jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Тренинг немесе мен қалай оқуымды бітіре алмадым?

12 қазан, 12:14
851

Төртінші курста оқып жүрген кезім. Оқуымның ақшасын, күнделікті жүріп-тұратын керекті қаражатты ата-анам салып отырады. Жасым болса біразға келді, ата-анама масыл болып жүргендей өзімді ыңғайсыз сезіндім. Содан не керек, нәпақамды табу үшін даяшы болып жұмыс істей бастадым. Иә, басында жұмыс қиындау болды. Біраз сабақтарымнан қалып қойдым. Даяшылықтан түскен ақшам түкке де жетпейтін. Керісінше, қатты шаршап, уақытымның көп бөлігі жұмысқа кетті. Содан басқа жұмыс іздестіре бастадым.

Жарнама бойынша біраз жерді шарладым. Бір байқағаным, менімен бірге шұбырып жұмыс іздеп жүргендердің дені өзім сияқты студент жастар. Қыз бала болған соң ауыр жүк тасу дегендерден бас тарттым. Тағы бір жағы, жұмыс кестесі түнгі ауысымда болды. Сөйтіп өзіме ыңғайлысын таппай, біраз уақытымды сарп еттім. Сабақтан қалып, құрбыларымнан да алыстадым. Алаңсыз өтіп жатқан студенттік шағым тоқтап қалғандай. Күйбең тірліктің қамын ойлап, қоғамнан қол үзіп, күйзеліске түсіп кеттім. Біраз уақыт өзімді жоғалтып та алдым. Баяғы жанып тұрған жалын өшті де, жоқ болды. Өмір бойы осылай өтем бе деген қорқыныш биледі. Бір күні дәл менің басымдағы жағдайды бақылап жүргендей, әлеуметтік желіде жарнамасы жер жарып тұрған тренингті көзім шалып қалды. Ойланбастан қатысамын деп шештім. Бағасын сұрап жекеге хат жібердім. Тренингке қатысу үшін керекті қаражатты жазып жіберіпті. Әлгі ақшаның көлемін көріп, көзім атыздай болды. Онсыз да тиын таппай жүргенімде, дәл мұндай көп ақшаны қайдан табамын? Қымбат болған соң, ойымнан бірден айнып қалдым. Бір кезде тағы да «смс» келді. Нөміріңізді жіберіңіз, сізбен сөйлескіміз келіп тұр дейді. Жағдайымды айтсам түсінер, арзандатып берер деген үміт пайда болды. Дауысы жағымды бір қыз. Ол «Не үшін біздің тренингке қатысқыңыз келеді?» деп сұрады. Мен болсам басымдағы жағдайымды баяндай бастадым. Жылы сөз айтып, өзіне баурап алды. Екеуміз құрбыдай сырласып кеттік. Мұңымды айтар, түсінетін жанымда жақыным қалмаған соң, жаңағы қыздың алдында ағымнан жарылдым. Көз жасыма ерік беріп, тіпті жылап та алдым. Менің ішім толып қалған, бір сағаттың қалай өтіп кеткенін аңғармай қалыппыз. Әлгі мейірімді қыз «Әлі де кеш емес, бәрі жақсы болады, біздің тренинг сізге арналған, қатысыңыз!» деп айта берді. Тығырықтан шығар жол осы шығар деп оқуыма берген ата-анамның ақшасын тренингке салып жібердім…
Тренинг болатын күнді асыға күттім. Құдды бір содан кейін қатты өзгеріп, бизнес бастап, ақшаны күреп тауып кететіндей күй кештім. Алматының керемет қонақ үйіне келдім. Тренинг сонда өтеді. Айналама қарасам, келушілердің қарасы көп. Қиналып жүрген, қаражат тапшылығын көрген жалғыз мен емес екенімді сонда ұқтым. Жасы бар, кәрісі бар – бәріміз асыға күтіп тұрмыз. Орнымызға жайғастық. Менікі – ең арзан билет. Ондағылар өзім сияқты студенттер, бәрімізді бірге отырғызды. Одан кейінгілерінің бағасы әжептәуір қомақты. Соған қарамастан, ол орында отырғандардың саны тіптен көп. Музыка қосылып, шоу-концерт сияқты басталды. Алдымен, тренинг жүргізетін адам шықты. Біз қол соғып қарсы алдық. Екі жүздей адамды өзіне қаратып, таң атқаннан кешке дейін мына жас жігіт не айтады екен деп тағы ойланып отырмын. Бір кезде әлгі жігіт бізге ұрса бастады: «Сендердің осы уақытқа дейін бір кәсіптерің жоқ, түсіп тұрған қосымша табыс жоқ, не мақсат жоқ, қалай өмір сүріп жүрсіңдер? Мен жас болсам да, пәлен жерде түгенім бар. Менің мынадай кәсібім бар, былайша айтқандай миллионермін» деп бәрімізді өзіне одан әрі ынтықтырып қойды. Былайша айтқанда, сендер жолы болмаған топассыңдар деген мағынада сын айтты. Айтып жатқаны расымен де өте қарапайым дүниелер, бірақ біз неге осыларды ұмыт қалдырып жүрміз деген ойға қалдым. Кәсіп бастаудың жалпы бағытын түсіндірді, ары қарай дамытып кетем десеңдер, біздің жеке сабағымыз бар деп жарнама жасап алды. Алғашқы болғандықтан ба, әлгі тренинг өте әсерлі болды. Керемет шабытпен шықтым. Біраз дүниелерді жоспарлап, кәсіп бастауға бел будым.
Арада біраз күн өтті. Бәрі су сепкендей басылды. Баяғы күйге қайтадан түстім. Не болғанын өзім де ұғар емеспін. Бастаған кәсіп те жоқ, төлейтін оқудың ақшасы да жоқ. Енді қайтпекпін, ақшаны қайдан табамын? Университеттегі ағайларым «Екі күннің ішінде оқу ақыңды төлемесең, оқудан шығасың» деді. Үйдегілерден ақша сұрауға бет жоқ. Таныс- тамырлардан қомақты қаражат беретін ешкім табылмады.
«Диплом аламын, жұмысқа кіремін» деген арманымның күлі көкке ұшты. Ақыры келесі курсқа қалып қойдым. Бұл менің жүйкеме қатты соққы болғаны анық. Группаластарым қолдарына диплом алып жатқанда, мен тренингшілердің арбауына түсіп қалғанымды кеш ұқтым. Әттең, бәрі қайтып келсе ғой! Осындай қателікке бой ұрмас едім. Қалай ғана сондай қызыл сөзден қуырдақ қуыратын пысықайларға сеніп, алданып қалдым деп өзімді әлі де кінәлаймын.

