jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Ертегіші қыз

14 қыркүйек, 16:54
1556

Балалардың ақыл-ойын дамытуға аңыз-әңгімелер мен ертегі оқудың маңызы зор. Халқымыздың асыл қазынасымен сәбилерді сусындату үшін ертегіден артық рухани қазына жоқ. Ертегі тыңдау арқылы жас бала жаман мен жақсыны, шын мен өтірікті ажыратып, өзіне керек тәрбие ала алады. Ал Қызылорда қаласында тұратын 12 жастағы Алтынай Берік – ойы орамды, тілі жеңіл ертегілердің авторы. Алтынайдың ертегі жазу стилі де ерекше. Ол алдымен сурет салады. Содан кейін салынған суреттің желісі бойынша өзі ертегі құрастырады.

Ертегіші қыздың әжесі Шолпан Шәріпбайқызының айтуынша, немересінің туындылары «Ұлан», «Балдырған», «Ақ желкен», «Мөлдір бұлақ», «Ертегілер елінде» секілді газет-журналдарда жарияланып тұрады. Алтынайдың стилі, яғни суретке қарап ертегі құрастыру өте сирек кездесетін жағдай. Ертегіші қыздың газет-журналға жіберген шығармаларының барлығы редакцияланбай, қалам тимей, сол күйінде жарық көреді екен.
Алтынай көпбалалы отбасында тәрбиеленіп жатқан, жеті баланың ішіндегі екіншісі. Әкесі — қарапайым жұмысшы. Анасы бала тәрбиесімен айналысады. Қазір Қызылорда қаласындағы №267 мектептің 7-сыныбында оқиды.
Ол – 40-қа жуық ертегінің авторы. «Ақ көжек», «Мөлдір бұлақ», «Қызыл қораз», «Түйе», «Қамқорлық» «Тасбақа» сынды туындыларымен түрлі республикалық байқауларда топ жарған жас дүлдүл. Ертегіші қыз қиял-ғажайыпқа толы әңгімелерді 7 жасынан бастап жазыпты. Бұдан бөлек, түрлі тақырыптағы өлеңдері мен әңгімелері тағы бар. Жас балғын «Ұқпасқа айтқан сөз жетім» атты ертегісімен ең жас автор ретінде «Менің ғажайып ертегім» кітабына енген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алтынайға өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабын сыйға тартыпты.
Жас ертегіші аллегориялық теңеу, яғни жан-жануарлардың іс-әрекеті арқылы достық, қайырымдылық, адалдық, қамқорлық сынды қасиеттерді жеткізеді. Алтынай Берік «Мен өз достарымды кітап оқымайды деп айыптамаймын. Бірақ олар кітап, газет-журнал оқығаннан гөрі ғаламторға кіргенді ұнатады. Сол себепті ертегілерім арқылы достарымды кітап оқуға шақырамын», – дейді. Оқырман қауымға өнерлі өреннің шығармаларын ұсынып отырмыз.

Ерте заманда бір тасбақа болыпты. Ол арқасындағы акыр жүгін арқалап, өмірі бейнетпен өтіп келеді екен. Бірде алыс сапардан әбден шаршап, шөлдеп келе жатқан бір жолаушыға кез болыпты. «Ей, жолаушы! Қайдан келесің?» – дейді. Жолаушы жауап беруге шамасы келмей, ағаш түбінде жүрелеп отырып, ұйықтап кетеді. Ояна келе алдында бір үзім нан мен бір кесе су тұрғанын көреді. Жан-жағына жалтақтап қарап еді, ешкім көрінбеді. «Менің жағдайымды жасаған кім екен?» – деп таңғалды. Сол кезде тасбақа:
– Шөлің қанып, қарныңа ас барды ма? – деп сұрайды.
– Тасбақа, рахмет! Бұл жақсылығыңды қалай қайтарсам екен? – дейді жолаушы. Сонда тасбақа:
– Мына жерде бұлақ бар. Сол бұлақтың көзі бітеліп, түбі тартылып, жағдайымызда қиындатып жіберді. Құмның арасында жұмыртқадағы балаларымның өніп шығатын кезі жақындады. Не істерімді білмей отырмын? – деп, тасбақа көлеңкеге тығылды. Жолаушы күні-түні бұлақты қазып, көзін ашып, бұлақтан мөлдір су аспанға атқылап, теңіз суға толады. Тасбақа алғысын білдіріп:
– Ей, жолаушы, екеуіміздің бұл өмірдегі көрер бейнетіміз бен қуанышымыз бірдей. Мен өмір бойы арқамдағы ауыр тасты арқалап келемін. Ол менің қысы-жазы баспанам, балаларымның өсіп-өнуіне жағдай жасаймын. Сен де ұрпағың үшін үй салып, тапқаныңды арқалап, өсіп-өніп келесің, тағдырымыз ұқсас, – дейді.
– Айдынның суына шомылып, олар рахаттанады. Су ішіп, табиғат жасыл –желекке айналды. Жолаушы табиғаттың әсем сұлулығына тамсана қарап, қамқор болғанына қуанды.

Тілім менің

Санамызға өзгеріс болсын, әр күн
Шын рухани жаңғыра алсын, әркім
Көрінсек деп, 30 ел биігінен,
Енгіздік әліпбиге латын әрпін.

Өз елім бар, өз дінім бар азатпын,
Ұрпағының таза сөйлер қазақтың.
Тілім менің мақтанышым, ұраным,
Аспанымда самғап ұшар қыраным!
Мен қазақпын ұлы дала иесі,
Қазақ тілдің арта берсін үлесі.
Жалындаған жырлары мен нұрланып
Найзағайдай жарқырап тұр киесі.

Қазақтық рухқа заман дем беруде,
Көпұлттық бағдарлама өңделуде.
Енді елде тұратын барлық ұлттар,
Қазақ тілін тиісті меңгеруге.

 

Алтынай Берік,
Қызылорда қалалық
№267 мектептің 7-сынып оқушысы

14 желтоқсан, 11:54
Жадымыздасың, Желтоқсан!
07 желтоқсан, 13:04
Ыдырыс Мұстамбайұлы
07 желтоқсан, 12:58
Кебенекті біліесіз бе?
07 желтоқсан, 12:54
Әзірге ұсыныс
07 желтоқсан, 11:39
Дуа мен дауа немесе Айтолқынның айласы
30 қараша, 12:29
Құзорда - Баласағұн
30 қараша, 12:22
Шанақтан шыққан шатақ
29 қараша, 15:06
Bitcoin құнсызданып барады