jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Жадымыздасың, Желтоқсан!

14 желтоқсан 2018, 11:54
1123

Оқымысты ғалымдар «қазақ» сөзінің Қазақ хандығынан бұрын да болғанын дәлелдеді. Ал қазақтың XV ғасырда дербес мемлекет болуынан бергі уақытта қанша рет өліп-тірілгенін санау мүмкін емес. Тарихшы Дулатидың жазуына сүйенсек, XVI ғасырдың бас кезінде Қазақ хандығы ірі жеңіліске ұшырап, халқы қатты қырылыпты. Сонда «тірі қазақ қалмады» деген сөз тарапты. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадағы» қырғын да жойқындығымен ерекшеленді. Сібір тарихшылары: «Қазақ жер бетінен жойылды», – деп жазыпты. Одан соң да қазақтың сан рет қуғын-сүргін көріп, мал-жанынан ойсырай айырылғаны тарихтан белгілі. Кеңестік кезеңдегі өліп-тірілуіміздің сипаты да бітпейтін жыр. Қазақ тарихында қасиетті жеріне көз алартқандармен қисапсыз шайқас өткен. Тарихшылар мемлекеттігімізді, ұлтымыздың тұтастығын сақтап қалу жолында 360-тан астам соғыс болғанын растайды. Ең соңғысы – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі.

Желтоқсан – әлі күнге дейін саяси бағасын ала алмаған, ақтаңдағы жетерлік оқиға. Қазақ жастарының бейбіт шеруден басталған көтерілісі кеңес одағының ыдырауына себепші болды. Осындай әлемдік мәні бар тарихи оқиғаны зерттеуге 30 жылын арнаған публицист-жазушы Талғат Айтбайұлы күні кеше «Алматы 1986 Желтоқсан» айғақ-кітаптарының 12-томын шығарды.
Бүгін сиясы кеппеген кітаптан тың материалдар ұсынып отырмыз.

Үрейлі күндер

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде бесінші курста оқи жүріп, Қазақ теледидарының жастар редакциясында жұмыс істейтінмін. Курстастармен бірге екі күн бойы алаңға шықтық. Кеудеміз жігер мен намысқа толы еді. Үйде екі жасар Дәуренім бар. Кешкісін алаңда жолдасым Елубайды көрдім. Партия мүшесі болатын. Ол қолына қызыл шүберек таңып, бір топ әріптесімен бірге Сәтбаев пен Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы аялдаманың қасында тұр екен. Мені көріп: «Қазір сендерге күш қолданады. Зауыттан мына арнайы темір арматураларды кесіп, газетпен орап, кендір жіппен байлап әкеп үйіп қойды. Өзің көріп тұрсың. Біздер мұны қолданудан бас тарттық. Қиындыққа ұшырамай тұрғанда үйге қайтшы», – деді жалынып. «Бізге не үшін күш қолданады? Мүмкін емес. Біз ешнәрсе бүлдірген жоқпыз», – дедім.
17 желтоқсанның кешіне дейін ешбір заңбұзушылық байқалмады. «Күш қолданады» деген сөзге мүлдем сене алмадым. Қайтадан алаңның трибуна тұсында тұрған достарымның қасына барып қосылып кеттім.
Көп ұзамай бізге өрт сөндіргіш машиналардан суық су шашылды, темір қалқан киген қарулы әскерилер итпен қуалады. Аяғымызда биік өкшелі етік, лекпен алға ұмтылдық. Құласаң, қайта тұру мүмкін емес еді. Тапталып, жаншылып қаласың. Сүрініп, қабынып жүріп, бір-бірімізден көз жазып қалмауға тырыстық. Ертесіне тағы да алаңда кездесуге уағдаластық.
Келесі күні алаңға бармақ оймен Байзақов көшесінен шығып, Абай көшесімен көтеріліп келе жатсам, қаптаған милиция қызметкері ұстағандарын автобусқа, милиция машинасына мінгізіп жатыр екен. Жүгіріп, қашып келе жатқан бір жігіт: «Қарындас, ауруханаға қарай қаш. Қазір ұсталасың», – деді.
Жүгіріп отырып Жандосов көшесі мен Чапаев (қазіргі Манас көшесі) көшесіне шығып, университетке жаяу жеттім. Сол күні алаңда інім Ниязбек Баутаев ұсталып қалыпты. Ниязбектің әскерден жаңа келген сәті болатын. Милициядан інімді сол кездегі Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің депутаты қайын әпкем, марқұм Бейсенкүл Даниярова әрең шығарып алды.
Содан бастап қудалау, тексеру, тергеу басталды. Пәтер ауыстырып қашсақ та, арнайы шақырылған «үш әріп» өкілдері тауып алып, сағаттап сұрақтың астына алатын. Ауылдағы әке-шешемізге де тексеру жетті. «Балаларың алаңға шыққан» деп, оларды да әуре-сарсаңға салды. Ол аз болғандай, университеттің бесінші жатақханасындағы тергеуге де үнемі шақырылып отырдым. Ағайынды – ағайынға, бауырды – бауырға, досты – досқа айдап салу, шағыстыру, жала жабу әрекеттері ашықтан-ашық «үш әріп» тарапынан жүзеге асырылды.
Қаңтар айының басында ауылдан жекжат апам біздің үйге қонаққа келді. Інім екеуміздің Желтоқсанға қатысқанымызды естіген екен. «Сендердің тірі қалғандарыңа шүкір. Сұмдық оқиғалар болып жатыр. Балықшы жақта бір қыздың мәйітін әскерилер қорғасын табытқа салып алып келіпті. Табытты ашқызбай, арулауға рұқсат бермей, табытпен жерлеткізді», – деді апамыз қамығып.
Жұмбақ жағдайда көз жұмған жастардың қайғылы мысалдарының аз емес екендігіне көзіміз жетті. Сол жылдан бастап жиырма бес жыл Қазақ теледидарында қызмет еттім. Тура алаң. Желтоқсан оқиғасы. Алаңға қараған сайын бойымды үрей билейді. Күні бүгінге дейін алаңның маңынан көбірек адам көрсем, қалшылдап қорқамын. Алаңнан өткенде әлі күнге дейін тізем дірілдейді. Бұл үрей қашан сейілер екен?!.

