jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Өткір мәселе өзекті өртейді

16 қараша, 15:03
522

Мәжіліс депутаттары осы аптада есірткімен күрес шараларын күшейтуге арналған заң жобасын талқылады. Құжатты таныстырған ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов синтетикалық есірткілер қай елдерден, негізінен Ресей, Қытай және Еуропадан пошта арқылы келетіндігін айтты. Жиналыстан соң біз қоғамдағы көкейкесті мәселелерге қатысты депутат Ирина Смирнованың пікірін білдік.

– Ирина Владимировна, интернетті ашып қалсаңыз, есірткі заттарын сататын неше түрлі сайттар, электронды дүкендер бар екен. Осыны байқадыңыз ба?

– Жасыратыны жоқ, көптеген деректерді министрдің аузынан естідім. Есірткінің ғаламторда ашық саудаланып жатқанын білмеппін. Осындай қаптаған сайттар бар екенін көріп, жағамды ұстап отырмын. Елімізде есірткі интернет арқылы ашық сатылуда. Тапсырыс берсеңіз, керек жерге өздері жеткізіп береді. Тіпті дәріханалардан да табылады екен.

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, биылдың өзінде 3200-дей есірткі саудалайтын ғаламтор дүкені жабылған. Бірақ жарнамасы жер жарған сайттар күннен-күнге жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап барады. Ең алдымен тыйым салынған заттарды саудалап, жарнамалап жатқан сайттарды, интернет дүкендердің қандай дүниені насихаттап жатқанын нақтылап алу керек. Егер шынымен де, есірткі мен оның баламасы болатын болса, ондай ғаламтор желілері бұғатталып, жұмысын тоқтату керек. Бұл жерде ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен ішкі істер органы тезірек іске кірісіп, қолға алмаса, ертең, тіпті күрделеніп кетуі мүмкін. Сондықтан Мәжіліс қабырғасына түскен заң жобасы көп созылмай, қабылданғаны дұрыс.

– Сіз қоғамдағы көптеген мәселелерге қатысты ашық пікір білдіріп, дабыл қағып жүресіз. Мұның алдында банктер борышкерлердің есепшоттарын, карточкаларын бұғаттап тастап, еңбекақыларын ала алмай, қаншама отбасының шырқын бұзып жатқанын көтердіңіз. Ломбардтарға қатысты ақпарат құралдарына айтқан жанайқайыңызды құлағымыз шалып қалды. Шын мәнінде қандай түйткіл бар?

– Шыны керек, қай өңірге барсаңыз да, ломбардтан аяқ алып жүре алмаймыз. Өте көбейіп кеткен. Әсіресе Астана, Алматы, Шымкент қалаларында әрбір бұрыштан ашылған. Бұл дегеніңіз, халықтың тұрмыс-тіршілігінің деңгейін көрсететін көрініс. Демек, тұрғындар үстіндегі киімін, бағалы тондарын шешіп, үйіндегі кәдеге жарайтын әшекей бұйымдарын жан бағу үшін ломбардқа тапсырып жатқаны жақсы емес. Ал ломбардқа келуші, ол тауарды қайдан алды? Бұл – өте өткір мәселе. Ұрланған ба, біреуден тартып алынды ма, оны ешкім тексермейді. Біз сонда, халықтың бірін-бірі тонауына жол ашып беріп, қарап отырғанымыз ба? Бұл үкіметті ойландыратын жағдай. Әсіресе ішкі істер министрлігі бір механизмін қарастыруы қажет. Егер тұрғындардың әл-ауқаты жақсы болса, жағдайы болса, ломбардтан қарыз алмайды.

Сұхбаттасқан Бейсен НАРЫНБЕК,
Астана

14 желтоқсан, 11:54
Жадымыздасың, Желтоқсан!
07 желтоқсан, 13:04
Ыдырыс Мұстамбайұлы
07 желтоқсан, 12:58
Кебенекті біліесіз бе?
07 желтоқсан, 12:54
Әзірге ұсыныс
07 желтоқсан, 11:39
Дуа мен дауа немесе Айтолқынның айласы
30 қараша, 12:29
Құзорда - Баласағұн
30 қараша, 12:22
Шанақтан шыққан шатақ
29 қараша, 15:06
Bitcoin құнсызданып барады