jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Баукеспе

24 тамыз, 11:56
1692

– 2005 жылдан бері көлік ұрлығымен тұрақты айналысқан…
– Жыл сайын бір емес, бірнеше темір тұлпар ұрлап, сатып, заңсыз жолмен пайда тауып отырған…
– Көліктің кузов нөмірін заңсыз жолмен өзгерткен. Құжатын заңсыз жасаған…
– Нұрлан Жыланбев (тегі өзгертілді) 3 жылға бас бостандығынан айырылсын!..

Сот төрағасының үкімі құлағында әлі жаңғырып тұр. Тас қабырғалар да күңіреніп, үн қосатын сияқты. Басы зеңіп, көзі қарауытып, жүрегі тулай жөнеледі. Артына, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайды. Есік-терезесі белгісіз тастай қараңғы бөлмеде жападан-жалғыз қалыпты. Таң да ащы ішектей созылып алған. Мұнда таңның атып, күннің батқанынан хабарың болмайды екен. Бұрынғыдай қауырт жұмыс, тіршілік үшін күрес атымен жоқ. Уақыт та тоқтап қалғандай.
Бұл қай жер? Нұрлан өзі отырған қараңғы қапастың атын есіне алғысы жоқ. Есіне түсірсе, қайтадан жүрегі тулап, басы айналып, мазасыз күйге түседі. Сол үшін ойын басқа жаққа бұрып, қайдағы-жайдағыны ойлауға тырысып бағады. Бірақ ойдан ұшқыр, қиялдан жүйрік не бар? Сан-мың қиялдың ұшқыны бір нүктеге тоғысқанда, құлағына әлгі жаңғырық қайта оралады. «3 жылға бас бостандығынан айырылсын!» деп жаңғырады.
… Бір кезде ол өзіне-өзі күбірлеп «Бұл түрме. Бұл абақты» деді қайталап. Содан соң мұнда қалай түскенін ой-елегінен өткізе бастады…

