jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Тағдырмен тайталас

24 тамыз, 11:45
1065

Есін жиған соң өз-өзіне келе алмай ұзақ жатты. Бар денесі, бүкіл ағзасы қаусап қалғандай. Басы бар болғыр көтертетін емес, құтты шойынмен қаптап қойған тәрізді. Тар кереуеттің қос қапталынан ұмсына ұстап, өзін-өзі демеп, орнынан тұрмақ болған. Сол сәтте аяғына көзі түскенде, көзінің алды қарауытып жүре берді. Шындығында қос аяғын көрген жоқ еді. Қайдан көрсін, қара саннан жоғары шорт кесіп тастаса.

Талмаусырап жатып тағы да есі кірген. Енді осы бір қасіретке ұрынардың алдындағы соңғы суреттер көз алдына келе бастады. Омбы қаласына көз байлана жеткен. Жолсоқты болып қатты шаршапты. Машинасы сынып қалған соң ылаулап жеткен. Бір көліктен соң бір көлікке мініп, жол шетінде жалғыз қурай құсап қанша тұрды.

Таңдайы кеуіп сусаған соң қалың қараңғылықты жамылған Омбының шетіндегі, теміржолдың бойындағы дүңгіршекке бас сұққан. Әлгі ұлына үй алып беремін деген ниетпен ортасынан жіңішке резеңкемен буған бір бума ақшаны суырып алмасы бар ма? Жамандыққа жетелеген осы ойсыз қадамы екен. Өкпек жолаушылардың өне бойы суық көзімен тінткілеген сатушы хабар берді ме, әлде жол бойын торыған қарақшылардың өз адамдары болды ма, әйтеуір, шөлін қандырған соң теміржолдан аттай бере дәл құлақшекеден жойқын соққы тиген. Есінен танып қалыпты. Ауруханада жатып ес жиған. Кейін білді, қаныпезер қарақшылар қалтасындағы балама үй әперемін деген бар ақшаны үптеп кеткенімен қоймай, теміржолдың бойына көлденең тастап кетсе керек. Көзге түртсе түк көрінбейтін жеті қараңғы түнде ысылдап-пысылдап жеткен, салмағы мың батпан пойыз тураған да кеткен. Көрер жарығы таусылмапты.
Аурухана төсегіне танылып жатып ақселеулі Қызылтудың жалпақ даласын аңсады. Сәуірдің ақ таңы құланиектеніп атқан кезде үй жанындағы қазотын жалаң аяғымен басып жүрер еді. Жылқы табынынан биесін ұстайтын. Анау шет-шегі жоқ қырларда құлдыраңдаған құлыншақпен жарысып ойнар еді-ау. Мынау жарық дүниеде бақыт дегеннің өзі адамның екі аяғы екен ғой. Қара жерді қаз басып, ел қатарлы қалқайып жүргенге не жетсін, шіркін?! Ендігі жатысы мынау, кескен томардай болып.

