jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Тірі ме екен Лунара?!

21 желтоқсан 2018, 13:42
4061

Сәләфилік теріс ағымға ілескен, діни сауаты төмен, соқыр сенімге беріліп, өзінің қателігін ақиқат ретінде қабылдаған қазақтың ұл-қыздары соңғы жылдары «Халифат жолына шықтық» немесе «Шахид болып, жәннатқа кіреміз» деп, Ирак пен Сирияға «жиһадқа» кеткені белгілі. Олар отты аймақтарға өздерімен бірге балаларын да ертіп әкетті. ҰҚК мәліметі бойынша, бүгінде Сирия мен Иракта 900 қазақстандық жүр. Оның 500-і – балалар.

Олардың арттарында аңырап ата-аналары қалды. Сирияда, өздері ойлағандай, ешқандай «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» өмірдің жоқтығын көрген «жиһадшылардың» алды «әупірімдеп» елге орала бастады. Бір кезде сатып кеткен отанымен жылап көрісердей болып, Қазақстанның билігінен елге әкетуін сұрап жатыр. Олар қоршаудағы қалаларда жандарын шүберекке түйіп, күн кешуде немесе әйелдер лагерінде қамауда отыр. Жауған оқ пен үздіксіз түскен бомбаның астында елге қайтар жұлдызды сәтін күтіп қаншама қазақ әйелінің отырғаны белгісіз.
Ал елде қалған аналардың жай-күйін айтсаңызшы! Ішкені ірің, жегені желім болған аналар құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып, балаларын қалайда елге әкелудің қамында жүр. Батыс Қазақстан облысында балалары Сирияға кеткен 13 ата-ана бар. Солардың бірі – оралдық Әсел Арыстанова. Лунара дегенде анасы Әселдің шығарда жаны бөлек еді. Ал қазір…

«Жалғызым еді Лунара!»

Әсел Кәкімқызының жалғызы Лунара 1984 жылы дүниеге келген. Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін бітіреді. Бірақ Лунара мамандығы бойынша қызмет істемепті. Анасы «Студент кезінде намаз оқи бастады, ол кезде Сирияға кету деген пәле жоқ еді. Ел іші тыныш болатын. «Қыз бала ғой, дұрыс жолда жүрер деп намаз оқуға рұқсат бердім», – дейді.
Лунара 2004 жылы 1974 жылы туған Бейбіт Рысқалиев деген Орал қаласының жігітіне тұрмысқа шығыпты. Әсел Кәкімқызы «Күйеу балам сол кезде сақал қойған, балағын кескен жігіт болды. Үйленген соң қолымда 5 жыл бірге тұрды. Өмірге Хамза, Хасан деген екі бала келді. Кешікпей екеуінің арасында кикілжің пайда бола бастады», – дейді.
Бейбіттің әке-шешесінің үйіне барып тұрған ерлі-зайыптылардың ақыры дәм-тұзы жараспапты. Әңгімесін сабақтаған Әсел ханым:
– Қызым бір күні: «Мама, мен ажырасамын. Балаларды алып, Алматыға барып қыдырып келейін. Сол жақтан тауар әкелемін» – деді. Ойымда түк жоқ, ақша беріп, құдамның үйінен қызымды екі ұлымен Алматыға шығарып салдым. Бейбіт Оралда қалды. Бұл 2014 жылдың мамыр айы еді. Бір күні қызым «Мен Түркиядамын» деп телефон шалды. Не істерімді білмей қалдым…
Арада бірнеше ай өткенде, бір күні таңғы сағат 5-те күйеу балам телефон шалды. Ол да Түркияда екен. Лунараның телефон нөмірін сұрады. Екеуі қайда кездесті? Сирияда ма, Түркияда ма? Ол жағын мен анық білмеймін. Әйтеуір, ажырасқандары анық…
Лунара 2014 жылы күзде Түркиядан Сирияға кетіпті. «Халифатқа кеттік» деп хабарлама жіберді. Сүлеймен деген башқұрт жігітіне тұрмысқа шығыпты. Үш ұйықтасам бұлай болады деп ойлаған жоқпын…

