jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Халықтың есебінен баюға болмайды

23 қараша 2018, 12:04
447

ДӨП пікірсайыс клубының бүгінгі тақырыбы – тариф мәселесі. Жылу мен электр энергиясы, ауыз су мен көгілдір отын бағасы соңғы жылдары тек көтерілумен келеді. Мұның себебі неде? Қадағалаушы орындар қайда қарап отыр? Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев пен журналист Дәулетхан Қыдырбайұлы осы сұрақтар төңірегінде сұхбаттасты.

Дәулетхан Қыдырбайұлы: Омархан Нұртайұлы, соңғы 20 жылда ел ішінде газға, суға, тіпті көмірге де тариф өсумен ғана келеді. Оның ішінде электр қуатын өндіруді алатын болсақ, солтүстік аймақтар солтүстік көршімізге тәуелді демесек, басқа өңірлерде өзімізде өндіріледі. Мұнай да, газ да, көмір де бар. Ал тарифті осынша қымбаттата беруге қандай да бір негіз бар ма?
Омархан Өксікбаев: Жалпы сөзің дұрыс. Қазақстанда бәрі бар. Бүгінгі күнге халықтың мұқтажына керек электр энергиясы өзімізде өндіріледі. Бүгінде бізде профицит бар деп ашық айтуға болады. Көмір мен су өзімізде жеткілікті. Кезінде кеңес заманында тиын болған дүние неғып соншалықты шарықтап аспанға шықты екен. Оны Бас прокуратура Елбасының нұсқауын тоспай-ақ, тексерсе болатын еді.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Мысалы, монополияға қарсы комитет бар ғой!
Омархан Өксікбаев: Иә, монополияға қарсы комитетіміз де бар. Құқығы мен мүмкіншілігі жетеді. Функционалдық мүмкіндіктері заңды түрде жасалған. Солардың барлығы өндірушінің бұрынғы бағасымен пайдаланушыға жеткен бағасын салыстырып отыруы тиіс. Бұл біздің өндіруші мен сатып алушыға, одан кейін тұтынушыға тауарды дұрыс жеткізбегенінің кесірі. Қазір үкіметке осы сұрақты қойғым келеді. Екібастұзда 1 кВ энергияны қанша теңгеден өндіріп отыр? Айтсыншы, осыны халыққа… Олар мұны айтпайды. Ол жабық ақпарат. Ал ол аса қымбат емес. Өйткені көмір жанында. Ал бізге келгенде, Астанаға келген кезде 14 теңгеден болып отыр. Осыны сұрайтын уақыт жетті. Мұның ортасында кім тұр? Кімнің қалтасында қанша қаражат қалып жатыр? Халықтың есебінен кім байып жатыр? Осыған балама ретінде мүмкін біреу арзан электр энергиясын әкелетін шығар. Оған қандай жағдай жасап отырмыз? Оны ешкім зерделеп, ешкім айтып жатқан жоқ. 2-3 теңге арзанға энергия әкелеміз дейтіндер де бар. Ал соларға жол берілмейді. Өйткені нарықтың бәрін өздері жаулап алған.
Кешегі Қауіпсіздік Кеңесінде айтылған Клебанов соның төңірегінде жүр. Соған қатысты бір нәрсені өзгертетініне күмәнім бар. Өйткені барлығы нарықты жаулап алған. Оны бұзу – өте қиын. Үкіметтегілердің де азуы батпайтын секілді. Тексеруіміз, зерделеуіміз керек. Жылда егін оратын кезде баға аспандап кетеді. Оларда техникалық өңдеу деген болады. Техниканың өзі тозады ғой. Оны жаңарту керек. Кезінде Елбасының нұсқауымен техникаларды жаңартып, тарифтің өсуіне мүмкіндік берілді. Ал қаншасы жаңарды? Одан есеп алған ешкім жоқ. Ал қазір олар «Ойбай, бізде апаттық жағдай болып жатыр. Біздегі тарифті түсіретін болсақ, апатты жағдай болады», – дегенді тағы айтады. Сондықтан оларға ақшалай көмек беруіміз, болмаса тарифті өсіруге жағдай жасауымыз керек болады.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Осы саясатты жүргізіп отырған өкілетті орган бізде бар. Қолын байлап отырған заң, әлдеқандай құжаттар жоқ шығар?
Омархан Өксікбаев: Олар қай заң қолын байлап отырғанын айтсыншы! Заң жағынан жағдайдың барлығы жасалған. Бізде мүмкіндіктің бәрі туғызылған. Заң жүзінде оларға шектейтін ешнәрсе жоқ. Екінші мәселе – оның орындалуында. Талап қоя білуде. Кішкене болса да азу көрсете білуде. Жан-жаққа алаңдамай азуын көрсете білуде. Қолына қарап, жалаңдайтыны да бар. Біз тарифті өсірткізгеннен кейін оларға белгілі бір норматив беруіміз керек еді. Тапқан табысының 30 пайызын техникалық өңдеуге жіберуі керек.
