jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Қытай Абайды оқи бастады

18 қантар, 15:10
552

«Рухани жаңғыру» аясында қазақ әдебиеті көрнекті өкілдерінің шығармалары әлемнің 6 тіліне аударылмақ. Бұрнағы күндері осы жөнінде Ұлыбритания, Ресей, Қытай, Түркия сияқты алыс-жақын шетелдерден келген делегаттардың қатысуымен Елордада халықаралық конференция өтті. Астанаға ат басын тіреген мәртебелі меймандардың бірі – жазушы, Қытай Халық Республикасы Жазушылар қоғамының тұрақты мүшесі, Мемлекеттік сыйлығының иегері, кино, телевизия жөніндегі комиссия төрағасының және киносценарий қоғамы төрағасының бірінші орынбасары Әкбар Мәжитпен аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті.

Jas qazaq: Әкбар аға, Қазақстанға қош келдіңіз! Атажұртқа осымен нешінші рет ат басын бұрып отырсыз?
Ә.Мәжит: Нақты нешінші рет келгенім есімде жоқ. Жиі келіп тұрамын. Ең алғаш рет Қазақстанға 1995 жылы келгенмін. Екінші рет 2002 жылы Түркістанда өткен Қазақ құрылтайына Қытайдан келген делегацияны бастап келдім. Одан бері де талай мәрте ат ізін салдым. Жалпы, Қазақстаннан үнемі шақырту болып тұрады. Ал осы жолғы келгендегі мақсатымның жөні бөлек. Қазақ прозасы мен поэзиясы таңдамалы елдердің 6 тіліне аударылғалы жатқанын білесіз. Бұл жөнінде Қытайдағы Ұлттар баспасы мен осындағы Ұлттық аударма бюросы өзара келісімге келіп, қытай тілі аудармасының бас редакторлығы маған жүктелді.
Jas qazaq: Қазақ еліне келгенде қандай әсерде боласыз? Бұрынғымен салыстырғанда мұнда қандай өзгерістерді байқадыңыз?
Ә.Мәжит: Әрине, жақсы әсер алдым. Өзгеріс өте көп. Соңғы жылдары Қазақстан жан-жақты дамып келеді. 20 жыл ішінде Астанадай әсем қала салынды. Бұрын Ақмола осындай қалаға айналады деп ешкім ойлаған жоқ. Сондай-ақ Қазақстанның экономикасы да ілгері басып келеді. Бастысы қоғам орнықты. Орнықты болған соң халықтың тұрмысы да жақсарады. Жалпы, Орталық Азия мен Азиядан Еуропаға дейінгі елдердің ішінде бейбітшілікті ту етіп келе жатқан ел – Қазақстан. Төңіректегі көршілерімен де тату. Бұл адамды сүйсіндіреді. Одан кейін, Қазақстанның жастары жақсы жетіліп келеді екен. Шетінен шет тілін жақсы меңгерген. Көпшілігі сырт елдерде білім алыпты. Қазақ елінің спорты мен мәдениетінде де жетістік көп. Енді, міне, әдебиеті әлемнің 6 тіліне аударылып, одан әрі дами түспек. Бұл үшін өте қуаныштымын! Оған хал-қадерімізше атсалысатын боламыз.
Jas qazaq: Қазір зейнет демалысындасыз ба? Қытайда зейнеткерлікке неше жастан бастап шығады?
Ә.Мәжит: Қытайда зейнеткерлікке 60 жаста шығады. Бірақ мен 65 жаста шықтым. Себебі Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Саяси Кеңесінің мүшесі болдым. Ол сіздерше, «Парламент депутаты» дегенді білдіреді. Алайда кәсіби қызметті, журналдың Бас редакторлығын 60 жасымда өткізіп бергенмін.
Jas qazaq: Ал өзіңіз Қытайдың қай жерінде туып-өстіңіз? Қайда оқып, жас кезіңізде қандай қызмет атқардыңыз?
