jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Зауал жылдар запыраны

23 қараша 2018, 16:31
691

Қазақ баспасөзінің серісі де, перісі де баршылық. Ал шері біреу ғана. Ол – Шерхан шері. Дәл осындай атаумен бірнеше жыл бұрын Шерияздан аға Елеукенов елеулі мақала жазған болатын. Сөйткен, Шерхан шері – Шерхан Мұртазаның өмірден озғанына да 40 күннен асып барады.
Шерағаңның есім-сойын оқырман қауымға айтып, таныстырып жатудың өзі артық әңгіме. Ол ақиқаттың алдаспанындай асылдың сынығы еді. Ең бастысы, «мылтықсыз майданның» батыры. Тәуелсіздіктің іргетасын қалыптастырған рухани ұстаз, әділдіктің ақ алмасы. Қаламгердің артында мол мұра қалды. Әсіресе «Қызыл жебенің» шоқтығы биік. «Қызыл жебеде» қазақтың қайраткер ұлы Тұрар Рысқұловтың күреске толы өмір жолы, 30-жылдардағы нәубет кезіндегі әміршіл-әпербақан жүйеге қарсы тұрған ерлігі баяндалады. Бүгін біз газет оқырмандарының назарына сол романның «Тамұқ» тарауынан үзінді беруді жөн көрдік.

Рысқұлов тани кетті. Оқыстан денесі түршіккендей болды. Қателеспепті, дәл өзі. Бүкшиіңкіреп қалыпты. Жалғыз.
Байқамағансып, бұрылып кете беруге де болушы еді: сағынып жүрген жоқ, ежелден егескен жау: нағашысы да емес, құдасы да емес, несі бар қолындағы суын төгіп алып, қалтаңдап тұрған шалда… Бірақ шыдай алмады.
– Филипп Исаевич! Сізсіз бе? Саламатсыз ба?
Шал, біреу ұрлығын көріп қойғандай, тыжырына бұрылды. Қарсы алдында тұрған адамды көрген бойда селк ете қалғандай болды да, лезде бойын жиып: – О, Тұр-аар Рысқұлович, – деп ерні икемге келмей, кемсеңдеп кеткендей еді.
– Амансыз ба, Филипп Исаевич, мұнда қашан келіп қалдыңыз?
Қол алысты. Қолы сұп-суық, сексеуілдің жігеріндей қап-қатты.
– Он шақты күн болды, Тұрар Рысқұлович. Өзіңіз, сірә, жаңа келген тәріздісіз.
– Иә, Филипп Исаевич, кеше кешінде келдік. Міне, мынау менің әйелім, танысып қойыңыз. Аты – Әзиза.
– Го – ло – ще – кин, – деп өз фамилиясын өзі әрең есіне түсіргендей бөліп-бөліп айтты. Сөйтіп тұрып, жас келіншекке сұқтанғандай сүзіле қарады. Әлденені есіне түсіре алмай тұрғандай:
– Мен сізді Ташкентте көрдім бе, көрмедім бе? – деді. «Қайдағы Ташкент?» дегендей Әзиза Тұрарға қарады.
– Жоқ, Филипп Исаевич, Әзизаны Ташкентте көре алған жоқсыз. Айтпағыңыз менің бірінші әйелім Наталья Алексеевна ғой?
– Бәсе, бәсе, ұқсамайды. Иә, көп жыл өтіп кетті ғой. Тұра тұрыңыз… – Голощекин ұзын саусақтарын біртіндеп бүге бастады. – Он жеті жыл! Иә, тура он жеті жыл. Зулап бара жатқан заман-ай…
– Оныңыз рас, Филипп Исаевич, содан бері де он жеті жыл өте шығыпты.
– Онда сіз тым жас едіңіз, Тұрар Рысқұлович, тым арынды, асау едіңіз.
– Асауды жуасыттыңыздар ғой, Филипп Исаевич, – деп күлді Рысқұлов.
