jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Ыдырыс Мұстамбайұлы

07 желтоқсан 2018, 13:04
674

Ол 1898 жылы қараша айында Семей қаласында дүниеге келген. Жастайынан жетім қалып, жалшы болып жүрген Мұстамбай Семейдің атақты көпесі Тінібайдың саудагерлеріне жалданып, олардың елден жинаған малын айдасып, Семей қаласына келеді. Осылайша қарапайым өмір кешеді. Жастайынан қағылез, оқуға зерек болып өскен Ыдырысты әкесі Тінібай мешітіндегі медресеге оқуға берген. Ынтасы зор баласының бұдан әрі орысша білім алуына қарсы болмайды. Ыдырыс Семей қаласында екі сыныптық орыс-қазақ училищесін өте жақсы бітіреді. Бұл жалпы әлемді қамтыған бірінші дүниежүзілік соғыстың жүріп жатқан кезі еді. Ресей империясының осы соғысқа қатысуы отар елдерге үлкен ауыртпалық әкелді. Қазақ халқының отарлық езгіге қарсы ұлт-азаттық күресі және өз отбасындағы ауыр тұрмыс жас жігітті ерте есейтті. 1917 жылғы ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы мен Қазан социалистік төңкерісі кезінде Ыдырыс Мұстамбайұлы Семейдегі почта-байланыс қызметкері болатын.

Семей қаласында кеңес өкіметі орнағаннан кейін, жаңа жыл қарсаңында почта-телеграф қызметкерлері атынан Семей кеңестік депутаттығына ұсынылады. Ал 1918 жылдың сәуір айында Алаш аудандық (Семей қаласының жаңа Семей – Заречная слободка бөлігін Алаш қайраткерлері «Алаш қаласы» деп атаған) депутаттар кеңесі төрағасының орынбасары және Семей уездік депутаттар кеңесінің төралқа мүшелігіне сайланады.

Ы. Мұстамбайұлының кеңестік құрылысты орнықтыру жолындағы қызметі халқымыздың болашақ тағдыры мен республиканың мемлекеттік құрылысы үшін де маңызды кезеңмен байланысты. Осы жылдары кеңестік негіздегі Қазақ автономиясын құруға дайындық жұмыстары жүріп жатты. Осыған орай «партия мен кеңестік ұйымдардың жұмысын қандай бағытта жүргізу қажет, өкіметтің басқару органына қай әлеуметтік топ жетекшілік жасайды, ұлттық мүддені қалай қорғаймыз?» деген сынды өзекті сұрақтар ұлт жанашырларын ойлантпай қоймады.
Қазақ кеңестік автономиясын құру туралы декрет шығып, оның аумағы белгіленіп, кеңестік басшылық органдары сайланғанымен, Ақмола мен Семей губернияларын Қазақстанға беру бірден іске асқан жоқ. Ұлы орыстық шовинизммен уланған Сібір ревкомының басшылары бұл жерлерді Қазақстанға бергісі келмей, аймақтың Қазақстанға қосылуын тежеп бақты. Бұл кезде Семей губерниясының басшылығында отырған өзге ұлттың өкілдері де Ресейге қарай бұра тартты. Осындай қиын жағдайда қазақтың ұлтжанды қайраткерлері аймақтың Қазақстанға қайтарылуы жолында көп күш-қайрат жұмсады.

Кеңестік құрылыстың алғашқы кезеңдегі Ыдырыстың қайраткерлік жолының екінші бір қыры заңды қадағалаушы прокуратура саласының негізін қалауда айқын көрінді. Жаңадан құрылған заң қызметкерлерінің тапшылығына байланысты, өзін партиялық және кеңестік жұмыстарда көрсете білген сауатты және жауапты қызметкерлерді прокурорлық жұмыстарға тарту кезінде Ы.Мұстамбайұлы Орал губерниясының прокуроры болып тағайындалады. Заңгерлік білімі жоқ жігітке Орал қаласындағы белгілі заңгерлер Бақытжан Қаратаев және оның інісі Арон Қаратаев көп көмегін тигізді.