Ә.Мәжит: Шинжаң өлкесінің Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Қорғас ауданында туып-өстім. 7 жасымнан бастап қытайша білім алдым. Ләнжоу университетінің әдебиет факультетінде оқыдым. Мен – прозашымын. 1979 жылға дейін Іле қазақ автономиялы облысының үгіт-насихат бөлімінде жұмыс істегенмін. Сонда жүргенімде тырнақалды шығармамды жазып, 1979 жылы 25 жасымда Қытай мемлекеттік сыйлығын алдым. Содан бері әдебиет саласындамын. 1980 жылы қызмет бабымен Бейжіңге қоныс аудардым. Онда тұрып жатқаныма 38 жылдан асты. 1981 жылдан бастап «Ұлттар әдебиеті» журналының проза бөлімінің редакторы болдым. Кейін Жазушылар қоғамында Ұлттар әдебиеті басқармасының басшысы, одан кейін Қытай жазушылар баспа тобын өз қолыммен құрдым. Сол жерде партком хатшысының орынбасары, кейіннен «Қытай жазушыларының таңдамалары» журналының, содан соң «Қытай жазушылары» атты ең үлкен журналдың Бас редакторы болдым. Осы уақытқа дейін 36 кітабым шықты. Оның барлығы қытай тілінде жазылып, қазақ тіліне аударылды. Өзім де қазақ әдебиетіндегі туындыларды қытай тіліне аударамын.
Jas qazaq: Қазақ жазушыларынан кімдердің, қандай шығармаларын аудардыңыз?
Ә.Мәжит: Абайдың қара сөздерін, одан бөлек, арғы жақтағы бірнеше автордың шығармаларын аудардым. Енді Абайдың өлеңдерін аударып жатырмын.
2013 жылы Қытай Халық Республикасының төрағасы Ши Жин пиң (Си Зинпин) Астанаға келгенде Назарбаев университетінде дәріс оқыды. Сонда ол Абайдың сөздерін аузына алыпты. Ол – менің аудармам. Былтыр Қытайда Шаған мерекесіне арналған сауық кеште Жун Моң деген атақты әртіс те өзінің бағдарламасы барысында Абайдың Ақылиясын сөз етті. Оның сол сөзі де – менің аудармам. Жалпы, Абайдың шығармалары Қытайда кеңінен таралып жатыр.
Jas qazaq: Қытай елінде қазақ әдебиетінің даму деңгейі қалай?
Ә.Мәжит: Мен Қытай жазушылар қоғамының ұлттар әдебиеті басқармасында 10 жыл басшылықта болдым. Оның алғашқы 3 жылында басқарма бастығының орынбасары, кейінгі 7 жылында – басқарма бастығы. Сол кезде аз санды ұлттар жазушыларының екі жүздейі ғана жазушылар қоғамында мүшелікте болды. Соның ішінде қазақ жазушыларының үлесі 10-ға жетпейтін. Мен ол жерден кеткен кезде жазушылар қоғамында мүшеліктегі аз санды ұлт жазушыларының саны 800-ге, қазақ жазушыларының саны 40-қа жетті. Қазір одан да көп. Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарында қазақ тілінде шығатын басылымдар бар. Шинжаң қазақтарының роман, повесть, өлеңдері көптеп шығып, оның біраз бөлігі қытай тіліне аударылып жатыр. Сол арқылы қазақ жазушыларының дүниежүзіне тарауға мүмкіндігі артып келеді. Жалпы, Қытайдағы қазақ жазушылары ондағы аз санды ұлттардың ішінде көш бастап тұр.
Jas qazaq: Бейжіңдегі қазақтар жайлы айтыңызшы. Олардың ахуалы қалай? 20 миллионнан аса тұрғыны бар алып шаһарда қанша қазақ тұрады?