– Білмеймін, білмеймін, құрметтім, жуаси қалған сіз бе екенсіз… – Голощекин абайлап, бір-бір ұрттап тұрған суына оқыс шашалып қалып, қолы-басы, бурыл теке сақалы дір-дір етіп, ұзақ жөтелді.
Рысқұлов оның шынтағынан демеді. Сарыбауыр, қара күшік жаутаң-жаутаң етті.
– Далаға, ауаға шығайық, Филипп Исаевич, – деді.
Дермен шатыс хош иісі бұрқыраған күзеулі ағаштардың арасындағы сәкіге жайғасып, Голощекин кенеп шалбарының қалтасынан бет орамалын алып, аузы-басын, жасаураған көзін мұқият сүртті.
Келіншегі жеңінен тартқан соң, Рысқұлов кетпекке ыңғай танытып:
– Көріскенше, Филипп Исаевич, – деп еді, қарт кісі өкпелеп қалды:
– Немене, жүз жылда бір көріскенде бес минут уақытыңызды қимадыңыз ба?
Амал жоқ, келіншегі жақтырмаса да, Рысқұлов сәкіге отыра кетті. Процедура бар еді, әйелім ауырып тұр еді деп сылтау айтуға да болады. Бірақ, ғажап, кейде адам ежелгі дұшпанымен де сағынысып қалғандай болады. Голощекиннің кездейсоқ кездесуі анау бір алау шақты еске түсірді. От оранған, отызға жетпей орда бұзған: Голощекин, Фрунзе, Куйбышев сияқты азуларын айға білеген алыптармен айқасқан Түркістан тұсы Рысқұлов үшін аса ыстық, әм аяулы. Сондағы жауын көру де бір құмарлық сияқты.
Әзиза амалсыздан сәкінің құймышағына ғана әрең ілініп, оқшау отырды. Біреуді жек көргенін жасыра алмайтын осындай «осалдығы» бар. Голощекинді әлгінде көргеннен-ақ іштей тыжырынып қалды. Оның үстіне аңқаусып, Тұрардың бұрын басқа әйелі болғанын жымысқылап еске салғаны – бұл адамның әккі, бәлеқор екенінен белгі беріп, жас келіншек одан жиіркеніп шыға келді.
Әзиза Голощекинмен сырттай әбден таныс. О, таныс болмағанда ше? Әлі күнге дейін Қазақстанда оның атын атаса, жылаған бала жылағанын қоя қояды. Оның аты аталғанда, үнсіз күліп, жадырап тұрған гүлдің өзі жиырыла қалады. Голощекин қырып салған адамдардың сүйегінен тыңайған жерге шыққан шөп екеш шөпке дейін, оның атына тым-тым сезімтал. «Голощекин» дегенде, аруақтардың да сүйектері сырқырап кететін шығар, соны сезген гүлдер де жиырыла қалатын болар.
Сөйткен Голощекинмен енді Рысқұлов кәдімгідей қол алысты. Онымен қоймай, жайғасып тұрып қатар отырды. Қан сасыған кәрі қақбаспен қалай қатар отырады? Әзизаның жыны келеді…
– Қартайып барамын, Тұрар, – деді Голощекин, біртүрлі мұңын шаққандай болып, Рысқұловқа ең жақын адамындай сырын ашып. – Қартайғанда жалғыздықта жаман… Ұйқы нашар, – деді селдіреп қалған бурыл шашын селтеңдетіп, басын шайқап, – Мәскеудің даңғазалы шуынан кейін, мына Кавказдың бір қуысында жан тыныштық бола ма десем, мұнда да ұйқым келмейді.
– Дәрі қабылдап көрдіңіз бе? – деді Рысқұлов. Голощекин қолын ербеңдетті.
– Ұйықтататын дәрі береді, әсер етпейді, – деп онсыз да жіңішке даусы тым шіңкілдеп кетті.
Рысқұлов оны не деп жұбатарын білмеді? Жердегі жаннат – Кисловодскідеде ұйқыдан безіп, жаны жай таппаса, шынында да обал ғой.