Раушан Аманжолова, студент

Маман пікірі

Айгүл Түзелбайқызы, психолог:

Қазіргі таңда тренинг ұйымдастырып, адамдарды жинап, «бизнес бастауға көмектесеміз, көптеген табыстарға қол жеткізесіз» деген мақсатпен жұмыс істейтіндер көп. Шын мәнісінде, бұл адамдар — тренингті табыс көзіне айналдырғандар. Психологиялық тұрғыдан адамдар 3 түрге бөлінеді. Біріншісі — жетектеуші, екіншісі -жетекке жүруші, ал үшіншілері психотиптегі адамдар, яғни өзімен-өзі жүретіндер.

Тренинг ұйымдастырып, сағаттап сабақ жүргізетін топтағы адамдарды шешен дейміз. Олар тілге бай, сөзге шебер, жұртты өзіне сендіре алады. Бұл топтағы адамдар бірінші психо-түрге жатады. Оларды жетектеушілер деп атауға болады. Өйткені осындай адамдардың басында идея көп. Идеясын әдемі түрде әртістік қабілеттерімен жақсы жеткізе алады. Адамдардың психологиясын сендіре алады, солай сенімге кіреді. Ал екінші топқа жататын адамдар бірінші топтың жетегіне еріп жүретін, сеніп ақшасын беріп, ұсынған тауарларын сатып алатын адамдарды жатқызуға болады. Алайда барлық тренингтерді алаяқтық деп атауға болмайды. Арасында пайдасы бар тренингтер де бар. Оны біз ажырата білуіміз керек. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде тренингтен бөлек, тауарын жарнамалайтын шетелдік компаниялар көбейіп кетті.
Қазіргі таңда барлық ұялы маркетинг пирамида жүйесімен құрылған. Пирамида жолымен ақша тапқысы келетіндердың қарасы өте көп. Ал пирамидада ең жоғарыдағы адам ғана белгілі бір пайдаға кенелуі мүмкін. Төмендегілері жоғарыдағы адамның пайдасына жұмыс істеп қана қалады. Сондықтан әрбір адам кез келген істі бастамас бұрын әбден зерттеп, зерделеп алғаны жөн.

Мақсат Халық, экономист:

«Негізі тренингтардың пайдалысы да, керісінше, түкке қажет еместері де бар. Сондықтан ажырата білу керек. Екінші жағынан, тренинг ұйымдастырушы кәсібін өркендетіп, өз тәжірибесімен бөлісетін болса, өзгелерге қарағанда пайдалырақ болады. Егер де бизнеске қатысы жоқ, құрғақ сөзбен тренинг жүргізер болса, ондайлардан аулақ болған дұрыс. Тренингқа тәуелді болып қалған адамдар да бар, үнемі барғысы келіп тұрады. Уақыты мен ақшасын құртқаннан басқа бастаған ісі жоқ. Кейбір тренинг ұйымдастырушылар бар, бастапқыда тегін шеберлік дәрісі ретінде өткізеді. Сосын «ары қарай білгілеріңіз келсе» деп ақылы етіп қояды. Менің ойымша, ол дұрыс емес. Әрине, барлығы тегін болсын дегенім емес. Қазіргі таңда бизнес-тренерлердың көбейіп кеткені рас. Көп болғаны да дұрыс. Уақыт өте арасында тек мықтылары қалады. Ал үйретері жоқ, құрғақ сөзбен жүргендер көпке бармайды. Еліміз нарықтық экономикаға енді өтті. Іскерлік белсенділікке де бейімделіп келе жатырмыз. Нақты жүйе қалыптасып, бизнес саласы дұрыс жолға қойылған кезде нарық өзі-ақ анықтап, пайдалысын алып қалады. Бір өкініштісі, осы жүйе қалыптасқанша, сапалы тренерлар пайда болғанға дейін көп адамдар алданады. Ақшасы мен уақытын бекерге сарп етеді. Кемшін тұсы осы деп ойлаймын.

Фото: wikiGrowth.ru

16 қараша, 15:03
Өткір мәселе өзекті өртейді
16 қараша, 13:56
Қашан да құнды
16 қараша, 12:21
Улы дәріден сақтаныңыз!
16 қараша, 12:09
Тақиялы періште: тақиясы табылмай тұр
16 қараша, 10:16
Бұл идея экономикаға қауіпті!
09 қараша, 14:53
Гүлзат Көбек: Арзанның жілігі татымайды
09 қараша, 14:36
Полиция: Реформа киім ауыстырудан басталады
09 қараша, 14:26
Айқайға қиқу қосып...