Дүрия ДАНИЯРОВА,
техника ғылымдарының
кандидаты, профессор


Бала болсақ та бәрін білдік

Мен 1969 жылы 24 қарашада дүниеге келгенмін. 7-сыныпқа дейін Алматы қаласындағы №12 мектеп-интернатта оқыдым. Әкем Елгезек Әзбергенов – жазушы әрі журналист, ғалым болған. Әкем ерте дүние салған соң, анамызбен Семей облысының Үржар ауданына көштік. Ағайынды бір ұл, бір қызбыз. Бауырым – Ақберен Елгезек қазір танымал ақын, қазір Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары.
8-сыныпты Үржар ауданындағы Абай мектебінде оқыдым. 8-сыныпты бітірген соң, 1985 жылы Талдықорған қаласындағы СПТУ-5 училищесіне кондитер мамандығына оқуға түсіп, жатақханаға орналастым. 2-курста оқып жүргенімде, яғни 1986 жылы 16 желтоқсан күні кешке қарай Д.А.Қонаевты орнынан алғанын жатақханадағылардан естідік. Ол кісінің орнына өзге ұлттың өкілін әкеліп қойғаны үшін бәрі наразы болып, шулап жатты. Жатақханада вахташы Ғалия апайымыз «Жастар, алаңға шығайық» деді. Сол кезде менде өзгеше патриотизм пайда болды, «шықсақ, шығайық» деп қостай жөнелдім. Сөйтіп, түнгі сағат оннан кейін жатақханамыздағы жастармен бірге наразылық шеруіне шықтық. Жолда кетіп бара жатып, құрылыс техникумының, медучилищенің және пединституттың студенттерін өзімізбен бірге алаңға баруға шақырдық. Олардың ешқайсысы қарсы келмей, бізбен бірге алаңға шықты. Түнгі сағат бір шамасында милиционерлер, солдаттар, тағы басқа да көптеген адам бізді қоршауға алып, қоқан-лоқы көрсетті. Бізді таяқпен ұрып кейін шегіндірді, қамауға алды. Содан кейін үш күн қатарынан жиналыс ашумен болды. Ол кезде 17 жаста едім. Сол жиналыста өжеттік танытып, сол адамдарға қарсы шығып сөйлегенім үшін, мені шапалақпен бір ұрды да, қамап тастады. Тергеу қапасында бір апта қоқан-лоқы көрсетті, балалар колониясына жібереміз деп қорқытты. Бір апта қара су мен қара нан ғана беріп тұрды.
Тергеу қапасынан келгеннен кейін училищеде қайтадан жиналыс болды. Мені комсомолдан шығарды. Ғалия апайды, бір қызды, мүгедек болғанына қарамай, 8 жылға түрмеге отырғызды. Жатақхана старостасы Сламжан 12 жылға сотталды. Мені оқудан шығарайын деп еді, бірақ класс жетекшім Нина Николаевна ара түсіп, училищеден шығармауға ерекше үлес қосты. Өйткені сабақты жақсы оқитын едім. Ол кісіге алғысым шексіз. Көптеген қыз-жігіттер оқудан шығарылды. Ал мен оқуды аяқтап, қолыма диплом алдым. Естуімше, старостамыз Сламжан аға түрмеден оралмапты. Ал Ғалия апай түрмеден 5 жылдан соң шығыпты.
Сол кезде алаңға шыққан жастар және ағаларымыз бен апайларымыздың қайсар мінезінің арқасында ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздікті жақындата түстік деп есептеймін.
Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңы бойынша Талдықорған қаласындағы архивтен алынған құжаттың негізінде мені Алматы қаласының прокуратурасы 2013 жылы 8 қаңтарда «саяси қуғын-сүргін құрбаны» деп танып, ақтады.