Ә.Мәжит: Бейжіңде қазақтар бірнеше орынға шоғырланған. Солардың бірі – Ұлттар баспасында. Онда 1953 жылдан бастап қазақ редакциясы бөлімі бар. Одан кейін ұлттар аудармашылар мекемесінде де қазақ бөлімі жұмыс істейді. Сол сияқты Орталық халық радио стансасының да қазақ бөлімшесі бар. Ұлттар институтында 1950 жылдардан бастап қазақ кафедрасы ашылған. Қазір ол 10 жылдан бері қазақ тілі факультетіне айналды. Қазір қазақ бөлімдері бұрынғыға қарағанда көбейіп келеді. Менің ұсынысым бойынша сайтта қазақ тілі беті ашылды. Одан кейін қазақ тіліндегі сайт орталық радио стансасында, орталық телевизиясы да ашылды. Кейінгі жылдары «Ұлттар әдебиеті» журналының қазақша беті жарық көре бастады. Қазір айына бір рет шығып тұрады. Ол жақта түрлі компанияда, аурухана мен институттарда, ғылыми-зерттеу орталықтарында істеп жүрген қазақ жастары көп. Шамамен Бейжіңде мыңнан аса қазақ тұрады. Оның үстіне Қазақстаннан барып, білім алып жатқан студенттер 3 мыңнан кем емес.
1982 жылдан бастап Бейжіңде Наурыз мейрамын тұрақты өткізіп келеміз. Наурызды қарсы алудың 30 жылдығында әр кездердегі Ұлыстың ұлы күнін тойлаған сәтіміздегі фотосуреттердің жинағын жарыққа шығардық. Бұрындары дастархан жайылып, думандатып өткізсек, кейіннен реформа жасап, дастархан жаюды, көже ішуді доғарып, сахнада өнер көрсетуді қолға алдық. Нәтижесінде, Іле қазақ автономиялы облысының Алтай, Тарбағатай аймақтарының ансамбльдерін кезек-кезек Бейжіңге шақыртып, ойын-сауық кешін өткізіп жүрміз. Мерекелік шараны алаңда, концерт залында, саябақта, клубта да өткіземіз. Кейінгі жылдары қаладағы қазақтар көбейіп, қазір мекеме қызметкерлері, студенттер өз алдына бөлек өткізе бастады.
Jas qazaq: Саяси кеңес мүшесі болған кезіңізде қандай ұсыныстар айттыңыз? Олардың қайсысы қабылданды? Соның қатарында Қытайдағы аз ұлттар пайдасына шешілген заңдар болды ма?
Ә.Мәжит: Бейжің қалалық саяси кеңесінде 3 қарар, яғни 15 жыл, ал мемлекеттік саяси кеңесте 2 қарар, яғни 10 жыл мүше болдым. Қалалық саяси кеңесте мүше болғанымда 15 жыл ішінде 284 ұсыныс жасаппын. Оның біршамасы жергілікті заңға айналды. Ал мемлекеттік саяси кеңес мүшесі болғанымда 150-ге жуық ұсыныс айтыппын. Оның төртеуі мемлекеттік заңға енді. Соның бірі – 30 қыркүйек күні мемлекеттің азат болуы жолында құрбан болғандарды еске алу күні болып бекітілді. Бұл ұсынысты мен 2010 жылы айттым. Ол 2013 жылы қабылданып, 2014 жылы іске қосылды. Содан бері әр жылдың 30 қыркүйегінде Қытай төрағасы бастаған партияның саяси бюросының 7 мүшесі қаһармандарға арналған ескерткіш мұнарасының алдына барып, тағзым жасайды. Үшіншісі – мемлекеттік Әнұран заңы. Тудағы жұлдыздардың заңы бұрыннан болса, әнұран жөніндегі заң болмапты. Ол заң 2017 жылдың 1 қазанынан бастап жүзеге асырылды. Ал 2018 жылдың 1 мамырынан бастап Құрбан болған батырлардың абыройын қорғау заңы қабылданды. Қытайда 56 ұлт бар болса, оның 55-і – аз санды ұлттар. Бірақ аз санды ұлттың өз ішінде 22 аз ұлт бар. Олардың кейбірінің саны 100 мыңнан төмен. Аз ұлттардың мәдениетін, тілін қорғау сияқты олардың мүддесін қорғау жөнінде мен 1987 жылдан бастап қызмет істедім.
Jas qazaq: Салиқалы сұхбатыңызға көп рахмет. Аман болыңыз, аға!