«Алдыңа ас қойдым, екі қолды бос қойдым» дегендей, бұлардың бәріне мүмкіндікті бердік. «Енді асай бер» дедік. Бәрі асап жатыр. Мұның бәрі халықтың мойнында, халық төлеп отыр.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Тариф ретінде ғой…
Омархан Өксікбаев: Иә, тариф болып. Халық төлейді. Екіншіден, соның тұтынушылары төлейді. Соның есебінен олардың да тауарының бағасы өседі. Міне, инфляцияның өсу себебі осыдан.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Қазір тарифтер бойынша тексерулер жүріп жатыр. Осыған орай монополистерге қандай жаза қолданылады? Оларға қандай жауапкершілік жүктелуде?
Омархан Өксікбаев: Үкіметте монополияға қарсы іспен айналысатындардың өз құқығы бар. Егер заң бұзып, тарифтерді негізсіз өсірсе, оларға айыппұл салады. Шынын айту керек, кезінде мен айыппұлды молырақ қылсақ деп едім. «Маса шаққандай емес, ара шаққандай болса!». Ол айыппұл қайдан төленеді? Әрине, ол басшысының қалтасынан төленбейді. Айыппұл мекемеге салынады. Яғни мекеменің шығынына кетеді. Ол қайтадан айналып келіп, тарифтен алынады. Басшыға да салынады. Бірақ оның мөлшері масаның шаққанындай да болмайды. Керісінше, девидент ретінде бонусын алды ғой. Ол баяғыда-ақ бонусты қалтасына басып алған. Бағанағы айтып отырғаным оны ешкім қайтармайды. Өйткені оған негіз жоқ. Әлі күнге дейін ертеңге қарайтын көзқарас жоқ. Бүгінгі күнмен ғана өмір сүріп келе жатыр. Бүгін ғана осыны қалтама басып қалуым керек деген ой басым. Ал ертеңгісін ойлап отырған басшылар шамалы. Басшылық сәл қысым көрсе, басқа қызметке кете салады. Біздің банкирлер сияқты. Бірін қысса, екіншісіне барып отырады. Сол сияқты мына жерде ешқандай жауапкершілік жоқ. Өйткені ол басқа орынға тез ауыса салады. Уақытша да қызмет атқара береді. Бірде орынбасар болып барғанын естисің, бірде бастық болып шыға келеді.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Құзырлы мекемелердің үлкен, ірі монополист компанияға тісі батпай отырған жоқ па. Айталық, сол антимонополиялық комитеттің немесе бас прокуратураның, экономика министрлігі болсын осындай көрініс. Елбасының олардың жазасын беру керек деп шегелеп айтуында мән бар секілді…
Омархан Өксікбаев: Өкілетті орган болсын, құқық қорғау органы болсын, оның басшысы алаңдап жұмыс істейтін болса, ол бір минут та орнында отырмай кетуі керек. Алаңдаушылықта жұмыс істейтін басшынының 1 тиын да пайдасы жоқ. Мемлекетке де, осы үкіметке де пайдасы жоқ. Мен бір ғана нәрсені айтқым келеді. Қауіпсіздік Кеңесінде осы мәселенің қаралуы, мұның мемлекет экономикасының қауіптілігін көрсетіп отыр. Олай болса, сол қатерлі жағдайға кім әкелді? Оның артында құзырын толық атқармаған қызметкер тұр. Сол қызметкерді басқаратын басшы тұр. Солардан да сұрау керек! Кеше бір вице-министрге сөгіс берілді. Сонымен ғана шектелді. Оның өзі қызметке кеше ғана келген. Оның алдында істегендердің бәрі қайда Алдын алатын жағдайлар неге жасалмады. Талдау болмай тұр. Үкімет осының бәрін сұрау керек, халыққа айту керек.

Бүгін, 14:58
Ақбөкенге араша болып еді...
Бүгін, 14:41
Тұз бұзылса, не себесің?
Бүгін, 14:23
Тәртіпке кел, коллектор!
Бүгін, 14:17
Түрмені де шарпыды
21 желтоқсан 2018, 15:30
Үйрек бағушы
21 желтоқсан 2018, 13:42
Тірі ме екен Лунара?!
21 желтоқсан 2018, 13:37
Ойлануға - он екі күн
21 желтоқсан 2018, 13:32
Қайыршылар да біреудің "бизнесі"