Түрмедегі түн

Нұрлан Жыланбаев осымен бесінші, әлде алтыншы рет сотталып жатыр. Нақты санын дәл қазір өзі де айта алмайды. Тек 2005 жылдан бері көлік ұрлауға әуестеніп, ақшаға батып қалмаса да, қайта-қайта түрмеге түскені ғана есінде. Ең алғаш бұл көлік жасайтын орталықта жұмыс істейтін Қызылордадан келген жерлесі Ерлан екеуі бір «Жигулиді» «сойып» сатып жіберген. Оңай олжа тапты. Әйелі мен бойжетіп қалған қызын асырау аяқ-қолы бүтін азаматқа аса қиын шаруа емес. Бірақ басқа жұмысқа қыры жоқтай, әлде дәндеп алған соң тастай алмай қалды ма, әйтеуір, осы кәсіпке бүйрегі бұрып тұратын болды.
Әйелі мен қызы жүгіріп жүріп талай жақсы жұмыс тауып берген. Бұл бәрінен бас тартты. Үйде шалқасынан жатып алып:
– Сендерге ақша тауып берсем болды ғой. Басқаға бастарың ауырмасын, – деді бір жолы кесіп сөйлеп.
– Сен қандай жолмен ақша тауып жүрсің? Адал еңбекпен болса, шаруамыз жоқ. Бірақ сенің жүрісің суыт. Екі күн жоғалып кетіп, жұрттың жарты жылда табатын ақшасын алып келесің. Бұл не қылған батпан құйрық? – деді әйелі шыр-пыр болып. Ондайда Нұрланның жауабы дайын.
– Жұрттың өмір сүруге икемі жоқ, – дей салады.
Ұрлыққа әбден ысылып алған соң, ол Ресейде шығарылған көліктерді ғана ұрлайтын болды. Әсіресе, «Нива», «Жигули», «Ваз-21014» сияқты темір арғымақтарды артынан қалмай жүріп, төрт дөңгелегін тік көтеріп әкетсе де, көзін құртады. Тергеушіге берген түсініктемесінде Ресейде өндірілген көліктердің шыққан жылы жаңа болатынын, оны кілтсіз оталдырып, оп-оңай айдап кетуге болатынын, жол полицейлерінің мұндай көліктерді көп тоқтата бермейтінін алға тартты.
Бұдан бұрынғы соттардың кейбірінде көлік иесімен келісіп, түрмеден аман қалып жүрген. Түрмеге түскен күннің өзінде рақымшылыққа ілініп немесе белгілі мерзімін өтеген соң, құлан-таза құтылатын. Бұл жолы жағдайы о бастан қиын түйінмен басталды. Бір емес, үш көліктің ісімен шатылды. Оның үстіне 54 жасында түрмеге түскеніне іштей опық жеп отыр. Өкініш өзегін өртеп жатып, 2006 жылғы бір «жорығын» есіне алды.
– Ой, ол бір аспаннан алтын жауған кең заман екен ғой! – деп тағы да өзіне-өзі күбірледі. Тас еденнің ызғары жамбасынан өткен соң, орнынан тұрды. Ары-бері жүрді.
– Алматыда алшаң-алшаң басып жүріп, екі айда 5 машинаның көзін құртып едім, – деп мырс етті қараңғы түрме түбінен. Төртеуінің жымын білдірмей, «ішек-қарнын ақтарып» сатып жіберген. Бесінші көлікті айдап кеткен күні жаман түс көрді. Түсінде қап-қара көлге тұншығып, жағаға жете алмай, қиналып жатыр екен. Бастырылып жатып, әрең оянды.
Сол күні түс кезінде бұл көлікті біреулерге сатпақшы болып, көшеге мініп шығады. Әлгі адамдар «Ваз-21014» автокөлігін ары қарап, бері қарап, ұзақ саудаласады. Төрт көшенің қиылысқан тұсы болатын. Қолма-қол ақша алып жатқан кезде, арнайы жасақ сау ете қалды. Н.Жыланбаев әлгілердің қайдан шыққанын, өзінің қалай ғана оп-оңай тұзаққа түсіп қалғанын түсініп үлгермеді. Бірақ сот кезінде бұл барлық көліктің шығынын төлеп беруге келісіп, сот залынан бостандыққа жіберілген. Соның желі ме екен, ол көлік ұрлығын аса үлкен қылмыс санамайтын болды. Тіпті соншалық жеңіл кәсіп көрді. Үйде ақша болмай қалса, қорадағы қой сияқты біреуін дырылдатып әкеліп, бір-екі жерін шұқылап, сатады да жібереді.
Уақыт өте келе ол мұндай ұрлыққа әбден ысылып алды. Полицейлерге ұстайтын ілік, түсетін із қалдырмайтын деңгейге жетті. Бәрін түлкінің жымындай жасырып-жауып жүрді. Алайда Алматыда жап-жаңа «ВАЗ» көлігін Нұрланнан басқа ешкімнің ұрламайтыны полицейлерге аян. Сондықтан қалалық ішкі істер департаментінің автокөлік қылмыстарын ашу бөлімі, ең алдымен Нұрланды нысанаға алады. Сауысқаннан сақ ұры әр жолы бір жерден ағат кетіп отырды. Жамандық жерде жатпайды деген сол ғой. Бір жолы құтылып кетсе, екінші «жорық» кезінде міндетті түрде қолға түсіп қалады. Бірақ барлық соттан көлік иесінің көңілін тауып, темірдің құнын төлеп, айыптан құтылуге әбден үйреніп алыпты.
Тергеушілер, әсіресе, Алматы қалалық ішкі істер департаментінің автокөлік қылмыстарын ашу бөлімінің жедел уәкілдері соттан Нұрланды жібермеуді, бірнеше жылға соттауын сұраған. Алайда өзі түрмеде отырса да, сырттағы сыбайластары арқылы арызданушылардың аузын «майлайтын».

