jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Гүлзат Көбек: Арзанның жілігі татымайды

09 қараша, 14:53
892

Қазіргі қазақты Голливуд та, Болливуд та тамсандыра алмайды. Отандық кино өндірісінен шыққан туындылар барлық арналарды жаулап алды. Алайда көркем шығармаларды көгілдір экран арқылы тамашалап отырған ел-жұрттың бәрі төл туындыларды тамсана көре алмай жүргені ащы шындық. Неге?
Көрермендердің көкейінде жүрген сан түрлі сауалдардың бір парасын біз белгілі кинотанушы, өнертану PhD докторы Гүлзат Көбекке қойдық.

– Қазіргі қазақ киносы өмір талаптарына қаншалықты сай? Біз киноны ұлттық болмысқа жақындата алдық па?
– Өнер туындысы арқылы белгілі бір деңгейде диагноз қою қиын емес. Оның табиғаты автордың барлық ішкі дүниесін ашып береді. Айна тәріздес, ненің сұлбасы тұр, соның бейнесін ғана көрсетеді. Алдамайды. Өресінің деңгейін өлшеуге болады. Бүгінгі қазақ киносының даму деңгейінің көрсеткіші мен әділ бағасын – экранға шыққан фильмдер арқылы ғана айқындай аламыз.
Біріншіден, ұлт, оның болмысы, оған тән құндылықтары бағытындағы ізденістердің нақты нәтижесі бола алатын фильм санаулы. Оның ішінде, Д.Жолжақсыновтың «Құнанбай» фильмінде ұлттың болмысы терең ашылған. «Біз қандаймыз?» деген сұраққа үлгі ретінде жауап табуға болады.
«Қанымызға тән тағы қандай қырларымыз бар?» деген сауалға М.Бидосовтың «Тар заман» фильмі де толымды жауап береді. Жанды жеріміз осы. Дертіміз. Әлі күнге дейін емін таппай келеміз. Біз көп жағдайда бойымыздағы өз мінімізбен емес, өзгелермен орынсыз күресіп жүреміз.
Р.Әбдірашевтің «Алмас қылыш» фильмі рухымызға қойылған диагноз. Бұл туындының идеясынан жаужүрек мінезіміздің кілті білекте емес, білімде екендігінің жолын көреміз. Авторлар мақсатын дұрыс жолға қоя білген.
С.Құрманбековтың «Оралман» фильмі арқылы атамекен мен туған жердің топырағының құны біз үшін қандай маңызға ие екендігін байқаймыз. Фильмнің авторы терең ізденген. Болмысымызға тән мінездің бірнеше түрін ашып берген. Бұл, біздің біртұтас ұлт болсақ та, өреміздің біркелкі емес екендігінің дәлелі.
Отбасылық құндылықтардың бүгінгі диагнозын С.Апрымовтың «Әкеге қоңырау шалу» фильмінен артық қойған фильм жоқ. Қазақ отбасыларының көпшілігінің жасыратын жанды проблемасы осында. Қоғамда емделмеген рухани дерт түрі көп. Оның зардабын ұрпағымыз тартатынының нақты дәлелі осында.

