jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Қашан да құнды

16 қараша, 13:56
280

Төл теңгеміз 25-ке толды. «Құнсызданып кетті» деп менсінгісі келмейтіндер, қаржы жүйесіндегі дербестігімізді көре алмайтындар, «ортақ валюта болсын» дейтіндер баршылық.

«Ойбай, девальвация!» деп, жоқ жерде үрей туғызғысы келетіндер экономикасы мықты елдердің ақшасына келгенде үндемейді. Ал біле білсек, Оңтүстік Кореяның воны біздің теңгеден үш есе арзан. Әлгі заржақтар түк таппаса, тырнақ астынан кір іздейді. Кәсіби мереке күні еліміздегі бір сайт әр жылдары валютаны басу кезінде кеткен техникалық қателікті тізіп шығыпты. Оны ақаулы ақша жинайтын бір азаматтың аузымен баяндапты. Кез келген баспа өнімін шығарғанда мұндай кемшіліктің болып тұратыны белгілі. Бізге түсініксіз боп тұрғаны – бұл арзан сенсация қуу ма, әлде кілтипан басқада ма?

Эльвира Набиуллина Ресейде ешкімнің бет-жүзіне қарамай, тіршілігі күмәнді талай банкті жауып тастады. Есігіне қара құлып ілінген жүздеген банк арасында биржадағы қитұрқы сауда-саттықпен рубльдің еңсесін түсіргендер де бар. Сол көрші елдің бас банкирі теңгенің ширек ғасырлық мерейтойына арналған жиынға келді. Ол өз елінің ақшасы мен біздің валютамыздың бағамы шикізат экспортына тәуелді екенін баса айтты. Яғни «қара алтын» қымбаттаса, валюта қауқарлы. Арзандаса, құнсыздану қылаң береді. Э.Набиуллинаның қаржыгерлерге берген кеңесі көкейге қонымды-ақ. Төлем қабілетінен айырыла бастаған банк нарықтан неғұрлым кетсе, соғұрлым пайдалы. Әйтпесе, жұрттың сеніп тапсырған салымын қарыздан құтылуға жұмсап, ақыр соңында қаржы пирамидасына айналып кетуі әбден ықтимал. Тамырды тап басып отыр. Өйткені, қаржы заңына емес, «құтқару операциясына» арқа сүйеп үйренген біздегі кейбір банктердің бәрібір жабылуы тиіс екенін нарықтың өзі көрсетті.

Мұнай бағасы қымбаттап тұрғанда теңгенің арзандауын нарықтың заңымен түсіндіру қиын. Сарапшылар мұны биржадағы алыпсатар ойыншылардың әккі қулығы деп біледі. Міне, сондықтан қаржы мен банк жүйесіне де түбегейлі өзгеріс қажет болып тұр. Ал теңгенің тегеуріні отандық өндіріске байланысты екені әмбеге аян. Дейтұрғанмен, кәдімгі тауар болмаса да, құнды қағаздың қып-қызыл табыс көзі екенін Қазақ елі дәлелдеп берді. «Қазатомөнеркәсібі» ұлттық компаниясының Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) мен Лондон қор биржасында IPO-ға шығарылған акциялары бұл жетіде 45 млн долларға сатылды. Алдағы күндері тағы да 405 миллион түсуі тиіс. Осылайша, Ұлттық қордан алынған 450 млн доллар мерзімнен бұрын қайтарылады.

АХҚО – бұрынғы кеңестік республикалар арасында нағыз қаржы нарығының талабымен жұмыс істейтін тұңғыш орталық. Еліміз соның арқасында бүгінгі жаһандық экономиканың қиындықтарын еңсеруге мүмкіндік алады. Тағы бір ерекшелігі – тек «блокчейн», «смарт –келісім», «жасанды интеллект» сияқты сөздердің мағынасын түсініп қана қоймай, солар арқылы табыс табуды білетін қаржыгерлердің жаңа буыны өсіп жетіледі. Әлмисақтан белгілі: адам капиталы қашан да құнды.

Срайыл Смайыл

14 желтоқсан, 11:54
Жадымыздасың, Желтоқсан!
07 желтоқсан, 13:04
Ыдырыс Мұстамбайұлы
07 желтоқсан, 12:58
Кебенекті біліесіз бе?
07 желтоқсан, 12:54
Әзірге ұсыныс
07 желтоқсан, 11:39
Дуа мен дауа немесе Айтолқынның айласы
30 қараша, 12:29
Құзорда - Баласағұн
30 қараша, 12:22
Шанақтан шыққан шатақ
29 қараша, 15:06
Bitcoin құнсызданып барады