jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Түйткілді дипломатиялық жолмен шешу керек

31 тамыз, 12:05
343

Жуырда Алматыдан бір топ қоғам өкілдері Қытайға іссапармен барып қайтты. Біз сол сапарды ұйымдастыруға дәнекер болған «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Омарәлі Әділбекпен әңгімелескен едік.

Jas qazaq: Омарәлі мырза, сіздер жақында бір топ қоғамдық ұйым өкілдері мен саясаттанушылар Қытайға іссапармен барып қайттыңыздар. Сол сапардың негізгі мақсатын айта кетсеңіз.
О.Әділбек: Біздің Қытайға барудағы негізгі мақсатымыз – арғы беттегі қазақтар мәселесін дипломатиялық жолмен сөйлесіп, шама келсе, жағдайды көзбен көріп қайту еді. Астанадан 12, Алматыдан 5 адам, ҚХР Қазақстандағы елшілігінің консулдық басқармасының басшысы Гу Мин бастаған жалпы 18 адам бардық. Елшіліктің кеңесшісі Әбутәліп Аймаханов келді. Сол күні сағат үште Қытайдың «Біртұтас майдан» министрлігінің басшысы Кан да жи қабылдады. 1937 жылы жапондарға қарсы құрылған ұйым. Қазір құрамына бірнеше департамент қарайды. Біз барлық кездесуде 6 мәселе көтердік.
Jas qazaq: Соған егжей-тегжейлі тоқтала кетсеңіз.
О.Әділбек: Бірінші, бөліп-жарылған отбасы мәселесі. Отбасы мүшелерінің біреуі немесе бірнешеуі Қазақстан азаматы, қалғандары Қытай азаматы болып қалғандар бар. Екінші, зейнетақының тоқтатылу мәселесі. Қытайда қызмет істеп, зейнетке шыққан азаматтар Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін, олардың зейнетақысы бұрынғы өздері қызмет еткен мекемелері тарапынан тоқтатылып, олардың өмір бақи бейнетінің зейнетін көру мүмкіндігінен айырып тастауда. Шетелде жалпы 62 миллионнан астам қытай болса, солардың біразы елінен зейнетақысын еш қиындықсыз алып отыр. Неге қазақтар ала алмайды? «Біртұтас майдан» министрінің орынбасары Тан Тяньсин мырзаға осы мәселені айттық. Әңгіме қызу болды, талай пікірлер айтылды. Үшінші, тіркеуден шығу мәселесі. Бұрынғы тәртіп бойынша, Қытайдағы тұрғылықты тіркеуінен шықпай-ақ, Қазақстан азаматтығын қабылдаған азаматтар Қазақстан паспортымен Қытайға бара алатын. Ал қазір олар қос азаматтығы бар адам ретінде ұсталуда. Бұл кісілер Қытайдағы туыстары немесе таныстары арқылы тіркеуден шығайын десе, ШҰАР-дың жергілікті үкіметі оған рұқсат етпей, олардың Қытайға қайтып баруын талап етуде. Төртінші, Қазақстанда оқып жатқан студенттер мен оқушылар 2017-2018 жылдың қысқы демалысында Қытайға барған жерінен паспорттары жиналып алынып, тұтастай оқуын тастауға мәжбүр болған. Мұны да өзекті тақырып ретінде қойдық. Бесінші, Қазақстан азаматтығын қабылдаған қазақтар (бұрын Қытай азаматтары болған) осы елге сапарлау кезінде Қытайдың кеден немесе шекара қызметі тарапынан жөн-жосықсыз сұраққа алынуда. Алтыншы, ШҰАР-дың ішінара жергілікті мекемелері Қытай азаматтарының Қазақстандағы туысқандарына туысшылау шақыртуын жіберуге немесе туыстық қатынастарын растауға рұқсат бермей, нәтижесінде Қытайдан келіп Қазақстан азаматтығын алған, этникалық қазақтар Қытайға бару визасын ала алмай, туыстық қарым-қатынастан шектеліп, қиындық көруде. Біз осы мәселелерді қойдық.
Jas qazaq: Қандастарымыздың қос азаматтық бойынша айыпталып жатқанын қалай түсіндіресіз?