Mazda мен Galant-тың құпиясы

Түрмеде жатқан адамның ойына қайдағы-жайдағы оралады екен. Ерлан екеуі бірігіп, осы кәсіппен айналысып жүргенде, бұларға үшінші адам қосылды. Дәулет те осы жолмен ақша тауып жүрген нағыз баукеспенің өзі болып шықты. Ерланның көлік жасайтын орталығындағы оңаша бөлмеде үш ұрының басы қосылып, ұзақ-ұзақ кеңесіп, ұлы жоспар құрды. Бұлардың танысуына себепкер болған адам – Ерлан. Әлгі Дәулет те «жемтігін» Ерланмен бөліседі.
– Маған жылы көне Mazda мен Mitsubishi Galant қана қызық. Қалғанына «интерес» жоқ, – деді танысқан бойда.
– Неге? – деді Нұрлан бір көзін сығырайтып.
– Бұл екі машинаның ең үлкен «ауруы» – құлыбында.
– Сонда қалай? Құлыптары нашар ма?
– Иә, әсіресе, Mazda-626 көлігін кез келген кілтпен ашып, оталдыруға болады. Ал Mitsubishi Galant-тың құлыбын ашу үшін отвертка болса жеткілікті. Темірдің ұшын балғамен соғып, кілтке ұқсатып, құлыпқа салып, бір-екі рет қатты бұрасаң, ашылып кетеді. Оталдыру да сондай оңай.
– Кузов нөмірін қалай өзгертіп жүрсің? – деді Нұрлан болашақ серігін сынап.
– Қазір кузов нөмірін тексермейді ғой. Бұрын қиын болған. Мықты дәнекершіге кесіп алдырып, жымын білдіртпей дәнекерлететінмін, – деп Дәулет ағынан жарылып жатыр. Оның әңгімесіне қарағанда, бірнеше Mazda мен Mitsubishi Galant-тың басына су құйыпты. Бір рет қолға түсіп, түрмеге тоғытылып шығыпты.
– Сол жолы мені қара басты. Бір аптада үш көліктің ізін суытып үлгеріп едім, – деп бастады бір ұзақ әңгімені. – Алматының Ұлжан мен «Заря Востока» ықшамаудандарының ортасында терең сай бар. Сол жердегі тұрғындар болмаса, былайғы жұрт байқай бермейтін ұры жыра. Үш көлікті де әлгі сайға тықтым. Айналасы қамыс-қоға. Сыртынан онда не барын байқай алмайсыз. Содан үш машинаны қаңтарып тастап, у-шу басылғанша бір апта күттім. Бәрі тынышталды-ау деген уақытта Ерланның СТО-сына әкеле қояйын деп екі-кештің ортасында жігіттермен келгем.
– Содан не болды? – деп Нұрланның шыдамы таусылып бара жатыр. «Мына пәтшағар әңгімені жақсы айтады екен, ә» деп ойлап үлгерді.
– Не болушы еді, қара басты деп отырмын ғой. Біз үш көлікті сайдан шығарып, енді жүре бергенде сау етіп сақшылар басты да қалды. Қашып құтыла алмадық. Содан 3 жылға сотталдым да кеттім. Бірақ бір жылдан кейін рақымшылықпен түрмеден уақытынан бұрын босап шықтым , – деп әңгімесіне нүкте қойғандай бойын тіктеп отырды.
– Сексен, тоқсаныншы жылғы көліктерді қашанғы ұрлай бересіңдер. Ұры деген жаман аттарың бар. Түйе ұрласаңдар да, түйме ұрласаңдар да, бәрібір сотталасыңдар. Одан да «жип» алып келсеңдерші? – деп екі баукеспенің сұхбатына шоқ тастады Ерлан.
– «Жип» ұрлау қиын. Сигнализациясы бар. Содан кейін оны анау-мынау адам мінбейді. Бізді жерге кіріп кетсек те тауып алады, – деп «Мазданың» ұрысы басын шайқады.
– «Нартәуекел» деп бағымызды сынап көрмейміз бе? – деді «Жигулидің» баукеспесі.

jeep-тің де ұрысы бар

Сол күні бұлар көп ақылдасты, жоспар құрды. Ақыры жүктей «жиптерге» шалма тастап көруге уағдаласты. Ол үшін сол қымбат көліктердің құпиясын білетін адам іздеу керек. Оны да тапты. Диас деген жас жігіт шетелдің су жаңа, жол талғамайтын дәу машиналарының кез келгенін ашып-шашып, бөлшектеп сатып жіберетін нағыздың өзі. Оны да Ерлан шақырды. Ұры-қарының бәрімен сыбайлас: дәмдес-тұздас. «Жип» дегенің Нұрланның «Жигулиі» немесе Дәулеттің «Маздасы» емес қой. Ол кез келген кілтпен ашылмайды, маңына жуып кетсең, шиқылдап-қиқылдап, иесін шақырады. Сол үшін бұған Диасты араластыру керек. Бұл мықты шешім.
Бұлар енді үшеу болып іске кірісті. Диаста көлік пультінің құпиясын білетін құралғы бар екен. Ұялы телефон сияқты шағын екі зат. Біреуін көлікке жақындатасың, екіншісімен пульттің толқынын «ұрлайсың». Әлгі сигнализация деп аталатын мықты технологияның да әлсіз жері болады екен. Алдымен құрылғыны таныстарының машинасына сынап көріп еді, бәленің жады жаңылмай тұр. Содан кейін бұлар іске кірісті. Диас танысым деп Динара деген қызды тартты топтарына. «Әдетте, әйел адамнан ешкім күдіктенбейді» деп сендірді. Ал Динара болса, еркек кіндіктінің әлсіз жерін дөп басатын, қарақаттай көзін аударып-төңкергенде, аттылы адам түсіп, жаяу жатып қарайтын қылықтының өзі.
Бірінші күнгі «жорықтың» өзі сәтті басталды. Бұлар бір әйел мінген Lexus 470-тің артына түсті. Ол алдымен бір сауда үйіне кірді. Содан кейін әйелдерге арналған шаш салонына тоқтады. Баукеспелер кинодағыдай артынан мысық табандап аңдымай, ұзақтан көз салып қана жүр. Жоспар бойынша, көліктің иесі үйіне не басқа бір жерге ұзақ уақытқа кіріп кеткенде, бұлар айласын асырмақ.
Бір кезде нысанаға алған есік пен төрдей әппақ машина әйдік мейрамхананың бірінің алдына келіп тоқтады. Тойға бара жатқанын бұлар сырттай болжап білген. Сол сәтте Динара көліктен түсе салып, әлгі әйелдің қасына жақындады. Оның қалтасында көліктің сигналын «ұрлайтын» әлгі мықты құрылғы болған. Ол үшін ана әйелге шылбыр бойы жақындауы керек. Жақындады. Біреумен телефон арқылы сөйлескен болып, өзінше әбігерленіп жатыр. Ал Lexus 470-тің иесі қалтасынан көліктің пультін шығарып, машинасының есік-терезесін жапты. Сол сәтте көлігінің ішінде қалған Нұрлан мен Диас толқынды «ұрлап» үлгерді. Бұл аппараттың бар құпиясы осы ғана.
Той тарағанша билеген әйел түннің жартысында ғана машинасын жоқтап, байбалам салған. Бірақ ол кезде темір арғымақ Ерланның СТО-сында бөлшектеніп жатқан болатын…