Шабдалы

Шабдалы

Бұл фильмдер киногерлеріміздің шығармашылық ізденісінен бірнеше мысал ғана. Мәселе мынада. Өз болмысымызды зерттеуге жасалған талпыныстар мен ізденістер бар. Бірақ біздің мақсатымыз – осы экран өнерінің мүмкіншілігін өз мүддемізге қалай қолдана алатындығымызда. Бүгінгі заманда көрерменді сәукеле мен кимешек кигізіп таңқалдыру мүмкін емес. Ол – бос әурешілік. Бұл сол ғасырдың өзіне ғана тән ғажайып ертегісі.
Бүгінгі талап басқаша. Дәл бүгінгі заманда белгілі бір ұлттың нақышы мен бет-бейнесі – оның қалыптасқан интеллектуалдық келбетінде, ішкі мәдениетінде. Өресінде. Адами қасиетінде. Біздің отандық көрермендер өз заманының қаһарманын көруге зәру.
Киногерлер ұлттың мақтанышы болатын, жастарға үлгі көрсететін, экранда жаһандық сипат алып, аты мәшһүр болып, оның болмысына өзге ұлт өкілдері де сүйсініп, табынатын бүгінгі заманның өзінің кесек кейіпкерлерін қалыптастыра алса – нағыз жетістік осы.
– Соңғы кездері әншілер кино түсіруді әдетке айналдырды. Бұл шын мәнінде өнерге деген құштарлық па, әлде ақша табудың амалы ма?
– Коммерциялық кино бағытындағы дәл осы үрдісті мен бар болғаны ізденіс деп қана қабылдаймын. Оған әрқайсысы әртүрлі мақсатпен қадам жасауда. Олардың қалауы бір емес. Сол себепті біржақты баға бермегеніміз дұрысырақ.
Нарықта ешбір бәсекелеске өкпе-наз айту жөнсіз. Бұл – бизнес. Оның өз талаптары бар. Ол ортаның қалыптасқан мәдениеті бар. Біреудің қалтасындағы ақшасын сырттан отырып санау, ешбір әдепке жатпайды. Аудиторияға ұсынып отырған өнімінің сапасына ғана көрермендер – тұтынушы, біз – арнайы маман ретінде ғана өзіндік пікірімізді айтумен шектелеміз. Фильм түсірме деуге құқымыз жоқ.
Қаржы өз қалтамнан шықты екен деп фильм авторларының да қоғамдық санаға кері әсері бар идеяларын тықпалаудың жөні жоқ. Өнер арқылы ақша тапқың келе ме, ең әуелі рухани бағытың мен ұстанымдарың дұрыс болуы шарт.
Мен үшін әншілердің түсірген киносын сынаудан гөрі, кәсіби режиссерлердің нарық талаптарына сай өз аумағындағы бос кеңістікті қандай іскерлікпен игере алатындығы маңызды. Арнайы мамандықты үлкен армандары мен мақсаттары үшін оқып, кино саласын қалап келгендігі рас болса, іспен дәлелдесін.
Барлық істің себебін білу – маңыздырақ. Қазақстанның барлық өнер саласына даярлайтын жоғары оқу орындарынан жыл сайын қаншама режиссер мамандар диплом алып шығады. Үздіксіз. Жыл сайын. Саны өте көп. Мемлекеттік грант иелері қаншама?! Қазір олар қайда?!
Осыншама уақыттың ішінде арнайы оқыған кәсіби мамандар іскерлік шеберлігімен Қазақстанның өз Голливудын құра алмаса, киноөндірісін нарық талаптарына сай аяққа нық тұрғыза алмаса, демек, бізде бір нәрсе дұрыс емес. Бұл – не білім беру жүйесінде, не болмаса мамандыққа даярлайтын ұстаздардың ұстанымында, болмаса, талапкерлерді таңдап, таланттарды оқуға іріктеп алу жұмысында кемшіліктер бар деген сөз.
– Соңғы көрген киноларыңыз туралы не айтасыз? Не ұнады, не ұнамады?
– Байыбына бармай, байбалам салуды әділдік деп есептемеймін. Прокатта соңғы шыққан фильмдерге пікір білдірмес бұрын, көріп, зерттеп, ерекшеліктерін әділ екшелеу керек. Барлығы бірдей деңгейде емес.
Нұртас Адамбаевтың «Лифт» атты жаңа фильмі салмақты дүние. Айтары бар. Бүгінгі жаһандық дәуірдегі құндылықтардың құлдырауына үлкен зерттеу жүргізген. Екі түрлі әлеуметтік ортаның айырмашылығын кейіпкерлері арқылы шеберлікпен ашқан. Ізденген. Себептерін өте жақсы түсіндірген.
Мазмұны дәл бүгінгі уақытта өзекті. Жаңаша ойлайтын жастар мен аға буын арасындағы қарама-қайшылық. Отбасылық құндылықтар. Ақшаға сатылмайтын қарым-қатынас. Бүгінгі әлеуметтің ішкі көңіл-күйі дәл берілген. Оқиғаны беру формасы да бөлек.
Тоқтап қалған лифтідегі екеудің дүниетанымы өз істеріне есеп беруге уақыт таппайтын бүгінгі адамдардың бейнесін ашады. Тоқтаған лифт – бір сәтке үзіліс жасап, өз өмірлері туралы ойлануға мүмкіндік береді. Бес қарыс лифтінің тар кеңістігінің өзі бейнелі түрде көрмен тең. Кейіпкерлер өз ар-ұятының алдында қатаң есеп берген.