Маржан Елгезек


Қыздардың қайсарлығы

Мен қазіргі Батыс Қазақсан облысы Жәнібек ауданы Ақоба ауылында 1966 жылы 13 қаңтарда дүниеге келгенмін. 1986 жылы Алматы қаласын-дағы Ю.Гагарин атындағы тігін фабрикасында жұмыс істеп жүрдім.
16 желтоқсан күні 2-ауысымнан шығып, жатақханаға келдім. Мен кезекші едім. Асханаға келсем, көрші екі апай әңгімелесіп тұр екен. «Қонаевты қызметтен алыпты, Мәскеуден Колбин деген біреуді жіберіпті. Енді не болар екенбіз? Әбден орыс болатын болдық қой», – деп мұңайып тұрды. Содан жүгіріп бөлмеге келдім. «Қыздар, жаңалықты естідіңдер ме? Қонаевтың орнына Колбин деген біреуді жіберіпті, Мәскеуден. Неге олай? Давай Горбачевқа хат жазайық, «Қазақстанды басқаратын бір қазақтың болмағаны ма деп жазайық», – дедім. Қыздар да үнсіз қалмай, наразылықтарын білдіріп жатты.
Сол түнгі әңгімеміз Колбин болды. Ол кім? Қазақстанның да орысы емес деген сияқты. Ертеңіне түстен кейін 3-те жұмысқа бардық. Кейбіреулер кешігіп жатты. Себебі көлік дұрыс жүрмеді, студенттер алаңға шеруге шығыпты. Гу-гу әңгіме қызған. Өзімнен үлкендеу семейлік Бақыт Каменовға «біз де шығайық» десем, ол: «Бүгін жұмысты бітірейік, ертең таңмен шығамыз, басқа цехтың қыздарына барып айтып кел», – деді.
Жұмыс он бір жиырмада бітетін. Жатақханаға келсек, бірінші ауысымның қыздары жиналыс жасапты. Ертең алаңға баруға олар да даяр екен. Сөйтіп, 17 желтоқсан күні таңғы жетілерде 50-60 қыз алаңға бет алдық. Біз кішкене жүргеннен кейін, қайдан шыққанын білмейміз, артымыздан қызыл «жигули» ілесіп отырды. Бір кезде алдымыздан автобус тоқтап, овчаркаларымен солдаттар секіріп түсті де, қыздарды қоршап, шетінен автобусқа тией бастады. Мен, Гүлжауһар, Айдын үшеуміз қашып шығып, сол сәт жанымызға келе қалған троллейбусқа отырып үлгердік. Осылай алаңға келдік. Біз келгенде соншалықты көп адам бола қоймады. Бірте-бірте жан-жақтан кісілер қосылып, қатарымыз көбейді. «Қазақстанға қазақ басшы керек!», деп, жастар айқайлап тұрды. «Тамашадан» жақсы білетін Құдайберген Сұлтанбаев келіп, «үйлеріңе қайтыңдар, саясатқа араласуға әлі жассыңдар, арандап қаласыңдар» деп жанашыр сөзін айтты. Бірақ ешкім қозғалмады. Әнімізді айтып тұра бердік. Бір кезде түсінбей қалдым, дубинкасы бар солдаттар бізге қарай лап қойды. Бәріміз қаштық. Жүгіріп келе жатып, тасқа сүрініп құлап түстім. Екі солдат келіп, аямай тепкіледі. Солай ұсталдым. Бір шені бар қазақ кісі «мынау осылардың ішіндегі ұйымдастырушысы, жеке камераға қамаңдар» деді. Содан екі кісі сүйрелеп әкетті. «Үстінде керемет пальто, аяғыңда қымбат етік, саған не