О.Әділбек: Қазақстан мен Қытай арасында қос азаматтық деген мәселе жоқ. Мен осыны бұрыннан айтып жүрмін. Қазақстан Кеңес одағының құрамынан шыққан ел. Тұрақты тіркеу дегенге қараймыз. Ал Қазақстан азаматтығын алған кезде, біз алдымен Қытайдың паспортын өткізіп, содан кейін ғана Қазақстанның төлқұжатын аламыз. Қытай азаматтары шетелге біржола кетсе де, тіркеуден өшпей тұрады. Екі жақта тіркеуде тұрғандықтан, қос азаматтығы бар деп айыпталуда.
Jas qazaq: Бұл мәселені шешудің бейбіт, өркениетті жолы бар ма?
О.Әділбек: Әрине, ондай жолы бар. Қытай біздің тарихи көршіміз. Біздің бұрынғы хандарымыздың бәрі бұл елмен мықты дипломатиялық қарым-қатынас жасап, жер-су, шекара мәселесінің бәрін бейбіт жолмен шешіп отырған. Оның үстіне, қазір Қазақстан мен Қытай Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше. Терроризмге қарсы тұруға екі ел де қол қойған. Біздің іссапар да осы өркениетті жолға жатады.
Қытайлар дипломатиялық қатынасқа мықты әрі мүдделі. Олар кез келген істі сәтті келісім арқылы шешудің жолы мен қыр-сырын жетік меңгерген. Қытаймен бірлесіп ашқан кәсіпорындар бар. Ол екі ел үшін де тиімді. Осындай кәсіпорынға оралмандарды тартып, еңбек күшін байланыстырудың да жолы бар. Біздің сапарымыз Елбасының маусым айындағы сапарының жемісі деп ойлаймын.
Қытай билігі Шыңжаңдағы қазақтар мәселесіне сыртқы күштердің араласқанын сезді. Шыңжаңның тыныштығы әуелі біз үшін керек. Өйткені Шыңжаң көп ұлтты өлке. Сол көп ұлттың бірі – біздің қандастарымыз. Біз бұл сапарда кездесуде болған барлық басшыларға «Шыңжаңдағы жергілікті атқарушы билік пен мекемелер заңды белден басып жатыр» дегенді ашық айттық. Олар «Ол жағын мойындаймыз. Біз осы мәселенің барлығын ескеріп, орталық үкіметке жібереміз» деді. Сыртқы істер министрінің көмекшісі, бұрынғы елші Чжан Ханьхуэй мырзамен де кездестік. Ол «Асыра сілтеу бар. Бұл уақыт еншісіндегі мәселе. Көп ұзамай шешіледі» деді.
Jas qazaq: Сапарларыңыздың мақсаты – қандастардың мәселесі, бірақ сіздер Бейжің мен Ухан, Үрімжі жақтан ғана қайтқан сияқтысыздар ғой. Қазақтар қоныстанған ауыл-аудандарға жол түспеді ме?
О.Әділбек: Бәрі қытай тарапынан жасалған жоспар, солар белгілеген күн тәртібімен өтті. Үрімжіде болдық. Ол жерде сыртқы істер министрлігінің департамент басшысы күтіп алды. Біздің мақсатымыздан алдын ала хабары бар екен. Сөз бізге тигенде мен «Қытай Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы елдердің бірі. «Бір жол – бір белдеудегі» маңызды серіктеспіз. 25 жылда біздің Елбасы 18-19 рет іссапармен келді, Қытай төрағасы Ши жиң пиң (Си Зиңпин) Қазақстанға 5 жылда 3 рет іссапармен барды. «Бір жол – бір белдеу» – халықтар арасындағы достықты ту еткен жоба. Шыңжаңдағы жағдайдың «Бір жол – бір белдеу» жобасына абырой әпермейтінін ашық айттым.
Осы орайда, үшінші күштер мен кейбір ұйымдар отқа май құйып жатқанын айта кету керек. Олар Қазақстан мен Қытай арасында от көсеуге құлшынып отыр. Мұндайлар тонның ішкі бауындай болып отырған Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасына сызат түсіруі бек мүмкін. Содан алаңдаймыз.
Jas qazaq: Алтайдың арғы жағындағы қандастарымыздың рухани болмысы туралы не айтасыз?
О.Әділбек: Мені алаңдататыны да осы сауал. Қазірдің өзінде 20 жастан төменгілер қазақ тілін білмейді. Қазақ тілі тек отбасылық тіл деңгейінде. Олар ұлтын сақтап қалғысы келсе, шығар жол – Қазақстан.