А.Сатаевтың «Бизнесмендер» фильмінің бүгінгі жастарға айтары бар. Тоқсаныншы жылдардағы оқиғаны бейнелесе де, тақырып бүгінгі таңда да өзекті. Кәсіп пен мәнсап жолында ең бастысы – отбасылық, адами құндылықтарды ұмытуға болмайтынын фильм ұтымды түсіндіреді.
Р.Сидоренко мен М.Якобчуктің «Қаракөз» фильмі де прокатқа шықты. Бұл фильмнің де өзіндік ерекшелігі бар. Қорқыныш жанрындағы тың дүние. Бізге барлық жанр түрінің дамығаны маңызды. Әр жанрдың өз көрермені мен табынушылары бар. Үрей мен мистикаға толы бұл фильмнің басты желісі – жастарға ұрлық пен қиянаттың арты азапқа толы екендігін қарапайым тілмен түсіндіріп бере алуымен құнды. Фильм авторлары жанрдың жауапкершілігін шеберлікпен алып шыққан.
Соңғы уақытта әншілер де өздері туралы кино түсіруге белсенді кіріскендігінің куәгері болып жүрміз. Менің пікірімде, киноның тілін кім қандай мақсатта қолданады – ол әркімнің өз арының жауапкершілігіндегі іс.
Өнер – барлығымызға ортақ құндылық. Құнды ойыңды көркем де бейнелі түрде киноның кәсіби тілінде жеткізе білмеген соң – бәрі бекер. Оны авторлардың өзі жақсы түсінуі керек. Арзан дүниенің құны болмайды. Басты құндылықтарды асқан шеберлікпен суреттей алмаған туынды тарих беттерінде де алтын әріппен жазылып қалмайды.
Төреғали Төреәлі түскен Д.Саркеновтың «Ұлы дала комедиясы» көрермендердің көңілінен шықты деп ойлаймын. Мұны кинотеатрдағы көрермендердің қабылдау әсерінен байқау қиын емес. Біртұтастылық пен тиянақтылық бар. Шығармашылық топтың жұмысы жауапкершілікпен жасалған. Көрермендердің көңіл-күйін көтеріп, демалып көруіне арналған мұндай да фильмдер керек.
Төреғалидың да өнердегі өз орны бар. Бұл фильмде ол көрерменге өзінің шығармашылық жолындағы күйзеліспен өткерген сәттері туралы жан сырын ашады. Мейлі, бұл фильмді кейбіреулер әншінің ақталуы деп қабылдар, бірақ Төреғалидың өз бейнесін сомдаған рөлі мен актерлік шеберлігі көптеген кәсіби мамандардан еш кем емес. Шынайы. Жасанды емес.
Ерке Есмахан түскен А.Ұзабаевтың «Махаббат кафесін» әншінің табынушыларына арналған фильм деп қана қабылдаймын.
– Енді не істеу керек деген сұрақ біздің алдымыздан шығады. Шын мәнінде, қазақ киносын қай арнаға бұруымыз керек?
– Әрбір өнер туындысы әлеуметтің ішкі мәдениетін көтеруге қызмет етсе игі. Фильмдердің мазмұны санаға серпіліс тудыра алуға қауқарлы болуы шарт. Бұл дәл бүгінгі нарық заманында өзекті болып табылады. Материалдық құндылықтар алдыңғы қатарға шыққан бүгінгі уақытта, халықтың рухани тұрғыдан түбегейлі тоқырауға ұшырамауы маңызды.
Осы бағытта кино өнері үлкен рухани жауапкершілік көтерумен қатар, нәтижелі ықпал жасай алады. Киногерлер адамшылдығымызды арымызбен сақтаудың үлгісін көрсетуді әрбір фильмінің идеясының өзегіне айналдыра білсе, бұл – өнер арқылы өміріміздің құнын түсінуге салынған басты кепілдік.
– Оскарға Қазақстанның атынан ұсынылып жатқан «Айка» фильміне көзқарасыңыз қандай?
– Түпкі мақсаттары фильмнің авторы мен фестивальге ұсынып отырған өкілеттіліктің өздеріне ғана мәлім. Бірақ әділдік үшін мына нәрсені ашып айтуымыз қажет. Бұл фильм қазақтар туралы емес. Оның мазмұны да қазақы оқиға емес. Демек, жылжытып отырған идея – біздің саяси мүддеміз емес. Онда қазақтың болмысы да құндылығы да жоқ.
Фильмде Ресейде босқын ретінде жалданып, заңсыз жұмыс істеп жүрген қырғыз қызының ауыр тағдыры баяндалады. Аяғы ауыр болып, нәрестесінен перзентханада бас тартып, оны қарызын жабу үшін саудалауға дейін барады.
Қыз бала – ұлттың абыройы. Дәл осы кейіпкерді қазақ актрисасы сомдап, Канн кинофестивалінде басты жүлде алса да, нақ осындай оқиғаға қазақ қызының тағдырының арқау болғанын ешқашан да қаламас едім.
Бұл – қырғыз халқының трагедиясы. Өзгенің қайғысын ұрлап, жүлде алуды, мейлі Оскар алған күнде де мұны қазақ киносының әділ жеңісі деп есептемеймін.
Қорыта айтқанда, кино – ұлттың айнасы, рухани байлығы, шығар шыңы, болмысымыздың барометрі. Сондықтан киноны түсірерде осы мәселелер мидың түпкірінде жатуы керек. Ал ақшаның соңына түсіру – адамды адастырады, ұлт санасын улайды.