Губерния прокуроры міндетіне кіріскеннен кейін, бірінші кезекте қоғамдық-саяси өмірде ерекше орын алатын прокурорлық қадағалаушы орган қызметіне жергілікті ұлттың өкілдерін көптеп тартуды қолға алды. 1924 жылы Ақмола губерниясының прокуроры болып ауыстырылғаннан кейін де губерниядағы қадағалаушы органның аяғынан тұрып, қызметін жандандырып кетуіне бар күш-жігерін салды. Бұл қызметтерде қайсар мінезін танытып, халық арасында кеңінен танымал болды. Губернияның прокуроры қызметін атқара жүріп, аумақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын назардан тыс қалдырмады. Есепті баяндамаларындағы ерекше назар аударатын мәселенің бірі – губерниядағы көшпелі қазақ халқының аштыққа ұшырауы және оны алдағы уақытта болдырмау жөнінде айтқан ұсыныстары болды. Ол Ақмола губерниясындағы қазақ халқының аштыққа ұшырау себептеріне терең үңілу керектігіне баса назар аударды.
1924-1925 жылдар Қазақ халқының тарихында бөлшектенген қазақ жерлерін біріктірудің аяқталуымен және Қазақ автономиясының орталығын Ақмешітке көшіруімен айшықтала түскені белгілі. Осындай қыруар шаруалардың қызған шағында, 1925 жылы 18 сәуір күні болған Қазақ аймақтық РК(Б)П-ның алқа мәжілісінің шешімі бойынша Ақмола губерниясының прокуроры Ы.Мұстамбайұлы Сырдария губерниялық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Бұл кезең шын мәнісінде, ол үшін өте жауапты кезеңнің бірі болған еді. 27 жасында ел ордасының атқару комитетін басқару оған зор жауапкершілік жүктеді.

Ыдырыстың өміріндегі жарқын белестерінің бір кезеңі болып табылатын Сырдария губаткомының төрағасы қызметінде бір жылдан сәл аса мерзімде еңбек етті. Бұл жылдары жалпы Қазақстан аймағында билік үшін өзара талас-тартыс, бірін-бірі жікшілдікпен, ұлтшылдықпен айыптау «науқаны» қызып тұрған кез еді. Оның үстіне Сырдария губерниясының астаналық губерния болуы, Ы.Мұстамбайұлы сынды қайраткерді қызу таластың, саяси күрестің бел ортасынан, бірақ шығарды. Губаткомның төрағасы қызметінде ең бірінші кезекке ұлт мүддесін қойды. Өз ұлтының мүддесі үшін күресті. Осынау қасиетті күресті атқарып жүрген қайраткердің қызметтік жолы халқымыз «қужақ» атаған Ф.Голощекинмен түйіскен еді. Қайраткердің кеңестік құрылысты жүргізу барысындағы ұлт мүддесін көздеген батыл ойлары мен қадамдары Голощекинге ұнамады. Оның іс-әрекетінен кінәрат табуға тырысты. Оның арты ашық түрдегі саяси күреске ұласты.

1926 жылы қараша айында Қазақ өлкелік партия комитеті мен өлкелік бақылау комиссиясының біріккен пленумында «Ішкі саяси жағдай туралы» деген тақырыпта баяндама жасаған Ф.Голощекин қазақстандық партия ұйымында қалыптасып отырған «жікшілдікті» сынаған болып, өзінің қарсыластары – қазақтың ұлтжанды қайраткерлері С.Қожанов, Ж.Мыңбаев, С.Сәдуақасовқа қарсы бар «кінәні» аударды. Кеңестік құрылыстың ілгері дамуына барынша кедергі келтіріп отырған «жікшілдердің көсемі» етіп көрсетуге барынша күш салды. Топшылдықты қоздырып, соның жетекшісі ретінде, еуропалықтарға қарсы жалауды бетперде етіп, билікке қарсы шығып отыр деп С.Сәдуақасовты айыптаған Голощекин: «Міне, тағы бір көсем, бірақ өлкелік емес, губерниялық жолдас Мұстамбаев, 5-конференциядан кейін курортқа кетіп, өзінің бір қазақ жолдасына: «Барлық уақытта жолдас Голощекинге сенуге болмайды, Ежовтың қолымен Қазақстанда коммунизм орната алмайсың» деп жазады деген сөзін келтіріп, Ыдырыс Мұстамбайұлын сын тезіне алған болатын. Бұл Голощекиннің көп көпірме сөздерінің бірі еді. Қалай айтса да Ыдырыстың бұл сөзі көрегендік пен үлкен әлеуметтік-саяси мәні бар шындық болғанын, бұдан кейінгі жылдары еліміздегі тарихи оқиғалардан анық байқауға болады. Оның Голощекин мен Ежов сияқтыларға берген сипаттамасы сол кезде-ақ Қазақстанды және бүкіл кеңестер одағын қамтыған аласапыран қуғын-сүргін науқандарын алдын ала болжағандай, ойға қалдырады. Осы кезден бастап қайраткер азамат Голощекин тарапынан сәдуақасовшылдықтың «губерниялық деңгейдегі» жақтасы, қолдаушысы тұрғысынан қараланып, ашық түрде қуғынға түсті.

