jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

4 пайыздық автонесиелер қашан беріледі?

11 ақпан, 14:54
438

2015 жылдан бері елімізде 4 пайыздық автонесие бағдарламасы атқарылып келеді. Алайда жыл сайын екінші деңгейлі банктер бюджеттен қосымша қаржы күтіп отырады. Соның есебінен автонесиелер жеңілдікпен беріледі. ҚазАқпарат бірнеше автосалонға xабарласып, мән-жайды анықтап көрді.

Астанадағы «Бипэк-Авто» салонының менеджерлері биыл 4 пайыздық автонесиелерді беруді әлі бастамағанын жеткізді. Олардың айтуынша, аталған бағдарлама бойынша қосымша қаражат бөлінуі керек. Сол кезде автонесиелерді беруге болады. «Иә, біз қаржыландыруды күтіп отырмыз. Қашан берілетіні белгісіз. Бірақ қосымша ақша түскеннің өзінде бір айдан бір жылға дейін күтуге тура келеді. Себебі бізде біраз өтініштер жиналып қалды, кезекте тұрған адамдар көп. Сосын 10 пайыздан басталатын алғашқы жарнаны құю қажет», — дейді мамандар. «Аллюр Авто» салонында отырған банк қызметкерлері де аталған ақпаратты растады. Менеджердің сөзіне қарағанда, қосымша қаражат наурыз-сәуір айларында түсіп қалуы мүмкін. Сонда 4 пайыздық автонесиелерді беру шаралары басталады. «Енді, былтыр қосымша қаражат наурыз-сәуір айларында бөлінген еді. Биыл да солай болатын шығар. Бірақ былтыр ақша тез таусылып қалды. Себебі 2017 жылы 4 пайыздық автонесиелер берілген жоқ. Содан адамның кезегі көп болды да, қосымша қаржы жылдам таралып бітті. Осы жылы қалай болатыны белгісіз. Бірақ 10 пайыз алғашқы жарнаны салып, өтінішті беріп кетсеңіз болады. Бәлкім, биыл ілігіп қаларсыз», — деді банк қызметкерлері. Бұған дейін ҚазАқпарат тілшісіне сұxбат берген Қазақстанның автобизнес қауымдастығының басшылығы да 4 пайыздық автонесие бағдарламасына қосымша қаражаттың қажеттігін жеткізді. Ұйымның вице-президенті Анар Мақашеваның айтуынша, жеке тұлғаларға 4 пайыздық автонесие 2-3 жылға беріледі. Оны алғашқы жарнамен де, жарнасыз да алуға мүмкіндік бар. «Бүгінде осы бағдарлама бойынша айналымда жүрген қаржының сомасы 34 миллиард теңгені құрайды. Ол — қайтарымды ақша. Бұл дегеніміз, несие алған адам ай сайын төлем жасағанда ол ақша қайтадан айналымға түседі, тағы бір адам автонесие рәсімдей алады. Аталған бағдарлама 20 жылға есептелген. Бұл — өте табысты бастама. Дегенмен, биыл Үкімет тарапынан қосымша 10 миллиард теңге бөлінеді деген үмітіміз бар», — деді А.Мақашева. Айта кетейік, жақында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Ұлттық банк «7-20-25» бағдаралаасымен автонесие беруді ұсынды. Мемлекет басшысы аталған бастаманы қолдады. Үкіметтің соңғы отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев жаңа бағдарламаның қашан іске қосылатынын айтты. «7-20-25» бағдарламасы сияқты біз халықтың отандық автомобильді сатып алуына кредит беру бағдарламасын әзірлеуге дайынбыз. Бұл үшін жұмысты мемлекеттік органдар және банктермен бірінші жартыжылдықта пысықтаймыз. Бағдарламаны екінші жартыжылдықта іске қосуға дайынбыз», — деп атап көрсетті Данияр Ақышев.

08 ақпан, 16:29
Мұрнына өлең иісі бармайтындар да баға береді...
08 ақпан, 16:19
Кезекті дүние, кезбелі дәулет
08 ақпан, 15:53
Лашықтағы өмір
08 ақпан, 15:47
Небәрі 12 ер мұғалім...
04 ақпан, 22:23
Үзіліп түсті бес тал гүл, сабағынан...
01 ақпан, 16:21
Бренд болуы тиіс!
01 ақпан, 16:14
Жансыздар немесе отаршылдардың жымысқы тәсілі жөнінде
01 ақпан, 16:04
Жұмабай Шаштайұлы: Адам жанын ақша арбады