– Ұйқы келмегені мейлі ғой, – деп кемсеңдегендей болды Филипп Исаевич. – Ең сұмдығы мынау ғой, Тұрар: көзім ілініп бара жатқандай болады – қуанып қаламын; көзім іліне бере… түс көргендей боламын. Ылғи да бір музейлерді аралап жүремін. Музейдегі неше түрлі кәдімгі әп-әдемі заттар кенет… скелет, қаңқа… адам қаңқалары болып алып, би билеп, қарқ-қарқ күле бастайды. Күлгені сонша, сол рабайсыз, орасан қарқылдан шошып оянып кетем. Ояна келсем – сұп-суық қара терге малынып жатам. Ауыстырайын десем, артық сейсеп жоқ. Өз терімнен өзім жиіркеніп, кейде таң атқанша сілейіп, түрегеп отырамын…
Мына қорқынышты әңгімеден Рысқұловтың тұла бойы мұздап бара жатқандай болады. Рысқұлов бала сияқты. Ал Голощекин балаға үрейлі ертек айтып отырған сияқты.
– Және, – дейді жарықшақ жағымсыз үнмен Филипп Исаевич, – бір рет, екі рет болса шыдайсың-ау. Ал күнде-күнде, айлар бойы, жылдар бойы осы бір сұмдықтан арыла алмасаң – не істейсің?! Күндіз, әйтеуір анау-мынаумен алданарсың-ау. Айналаң – адамдар, бір мезгіл серуендейсің, асханаға барасың, суға барасың. Ал қалай іңір қараңғысы түседі – солай мазам май ішкендей болады. Түн баласы мен үшін – тозақ. Алда, көзім іліне қалса, түсімде не көретінімді күні бұрын білем. Білем де – зәрем қалмайды. Қасымда ешкім жоқ. Әне күні бас дәрігерге айттым: мені екі кісілік палатаға, біреудің қасына жатқыз деп. Бірақ кім шыдайды, қорылдайтын бәлем тағы бар.
Рысқұлов таң калды. «Аруақ шын болғаны ғой!»
Рысқұловты екі ұдай сезім қинады: «Байғұс, қартайғанда алжиын деген екен ғой». «Е, бәлем, аруақтар алқымыңнан алған екен, ә!»
Адам баласын, тіпті дұшпаны болса да табалауға жоқ еді, табалайын демейді-ау, бірақ Голощекин өзін-өзі әшкерелеп отыр. Дегенмен «Кіші Октябрьдің» авторында сезім деген бар екен. Сезім болмаса, сол сезім қатты әсер етпесе, түсіне өліктер кірмес еді. Абадан алып даланың о қиырынан бұ қиырына дейін шашылған өліктер…
Рысқұлов Голощекиннің есіне «Кіші Октябрьді» салмақшы еді Филипп Исаевич әлдеқалай түйсікпен соны сезе қойғандай, кенет:
– Жандосовты көрген жоқсыз ба? – деді.
– Жоқ. Қай Жандосов?
– Кәдімгі Ораз Жандосов ше, – Голощекин Рысқұловқа күстәналай қарады. – Мәскеуден Кремльден шықпай отырып алып, өз жерлесіңізді ұмытып кеткенсіз бе?
– Е, ол осында ма екен?
– Осында күнде көремін. Су басында кездесіп қаламыз. Қасында татар қатыны бар. Ух, мен көзімен атып жібере жаздайды, тілі де удай сол қатынның… Мен не жаздым? – Голощекин көсеудей қолдарын жайып жіберді. – Не жаздым? Жандосовқа тиіскен жоқпын.. Бюро мүшесі болды. Рас, айтысып қалатынбыз. Онда тұрған не бар екен? Қатын араласатын шаруа емес қой… Демек, сіздер бір-біріңізбен хабарласып тұрмайтын болдыңыздар ғой. Мен ойлағанын: бірі Алматыдан, бірі Мәскеуден бір мезгілге келісіп, Кисловодскіде тоқайласпақ болған екен ғой деп. Бүгін көрінбейді өздері. Әлде, процедура ма екен…
Әзиза тыпырши бастады. Бір тұрып, бір отырды. Кетейік дегені Рысқұлов: «Көріскенше, Филипп Исаевич», – дей берейін десе, Филипп Исаевич тағы бір әңгімені бастап жібереді. Ол сөйлеп отырғанда тұрып жүре беру – сөлекет. Қас дұшпанның алдында да дөрекілік жүрмейді.
