jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Жансыздар немесе отаршылдардың жымысқы тәсілі жөнінде

01 ақпан, 16:14
1196

Мақалада патшалық Ресейдің жандайшаптары 1867-1917 жылдар аралығында отаршыл саясатын жүргізу үшін Жетісу өңіріндегі мұсылман тұрғындарды қалай аңдығаны сөз болады. Бұл арнайы құжаттарда, құпия нұсқауларда, полицияның хаттарында түрлі тәсілмен мәліметтер жинау туралы бұйрық ретінде тіркелген. Ақпараттың бәрі полицияның құпия тыңшылары арқылы жыл сайын жиналып, жоғарыға есеп беріп отырған. Осылайша, отаршыл билікке, саясатқа қарсылық танытпау үшін жымысқы әрекетке барған. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Әуезхан Шашаевтың зерттеу мақаласы осы төңіректе ой өрбітеді.

Жетісу жерінде отарлық кезеңде әкімшілік биліктің мұсылман тұрғындарын қатал бақылағаны Қазақстан Республикасы және Өзбекстан Республикасының орталық мемлекеттік мұрағатынан алынған деректерден айқын көрінеді. Патшалық Ресейдің сақшылар бөлімінің тыңшылары ең алдымен, мұсылмандық қозғалыс жайында дерек жинады. Мұрағаттың құпия қорларының бірінде жеке жандармдар корпусының ротмистрі В.Ф.Железняковтың мәліметі сақталған. Онда «Тыңшы Гардъ» (шын аты – Габдулали Сангатула Юнусов – татар) дүкенде ет сатушы қызметін атқарып, мұсылмандық қозғалыс жайында мәлімет жинайды. Оған 40 рубль жалақы төленді» деп жазылған (ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты, 41- қор).
Деректерде «Слива», «Смелый», «Сметливый» деген лақап атпен Верный сақшылар бөлімінде қызмет атқарған Аристов, Кучинов, Семенов және басқалардың түрлі мәліметі сақталған (ҚРОММ. 73-құпия — қоры). Сақшылар бөлімінде қызмет атқарған тыңшылардың жергілікті мұсылман тұрғындарына қатысты жүгенсіздік әрекеті полиция департаменті бойынша жіберілген айналымдық хаттары арқылы көрініс береді. Жандармдар корпусы ротмистрі Астраханцевтің мәліметінде тыңшылардың өз әрекетіне жауапсыз қарайтындығы, маскүнемдігі, анықталмаған мәлімет беретіндігі, төбелес, кикілжіңге жақындықтары және өздерін байқамай әшкерелеп қоятыны жайында айтылады. Қызмет бабын пайдаланып, тұрғындарға қатысты күш көрсету болып тұрған. Мысал ретінде Түркістан генерал-губернаторына Верный қаласының тұрғыны Махмуд Ходжиев қажының Батыс – Талғар оязы қазақтары атынан жазған арызын алайық: «Верный қаласында тұратын мұсылмандардың басына түскен ауыр жағдай маған қолыма қалам алғызып, төмендегіні баяндауды міндеттейді» дей келіп, ол бұрыннан Верный қаласында намангандық сарт Зәкірбай Исабаевтың тұратынын айтады. Ол бастапқыда ұсақ саудамен айналысып, кейінірек саудасы жүрмей, тақыр кедейге айналады. Верный қаласының полицмейстері қызметіне штаб-ротмистр Поротников (кейін пара алғаны және жүгенсіздігі үшін жұмыстан қуылған) отырған соң, Исабаев пысық адам ретінде полицияға тыңшы болып қабылданады. Осы салада екі-үш ай қызмет еткеннен кейін, полицмейстерге ұнап, әйтеуір оны қашқарлық сарттардың ақсақалы етіп бекітеді. Деректерге жүгінер болсақ, бұған не халықтың келісімі, не әскери губернатордың бұйрығы берілмеген. Соған қарамастан, Зәкірбай Исабаев осы қызметте екі жыл жұмыс істеп, өзін тек жаман жағынан ғана көрсетті. Халықтан түрлі салық жинап, ауқатты адамдардан пара талап етті. Пара бермегендерді саяси сенімсіз ретінде бопсалады. Оған көнгісі келмегендерді полицияға ұстап берді. Өзіне бағынышты Қашқар сарттарын тонаудан басқа, мұсылман тұрғындарының барлық ісіне араласты. Оның бас сұқпайтын ісі болмады. Олар жайында полицияға үнемі ақпарат берді. Оның өтініштерін полицмейстер Поротников еш қарсылықсыз орындайтын. Арызда осы мәселе айтылып, бұл тұрғындардың ашу-ызасын келтіріп отырғанын, оған қарсы шара қабылданбағаны, керісінше полиция бастығы өз қызметкеріне көмектескені айтылады. Ал Исабаевтың тыңшы болғанын мұрағат қорынан алынған Верный қаласы мен Жетісу облысы іздестіру орталығының берген анықтамасы дәлелдейді.