Хабарсыз кеткен қаракөз

– Қызым дауысты хабарламамен 2017 жылдың 5 қыркүйек күні соңғы рет хабарласты. 14 қыркүйекте үлкен жиенім Хамза байланысқа шықты. Өте көңілсіз… «Әже, біз елге қайта алмаймыз» дей берді. «Сен келсейші бізге, бізге сен керексің, басқа ештеңе де керек емес» – деді. Содан кейін байланыс үзіліп кетті, – дейді ана.
Сириядағы әйелдердің елдегі туысын тауып, қызын іздеген Әсел Кәкімқызы от пен оқтың ортасындағы қазақтардан жеткен жайсыз хабарды естиді.
«Сіздің балаларыңыз тұрған үйге бомба түсіп, жермен-жексен етіпті. Қызыңыз бен үлкен немереңіз қабырғаның арасында қалып қойыпты. Балаларыңыз жоқ» деп көңіл айтты маған. Сенбедім… Қараша айында башқұрт күйеу балам хабарласып «Қызыңыз бен балалар жоқ, бір апта іздедім, таба алмадым» деп ватсапқа жазды.
Әсел Кәкімқызы 2018 жылы екінші жиені Хасанның тірі екенін біліпті. Сириядағы бір ресейлік отбасы бағып отыр екен. Биыл оразаның соңында сөйлескен Хасан «Әже, жақсымын, су, тамақ бар» депті. Бірақ 24 маусымнан бері Хасан да, оны бағып отырған әйел де хабарсыз көрінеді.
– Қызым мен жиендерім қаза болды дегенге сенбеймін. Жүрегім сенбейді. Олар тірі! – дейді көз жасын әрең тыйған ана.
Хасанға «Мамаңның туған күні ғой, мамаңның бетінен сүй!» деп жазып жіберіпті. Бірақ ол хабарлама әлі күнге дейін ашылмапты. Яғни ешкім оқымаған… Мүмкін телефон сынып қалған шығар, әлде жоғалтып алды… Біреуді біреу танып болмаған соғыста Лунара да бір жерде бас сауғалап тірі жүрген шығар? Хамза мен Хасан да аман болуы мүмкін?

Әс Суса қаласында

Екінші кейіпкеріміз Айнаның қызы – 1991 жылы туған Айдана Максим. Айдана 2009 жылы тұрмысқа шығыпты. 2011 жылы күйеуі Асхат Қадыров екеуі бір жастағы ұлы Исмайылды алып, «Астанаға барамыз» деп кетіп, Ауғанстанға өтіп кеткен. 2012 жылы бір рет хабарласқан. Сол жылы Мұхаммад деген екінші ұлы дүниеге келіпті.
Айна ханым «2013 жылы мүлде хабарсыз кетті. Бірақ, Аллаға шүкір, тірі екен! 2014 жылы қызым хабарлама жіберді. «2013 жылы Асхат Ауғанстанда бақилық болды, сүйегін көрген жоқпын» – деп жазды. Өзі балаларымен Түркияның Ыстамбұл қаласына жетіпті. 2014-2015 жылдары қатарынан Ыстамбұл қаласына іздеп барып, көріп қайттым», – дейді.
Түркияға барған соң Айдана Көкшетаудың жігіті Осман деген қазаққа тұрмысқа шығады. Одан туған ұлының есімін Усама деп қойған…
2016 жылы Түркиядан Сирияға жиһадқа кеткен Айдана бүгінде күйеуінен ажырасып, дағыстандық жиһадшыға тұрмысқа шыққан. Қоршаудағы Әс Суса қаласында тұрады. Қараша айында төртінші баласын босанғалы отырған Айдана Көкшетаудан жиһадқа кетіп, Ауған-Пәкістан шекарасында қайтыс болған ерлі-зайыптының екі баласын асырап алыпты. Ол екі баланы туыстары елге қайтару қамында жүргені туралы телеарналар хабар таратты.
Адасқанның айыбы бар