– Бәрі ауылдан шығады, – деді Голощекин қырлы стакандағы нарзанның соңғы тамшысын сарқып ішіп, сақал-мұртын бет орамалмен тәптіштей сүртіп. – Ұмытпасам, жиырма алтыншы жылы ғой деймін. Иә, жиырма алтының шілдесі шығар, Қызылордадан, дәлірек айтсам, Жосалыдан шығып, Қарсақпайға аттандық. Машинамен, әрине. Қасымда ГПУ-дің бастығы, фамилиясы кім еді? Өзі бір маскүнем еді… Менің көмекшім… Тағы әлгі жазушы… кім еді? My, му, Муканов. Иә, сол! О басында ерткім келмеп еді, бірақ пайдасы тиді. Ол болмағанда… Мидай дала. Бір жан жоқ. Айнала құм. Тырбық баялыш. Тақыр. Менің машинам құмға тығылып қалса, алдымызда жол салып келе жатқан жүк машинасы сүйреп шығарады. Күн ыстық. Шөлдей береміз. Не керек, ақыры адастық. Су таусылды. Машина сусыз жүрмейді. Ұлы сөзде ұят жоқ, радиаторға кіші дәрет те сындырдық. Өлетін болдық. Содан, әлгі жазушы машинаның төбесіне шығып алып, жан-жаққа ұзақ қарады. Бұл не бітірер екен деп біз отырмыз. Ақыры күннің батысына қарай жаяу тартты да кетті. Біз шөлдеп, ыңырсып, оның бары-жоғын ұмытып та кеттік. Шопыр күрек алып, құмды қазып көрді. Түк жоқ. Су жоқ. ГПУ оған:
– Иттің баласы, біздің көрімізді қазып жатырсың ба? – деп ұрсып тастады. Өзі мас. Мас болатыны: бізде арақ бар. Су жоқ, арақ бар. Арақ шел басады деп, әлгі ГПУ бөтелкенің аузынан анда-санда ұрттап-ұрттап қояды. Маған да ұсынып еді, ішпедім. Ішім өртеніп өлермін деп қорықтым. Бір кезде ГПУ:
– Ойбай, крокодил! – деп жан даусы шықты. Тапаншасын ала салып, тарс-тарс атып жіберді. Сөйтсек, ешкіемер екен. Көмекшім айтты:
– Бұған қос көріне бастады. Бізді де атып тастар. Наганын тартып алайық, — деді. Екеулеп жатып наганын тартып алдық. Өзі де әлсіз екен, былқ-сылқ етіп, құлап қалды. Енді қайттік? Күн кешкіріп барады.
Не керек, күн батып бара жатқан тұстан бір уақытта атты адамдар көрінді. Е, Құдай бере гөр дедік. Киргиздар келді. Орталарында – жазушы. Торсықпен су ала келіпті, қымыз ала келіпті. Не керек, тірі қалдық. Машинаға су құйып, оталдырып, түн ішінде, әлгі киргиздардың ауылына барып қондық. Аты не еді? Көл, көл. Әйтеуір, бірнәрсе көл. Африкадағы Сахара сияқты, мұнда да құм арасында оазис – көкшұрай болады екен. Сол ауыл бізді ажалдан алып қалды.
– Ал сол ауыл отыз екінші жылы түп-түгел жер бетінен жойылып кетті, – деп Рысқұлов сұп-сұр болып орнынан сілкіне тұрды, – Сіздің айтып отырғаныңыз – Мақпал көл! Бұл әңгімені маған Сәбит те айтқан. Сізді ажалдан аман алып қалған сол ауыл «Кіші Октябрьден» кейін түп-түгел аштан қырылды. Жүр, Әзиза! Сау тұрыңыз, Филипп Исаевич…

Голощекин басқарған сегіз жыл ішінде Қазақстанның басынан өткен нелер зұлмат заманға екеуі кезек-кезек сапар шегіп кете берді. Бұл неліктен? Қазақстанға Голощекин қалай келді? Таңдау неге соған түсті? Жеке адамның қоғамдағы, тарихтағы, тағдырдағы рөлі деген не?