Жалпы сапар сәтті аяқталды. Мұндай түйткілді дипломатиялық жолмен ғана шешу керектігін түсіндік. Аттан мен айқай мәселені шешпейді.

Әңгімелескен
Жарас КЕМЕЛЖАН

Тақырыпқа орай

 

Чжан ХАНЬХУЭЙ,
ҚХР сыртқы істер министрінің орынбасары, Қытайдың Қазақстандағы бұрынғы елшісі:

– Сөз жоқ, Қытай – Қазақстан үшін ең үлкен нарық. Ал осы тарапта адам құндылығы екі ел үшін де аса маңызды.
Бүгінгі ахуал бәрімізге мәлім. Этни­калық қазақтар жай ғана қоныс аударушылар емес, олар біздің сырттағы диаспорамыз, екі елдің достығының бірден-бір кепілі. Сіздердің жанай­қайларыңызды жаныммен түсінем, себебі мен Қазақстанда үш жарым жыл елші қызметін атқарғанда қазақтардың сондай меймандос, бейбітсүйгіш ел екенін анық таныдым және қазақ еліне жанкүйермін десем де болады. Менің Қазақстаннан оралғаныма үш-төрт айдың ғана жүзі болды. Қазақ­станда қызмет барысында осы мәселеде сіздермен әлденеше рет кездестім, мәселені бірге талқыладық. Осы делегацияның келу сапарын да сол кезде келіскенбіз. Міне, жүзеге асып отыр. Пікірлеріңізді бүкпей ашық айттыңыздар, Шыңжаңға барғанда автономиялық ауданның басшыларына да ойларыңызды бүкпесіз жеткізіңіздер. Олар Қазақстандағы қоғамдық пікірден толық хабар алу керек. Біз де проблеманы шешуге бар күшімізді салудамыз, бірақ бұл мәселе ертең шешімін таба қояды деп айту қиын. Өйткені біздің де кейде шамамыз жетпей қалатын тұстар болады…
Қытай үшін ең бастысы – ішкі тұрақтылық. Бұл жағдайда барлық кіші ұлттарға заң бірдей, ұлтаралық қатынаста қазақтардың ахуалын бөлек қарай алмаймыз. Жақында тікелей менің ұсынысыммен Шыңжаңға арнайы делегация бармақ. Бәрін таразылап, сараптап, соның нәтижесінде біз нақты қадамдар жасайтын боламыз. Әрине, жалпы өңірде, тәрбиелеу орындарында шаш ал десе, бас алып жатқан жағдайлар да болуы мүмкін. Жоғарыдағы саясат бөлек, төмендегі жағдай мүлде басқа болуы да ғажап емес. Мұның бәрін біз тексеретін боламыз. Сондай-ақ таяуда екіжақты қалыптасқан жағдайды реттеу үшін Қазақстанға арнайы ресми делегация барады. Қос азаматтық мәселесі сонда анық шешіледі. Рас, Шыңжаңдағы жағдай халықаралық деңгейде үлкен дау тудырды. Алайда мұның бәрі өркениетті жолмен шешілуі тиіс. Бұл орайда екі елдің зиялы­ларының да пікірі құнды. Сонымен қатар Қазақстандағы бірлескен кәсіпорындарға этникалық қазақтардың перзенттерін жұмысқа тарту туралы арнайы ұсыныс әзірленуде.
Біз сыртқы істермен айналысамыз, осы орайда этникалық қазақтардың діни экстремизмге ұрынған дерегі тіркелген емес. Біз Қазақстанды неге қауіпті белдеуге санадық? Себебі, Шыңжаңдағы экстремистік топтарды қаржыландыру, әлеуметтік желі арқылы ақпараттандыру Қазақстан және Қырғызстан арқылы өтуде. Нәтижесінде, әсіредіншілдер қатары молайған.

Бүгін, 11:35
Мұрат ақын және Ноғайлы жырлары
12 қазан, 12:14
Тренинг немесе мен қалай оқуымды бітіре алмадым?
12 қазан, 12:08
Желідегі маркетинг шаң қаптырмасын
08 қазан, 14:52
Арқа (әңгіме)
28 қыркүйек, 12:39
Таңдаулы оқулықтар ғана аударылады
28 қыркүйек, 12:14
Ең басты мәселе – өңірлік және жаһандық қауіпсіздік
24 қыркүйек, 11:25
«Тозақ отынан» оралған әйел
21 қыркүйек, 11:17
"Чайка" жігіттер