jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Аналар үйін паналап жүр (видео)

17 қантар, 17:49
518

Еліміз бойынша 19 қалада 25 «Ана үйі» бар екен. Соның 4 Алматы қаласында орналасқан. Алғашқы үй Астана қаласында пилоттық режімде бес жыл бұрын ашылған. Қазіргі таңда «Ана үйі» қоғамдық қорының басты мақсаты-әлеуметтік жетімдікті болдырмауға атсалысу.

«Ана үйі» – өмірде түрлі қиындыққа тап болған жас аналардың амалсыздан паналайтын жері. Мұнда кәмелетке толмаған қыздардан бастап, 30 жасқа дейінгі келіншектер уақытша тұрақтай алады. Алматыда орналасқан «Ана үйіндегі» қаракөздердің тағдыры сан алуан. Бірі «отбасының тірегі» санаған күйеуінен зардап шексе, бірі ата-анасының мінезінен жәбір көрген. Ал тағы бірі – тұрмыстық жағдайдың тауқыметіне ұшыраған. Біз бас сұққан «Ана үйі» 2013 жылдың қазан айында ашылыпты. Мекеме қызметін үйлестіруші Аминат Джаппуеваның айтуынша, ұжым қызметкерлері перзентханалармен жақсы байланыс орнатқан.

Аминат Джаппуева орталықтың ұстанымы – елімізде тірі әке-шешесі бар жетімдердің болмауына үлес қосу екенін айтты. Алмағайып жағдайда тағдырдың тауқыметіне түскен нәзік жандылар көп. Кейбірінің туған-туысы бас тартса, енді бір жігіттер әкелігін мойындамайды. Ары тапталған жас ана амалсыздан баласын тастап кетуге мәжбүр болады. Елімізде 25 «Ана үйі» денсаулық сақтау министрлігімен меморандумға отырған. А.Джаппуева: «Бізді бүкіл перзентхана біледі. Баласынан бас тартуға бел буған әйел болса, перзентханадағылар ең алдымен бізге хабарласады. Біз міндетті түрде перзентханаға барып, сол қызбен сөйлесіп әрі қарай тиісті шара қолданамыз. Ең бастысы, қызға көмектесе алатынымызды, бізде тұра алатынын айтамыз. Психологпен жүздестіріп, мамандық алғысы келсе, оқытатынымызды айтып, кеңес береміз» — дейді.

Аминат ханым «Ана үйі» ашылғаннан бері жұмыс істеп келе жатыр. Ол «Жұмыс тәжірибемде біздің көмегімізден бір қыз ғана бас тартты. Жыл басынан бері біздің орталық 216 қызды шығарып салды. Ал жалпы еліміз бойынша 3700-ге жуық жас анаға көмек көрсетілді. Орталықта қыздар 6 ай тұрады. Осы уақыт ішінде олардың туған-туысқандарымен хабарласып, кеңес береміз. Егер қыз өзі келіссе, баласының әкесін де табамыз. Ашық әңгімелесіп, егер ол өз міндетінен бас тартып, «бала маған керек емес» десе, амал жоқ сотқа береміз. Әкелігін ДНК арқылы дәлелдетіп, сот арқылы алимент төлетеміз. Қазір біздің үйдегі ең жас ана 17 жаста. Ол қыз оқып жатыр. Бізде қыздар бір-бірінің баласына қарайласып тұрады. Бірі – студент, бірі жұмыс істейді дегендей. Бізде тігін цехы да жұмыс істейді. Қыздар қол өнерімен айналысып, тапсырысқа көрпе-жастық, тұрмысқа қажетті бұйым тігеді», – деп таныстырды.