керек?» – деп әкетіп бара жатып, ызалана төмпештеді. Бізді дәл бір орыс халқына қарсы шығып жатқандай көрді. Солдаттарды қалай үйретіп жібергендерін білмеймін, алаңға шыққан ұл болсын, қыз болсын, аямады. Машинаға әкеліп, ішінде жалғыз адам отыратын орын бар екен, соған кіргізіп, кілттеп тастады. Соққыдан есеңгірегенім сонша, басымды темірге сүйеп отыра бердім. Машинаға тағы да қыз-жігіттерді тиеді. Толған кезде машина қозғалды. Бір жерге келгенде тоқтады. Бәрімізді түсіре бастады. Мен есікті тарсылдатып қақтым. Содан кейін есікті ашып, мені бірге қосып жіберді. Қай аудандық ішкі істер бөлімі екенін білмеймін, әйтеуір бәрімізді камераға қамады. Қыз-жігіттердің бастары жарылған, беттерінен қан ағып жатты. Жігіттер көйлектерін жыртып, олардың жарасын таңып берді. Менің оң қолым тіземнен төмен салбырап кеткен. Басымды қабырғаға сүйеп тас еденде отырдым. Бір қазақ милиционер келіп, бізді үгіттеуге көшті. «Бұл – саясат. Сендер үкіметке қарсы шығып отырсыңдар. Ата-аналарың алыста. Не істеп жатқандарыңды білмейді. Босқа сотталып кетесіңдер. Қазір сендерді бір-бірлеп шақырып, түсініктеме жаздыртады. Сонда алаңда забастовка болып жатыр дегенді естіп, Қазақстанда ондай болуы мүмкін емес, оны өз көзімізбен көрейік деп, келдік деп жазыңдар. Артық сөз жазбаңдар» деді.
Қанша отырғанымды білмеймін, бір-бірлеп шақырып, кіргізген бөлмеде алдымыздан да, жанымыздан да суретке түсірді. Түсініктеме жаздырды. Содан кейін босатты. Сыртқа шықсам, қараңғылық әбден қоюланыпты. Көшеде толған әскери адам. Дала сықырлаған аяз еді. Советская көшесі 167-үйде тұратынмын. Жатақханаға дейін жаяу келдім. Бөлмеге келсем, ешкім жоқ. Радио қақсап тұр. Кереуеттің шетіне отыра қалдым да, сол отырғаннан таңға дейін жыладым. Қолымның ауырғанын да елемедім. Ешкімнің қолдау көрсете алмағанына, пір тұтатын қазақтың зиялы дейтін азамат ағаларының да көмектесе алмағанына нали отырып, жыладым. «Тапталған намыс» деп жатамыз. Тапталған намыстың қандай болатынын сол түні анық түсіндім.
1991 жылы Тәуелсіздік алғанымызды естігенде, оның мәңгілік болуын тілеп, ешкімге көрсетпей үнсіз жыладым. Сол кездегі тауға қарап, армандаған ойым есіме түсті…

Зүлфат Хабиева

15 наурыз, 16:50
Соңында аяқсыз қалады
15 наурыз, 16:40
Мақтанайық Димашпен!
15 наурыз, 14:56
Дос Көшім: Бір жылда шотланд тілін үйреніп алды
15 наурыз, 14:38
Ақтық сапардың сауалы
15 наурыз, 14:31
Өзегін өкініш өртейді
15 наурыз, 14:25
Шәмшінің досы көшеде жүр
11 наурыз, 13:07
Самал Еслямова: Әйел бейнесі махаббаттан тұрады
01 наурыз, 12:36
Ермегім - елде жоқты жинау