jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Айқайға қиқу қосып…

09 қараша, 14:26
396

Әлеуметтік желінің бұл жетідегі әңгімесі – Алматы маңындағы Көкжайлауда тау шаңғысы орталығын салу жөнінде. Әдеттегідей, қолдаушылар мен қарсы болушылар арасындағы ымырасыз пікірталас. Алдыңғылары табиғаттың тиімді мүмкіндігін пайдаланып, туризмді өркендетуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, тұрғындарды таза ауада спортпен шұғылдануға оңтайлы жоба екенін айтады. Соңғылары «қоршаған орта бүлінеді, бай-бағланның бизнесі көкке өрмелейді, қазына қаржысы желге ұшады» дейтін түрлі уәждерін көлденең тартады. Арасында «Шаңғының туризмге қандай қатысы бар осы?» деген күлкілі сауалды қойып жатқандар да бар. Бір қызығы, еліміздің басқа өңірлерінде шаңғы тебу орындары ашылып жатқанда әлгі «табиғат жанашырлары» мен «қазына қамқоршылары» үнсіз қалып еді. Көкжайлауға келгенде неге ерекше белсенді? Көп өтпей бұл сұрақтың да жауабы табылатын сияқты. Өйткені, әдетте ағаш отырғызу, қоқыс тазалау сияқты іс-шараларда көріне бермейтін ондайлардың бекер кеңірдек жыртпайтыны бесенеден белгілі.

Бізде осындай, айқайға қиқу қосқандардың үні көбірек естілуде. Ал көршілер дау-дамайсыз-ақ, бүгінгі заманның ең тиімді саласы – туризмді дөңгелетуге кірісіп кетті. Орыстар Олимпиада ойындарының арқасында Сочиді әлемге танытты. Қырғыздар Қарақолды халықаралық орталыққа айналдыруға күш салып жатыр. Өзбектер де қалысар емес.

Бір айдан кейін Өзбекстанда Amirsoy (Әмірсай) тау шаңғысы кешені ашылады. Бұл өзбектің алғашқы спорт – демалыс орталығы емес. Белдерсай да сол Шымған өңіріндегі Құмбел тауында. Ангренде де керемет деседі. Бұл елдегі ақпарат құралдары жаппай жаңа кешеннің әлемдік талапқа сай болатынын көптен бері жазып та, жарнамалап та жүр. Әсіресе, шетелдік туристерді қызықтыру үшін қажетті мағлұматтың бәрі бар. Ташкенттен шаңғы тебетін жерге дейін тақтайдай тегіс жол салынғанын, арадағы 80 шақырымды небәрі 1-1,5 сағатта еңсеріп тастайтыныңызды қаперге салады. Еуропалық «шале» үлгісімен қалашық салынғанын айтуды да ұмытпайды.
Өзбек ағайынның шаңғы орталықтарын көбейтуінің астарында қандай гәп жатыр? Мұның жауабын табу қиын емес. Онсыз да саяхатшының аяғы үзілмейтін елде туризм маусымын жыл он екі айға созу міндеті тұр. Сол мақсатпен қазынадан 100 млн еуро бөліп, халықаралық кешенді салып отыр. «Халықаралық» деген атқа сай болуы үшін әрі туристер тез жалықпас үшін шаңғы тебу жолын ұзартпақшы. Қазіргі шама – 21 шақырым. Салыстыру үшін айтсақ, біздің

Шымбұлақта бұл көрсеткіш 3,6 шақырымдай. Оның үстіне, жоталары тік болып келетіндіктен, биікке шығудан гөрі төмен құлдилау жылдамырақ. Рас, кәрі құрлықтан келетін шаңғышыға әлгі 21 шақырымың да аздық етеді. Қайбір жылы журналистердің жарысына қатысамыз деп Испанияға барғанбыз. Жалпы трассаның ұзындығы 420 шақырым екенін естігенде таңқалғанбыз. Бірақ оған жету үшін Барселонадан көлікпен 4-5 сағат жүру керек. Болгарияның мақтанышы – Пампорово ел астанасы Софиядан 160 шақырымдай жерде. Соған қарамастан, жан-жақтан ағылған саяхатшыда есеп жоқ. Ал Шымбұлақ пен Көкжайлау қаладан небәрі 25 минуттық жерде. Болашақта осы екеуін Ақбұлақпен қосатындай жоба іске асып жатса, көпсалалы туризмді дамыттық деп ауыз толтыра айтар едік.

Срайыл Смайыл

16 қараша, 15:03
Өткір мәселе өзекті өртейді
16 қараша, 13:56
Қашан да құнды
16 қараша, 12:21
Улы дәріден сақтаныңыз!
16 қараша, 12:09
Тақиялы періште: тақиясы табылмай тұр
16 қараша, 10:16
Бұл идея экономикаға қауіпті!
09 қараша, 14:53
Гүлзат Көбек: Арзанның жілігі татымайды
09 қараша, 14:36
Полиция: Реформа киім ауыстырудан басталады
09 қараша, 14:26
Айқайға қиқу қосып...