Құпия қорларда Зәкірбай Исабаевқа қатысты бірнеше құжат сақталған. Біріншісі – жеке жандармдар корпусының ротмистрі Астраханцевтің бұйрығы. Онда «1913 жыл, 1 шілде, жұма. Мен – жеке жандармдар корпусының ротмистрі Астраханцев келіп түскен құпия мәліметтер бойынша, тараншылар Садыбек Бүшіриев және Тұрсын Тұрдиевтің ақсақал Зәкірбай Исабаевқа қарсы лаңкестік әрекет жасамақ болғандығы, бірақ бақытымызға орай, жүзеге аспай қалғандығын анықтадым. Оның жүзеге асу мүмкіндігі барын ескере отырып, бұйырамын: Бүшіриев пен Тұрдиевті ұстап, Верный қаласы түрмесіне қамалсын» делінген.
Осы құжаттың 32-парағында «лаңкестердің» 5 шілдеде ұсталып, мемлекет қауіпсіздігі ережесінің 21-бабымен түрмеге қамалғаны айтылады. Жансыздардың мәліметі бойынша қастандық жасаушылардың мақсаты –полицмейстер мен қала ақсақалы Исабаевты өлтіру болған. Деректерді мұқият зерттей отырып, бұл айыптардың қасақана ұйымдастырылған, арандату әрекеті екені анықталған.
Іздестіру бөлімінің анықтамасында қастандықты ұйымдастырушылар мен жүзеге асырушылардың тізімінде алты адам көрсетілген. Мәлімет бойынша 1913 жылдың шілдесінде Верный арестант бөлімінің лазаретінде (біздің топшылауымыз бойынша, сірә, соққыға жығылып емделуге жіберілген) жатқан Пірімқұл Әбдірахманов, Көбілжан Мәуленқұлов, Райымқұл Әбдірахманов (Пірімқұлдың ұлы), Триерстің ақылымен (арандатушы болуы мүмкін) полиция бастығы мен қала ақсақалы Исабаевқа қарсы қастандық жасауды көздейді. Оларды өлтіруге жалданған Садыбек Бүшіриев пен Тұрсын Тұрдиевке тоқталады (ҚРОММ. 73 құпия -қ.).
1914 жылдың қаңтарында Верный жандармдар корпусының ротмистрі Соколов, Түркістан аудандық сақшылар бөлімі бастығының бұйрығына сай Бүшіриев пен басқалардың да саяси сенімді адамдар екенін анықтауды одан әрі жалғастырған.
Өзбекстан Республикасының орталық мемлекеттік мұрағатынан алынған мәліметтерге тоқталсақ, Жетісу облыстық прокуратурасының «Пішпек ояздығындағы 1898 жылғы қырғыздардың (қазақ) көтеріліске шықпақ ойын» тексеру барысында мынадай мәселелер анықталды. Яков Мумелков, Иван Прокопьев және Степан Пойдиннің мәліметін тексеру барысында, қазақтар арығындағы суды емін-еркін пайдалану және олардың әлсіз қарсылығын болдырмау үшін жала жабылғаны анықталды. Онда былай дейді: «Қазақтар үкіметті балағаттап, орыс шаруаларын қырып саламыз дейді. Оның жалған екенін қазақтар айтып отыр. Олай дейтін себебіміз – қырғыздардың көпшілігінің маған берген түсінігінде (тергеуші Игнатев) орыс шаруалары қырғыздардың арығындағы суын өз қалауынша пайдаланғысы келген. Қарсылық көрсеткендерге, орыс үкіметіне қарсы бүлік ұйымдастырды деген жала жабамын деп қоқан-лоққы жасаған». Тексеру нәтижесінде іс тоқтатылды.
Заң орындары ең алдымен, орыс шаруасының мүддесін қорғады. Олардың бассыздығының тым шектен шығып кеткендігі соншалық, заң орындары орыстардың шағымын шектеп, тексеру арқылы тәртіп орнатуға, белгілі бір дәрежеде жергілікті тұрғындардың құқын ескеруге мәжбүр болды.