– Айталық, Қазақстанға сонда Сталин Голощекинді емес, басқа біреуді жіберсе, айталық, Кировты, не Куйбышевті, яки казіргі Мирзоянды, не Орджоникидзені жіберсе қандай болар еді? Қазақстан соншалықты оңбай ойсырамас па еді? – деп Жандосов салмағы зілмауыр әңгіменің шетін шығарды. – Ақыры қазақ азаматтарына сенбеді, яки сенгісі келмеді. Ендеше, Голощекиннен басқа біреу бұйырмады ма?
Рысқұлов тыңдап отырып-отырып, мырс етті.
– Әрине, Ораз, жеке адамның іс-әрекетіне көп нәрсе байланысты. Голощекиннен басқа, әлгі сен атаған азаматтардың біреуі келсе – жағдай сәл басқашалау болуы да мүмкін еді. Бірақ, – деп күрсінді Рысқұлов, – саясат біреу ғой. Ол Сталиннен өрбіген саясат. Ол – жаппай коллективтендіру. Ол – жеделдету. Әлгілердің қай-қайсысы да сол саясатты жүргізер еді. Мысалы, Украинаны Голощекин басқарған жоқ. Бірақ онда да халық қырылып қалды. Украин халқының көптігінен білінбей отыр. Әйтпесе, онда да қазақтардан кем қырылған жоқ. Голощекин – Сталин қолшоқпарларының ішіндегі ең зілмауыр гүрзісі, жалаң қылышы болып шықты. Қазақтың өте-мөте көп қырылуы, сөз жоқ, соның аса солақай әрекетімен байланысты.
– Ал енді зауал қайда? Бір адамды өлтірмек тұрмақ, шекесін жарсаң сотталасың. Миллионды қырған Голощекинге неге сот жоқ?
– Ол үшін балтаның жүзін ғана емес, сабын да соттау керек. Голощекин – балтаның жүзі болса, сабы – Сталин. Оны қайтеміз? Оны қайтіп соттайсың? Сот болады. Бірақ соңынан… со — ңы — нан. Оны біз көреміз бе, көрмейміз бе – беймәлім. Бірақ келер ұрпақ ұмытпайды.
– Не деп кеттіңдер, ойбай! – Фатима шошынып қалды. Терезенің пердесі түсірулі тұрса да кейбір саңырауларын қымтап қойды. – Басқа бірдеңе айтсаңдаршы, қарақтарым-ау.
– Сталин – айдаһарға айналды. Ол рас, – деді Жандосов әйелінің үрейіне мән бермей. – Айналасының бәрін жалмап, жайпап барады. Көнекөз большевиктердің көбін жұтып жіберді.
– Голощекин де көнекөз большевик қой. Оны неге жұтпайды? деп жаңа ғана қорқып отырған Фатима батылданып әңгімеге қалай араласқанын өзі білмей қалды.
Ақ көңіл, ашық мінезді Фатиманың бұл қылығына сүйсінді ме сирек жымиятын Рысқұлов, тіпті күліп жіберді. Сонан соң барып, байсалданып:
– Фатима-ау, Голощекин Сталиннің бетіне қарсы келмейді ғой. Қарсы келсінші, не істер екен? – деді.

Бүгін, 15:10
Қытай Абайды оқи бастады
Бүгін, 15:05
Кірген із бар, шыққан із жоқ
Бүгін, 14:58
Ақбөкенге араша болып еді...
Бүгін, 14:41
Тұз бұзылса, не себесің?
Бүгін, 14:23
Тәртіпке кел, коллектор!
Бүгін, 14:17
Түрмені де шарпыды
21 желтоқсан 2018, 15:30
Үйрек бағушы
21 желтоқсан 2018, 13:42
Тірі ме екен Лунара?!