jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Көкшеде келеңсіз көрініс

09 қараша, 14:14
361

Көкшетауда шатырдан шатақ шықты. Нөсер түгілі, себелеген соқыр жауынның суы төбеден ағады деп кім ойлаған? Жаңбырлы күндері тамшының тырсылы тұрғындардың құлақ етін жеп қояды. Осыдан мезі болған қарапайым жұрт «ескі үйіміз жаңарып, жыртығымыз жамалады» деген армандарының күл-талқаны шыққанына көздері жетті.

Күздің қара жаңбырында төбеден өткен сумен алысқандар тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы бойынша басталған құрылыс жұмыстары аяғына жетпей тұралап қалады деп еш ойламапты. Қазір құрылысшылар да, мердігер де тал түсте таптырмай кетті.
Өткен маусым айында жөндеу жұмыстары басталғанда құрылысшылар шатыр орнату үшін тірек ағаштарын қойған. Сол кезде төбені бұрғымен тесіп, ойықтар жасаған. Алайда тесіктердің талай пәтерге зардабы тиерін ешкім аңғармапты. Күн бұлттанса, қорқатын тұрғындардың жүйке жұқартатын жөні бар. Пәтерлерге жауын суы лап бергенде, оны тоқтататын жан баласы жоқ. Қарашаның қара суығында түскен қар да ауық-ауық еріп, төменге ағуда.
Жергілікті билік өкілдері мен мердігерлердің жауапсыздығынан тұрғындар жапа шегуде. Әсіресе үстіңгі қабаттағы пәтерлер қатты бүлініп, үйлеріне қонақ шақырудан қалған.

Фото: ktk.kz

Фото: ktk.kz

Әсемгүл Темірова, Көкшетау қаласының тұрғыны:

– Халық жап-жақсы тұрып жатқан үйді жөндейміз деп ақыры бүлдіріп тынды. Келісімшартқа қол қойғанда, біз құрылысшыларға сендік. Содан жөндеу жұмыстары басталып кетті. Алғашында игі бастамаға бәріміз қуандық.

Сәкен Бақаев, заңгер:

«Мына масқараны «жаңғырту» деп атайды. Ұяттары жоқ. Көріңіз, міне! Үйлері шашылып бара жатыр. Бұл үйге 22 миллион теңге жұмсалған. Халық сапасыз жөндеу жұмыстарына не үшін төлейді?».

Қуанышымыз ұзаққа бармады. Пәтерім көл боп жатыр. Алдында ғана жөндеу жұмыстарын жүргізген едік. Бәрі бүлінді. Тіпті сасып кетті.

Көкшетауда көпқабатты 73 үй жаңғырту бағдарламасына ілігіп, 2 миллиард теңгедей қаражат жұмсалған. Осылайша «жөнге келтірілді» деген баспаналардың тең жартысы сапасыз. Су тигеннен қабырғаларының арса-арсасы шығып, сыртқы сылақтары да сыр бере бастады. Кейбір үйлерде жертөлеге кіріп шығудың өзі мұң. Өкініштісі сол, құрылыс жұмыстары үшін тұрғындар 15 жыл бойына мемлекет қоржынына миллиондаған қаржыны қайтаруы тиіс.

Виктория Петухова, қала тұрғыны:

– 102 миллион теңге деген сұмдық көп ақша. Мына жерді сылауға 54 миллион теңге жұмсалды дегенге кім сенеді? Неткен қымбат сылақ. Жаз жаңбырлы болды, төбемізден су сорғалап, әбден есіміз шықты. Пәтеріміз сыз тартып, ауру болдық. Шенеуніктер не ойлап жүр? Тұрғындар жаңғырған жоқ, қаңғырып кетті. Төбеден аққан су әбден мазамызды алғанда, қонатын үй іздейміз.
Құрылыс сапасына наразы болған жұрт қазір заңгер жалдап, мердігерлермен соттасып жатыр. Өйткені олар әу баста тұрғын үйлерді жаңғыртуға рұқсат беріп, құжатқа қол қойған. Көпшілік ол кезде жөндеу жұмыстарының сапасыз жүргізілетінін білмеген.

Ботагөз Сәрсекеева, заң кеңсесінің директоры:

– Қала бойынша барлық үйге жөндеу атүсті жасалған. Біздің кеңсеге ғана 8 көпқабатты үйдің тұрғындары шағым түсірді. Бағдарлама әу баста дұрыс қолға алынбаған. Заңдастырылмаған құжаттар көп. Сотта бәрі анықталып жатыр. Берілген қаражаттың тең жартысы мақсатты жұмсалмағаны да белгілі болды.
Көкшетаудағы жаңғырту жұмыстарына жауапты арнайы оператор бар. Ондағылар 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бірақ бұл серіктестік тек ақша жинауды ғана білетін сияқты. Өйткені атқарылған жұмыстың сапасына жауап бермейді. Тек құрылысқа кеткен ақшаны халықтан қалай да қайтарып алудың қамымен жүр.

Тимур Перерва, «Бірыңғай есептеу орталығы» ЖШС директоры:

– Тұрғындар түсінбейтін тұстар бар. Бұл бюджеттен түсе қалатын ақша емес. 2011 жылдан 2017 жылға дейін жаңғыртуға жұмсалған мемлекет қаражатын үйлері жөнделген тұрғындар бізге қайтаруы тиіс. Қазір 100 миллион теңгеден астам қарыз бар. Қолға түскен қаржыны бірден аударамыз. Ақша түспей жатыр. Біз бағдарламаны ары қарай жалғастыруымыз керек.
Қордаланған қарыз қайтпаса, жаңғырту бағдарламасы жарты жолда тоқтап қалуы мүмкін. Өйткені тұрғындардың дені сапасыз жасалған жұмыстарға ақша төлеуге құлықсыз. Десе де жауапты оператор берешегі барлардың зейнетақысы мен әлеуметтік төлемдеріне ауыз сала бастапты.
Бұл туралы заңгер Сәкен Бақаев былай дейді: «Мына масқараны «жаңғырту» деп атайды. Ұяттары жоқ. Көріңіз, міне! Үйлері шашылып бара жатыр. Бұл үйге 22 миллион теңге жұмсалған. Халық сапасыз жөндеу жұмыстарына не үшін төлейді? Бұл жерде халық пенсионерлер, мүгедектер, қариялар, апайлар тұрады. Қазір осы кісілердің зейнетақысынан сот арқылы күштеп ақша ұстап отыр».

Жұртты сандалтып, сергелдеңге салып қойған тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы Көкшетауда айғай шумен жүзеге асып жатыр. Тіпті кей тұрғындар соттасып жүріп, мемлекеттік комиссияның қабылдау актісін жоққа шығарған. Соған қарамастан, қайта жөндеу жұмыстарын қолға алуға әлі ешкім келмепті. Шатыры ашық-шашық жатқан үйлердің қашан жөнделетіні белгісіз.

Айзат Тұрғынбекқызы,
Көкшетау

16 қараша, 15:03
Өткір мәселе өзекті өртейді
16 қараша, 13:56
Қашан да құнды
16 қараша, 12:21
Улы дәріден сақтаныңыз!
16 қараша, 12:09
Тақиялы періште: тақиясы табылмай тұр
16 қараша, 10:16
Бұл идея экономикаға қауіпті!
09 қараша, 14:53
Гүлзат Көбек: Арзанның жілігі татымайды
09 қараша, 14:36
Полиция: Реформа киім ауыстырудан басталады
09 қараша, 14:26
Айқайға қиқу қосып...