jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Доллар «дауылы»

17 тамыз, 16:36
973

Баянсыз бағам

Биылғы тамыз түрікке жайсыз. Ұлттық ақшасы – лираның жағдайы мүшкіл. Әсіресе, соңғы күндері. Өткен жұмада 14 пайызға дейін құнсызданды. Ыстамбул биржасы жабылар сәтте американ долларына шаққандағы бағам 6 лира 47 курушты көрсетіп тұрды. Қаржы төңірегінде жүргендер «Бұрын-соңды болмаған сұмдық!» деп жындануға шақ қалды. Сұмдықтың көкесі әлі алда екен. Дүйсенбіде бұл көрсеткіш 6,9-ға жетті.

Іле-шала Түркия башқаны (президент) Режеп Таийп Ердуан жалпақ жұртқа өз елінің Америка тарапынан экономикалық шабуылға ұшырағанын мәлімдеді Бұған дәлел-дәйек ретінде АҚШ-тың Анадолыдан әкелінетін алюминий (20%) мен болатқа (50%) қосымша салық енгізу жөніндегі қарарын көлденең тартты. Мұның алдында АҚШ Измир қаласында үй қамақта отырған американдық діни уағызшы Эндрю Брансонды дереу босатуды талап еткен болатын. Меселі қайтқан соң түріктің ішкі істер және әділет министрлерін «қара тізімге» енгізді. Бұл екеуі Америкада ақшасы жоқ екенін айтып, мұндай жазаның шыбын шаққан құрлы әсер етпейтінін жеткізді. Қалай десе де, НАТО-дағы бір мемлекеттің екіншісіне қарсы санкция енгізуі бұрын болмаған нәрсе. Осының өзі бұрын достығына ешкім шек келтірмейтін екі ел арасындағы қарым-қатынастың тым ушығып кеткенін көрсеткендей. Айбатын айға білеген Американың әлемдегі ең қуатты, ең тегеурінді ел екені бәріне мәлім. Бұған қоса, қаржы, әскери салалар бойынша ықпал ету тетіктері де шексіз. Сондықтан бұл текетірестің немен аяқталарын тап басып айту қиын-ақ.
Девальвациядан соң Түркияның Орталық банкі қаржы нарығындағы тұрақтылықты қалпына келтіру үшін дереу іске кірісті. Сөйтіп лираны қолдауға қазынадан 10,45 млрд доллар жұмсайтынын мәлімдеді. Мұның ішінде алтын резервінен алынатын 3 млрд доллар да бар. Ердуан бұл жолы да тұрғындарды «жастық астындағы» алтынын шығарып, долларын лираға айырбастауға шақырды. Ол бұған дейін де осы амалға жүгінген-тұғын. Жергілікті сарапшылар жұрттың үйіндегі қымбат әшекейді 200 млрд долларға бағалайды. Әрине, бәрі тайлы-тұяғымен банкке жүгіре қоймас. Дегенмен түріктердің мемлекет үшін асар жарияланғанда аянып қалмайтыны белгілі. Соның айғағындай, Адана уәлаятында бір кәсіпкер 1000 долларға лира сатып алғандарға өзінің демалыс орнында үш күн тегін демалыс сыйлайтынын хабарлады. Рас, мұндай көмекпен биржаны тыныштандыру мүмкін емес. Осыдан 20 жыл бұрын Азия жолбарыстарына «көз тиіп», қаржы дағдарысы Оңтүстік Кореяны да алқымнан алды. Ел үкіметі тығырықтан тірелгендердің амалсыз баратын жері – IMF-дан (Халықаралық валюта қоры) 58 млрд доллар қарыз алады. Кәрістер берешектен құтылу үшін асыл тастарын банктерге әкеп сатқан. Содан түскен 2,2 млрд доллар әлгі қарыздан құтылуға сеп болды деседі.
IMF-ның ақшаны қандай ауыр шартпен беретінін түріктер жақсы біледі. Содан болар, Ердуан билікке келгенде ең әуелі бір қолымен жарылқап, екінші қолымен мойынсұнуға мәжбүрлейтін сол қарыздан құтылуға асықты. Міне, содан бері түрік экономикасы үнемі өсу үстінде. Соңғы жеті жылда жалпы ішкі өнімінің өсімі орташа есеппен 6,6 пайызды құрады. 2000 жылы экспорт көлемі 28 млрд доллардан аспайтын. Қазір 162 млрд долларға жетті. Осы арада айта кеткен жөн, Америкаға жөнелтілетін әлгі алюминий мен болаттың жалпы экспорттағы мөлшері – 1,1 млрд доллар. Биыл елге келетін турист саны рекордтық деңгейде. 26 миллион! Саяхатшылардан түсетін табыс 26 млрд доллардан асып жығылады. Рас, қымбатшылық көзге ұрып тұр. Он бес жыл бойы 10,5 пайызды құраған инфляция деңгейі биыл күрт өсті. Қазір 15,8 шамасында. Бұған «үкіметтің кәсіпкерлерді ынталандыру мақсатымен арзан несие мен қайтарымсыз қаржылай көмекті көптеп беруі әсер етті» дейтін пікір де бар. Қалай десе де, Анадолыда көлік, қорғаныс өнеркәсібі, энергетика, инфрақұрылым сияқты салаларда аса ірі жобалар іске асырылуда.