«Ана үйінде» тұратындарға барлық жағдай жасалған. Ең бастысы – сәбилері құшағында. Біз «Ана үйіндегі» жас аналардың аты-жөнін өзгертіп береміз деген уәдемен тағдыр хикаясын жазып алдық.
Алғашқы кейіпкеріміз – Жәния. Өзі той жүргізуші, сценарист. Сүйген жігітімен өзі ұйымдастырып жүрген тойдың бірінде танысқан. Жігітіне тұрмысқа шығуға анасы қарсы болыпты. Болашақ жарымен сөйлесіп жүргенде, оның өрескел мінезі барын білмеген. Өкініш өзегін өртеген жас ана «Алғашында барлығы жақсы еді, анамның қарсылығына қарамастан, сол жігітке тұрмысқа шықтым. Өмірім тұрмыс құрғаннан кейін күрт өзгерді. Жарымның мінезі құбылып, түрлі себеп айтып, қызғанып, жиі ұратынды шығарды. Тіпті қызғаныштан жұмыс істеуіме де қарсы болды. Ата-енем жақсы адамдар. Бірақ балаларының мінезінен сескеніп, мені ұрып жатса да араша түсе алмайтын. Сол кездері анам өмірден қайтты. Анам өмірден озғаннан кейін «Сенің ешкімің жоқ» деп одан сайын тепкіге алды. Осылай таяқ жеп жүріп, алғашқы баламды түсіріп алдым. Отбасылық азаптан құтылу үшін басқа қалаға кетіп қалған кездерім де болды. Намаз оқи бастадым. Ол кезде жүкті едім. Күйеуім сонда да қыр соңымнан қалмай, бала үшін өмірін өзгертетінін айтып, қыр соңымнан қалмады. «Бала үшін қайтадан қосылайық» дегеннен кейін, оған тағы бір мүмкіндік бергім келді. Қайта табыстық. Баламыз өмірге келді. Басында жап-жақсы жүрдік. Бірақ қателесіппін. Ол баяғы әуеніне қайта басты. Жиі қол көтереді. Себебін де айтпайды. Күндердің күні қатты соққыға жықты. Тіпті жедел жәрдем де шақырған жоқ. Ауыр соққы салдарынан емханаға қаралуға тура келді. Дәрігерлер дер кезінде келгенімді айтты. Өйткені бас жарақатым асқынып кетіпті. Осы оқиғадан кейін күйеуімнің өзгермейтініне көзім жетті. Баламды алып басқа қалаға кеттім. Қазір өткен өмірімді есіме алғым келмейді. Балапаным үшін өмір сүремін. Алға қойған мақсатым көп. Өз кәсібімді әрі қарай жалғастырсам деймін» — деп әңгімесін аяқтады.
«Аналар үйін» паналаған жас аналар өздерін суретке, камераға түсіруге рұқсат берген жоқ. Басындағы қиындыққа қарамастан, отбасының абырой-беделін сақтағысы келеді. Әке-шешесінің «ұят болмасын» деген ескертуін екі етпеген бойжеткендер туған баласынан бас тартуға дейін барғанын жасырмады.
Ал екінші кейіпкеріміз Айгүлдің тағдыры өзгеше. Ол өзі туралы былай деді: «Колледжде оқып жүрген кезімде бір жігітке алданып қалдым. Содан аяғым ауыр болды. Алты айға дейін жасырып жүрдім. Жүкті екенімді ешкім білмеді. Кейін оны колледждегі кураторым сезіп, анама айтуым керектігін ескертті. Анама болған жағдайды айтқанымда, ол қатты ұрысты. Кейін шешем маған «Басқа қалаға барып балаңды босан. Сәби дүниеге келгеннен кейін оны басқа біреуге бер» — деді. Тіпті нәрестені алатын адамды өзі тауып, әлгі кісі менің бар жағдайымды жасады. Пәтерақымды төлеп, азық-түлікке дейін қамтамасыз етті. Ал босануға аз уақыт қалғанда, баламнан айырылғым келмей қалды. Анама баламды бермейтінімді, уәдемнен бас тартатынымды айттым. Ал әкем бұл жағдайдан әлі күнге дейін хабарсыз болатын. Баламды асырап алғысы келгендер жұмсаған қаржысын талап етті. Сол қаржыны бір аптада қайтармаса, әкеме айтатынын жеткізді. Ақыры ақшасын қайтарып бердік» — деп, көз жасын сүртті. Одан ары сөзін жалғаған кейіпкеріміз «Әпкем маған өзіммен тағдырлас қыздар паналайтын «Ана үйі» бар екенін айтып, осында орналастырды. Мұнда келген күні нәрестемді өмірге әкелдім. Менің әңгімемді оқыған әрбір қызға айтарым: жігіттермен сөйлескенде абай болса екен деймін! Мен сияқты сеніп қалмасын. Ең алдымен өзінің, ата-анасының кім екенін әбден танып-біліп алса екен деймін. Сонымен қатар, әрбір қыз қандай жағдайда да баласынан бас тартпаса екен дегім келеді».
Қазір «Ана үйінде» 16 қыз тұрып жатыр. Мұнда жігері жасып, сағы сынған жандардың еңсесін көтеріп, аяғынан қайта тұруға барлық жағдай жасалған. Аулада сәбилердің бесік-арбасы қаз-қатар тізіліп тұр. Ең бастысы – әрбір сәбидің анасы жанында. Тек безбүйрек әкелерінің қайда жүргені белгісіз. Ал нәрестесінің жетім қалмауына жағдай жасап, өз парызын адал атқарып отырған жас аналардың алдында бас ию керек шығар. Біз әлгі шаңырақтан ана мен баланың махаббатын, жас аналардың болашаққа деген сенімін, қайсарлығын көріп, марқайып қайттық.

Мақпал Ноғайбаева

19 сәуiр, 15:50
Табиғат тартуы немесе тағы да тау кластері жөнінде
19 сәуiр, 15:20
Америкада алшаң басып жүрмейді
19 сәуiр, 15:03
Жолда келе жатырмыз...
19 сәуiр, 12:09
Жіпке байланған өмір
12 сәуiр, 17:26
"Тұлғасын газетінен танимын"
12 сәуiр, 17:09
Жусан иісін сағынған
12 сәуiр, 17:03
АЭС салуға қажеттілік бар ма?
12 сәуiр, 16:50
Байқоңыр бізге қарайды, біз...