Сұхбаттасқан
Нұрдәулет КӘКІШ,
Астана

Тақырыпқа орай

Нұкеңнің есінен кетпейтіні, сонау жылы жайлауда болған бір оқиға еді. Көзге түртсе көрінбейтін қараңғы түн. Күзетте ұйықтап қалған Нұкең Барыстың ар­сылынан шошып оянады. «Қап, қораға қас­қыр тиген екен» дейді де мылтығын ала салып, прожектордың жарығында айтақтап Барысты қосады. Барыстың арсылы тоқтап, қотанның ар жағындағы жырадан енді ырылы естіледі. Нұрман қарт сүріне-қабына солай қарай жүгіреді. Прожекторының жарығын жырадағы қараң-құраңға түсіріп сәп салса, қос қатар емшегі жер сызған өлекшін қасқыр бір тегене құйрық қойды алқымдап алыпты да, құйрығымен сабалап жетектеп әкетпекші болып тұрыпты. Барыс оны тамақтан алып тас қып жібермей тұр екен. Қасқырдың жағы қарысып қалған сияқты, қыр-қыр етеді. Барыс долдана ырылдайды. Жаралы қой адамды көр­генде жанталаса тыпырлады. Тегенедей құйрығы қозғалақтағанда құмалақтап та жібереді. Тәжірибелі аңшы өлексенің қойды апанына тірі апарып, бөлтіріктерін ауыздандыратынын білетін. «Мә, бөлті­рік­теріңе апарып бер», – дейді де ол ала­қанына түкіріп жіберіп, мылтық дүмімен өлекшінді бастан періп қалады. Өлекшін сылқ ете түседі. Сонда да қасқырдың тамағынан айырылмаған Барыс иесі мылтықтың дүмімен өлекшіннің миын бырқ еткізгенде барып аузын босатады да, құйрығын бұлаңдата иесінің аяғына орала кетеді. Иесі де риза болған пішін­мен оның басынан сипайды…
«Әй, қайран тазым-ай… қайтем енді? Анау Лиу шужидың оған қалайша көз құр­ты түсті екен, қайта айналып өзіме сап ете түскенін қайтерсің, әттең, қорлығын-ай!»
Барыс есіне түсіп кеткенде Нұрман ақ­са­қалдың Лиу шужи, әйтеуір, ойынан кет­пейтін. Мұндай кезде ол қуырылып кететін. Сонда оның тайыншадай бейнесі Нұр­ман ақсақалдың көз алдына елес­тейтін. Мұны, абзалы, бір жылдың алдынан бастаған жөн…
Қажыбекке итті машинаға салысып жатып, Нұрманның ойына қазақтың «Ат жалдаған судан өтер, ит жалдаған суға кетер» деген мақалы түсті.
Арада бірнеше күн өткенде Лиу шужи айтқанына жетіп, ферманың сиырларынан Нұрманға бір бұзаулы сиыр айдатып жіберіпті. Бірақ Нұрман азар да безер бо­лып, оны алмай қайтарып жіберді.
Бір күні таңертең Нұрман күндегі әде­ті бойынша ерте тұрып, даладан атын әкел­мек болып, үйден шыққанда, Ба­рыс­тың есік алдында жатқанын көрді. Иесін көр­генде екі құлағын жымита қыңсылап, құй­рығын бұлаңдата еркелей келіп, иіс­келеп, оның иығына артылды. Қатты те­бі­ре­ніп кеткен Нұрман: «Ой, сорлым, қа­шан, қалай қашып келдің?», – деп та­зы­ны ба­сынан сипады. Рас, алдымен кемпірін қуанту керек қой. Ол кілт бұрылып, үйге кір­ді де қуана айғайлады:
– Кемпір-ау, кемпір, тез түрегел, қа­ра­­шы өзің, Барыс келіп алыпты!
Ол кемпірінің бажалақтағанына қара­май, түнде ұйытып қойған айранды итаяқ­қа салқ еткізіп бір-ақ құя салды.
Барыстың қашып келген хабары ауыл арасына бір демде таралды. Ауылдағылар иттің сонау қаладан қашып келгенін, шынында, ғажайып хабардай сезінді…
Арада екі күн өткенде баяғы машина Нұрманның есігі алдында тағы пайда бола қалды. Барыстың бұрынғы жеріне қашып кеткенін естіген Лиу шужи іле-шала жеткен екен. Ол Барыс жоғалғанда Солтан шужидің қандай тыпыршығанын, көп адам жұмсап, бүкіл қаланы тінт­кіз­гендігін айта келді.
…Әне-міне дегенше қазан айы туып, алтын күз болды.
Бір күні кеште Нұрман сонау жылдары сыйлыққа алған радионы тыңдап еді, маңызды бір хабар беріліп жатқан тәрізді болды. Қарт зейін қоя құлақ түріп, анық білді: Орталық партия комитеті «Төрттік төбе» партияға қарсы тобын тас-талқан еткен екен.
– Шіркін-ай, не деген жақсы болды… – деп тебіренген Нұрман көзіне жас алды. – Әй, кемпір, бұрынғылар «Алтын ба­сым аман болса, алтын аяқтан ас ішер­мін» дейді екен. Солардың айтқандарының жаны бар екен. Пәленің беті ашылғанын көрдің ғой. «Төрттік төбе» дейтін сұмпайы­лар бастан бүлдіріп жүріпті ғой! Жақсы бо­лғанын қарашы…
Сол түні қарттың көз алдына Отанның, ферманың болашағы елестеп, қуанғанынан кірпік айқастырмай шықты. Ол Барыс­ты, Лиу шужиді есіне алды. Күзгі жайылым құрылысы аяқталғаннан кейін Лиу шу­жиге барып, Барысын қайтарып алу бай­ламына келді.

(Жазушының «Нұрман қарт және оның тазысы» әңгімесінен үзінді)

19 сәуiр, 15:50
Табиғат тартуы немесе тағы да тау кластері жөнінде
19 сәуiр, 15:20
Америкада алшаң басып жүрмейді
19 сәуiр, 15:03
Жолда келе жатырмыз...
19 сәуiр, 12:09
Жіпке байланған өмір
12 сәуiр, 17:26
"Тұлғасын газетінен танимын"
12 сәуiр, 17:09
Жусан иісін сағынған
12 сәуiр, 17:03
АЭС салуға қажеттілік бар ма?
12 сәуiр, 16:50
Байқоңыр бізге қарайды, біз...