Сұхбаттасқан
Жолдасбек ДУАНАБАЙ

 

Көрермен ойы

Сәкен СЫБАНБАЙ, журналист:

Көрермен қызыға тамашалайтын кино түсіру тек кезінде өзі жақсы көрермен бола білген адамның ғана қолынан келсе керек. Өйткені «Шабдалы» көркем фильмін түсірген Жандос Құсайыновты сондай жан шығар деген ойға қалдым.
Себебі фильм көрерменге қызықты хикая шертіп беріп, онымен оңаша сырласуды ғана мақсат еткен. Артық дидактикаға да ұрынбайды, «өзің түсініп ал» деп жұмбақтап қоя салар режиссерлік ребус жасырып та ойнамайды. Әзіл-қалжың мен тапқырлыққа негізделген көңілді рәуіш те, жан толқыта елжіретер тебіреністі сәттер де, санаңызға салмақ салып, ойландырар тұстар да – бір шымшым да артық салмастан, қажет мөлшерде ғана қосылған ингредиенттер. «Шабдалының» еш қышқылсыз, ауызда еритіндей дәмді дүние болып шыққаны да сол себепті болар. Кәдімгі шабдалының дәмі секілді…
Фильмде Солтүстіктің қызы Оңтүстіктің жігітімен қол ұстасып, Жетісайға тартып отырады. Жан дегендегі жалғыз қызынан мұндайды күтпеген, «әкесі секілді прокурор болады, сот болады» деп, дипломын алғалы жұмыс қарастырып жүрген, тіпті әлдебір танысқа әжептәуір ақша (доллармен) беріп те қойған байғұс әйел әуелі есінен танып та қалады. Өзіне-өзі келген соң: «Ім-м, бұлар қызымның басын айналдырып, алып қашқан ғой! Көресісін көрсетейін оларға! Адам алып қашқанның қылмыс екенін дәлелдеп, түрмеде шірітейін оңбағанды!», – деп асығыс Шымкентке аттанған әйел алдымен… «адам ұрлауға қатынасты» деген айыппен өзі қылмысты бола жаздайды. Қызын алып қашқан жігіттің ауылын тапқан соң да, ол үйге жету оңайға соқпайды… Жеткенге дейінгі комедияға әбден күліп, жеткеннен кейінгі драма сәтінде сілтідей тынып, оқиғаның әрі қарайғы өрбуін кірпік қақпай тамашалауға мәжбүрсіз…
«Шабдалы» фильмінің басты идеясы мынадай: оңтүстіктен бе, солтүстіктен бе, батыс өңірден бе, шығыс жақтан ба – бәрі қазақ. Бәрі – бір қазақ. Жатсынба, жақындас! Ол да – сенің бауырың. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос»…

16 қараша, 15:03
Өткір мәселе өзекті өртейді
16 қараша, 13:56
Қашан да құнды
16 қараша, 12:21
Улы дәріден сақтаныңыз!
16 қараша, 12:09
Тақиялы періште: тақиясы табылмай тұр
16 қараша, 10:16
Бұл идея экономикаға қауіпті!
09 қараша, 14:53
Гүлзат Көбек: Арзанның жілігі татымайды
09 қараша, 14:36
Полиция: Реформа киім ауыстырудан басталады
09 қараша, 14:26
Айқайға қиқу қосып...