«Мән дәкка дүкка»

Түрік экономикасы даму жағынан әлемде 16-шы орында. Солай бола тұра, ұлттық валютаның жағдайы мәз емес. Барған сайын құнын жоғалтып келеді. Мамандар мұның басты себебі өзгелер секілді лираның да әлемдік қаржы жүйесінде құдыретті хакім — американ долларына байланып қалуымен түсіндіреді. Сондықтан сауда-саттықта жергілікті ақшаға көшу керектігі мұнда да жиі айтылып жүр. Ердуан биржадағы соңғы құлдыраудан кейін Ақ үйдің НАТО және Таяу Шығыстағы ең жақын әрі ұзақ жылғы сенімді серігі болып келген Түркиядан айрылып қалуы әбден мүмкін екенін ескертті. Осы орайда арабтың «Мән дәкка дүкка» (Не ексең, соны орасың) дейтін мақалын келтіре кетуді жөн көрді. Сөйтіп американдық электрондық бұйымдарға санкция енгізді. Айфонның орнына «Самсунгты» пайдалануға шақырды. Кәрістер «Сыйға сый, сыраға бал» деді ме, кім білсін, әйтеуір, көп өтпей, Hyundai Electric компаниясы Түркияға 1 млрд доллар инвестиция құятынын хабарлады. Дағдарыстан соң Анкараға келген Қатар әмірі Тәмим бин Хәмед Әл Сәни шейх өз елінің Түркияға 15 млрд доллар инвестиция әкелетінін мәлімдеді. Қатар бұдан біраз бұрын бірқатар араб елдері тарапынан құрсауға алынғанда түріктер түрлі жәрдемін ұсынып, қолдау көрсеткен еді. Сондай-ақ Қытай компанияларды да соңғы кездері Түркияға мықтап назар аудара бастады. Тrendyol компаниясын сатып алған Alibaba осы жобасына 1 млрд доллар көлемінде инвестиция құймақшы.
Ресми Анкара ендігі жерде серіктестермен экономикалық қарым-қатынаста доллардан бас тартып, ұлттық валютаға көшетін кез келді деген пікірде. Мұндай ұсынысты Трамптың санкция, сауда соғысы, шөміштен қағу сияқты тосын теперіштерінен зәрезап болған Ресей, Иран және Қытай қолдайтын түрі бар. Жергілікті ақпарат құралдары алдағы қыркүйек айының басында Мәскеу, Теһран, Берлин, Анкара жоғары деңгейде бас қосып, болашақтағы қадамын айқындауға талпынатынын хабарлады. Осыған орай болжамы мен қисыны сан-саққа жүгірген сарапшылар басқосуда Сирия мен босқындар жауы негізгі тақырып болатыны айтылғанымен, экономикалық мүддеден туындайтын мәселелердің күн тәртібінде енгізілетініне сенімді.