Тағдырдың мұндай сұмдық тәлкегіне тұңғыш рет түскен Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданы Мортық ауылының тумасы Рамазан Хасенов бір сәт өмірден түңіліп кеткендей де болды. Бірақ бойын тез жинап алды. Тақа жасық емес еді ғой. Жан-жақтан қаумалап келген қалың ой, тұла бойыңды түршіктіретін ащы ой кететін емес. Қайта еңсесін басып бара жатыр, серпілгісі келеді, сергігісі келеді. Бірақ оған мұрсат бар ма?
Рамазан Щучье қаласындағы индустриалды-техникалық училищеде білім алған. Еңбек жолын өз елінде бастаған. Әуелгі бетте тағдыр да күле қарап, шуағын төккендей еді. Бар шаруасы өзі ойлағандай болып келе жатқан. Азамат атанды, ат жалын тартып мінді. Кеңшардағы ортан қолдай маманның бірі. Одан артық тәйір-ай, тірі жанға не керек дейсің. Тек осы бір сүттей ұйыған тұрмысын 1990-жылдардың бел ортасында өтпелі кезеңнің өкпек желі бұзып кеткен. Рамазан Қазбекұлы соныдан соқпақ іздеген елмен бірге ұлы дүрмектің жетегіне ерген. Ерген жоқ, өзі тыңнан жол салғысы келді. Жер жағдайы өзіне бес саусақтай белгілі. Құнарлы жерден ойып тұрып 150 гектар егістік жер алды. Бұрын кеңшардың бар кезінде байқамапты – қосалқы бөлшек, жанар-жағармай дегеніңіз қасқалдақтың қанындай қат екен ғой. Ертеректе әлдеқайдан өз-өзінен келіп жататын, сұраған жанға жанар-жағармайды сар еткізіп құя салатын, қысылып техниканың әлдебір бөлшегін сұраса, «мә» деп қолына ұстата салатын. Енді бәрін өзі іздеуі керек. Жалғыз егінмен жан бағудың қиын екендігін түйсінген. Сөйтіп қиындығына төзіп, ауыртпалығын арқалауға шарболаттай дайын болып, саудаға кіріскен. Ол тұста кеудесінде жаны бардың бәрі қыбырлап жүріп сауда істемекші болды ғой. Бірақ онда да әркімнің пешенесіне жазылған сыбағалы дүниесі болады екен. Біреулер бастады да, қолдары жүрмеген соң тастады. Ал ырыздығы осыған шығар, Рамазан Қазбекұлының саудасы күмпілдеп жүріп берді. Бұрынғы қазақ дұрыс айтқан екен: «малшының малы жылына бір-ақ рет туса, саудагердің малы сәті түссе, күнде туады». Аз уақыттың ішінде босағасына береке байланды. Омбы қаласында жоғары оқу орнында оқуға ниеттеніп жүрген баласына үй әпермек те болды. Кішкентай кеудедегі үлкен арман қарақшылардың қолымен үзілді. Енді есін жинап келе жатқанда, Қызылтудың қырларына бітетін қырмызы қызғалдақтай құлпырып өсіп қалған қызын сол Омбының көшесінде машина қағып, мерт қылды. Бір қайғыға бір қайғы жамалған соң, оңай болсын ба?.. «Тас та түскен жеріне ауыр» демей ме, атам қазақ. Жүрегі езіліп кеткен. Қалай шыдағанына осы күні өзі де таң. Күрсінумен көп күндер өтіп жатты. Қараңғы, сұрғылт күндер. Арғы жағынан шуақ шашатын, арай төгетін ештеңе жоқ тәрізді. Тіршіліктің өзінде бір түйір мән қалмағандай. Осылайша, тірліктен түңіліп жүргенімен, тырбанып қарекет қылуға бекінді. Жалғыз ұлға Омбыдан түңілген соң Көкшетауға бар деп кеңес берген. Онда Ш.Уәлиханов атындағы үлкен университет бар. Омбыңыздан кем емес. Енді қайтып Омбының бетін көрместей.
Жалғыз ұлдың жайын ойлап Көкшетау қаласының жанындағы Зеренді ауданына көшіп келді. Шағын азық-түлік дүкенін ашып алды. Қайтадан қаражат жиған жалғыз ұлға Көкшетау қаласынан бір баспана алып бермек. Сол арманына әне жетем, міне жетем дегенде тағы төтеннен келген қырсық жолын шалғаны. Сабақтан кешеуілдеп шыққан жалғыз ұлды көше бұзақылары қанжоса етіп ұрып кеткен. Осы соққының салдарынан ақ қан ауруына ұшырады. Жаны ышқынып кетті. Бауыр еті баласынан несін аясын, ат тұяғы жететін жердің бәріне қаратты. Бірақ дауа таба алмады. Маңдайына біткен жалғыз ұлы – Әсеті, мектепті үздік бітірген озат оқушы, әке-шешесінің көзінің ағы мен қарасын Мәскеуге де апарған. Бір анализінің өзі үш мың доллар. Бірақ болмады ғой, болмады. Бұрынғы күйзеліске жаңа қайғы жамалған. Бұрынғыдан да ауыр, бұрынғыдан да ащы.
Өмір бәрібір сүйікті. Қиып кете алмас еді. Жан жары бар ғой, үш перзенттің соңғысы құйтақандай қызы бар ғой. Солардың тіршілігі үшін.
Қазір Рамазан Қазбекұлы Зеренді селосының дәл ортасындағы кішкентай алаңқайда шеберхана салып жатыр. Өзі тәрізді мүгедектердің қол арбалары мен балдақтарын жөндеп бермек. Қол арбаның өзінде подшипник көп екен. Сәл қисайса, сүріне жығылса, оңбай опырылып қалады. Ал қарға адым жер мұң болып отырған мүгедекке оны жөндеп алу қайдан оңай болсын. Ендігі арада тағдырдың тәлкегіне төзіп келген Рамазан Қазбекұлы әлгі міскіндердің мүлкін тегін жөндеп бермек.
– Мүгедектің жанын мүгедектен басқа кім түсінеді? – дейді Рамазан Қазбекұлы, – он екі мүшесі сау адамдар күн көрудің қамымен қабырғалары қайысып жүргенде, өз бетімен жүріп-тұра алмайтын қәріптер қайтып күн көрмек. Күнкөріс былай тұрсын, жан дүниелері де жабырқап жүрмей ме. Олардың да бір сәт қайғы басқан аспанын сәулелендіру керек шығар. Осыны ойлап жалғыз қызымның кішкентай азық-түлік дүкенінен түсетін қаражаттың есебінен демегім келеді. Мерекелік кештер өткіземіз, дастархан басында отырып сырласамыз. Арамызда өмірге құштар жандар көп. Солардың рухының мықтылығына тәнті боламын. Өмірге деген махаббаттары қайран қалдырады.
Айтуынша, мүгедектердің арасында спортпен айналысып жүргендер де аз емес екен. Аудандық, облыстық жарыстарда топ жарыпты. Республикалық «Үміт» спартакиадасына да қатысады екен. Зеренділік спортшылардың жарысқа қатысуына жаңағы кішкентай дүкеннің көп көмегі тиіп тұр.
– Жарысқа бір адамды жібере алмайсың ғой. Оның күтушісіне де қаражат табуың керек, – дейді мүгедектердің мұңын ойлап жүрген Рамазан Қазбекұлы, – әйтеуір, бір жақсы жері әйелім де, қызым да қарсы емес.
Енді жер үй салып алғысы келеді. Жер үйдің жанынан жылыжай салса. Солтүстікте не қат, көкөніс қат. Әсіресе, қысты күні көкөністің бағасы күйіп тұрады. Нәпақа түсіп жатса, жалғыз өзінің ғана емес, Зерендідегі 1850 мүгедектің арасындағы аттөбеліндей спортшылардың да ырысы емес пе?!

Байкен КӨБЕЕВ,
Ақмола облысы

Бүгін, 11:35
Мұрат ақын және Ноғайлы жырлары
12 қазан, 12:14
Тренинг немесе мен қалай оқуымды бітіре алмадым?
12 қазан, 12:08
Желідегі маркетинг шаң қаптырмасын
08 қазан, 14:52
Арқа (әңгіме)
28 қыркүйек, 12:39
Таңдаулы оқулықтар ғана аударылады
28 қыркүйек, 12:14
Ең басты мәселе – өңірлік және жаһандық қауіпсіздік
24 қыркүйек, 11:25
«Тозақ отынан» оралған әйел
21 қыркүйек, 11:17
"Чайка" жігіттер