Кеңестік құрылыстың 20-30 жылдарындағы партиялық және кеңестік ұйымдарда қызмет атқарған қазақ қайраткерлерінің ішінде Ы.Мұстамбайұлы сол кездің өзінде-ақ Голощекиннің Қазақстанда жеке билігін орнатып, ешкімнің пікірімен санаспастан, диктаторлық билік жүргізіп отырғанын батыл айта білген еді.

Ы.Мұстамбайұлының саяси қайраткерлік жолын қысқаша тұжырымдап сараласақ, ол өз халқының дәстүрлі шаруашылығын жетік білетін маман ретінде әу бастан «қатерлі ауыл шаруашылығын ұйымдастыру» деген «эксперименттік» тәжірибелерге, Қазақстандағы голощекиндік өлкелік партия комитетінің қазақ жеріне орыс шаруаларын қоныстандыруды жүргізу саясатына, партия және кеңестік ұжымдардағы отырықшылықты жүргізудің мардымсыздығына, бай шаруашылықтарын жаппай тәркілеуді жүргізуге, ұлтаралық қатынастың дұрыс жүргізілмей, қазақ халқының ұлттық мүддесінің тапталуына қарсы болды.

Ыдырыс сол кезеңдегі қоғамдық-саяси жұмыстардың алдыңғы шебінде болумен қатар, көркем әдебиет, әдеби-сын мәселесіне де батыл араласып, құнды пікірлерін ортаға салған қазақ әдебиетінің жанашыры болған еді. Оның көркем әдебиет, әдеби-сын туралы еңбектеріне тоқталғанда Абай мұраларын қорғап қалудағы сіңірген еңбегін ереше айтқан жөн. Абай мұражайында ғұмыр бойы еңбек еткен ғалым Төкен Ибрагим ағамыздың: «1922 жылы Абайды феодалдардың ұр тоқпағы» деп мақала жазылған. Мақала авторының атын ұмытыппын. Есесіне, оған қарсы жазылған мақаланың авторы есімде. Ол – Ыдырыс Мұстамбаев. Абайтануға әлі Әуезов келмеген уақытта, алашордашылардың басына күн туып, сөйлеуге шамалары болмай тұрған шақта Абайды қорғап қалған сол кісі болатын. Жалпы, Мұстамбаев – үлкен тұлға», – деген пікірі, қайраткердің әдеби мұрасына берілген шынайы баға деп есептейміз.

Қайраткер тұлға 20-жылдары өрістеген қазақ әдеби сынына белсене араласып, терең де мазмұнды «Ұлы ақын – Абай», «Көркем әдебиет туралы», «Біздің таластарымыз», «Сын мен баспасөз туралы», «Ақын Абай және пәлсапашыл Илияс туралы», «Абай», «Философия казахского поэта Абая и его критика» және тағы да басқа көлемді мақалаларын қазақ және орыс тілдерінде «Қазақ тілі», «Еңбекші қазақ», «Советская степь» газеттері мен «Жаңа әдебиет», «Қызыл Қазақстан» журналдарында жариялады. Қазақ әдеби сынының мол мұрасы болып есептелетін Ы. Мұстамбайұлының «бұл еңбектерінің дені пролетарлық әдебиетті жасаймыз» деп, осыған дейінгі қазақ әдебиетінің бай мұрасын маңсұқтауға тырысқандарға, ұлы ақын Абайдың атын өшіріп, тарихтан сызып тастауға білек сыбана кіріскендерге қарсы жазылды. Ол феодалдық таптың өкілін, ескілікті қорғап отыр деген таптық тар мағынадағы шолақ ойлы айыптаудан қаймыққан жоқ. Терең мағыналы, шырайлы бай тілімен дәйекті түрде ұлы Абай мұраларын жоққа шығаруға тырысқандарға батыл тойтарыс берді.

