jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Қымбат үй иелері электр көзінен ажыратылды

06 желтоқсан, 21:26
51

Жарықтан шыққан жанжал! Алматыда «Теңіз Тауерс» элиталық көпқабатты тұрғын үй кешені электр көзінен ажыратылды. Ауқатты отбасылар тұратын 6 үй жарыққа жалпы соммасы 33 миллион теңге берешек. Жарық таратушы компания төлемнен жалтарған жауапсыз тұрғындарға сабақ болсын деп осындай қадамға барғандарын айтады. Алайда, бай-бағландар «барлығын уақытылы төледік, қарызға батуымызға мердігер компания сайлаған пәтер иелері кооперативінің төрағасы кінәлі» деп шу шығарды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Құрал-саймандарын сайлап келген энергетиктерді көргенде тұрғындардың төбе шаштары тік тұрды. Жарық ақысын уақытылы төлеп келеміз деп шулаған олар ақыры ашуға ерік берді. Ал, жағдайды түсіндіруге тырысқан мамандарды тыңдау былай тұрсын, өздеріне арыз-шағымдарын айтып жарыса жөнелді. Сәулеті келіскен «Теңіз Тауерс» элиталы тұрғын үй кешенінде 300-ге жуық пәтер бар. Бір қызығы, бай-манаптардың жарыққа берешегі 33 миллион теңгеге жетіпті. Алайда, тұрғындар ай асырмай қуат көзінің ақысын кешіктірмегендерін айтады. Әр квт-на 17 теңгеден төлеген түбіртектері де бар.

Сәкен Алданазаров, Алматы қаласының тұрғыны:

— Неге өшіреді? Бәрімізде келісім шарт бар. Үйдің 90 пайызы төлейді. Бұрынғы компанияның құжаттары дұрыс болмаса оны өздері шешсін. Кішкентай баласы бар адамдар бар. Зейнеткерлер бар.

Ал ақшаның жарық беруші компанияның шотына түспеуі мердігер компанияның былығы дейді пәтер иелері кооперативінің төрағасы. Ол орталық электр жүйесіне қосылған өзге әкімшілік ғимараттардың қарызын халық төлемейді деп шорт кесті.

Ләйлім Тұрысбаева, ПИК төрағасы:

-Қазіргі «Энергосбыттың» айтып жатқан қарызы ол алдыңғы компанияның қарызы. Олар солардың қарызын халық арқылы төлетіп алайын деп отыр. Біз оған қарсымыз. Өшірсеңдер өшіріңдер, төлемейміз деп отырмыз.

Жауаптылардың да айтар өз уәжі бар. Компания өкілдері бірлестік төрағасының ортақ келісімге келмеуі жағдайды ушықтырғанын жеткізді.

Ольга Антонова, «Алматыэнергосбыт» ЖШС директорының орынбасары:

-Бұл қарыз 2016 жылдан бері төленбей келеді.Халық мүмкін төлеп жатқан шығар. Бірақ ол мәселе бізді қызықтырмайды. Шотта ақша жоқ. Төлемді кім орта жолдан жымқырды білмейміз. Төрағаны өздері сайлаған. Ол келісім-шарт жасауға мүлдем құлықсыз. Соттасамыз. Бұл қадамға мәжбүрлі түрде бардық.

Осылайша, екінің бірі қалтасы көтермейтін элиталы үйдің тұрғындары жарықты қосу үшін сотқа жүгінеміз деп тарқасты. Бай-манаптар келісімшарттағы шикіліктерді толығымен дәлелдейміз дейді. Жарық беруші компания болса, төлемнен жалтаратын тұрғындарды жаппай жарықтан ажыратпақ.

14 желтоқсан, 11:54
Жадымыздасың, Желтоқсан!
07 желтоқсан, 13:04
Ыдырыс Мұстамбайұлы
07 желтоқсан, 12:58
Кебенекті біліесіз бе?
07 желтоқсан, 12:54
Әзірге ұсыныс
07 желтоқсан, 11:39
Дуа мен дауа немесе Айтолқынның айласы
30 қараша, 12:29
Құзорда - Баласағұн
30 қараша, 12:22
Шанақтан шыққан шатақ
29 қараша, 15:06
Bitcoin құнсызданып барады