айтқым келеді. Осы күрес басталғанда, одақ топтап-топтап бес-алты жазушының аты-жөнін береді. Олардың тағдырын мемсыйлық беретін комиссия шешеді. Оның арасында, сендердің газетке сұхбат берген Ғалым інім (Ғалым Жайлыбай – ред) айтпақшы, мұрнына өлең иісі бармайтындар баға береді. Неге Қазақстан Жазушылар одағы осы мәселеде жалпақшешей болады? Осы мәселені одақ төрінде төрт-бес жыл бұрын көтеріп, ашық айтқам. «Одақтың пікірі негізгі пікір болуы керек. Содан кейін, топырлатып бес-алты адам емес, бір адам керек болса – біреу, екеу керек болса – екі адам ғана ұсыныңдар!» дегем. Олар «Ананың да өлеңі жақсы, мынаның да өлеңі жақсы» деп бірнеше ақынды қатар ұсынады. Міне, осындай жалпақшешейліктің кесірінен әдебиеттің тағдырын қайдағы біреулер шешіп отыр.
Бұл әдебиеттің ғана мәселесі емес. Кеңес Дүйсекеев деген мықты композитор бар. Сол қанша рет осы мемсыйлыққа түсіп, әлі күнге ала алмай келе жатыр. Ол – үлкен композитор. Қазақ әнінің бір дәуірін жасаған тұлға. Жасы да келді. Неше жылдан бері қайта-қайта құлатып, сағын сындырумен келе жатырмыз. Жыл сайын бір әнін де жұрт білмейтін қайдағы біреулер алады. Кеңес қала береді. Осындай жағдайдан кейін алауыздық туады. Кім көрінген алған соң, сол мемсыйлығыңыздың бар ғой, қазір қадірі кетіп қалды. Тіпті сыйлық алыпты десе, жұрт күлетін жағдайға жеттік. Өйткені халық – данышпан. Бәрін біледі. Кімнің қалай алғанына дейін біледі. Білген соң күледі…

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жарас Кемелжан

24 мамыр, 16:40
Жер сатылмайды!
24 мамыр, 16:25
Бір күннен байқағанымыз...
24 мамыр, 16:10
Оқулық қате болса, балаға қалай кінә артамыз?
24 мамыр, 16:01
"Бір белдеу, бір жол": Жүрдек пойыз жүйткиді
24 мамыр, 15:57
Қабықтан қағаз жасаған
17 мамыр, 17:23
Жібекпен жұртқа танылған
17 мамыр, 14:26
ШЫҢЖАҢ: Біз көрген "лагерь"
26 сәуiр, 14:47
Үгіт материалдарын ұсыну тәртібі