Бөліс пен керіс

Нұрлан Динараны есіне алса, өкініштен өзегі өртеніп кететін болған. Неге? Өйткені әлгі бірінші күнгі топтасқан ұрлықтан кейін, бұлар бөліске келісе алмай қалған сияқты. Қыздың үлесі аз болды ма, бір тырнағын ішіне бүгіп қалды. Не болса да, бәрі ішінде. Екінші көлікті ұрлаған күні қиғылықты сол қыз салды. Ол күні Динара кәдімгідей «еңбектенді». «Жемтігін» бірнеше күн аңдыды. Жұмыстан қаншада қайтады, көлігін қайда қояды? Бәрін көріп, көкейіне түйді. Ендігі қалғаны «толқын ұрлау» ғана. Нысана арзан емес, Toyota Land Cruiser. Құны 10 миллион теңгеден асып жығылады.
Сол жолғы ұрлықтың барлық бейнежазбасы тергеушілердің қолына түсіпті. Сот отырысында айғақ ретінде әлгі жазбаны көрсеткен бұларға. Тас түрмеде жатқан Нұрлан сол жазбаны есіне алды. Атышулы бейнежазбада Динара көліктің иесімен бірге көпқабатты үйдің алдына келеді. Оған Toyota Land Cruiser-дің иесі есік ашып, құрмет көрсетеді. Олар жұбы жазылмай жеделсатыға мінеді. «Толқын ұрлау операциясы» сол жедел сатының ішінде болыпты…
Бірақ бұлар жап-жаңа көлікті «сойып» сатудан пайда аз қалатынын ескеріп, сол күйінде ғаламторға салды. Маркасы, жылы ұқсас басқа машиналардан арзан бағаға қойды. Ондағы ойлары – тез сатылып кетсін дегендері. Алушы тез табылды. Оңай олжаның артында күрмеулі түйін тұратынын әлгі төртеудің ешқайсысы ойлаған жоқ шығар?! Көлікті сатып жатқанда қолға түсті. Қашып та үлгермеді.
Мына отырысы – сол жолғы ұрлықтың «сыйы». Сот отырысы кезінде Динара қиғылық салып, бұлардың құрған жоспарын, осының алдында ғана Lexus 470-ті ұрлағандарын, қысқасы Нұрлан мен Ерланға, Диасқа қатысты құпияны түгел жайып салды. Өзін ақтап қалғысы келді. Содан сот төрағасы Нұрлан Жыланбаевты көлік ұрлығымен ұзақ жылдардан бері тұрақты айналысып келгені үшін 3 жылға соттады. Ал қасындағы сыбайластары 1,5-2 жылдан арқалап кете барды…
Тас түрменің ызғары қара табанынан өтіп, маңдайынан шыққан Жылқыбаев бүк түсіп, солқылдап жылай бастады. Көз алдына ұзатылғалы жатқан қызының күлкісі, әйелінің мейірімі келіп, ұзақ-ұзақ өксіді. Бірақ оны мына қараңғы қапаста еститін құлақ, көретін көз жоқ…

Жарас КЕМЕЛЖАН

(Алматы қалалық Ішкі істер департаменті криминалдық полициясы басқармасының автокөлік қылмыстарын ашу бөлімі
ұсынған деректер пайдаланылды)

14 желтоқсан, 11:54
Жадымыздасың, Желтоқсан!
07 желтоқсан, 13:04
Ыдырыс Мұстамбайұлы
07 желтоқсан, 12:58
Кебенекті біліесіз бе?
07 желтоқсан, 12:54
Әзірге ұсыныс
07 желтоқсан, 11:39
Дуа мен дауа немесе Айтолқынның айласы
30 қараша, 12:29
Құзорда - Баласағұн
30 қараша, 12:22
Шанақтан шыққан шатақ
29 қараша, 15:06
Bitcoin құнсызданып барады