jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Барды бағалау

23 қараша 2018, 13:11
308

Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектеновтың сөзін еске түсірейік: «Қол астындағы қызметкерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұлжытпай сақтауы үшін бірінші басшының жеке жауапкершілігі туралы мәселе жуық арада депутаттардың қарауына жіберіледі. Заңнамада осындай норманың болмауы жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігін азайтады».

Әлбетте, сыбайлас жемқорлықтың жолын кессе, кім қарсы келсін? Әйтсе де, таяқтың екі ұшы болатынын да ескерген жөн. Заңға бұл өзгерту енсе, іскер һәм адал басшыны орнынан «ұшыратын» шоқпарға айналмай ма деген күдік басым. Әу баста 2013 жылы айтылған ұсыныстың әлі күнге дейін заң жүзінде бекітілмегені де содан болар.

Биыл энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың басынан бұлт кетпей қойды. Екі орынбасары істі болды. Жаңадан келген вице-министр Анатолий Шкарупа осы аптада қамауға алынды.
Энергетика министріне тісін қайрап жүргендер «енді кететін шығар?» деп алақанын ысқылап шыға келді. Базбіреулер «Отын нарығын қамтамасыз ету, баға құрау сияқты процестерге ол ықпал ете алмайды. Оқтын-оқтын орын алатын тапшылық та оның құзырында емес» деп түйреуге көшті.
Мұндайда, әрине, Қанат Бозымбаевтың дәл сол отын нарығында қыруар шаруа тындырғаны ауызға алынбайды. Жылдар бойы сағыздай созылған үш мұнай өңдеу зауытының модернизациясын аяқтағаны, соның есебінен көктем-күз айларында жанармай тапшылығының қайталанбағаны «ұмыт» қалады. Авиация отыны өзімізде көптеп, өндіріле бастағаны, тіпті бағасы өспесе, «басы ауыратын» бензиннің өзімізден артылғанын енді экспортқа жөнелтетініміз – біле білгенге үлкен іс. Энергетиканың осы саласындағы тәуелсіздік деуге тұрарлық ерен жетістік. Әрине, қолдағы барды ұқсатып отырған нағыз менеджер бертінге дейін қолдан тапшылық тудырып, екі ортада «құдайы беріп қалатын» лоббистерге қалай жақсын?

Иә, Қауіпсіздік Кеңесінде сынға алынған электр қуаты және жылумен жабдықтау саласына энергетика министрлігі жауап береді. Бірақ жанармай нарығы сияқты, мұнда да бұрыннан қордаланған түйткіл жетерлік. Оның бәрін шаруақор министр өзіне тән ұқыптылықпен, табандылықпен шешеді деген сенім де бар. Жанармай нарығын ретке келтіргені сияқты.
Журналистер әділет министрі Марат Бекетаевқа «вице-министрлеріңіздің жемқорлығы әшкереленсе, не істейсіз?» деген қыршаңқы сауал қойған-тұғын.

«Мен біреудің басына кіріп, онда не болып жатқанын біле алмаймын ғой. Егер ол маған білдірмей қандай да бір құқық бұзуға барса, неліктен менің жауапкершілігім туралы мәселе туындауы тиіс? Автоматты түрде отставкаға кету туралы мәселе бүкіл әлемде қатаң бекітілмеген. Әр жағдайда саяси жауапкершілік ішкі партиялық ережемен реттеледі» деген. Ол бұл мәселеге үстірт қарамауды өтініп еді.

Бірақ шоқпарды орынсыз сілтейтіндер құлақ асады дейсің бе?

Гүлнар Ахметова

Бүгін, 15:10
Қытай Абайды оқи бастады
Бүгін, 15:05
Кірген із бар, шыққан із жоқ
Бүгін, 14:58
Ақбөкенге араша болып еді...
Бүгін, 14:41
Тұз бұзылса, не себесің?
Бүгін, 14:23
Тәртіпке кел, коллектор!
Бүгін, 14:17
Түрмені де шарпыды
21 желтоқсан 2018, 15:30
Үйрек бағушы
21 желтоқсан 2018, 13:42
Тірі ме екен Лунара?!