jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Әйелдердің діни экстремизмі – болашақ қаупі

06 желтоқсан, 15:42
45

    Қазір біз әлемдік діни ортада орын алып жатқан түрлі өзгерістің куәгері болудамыз. Әсіресе дін атын жамылып түрлі қарулы қақтығыстар орын алған жағдайлардың да куәсіміз. Ал осы қақтығыстардың бел ортасында нәзік жанды әйел затының жүруі қоғамды ойлантпай қоймайды. Жат ағымның жетегінде кетіп, тура жолдан адасып жүрген қаракөздеріміз қаншама. Олардың адасуына не себеп? Қаракөздеріміздің бетін кері қайтару үшін қандай шаралар қолданылып жатыр, қанша қыз-келіншек жат ағымның шырмауынан босады осы сауалдарды Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқармаға қарасты «Имани гүл» діни кеңес беру және оңалту орталығының жетекшісі, теолог Жұмагүл Әбдірахмановаға қойған болатынбыз.

Jasqazaq.kz: Жұмагүл Халилуллақызы әңгімемізді орталықтың негізгі қызметінен бастасақ. Сондай-ақ жыл басынан бері қанша қыз-келіншекті жат ағымның жетегінен алып қалдыңыздар?

Жұмагүл Әбдірахманова: Ең алдымен біздің орталық тағдырдың түрлі тауқыметімен «намаз оқимын», «дін жолына түсемін» деп жүріп басқа ағымның жетегінде кетіп, небір қиындық көрген қыз-келіншектердің сауатын ашып, оларды дұрыс жолға бағыттаумен айналысады. Сонымен қатар «өмірде көп адастым, маған тура жол көрсетсеңіздер екен» деп келетін қыздарға көмек береміз. Жыл басынан бері Алматы қаласы бойынша 1339 қыз-келіншекпен ашық түрде сұхбаттасу ұйымдастырылды. Соның ішінде 524- сәләфи ағымына кетіп қалғандар. Ал 80- адасушылық ағымды дұрыс деп санайтындар. Одан бөлек 10 әйел заты – жат ағымды насихаттайтын көшбасшылар. Ал 2 әйел жат ағымнан арылып, қателіктерін мойындап өз райынан қайтты. Көбінесе біздің орталыққа 17мен 30 жас аралығындағы қыз-келіншектер сан түрлі мәселемен келеді. Біз ең алдымен оларға шариғат заңдарын, ақида, Құран тәпсірі мен психологияны оқытамыз. Қазіргі таңда орталықта 8 ұстаз жұмыс істейді. Оның біреуі психолог маман. Орталықтан білім алып жатқан қыз-келіншектердің көбісінің күйеулері жат ағымға кіріп кеткендер немесе қамауда отырған азаматтар. Бұлардың барлығы әр аудандағы учаскелік полицияда тіркеуде тұрғандар. Кеңес беру және оңалту орталығы қалалық дін істері басқармасына қарайтындықтан біз құқық қорғау органдары мен, қалалық әкімшіліктермен бірлесіп жұмыс істейміз.

Jasqazaq.kz: Қыз-келіншектердің осылай адасуына не себеп нақты бір әсер ететін факторлар бар ма?

Жұмагүл Әбдірахманова: Әр түрлі себеп бар. Біреулері еліктеушіліпен келсе, енді біреулері тағдырдың тауқыметінен шаршап жанына демеу боларлық нәрсені намаздан іздейді. Ал намаз оқуға еліктеп тура жолды білмей жүрген қыздарға алғашқы ұстазы қандай бағыт береді сол жолмен кете береді. Егер ол қыздың алғашқы ұстазы жат ағымды насихаттайтын адам болса, ол қыз сол ағымды дұрыс екен деп ойлап тез арбалады. Кейбір әлеуметтік жағдайы төмен қыз-келіншектерді материалдық қолдау көрсету арқылы да арбап алатындар бар. Осы сынды бірнеше факторлар әсер етеді. Дегенмен де ең бастысы ол адамның діни сауатсыздығы. Біз бізге келген әрбір азаматшамен жеке кездесіп, олардың жағдайымен танысамыз.

Jasqazaq.kz: Деструктивті діни ағым, қара орамалды арулардың көбеюі барлығы қоғамдағы өзекті мәселе. Осының себебін қайдан, кімнен іздейміз?

Жұмагүл Әбдірахманова: Иә, бұл үлкен проблема. Өйткені қазіргі таңда ата-ана мен бала арасында қарым-қатынас жоқ. Өйткені ата-ана баласының кіммен араласатынын, интернеттен не көріп, не тыңдап отыратынынан мүлдем хабарсыз. Бізге келген қыз-келіншектердің көбісі күйеулерімен әлеуметтік желіде танысқандар. Айтуларынша, желіде отырып танысып, түрлі видеолар мен аудиожазбалар тыңдап жат ағымның насихатына еніп кететіндері көп. Сондықтан да ең алдымен қыз баланың араласатын ортасы, достары, бос уақытын өткізетін орындары ( кафе, кітапхана, кинотеатр, саябақ) ата-ана тарапынан қадағалануы керек. Әрбір ана қызының қайда жүргенінен хабардар болып отырса. Себебі статистикаға сүйенсек, отбасынани жылу көрмеген қыз балалар сол жылуды сырттан іздейді. Діннен іздейді. Ал осындай ойы сан- санаққа кетіп жүрген қаракөздер тез арбалады. Егер олардың диагнозын дер кезінде анықтап, дұрыс бағыт көрсетіп жіберсе олардың алдын алуды біршама тездетуге болады. Сондықтан да бұл үлкен мәселе. Ал үлкен мәселені бүкіл қоғам болып бірлесіп шешуіміз керек.

Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева

14 желтоқсан, 11:54
Жадымыздасың, Желтоқсан!
07 желтоқсан, 13:04
Ыдырыс Мұстамбайұлы
07 желтоқсан, 12:58
Кебенекті біліесіз бе?
07 желтоқсан, 12:54
Әзірге ұсыныс
07 желтоқсан, 11:39
Дуа мен дауа немесе Айтолқынның айласы
30 қараша, 12:29
Құзорда - Баласағұн
30 қараша, 12:22
Шанақтан шыққан шатақ
29 қараша, 15:06
Bitcoin құнсызданып барады