Отаршылдық жүйенің атқарушы органы полиция департаментінің Верный қалалық сақшылар бөлімі арандатушылары мен құпия тыңшылары патша өкіметі жарлықтарының орындалуы мен мемлекетке қауіп төнбеуін қадағалауға тиіс болды. Тұрғындардың көңіл-күйі мен іс-әрекеті түрлі айла-шарғылар арқылы ерекше зерттелді. Басты мақсат – жазалаудың пәрменділігін арттыру үшін қылмыскерді табу. Жергілікті тұрғындар қадағалау мекемелері алдында үнемі қылмысты адамдай тартыншақтап жүруге тиіс еді. Полиция департаментінің қол астындағы мекемелерінің қызметі осыған жұмылдырылды.
1907 жылдың сәуір айында Түркістан генерал-губернаторы атына «Түркістан станциясы сауда жасаушыларынан» деп қол қойылған домалақ арыз түседі. Арыздағы мәлімет бойынша 1903-1905 жылдары салынып жатқан теміржолдың Түркістан бөлігінің бұрынғы мердігері Әриф Қожа Әзиз Қожықов ай сайын Түркістан станциясы жандармдары вахмистр Макаровқа, унтер-офицер Устинов, Глухов, Ступанов, Козлов, Кутыров, Саксоновқа 10 рубль ақы төлеп тұрған. Сол үшін сауда жасауға мүмкіндік алып, жандармдар жағынан қысым көрмеген. Аумақта жол салу жұмысы аяқталуымен жандармдар пайда көзінен айырылды. Төленетін ақы тоқтатылды. Нәтижесінде жандармдар коммерциялық кәсіпкерлікпен айналысады. Қызмет бабын пайдаланып, бәсекелесті азайту үшін жергілікті саудагерлерге қысым көрсеткен.
1906 жылдың наурыз айында вахмистр Макаров Илецкі қаласынан 1 вагон тұз жаздырып алып, Түркістан станциясындағы саудагерлерге келісін 80 тиыннан сатып алуға мәжбүр етті (базардағы тұз бағасы – 75 тиын). Жергілікті саудагерлердің бірі – Грушин осы бағамен алуға келіспегендіктен, вахмистр Макаров түрлі қитұрқы қысым жасау арқылы, оның кетуіне және саудасын тоқтатуына ықпал етті. Бұдан басқа вахмистр Макаров пен унтер-офицер Кутырев қазынаға тиісті сексеуілді жергілікті саудагерлерге өткізді. Базардағы әр пұты (1 пұт – 16 келі. ред.) 13-15 тиын болса да, оны 20 тиыннан сатып алуға күштеп көндіреді. Саудагер Қадыров унтер-офицер Кутыревтен сатып алмақ болғанда, вахмистр Макаров тек қана өзінікін алу керектігін нығыздап айтады. Макаровтың мінезіне қанық болғандықтан, сексеуілін айтылған бағаға алуға мәжбүр болды. Бұған ашуланған Кутырев «шикі нан сатты» деп Қадыровтың үстінен хаттама толтырып, 50 рубль айып төлетті (ӨзРОММ. 467- қ.).
Қызмет бабын пайдалану, сауда-саттықпен айналысу – заң бойынша полиция шендегілеріне тыйым салынған әрекеттердің бірі болған. 1890 жылғы 5 қыркүйектегі «Полиция қызметімен қатар жеке істермен айналысу ережесіне» сәйкес былай делінген: «Барлық полиция қызметкерлеріне тікелей өздері немесе делдал арқылы болсын сауда жасауға, кәсіпкерлікпен және қызметінен тыс басқа істермен айналысуға тыйым салынады. Полиция қызметкерлерінің жұбайлары мен отбасы мүшелеріне саудамен, кәсіпкерлікпен және саудаға қатысты құжаттар беретін жерде істеуге, шеберханалар ашуға тыйым салынады. Сонымен қатар полиция бақылауындағы барлық қызмет атаулы тыйым салынғандардың қатарына жатады» (ӨзРОММ. 1 –қ.).
Осы ережеге қатысты баптардың аймақтағы полиция шендері үшін құны болмаған сияқты. Оның дәлелі жоғарыда келтірілген мысалдар. Полиция қызметкерлері жазаға тартылмайтынын сезініп, өлкенің толық қожайындарына айналған еді.