Ы. Мұстамбайұлы ұлы ақын Абай мұраларын ұрдажық, сыңаржақ айтылған, жазылған орынсыз пікірлерден қорғаумен қатар, халқымыздың ақиық ақыны М.Жұмабаевтың өлеңдері жөнінде жазған мақалалары үлкен ерлікке пара-пар. Өзі голощекиндік қуғын-сүргінді басынан кешіріп, «топшыл, ұлтшыл, троцкишіл» деген секілді қуғындаулармен сөгіс алып, партия қатарынан шығарылып жатқан қиын кезеңнің өзінде де тайсалмады. М.Жұмабаевтың бұған дейін жарияланып, әртүрлі жалалармен қатты сыналып жатқан «Тоқсанның тобы» атты өлеңі жөніндегі мақаласын 1929 жылы мамыр айында «Советская степь» газетінде «Джумабаев и «девяносто»» деген атаумен жариялайды. Көлемді, терең мағыналы талдаудан тұратын мақаласында Ы. Мұстамбайұлы Мағжан ақын мұрасын жаладан арашалап, оған әділ баға береді. Алаш қайраткерлеріне араша түсудің арты саяси тұрғыдан қуғындауға, ұлы Абай мұраларын қорғаудың арты: «өңі жасырылған маркстік сын және ұлтшыл ақын Абай шығармаларын, Абай философиясын баспасөз бетінде насихаттау» деген секілді айыптауларға ұласты.
Қазақ зиялыларын қуғындау 1937 жылдың зұлматынан әлдеқайда ерте 1929 жылдың өзінде-ақ басталды. Осы жылдан бастап Алаш қайраткерлері топ-тобымен тұтқындалып, алды – ату жазасына, арты ұзақ мерзімдерге сотталып жатты. Алаш қайраткерлерінің соңын ала оларға бүйрегі бұрған, қолынан келгенше қорғап қалуға тырысқан, олардың еңбектерін, тарихтағы орнын жоғары бағалаған ұлтжанды қайраткерлер де голощекиндік шолақ белсенділер тарапынан «ұлтшылдыққа», «топшылдыққа» ұрынып, партия жолынан ауытқыды» деген секілді жалған жалалармен қуғындала бастады.

1932 жылы шілде айында Семей қаласындағы Қазақ геологиялық барлау институтының директоры болып тағайындалады. Бұл қызмет қайраткер тұлғаның жарқын өміріндегі соңғы қызметі болды. Ол 1933 жылы 17 қаңтар күні Москва қаласында өткелі жатқан жоғары оқу орындарының директорлар кеңесіне келгенде ОГПУ тарапынан тұтқындалады. Бір айдай сонда тергеліп, 1933 жылдың 18 ақпанында Алматыдағы ОГПУ-дың қарамағына жіберіледі. Қазақстандық ОГПУ-дың ерекше бөлімінде төрт ай тергелгеннен кейінгі оған: «Қазақстанда кеңес үкіметін құлату және КСРО-дан бөлініп кету мақсатындағы жоғары оқу орындары мен қызыл армия бөлімдерімен байланысқан контрреволюциялық ұйымды және топты құрды» деген айып тағылды. Ол тергеу барысында қолдан ұйымдастырылған «контрреволюциялық ұйымды құрды» деген айыптауды мойындаған жоқ. Жеті айдай ОГПУ-дың абақтысында қамауда жатты. Заңды түрде жүргізілген сот процесі жүрмей-ақ, оның сыртынан үкім шығарылды. 1933 жылы шілде айында РКФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 2,11-тармақтары бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