Туған қызынан бейбіт күнде айырылып қалған ана «Үйде жүргенде намаз оқыса да, малынып киінген жоқ еді. Күйеуге шыққан соң қара киім жамылып, бетін жауып тастады. Күйеу балам о бастан-ақ балағын кесіп, сақал қойған жігіт болды. «Сестра», «брат» деп сөйледі екеуі де. Ата-енесінен бөлек тұрды. Қалай адасты, кім адастырды қызымды?», – дейді көз жасына ие бола алмай.
Күні кеше Сауд Арабиясындағы құқық қорғау органдары «Мұсылмандар арасында діни алауыздық тудырды, заңсыз уағыз жүргізді» деген айыппен Ділмұрат Махаматов пен Назратулла Әбу Мариямды қамауға алғаны туралы хабар тарады. Аталған азаматтардың сәләфизм идеологиясын елімізде қарқынды түрде насихаттап, жастарды адастырып жүргені туралы дін мамандары мен құқық қорғау органдары мәлімдеме жасады.
Сондай-ақ 2000 жылдың басында батыс өңірде болған «Шейх Халел» де өткен жылы елге экстрадицияланып, Орал қаласында 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Аталған адамдардың интернетте әлеуметтік желілер арқылы діни теріс уағыз айтып, қазақ жастарын ата-баба жолынан тайдырып, санасын жат ағыммен улағаны айтылып та, жазылып та жүр. Оның айқын дәлелі – жалған халифатқа алданып барып, Сирияда ажал құшқан қазақтың жігіттері мен елге қайта алмай, жат жерде аш-жалаңаш қаңғып жүрген қазақ қыздарының бүгінгі тағдыры.
Айна бүгінде қызымен ватсап арқылы хабарласып тұрады. «Қоршаудағы қалаға бомбаның даусы анық естіліп тұрады» – депті қызы. «Түнде не болар екенбіз? Жаралы болып қалмасақ екен деп жатамын түнде» деп жазады анасына.
Олар адасты. Қазақ халқының арасына жік салып, мемлекетіміздің, қазақтың тұтастығын бұзуды көксеген сәләфилік ағымға ерушілер болды. Неше ғасыр бойы атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық құндылықтарымыздан безіп, дәстүрлі Ханафи мәзхабын мойындамады. Намаз оқымаған адамды «кәпір» деді. Ата-анасының қолынан «харам» деп тамақ жемеді. Енді жат жерде, исламның исі сезілмейтін қырғын соғыс, төгілген қан, талап-тапау, атып-асу, жәбірлеу-қорлау салтанат құрған елге тұтқын болып, санын соғып қалды. Қаншама күнәсіз бала балалық шағынан айырылды. От пен оқтың ортасындағы үрейлі балалық шақтан не қайыр?
Соңғы жылдары үкімет пен құзырлы орган отты аймақтардағы қазақтарды елге қайтару жұмысын қолға алған. Сыртқы істер министрінің орынбасары Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, Иордания мен Ливандағы Қазақстан елшілігі Қазақстан азаматтарын іздеумен айналысып жатыр. Отты аймақтарда күні бүгін 250 әйел мен 125 ер адам бар. Жалпы Сирия мен Ирактағы қарулы қақтығыс басталғалы елге 90 бала мен 120 «жиһадшы» оралған. Оның 45-і әйелдерімен келді. Бұл балаларынан тірідей айырылған ата-аналардың көңіліне үміт ұялатып отыр. Олар балалары мен немерелерімен кездесер күнді асыға күтуде.

P.S.
20 қазанда АҚШ бастаған халықаралық коалицияның әуе соққысынан Әс Суса және Әл Бубадран деревняларында 62 бейбіт тұрғын мерт болды. Бұл туралы РИА ақпарат агенттігі хабарлады. Олардың арасында балалар да бар. Құлаған үйдің астында қалған адамның саны белгісіз. Сол күні Айдана анасына хабарлама жіберіп, аман екендігін білдіріпті.
Міне, Сириядағы жағдай осы. Адасудың алды – жұмбақ, арты – соқпақ. Бүкіл әлем алаңдап отырған террорлық әрекетке құрылған жалған халифаттың осындай ащы шындығынан елдегі қазақ жастары сабақ алса, кәне?! Ал біз суреттегі жандарға: Лунара Арыстанова мен оның балапандары – Хамза мен Хасанға іздеу саламыз! Олардың соңғы тұрған қаласы – Сирияның Әл Маядин қаласы болған.
Сирия

Ұлдай САРИЕВА,
Орал қаласы

19 сәуiр, 15:50
Табиғат тартуы немесе тағы да тау кластері жөнінде
19 сәуiр, 15:20
Америкада алшаң басып жүрмейді
19 сәуiр, 15:03
Жолда келе жатырмыз...
19 сәуiр, 12:09
Жіпке байланған өмір
12 сәуiр, 17:26
"Тұлғасын газетінен танимын"
12 сәуiр, 17:09
Жусан иісін сағынған
12 сәуiр, 17:03
АЭС салуға қажеттілік бар ма?
12 сәуiр, 16:50
Байқоңыр бізге қарайды, біз...