Жас түрікшілер комитетінің Ресейдегі үгітшілері мұсылман тұрғындары арасында ислам идеясын кеңінен тарата бастады. Жетісу өлкесінде осы идеяны таратушылар негізінен татарлар болды. Олардың қызметіне тыйым салу және бақылау үшін Жетісу облысының әскери губернаторы, ояз бастықтарына аса құпия хат жолдайды. Хатта ояз бастықтарына қарамағындағы аудандағы пайда болған ешбір әрекетсіз жүргендерді және мұсылмандардың қандай да болмасын бас қосуын астыртын бақылауға алуды бұйырады. Сол үшін Пішпек оязы бастығына екі құпия қызметкер алуға, Жаркент пен Лепсі ояз бастықтарының әрқайсысына айына 25 рубль жалақы төленетін бір-бірден тыңшы жалдауға рұқсат береді.
Ояз бастықтары құпия тыңшылармен қатар, сенімді адамдар арқылы, ояздағы христиан тұрғындары мен мұсылмандардың көңіл-күйі, аса қауіпті қылмыстар жайында, жергілікті жердегі өсек-аяң, әкімшіліктегі, қоғамдағы қызметкерлер арасында қызмет бабын пайдаланушылық туралы мәлімет жинау міндеттелді. Барлық мәліметтер саяси іздестіруді басқарушы ротмистр Астраханцевке жіберілді. Ол мәліметтерді өңдеп аса маңызды деп тапқанын әскери губернаторға баяндап отырды.
Мемлекеттің тыңшылық әрекеттерге жұмсаған шығындары өте зор болды. Оның қаншалықты ақталғандығына келетін болсақ, тыңшылардың берген мәліметтері әрқашанда шын жағдайды дәл сипаттаудан аулақ болды. Оны мұрағат деректері анық дәлелдейді. Мәселен, Түркістан аудандық сақшылар бөліміне келіп түскен құпия анықтамаларда Жетісу облысы Пішпек ояздығында тұратын қоныстанушылар Костюков пен Ковалев 1908 жылы қаңтарда революциялық үгіт жайында мәлімет берген еді. Олар агентуралық қызметі үшін ақы сұраған. Анықтау барысында олардың Жижимовтың үстінен «Ұлы мәртебелімізді сөзбен балағаттады және революциялық үгіт жүргізді» деп жалған мәлімет бергені анықталды. Жергілікті қазақтан шыққан жансыздар жайында мәлімет аз. Оның басты бір себебі – қазақтардың тыңшылық әрекетті ар санап, одан бас тартқандығы. Ал келіскендердің саны аз болған. Соған қарамастан, бірлі-жарымды тыңшылық қызметке тартылғандардың мәліметтері мұрағатта бар. Жоғарыдағы айтылған деректерді қорытар болсақ, тыңшылыққа тартылғандар барлық ереже қағидаларды бұза отырып, жасырын әрекеттен, ашық әрекетке көшкенін көреміз. Жергілікті тұрғындардың азаматтық құқын аяққа басып, олар үшін заң шығарушы да, оны орындататын жазалаушы да нақ осы полиция қызметкері болды. Бұл бізге белгілісі ғана. Ал белгісіз жақтарының тұрғындарға қатысты қаншалықты қасіретті болғанын ойша жобалай аламыз.
Кеңестік кезеңде де ескі патшалық-әкімшілік жүйенің жазалаушы ұйымдарының әрекет ету тәсілі болған. Көптеген жерлерде милиция бастықтары атқару комитетінің ең жоғарғы ұйымына айналып, адам айтқысыз бассыздықтарға барды. Мысалы, Алматыдан 25 шақырым жердегі Талғар селосында милиция бастығы Лопатин жергілікті атқару комитеті мен «Қосшы» одағын көзге ілместен, айналадағы қазақтарды ешбір дәлелсіз «ұры» деп айыптап, 30 адамды түрмеге қамады. Оларды үнемі таспен, мылтықтың түбімен соққыға жықты, жазалаудың басқа да түрін қолданды.
Жоғарыдағы айтылған пікірлерге жүгіне отырып, жергілікті мұсылман жұрты үшін патша өкіметі, уақытша өкімет және кеңес дәуірінде де орыс билігінің өктемдігі өзгермегендігін көруге болады.

15 наурыз, 16:50
Соңында аяқсыз қалады
15 наурыз, 16:40
Мақтанайық Димашпен!
15 наурыз, 14:56
Дос Көшім: Бір жылда шотланд тілін үйреніп алды
15 наурыз, 14:38
Ақтық сапардың сауалы
15 наурыз, 14:31
Өзегін өкініш өртейді
15 наурыз, 14:25
Шәмшінің досы көшеде жүр
11 наурыз, 13:07
Самал Еслямова: Әйел бейнесі махаббаттан тұрады
01 наурыз, 12:36
Ермегім - елде жоқты жинау