20-жылдардың аяғы 30-жылдардың бас кезінде-ақ қазақ жерінде басталған қуғын-сүргін зобалаңы 1937 жылдан бастап, қайтадан жалғасты. Бұл жолғы қуғын-сүргіннің бет-әлпеті мен екпіні қатты болды. Әкімшіл-әміршіл тоталитарлық биліктің жаналғыш машинасы ақ пен қараның аражігін ажыратып жатпай-ақ жолындағысының бәрін жайпай өтіп, атынан адам қорқатын «Халық жауы» деген үрейлі пәлені ойлап тауып, халқымыздың бет қаймағына қырғидай тиді. Тіпті осыған дейін әртүрлі жалған айыптаулармен сотталып, жазасын өтеп жатқан қайраткерлердің ісі қайта қаралып, тергеуге алынды. Оларға тағылған бұрынғы айыптаулар аз болғандай, жалғандықтың жазасы бұрынғыдан да қоюлана түсті. Осындай кер заманның жан-жақты қыспағына ұшырап, тар қапасына қамалып жатқан жерінен, жаза мерзімі бітпей жатып-ақ қайта алдырылып, тергеуге алынған қазақтың қайраткер тұлғаларының қатарында Ы Мұстамбайұлы да бар еді.

1937 жылы шілде айында қайта тергеуге алынған Ыдырысқа тағылған айыптар Қазақстандағы 1930-жылдары болған голощекиндік және оны қолдаған орталықтың әпербақандық саясатының салдарынан туындаған саяси оқиғалармен тығыз байланыста болды. Атап айтқанда, оған бұған дейін де негізсіз жалған тағылып келген: «Троцкишілермен байланыста болды және жастарды кеңестік билікке қарсы ұйымдастырды, саяси ұйым құрды, кеңес өкіметіне қарсы қарсы қарулы көтеріліс ұйымдастырды» деген сықылды айыптаулар қайтадан жалғасты.
Кеңестік биліктің және оның жендеттері ОГПУ, НКВД сияқты жазалаушы құрылымдардың сұрқия айла-тәсілдерімен бұрыннан таныс және олардың халық атын жамылып, елге қарсы небір сұмдықтарды істеп жатқандығынан хабардар Ы. Мұстамбайұлы өзіне танылған жалған саяси айыптаулардың бірін де мойнына алмады.

Тергеушінің: «Сіз кеңестік билікке қарсы құрылған ұлттық ұйымның қызметіне белсенді атсалысқандығыңызды мойындайсыз ба»? деген сұрағына: «Маған тағылған кінәні мен мойныма ала алмаймын. Кеңестік билікке қарсы құрылған ұлтшылдар ұйымы туралы маған ештеме де белгілі емес және өзім ондай ұйымның мүшесі болған емеспін», – деп жауап береді.
«Коммунистік отаршылдықтың» айқын түрде жүргізіліп жатқанын әуелден-ақ аңғарып, ұлт мүддесі жолында оған қарсы табанды күрескер болуымен тарихымыздың жарқын беттерінен ойып орын алатын өр кеуделі қайраткер тұлға Ы.Мұстамбайұлы 1937 жылы 16 қарашада Алматы облыстық ОГПУ үштігінің «Кеңес үкіметіне қарсы ұлтшылдық-террорлық көтеріліске және тыңшылық-диверсиялық ұйымға белсене қатысқаны үшін» деген қолдан құрастырылған қаулысы негізінде ату жазасына кесілді.

Ұлт мүддесі жолында халқына қалтықсыз қызмет еткен Ы.Мұстамбайұлы 34 жасында түрмеге жабылды, одан кейін 5 жыл тұтқында болып, бар болғаны 39 жасында жазықсыз әкімшіл-әміршіл жүйенің қолынан қаза тапты.

Досалы Салқынбек,
профессор

14 маусым, 11:44
Шапанды сән үшін кимедім
14 маусым, 11:30
Мақсатымыз - айқын, жолымыз - ашық!
07 маусым, 12:46
Бұл не деген батпан құйрық?..
07 маусым, 12:39
Жусандай жұғымды болса екен!
31 мамыр, 16:14
Киік - қырғын қайталанбасын дейік...
31 мамыр, 16:08
Ажырасудың себебі - ақша
31 мамыр, 15:48
Алып елдің бір бөлшегі
31 мамыр, 15:36
Жүз алпыс сегіздің жұмбағы