Санкцияның салқыны

Вашингтонның кейбір әрекеті басқасын қойып, Канада мен Ұлыбритания сықылды жақын одақтастарына да түсініксіз болып тұр. Бұған дейін бизнесте АҚШ тарапынан жасалынатын түрлі жеңілдіктерді пайдаланып келген олардың жаңа шарттарға үйрене алмай жатқан жайы бар. Ақ үйге First America (Алдымен Америка), Make America great again (Американы қайтадан қуатты етейік) деген ұрандармен келген Трампқа сыртқы саудадағы теріс сальдоны азайту көкейкесті міндет болып тұр. Бұл оған дейінгі президенттердің де бас ауруы еді. Деректерге жүгінсек, тек Қытаймен арадағы сауда-саттықта бұл көрсеткіш былтыр 375 долларға жетіпті. Сырттан, соның ішінде одақтас елдерден де әкелінетін тауарларға салынатын салық мөлшерін көбейтіп, отандық өндірісті ынталандыру әрекеті халықаралық сауда соғысына жол ашты. Эконмикадағы текетірес санкцияға ұласып, ұлттық валюталар құнын жоғалта бастады. Мұндай құқайды рубль де көріп жатыр. Американдық бірнеше сенатор тарапынан дайындалған «жойқын санкция енгізіледі» деген хабардың өзі орыс ақшасының құлдырауына әкеп соқты. Рубльдің долларға шаққандағы бағамы 68-ге бір-ақ жетті. Мұндай көрсеткіш бұдан екі жыл бұрын тіркелген еді. Терістік көршіміздің қаржы нарығындағы дүрбелең біздегі ақша саудагерлеріне тиімді. Теңгенің әлсіреуінің себебін дәл осы фактордан іздеу керек секілді. Әйтпесе, американ санкциясының Қазақстан экономикасына тікелей ықпал етпейтіні белгілі. Тіпті, ресейлік «Сбербанктің» еліміздегі бөлімшесі де хабарлама таратып, санкцияның салқыны өзіне тимейтінін мәлімдеді. Банк осыған орай қандай да бір шетелдік облигацияларды сатып алмағанын уәж ретінде келтірді. «Тозақ санкциясы» деп аталған әлгі құжат мақұлданса, Ресейдің энергетика саласындағы халықаралық жобалары да зардап шегуі мүмкін. Сол себепті, Кремльге газ бен мұнайын өзге валютамен саудалау тиімді болатын сияқты. Мәскеу, сонымен қатар, BRICS (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка) ұйымы шеңберінде сауда-саттықты ұлттық валюта арқылы жүргізу керектігін алға тартып жүр. Аталған ұйым әлемдік экономиканың 30 пайызын құрайды. BRICS-тің жуырда Йоханесбургте өткен саммитіне Түркия президенті де қатысып, өз елінің осы ұйымға мүше болғысы келетінін білдірді.
Бірнеше айдан кейін американ долларын әлемдік нарықта бірден-бір есеп айырысу құралына айналдырған Бреттон –Вудс келісімінің дүниеге келгеніне 75 жыл толады. Доллар болашақта да өз билігін сақтап қала ма? Пікір көп. Бір анығы, мамандар мен сарапшылардың жауабы осы сұраққа келгенде бір арнада тоғыспайды.

Срайыл Смайыл,
шолушы

16 қараша, 15:03
Өткір мәселе өзекті өртейді
16 қараша, 13:56
Қашан да құнды
16 қараша, 12:21
Улы дәріден сақтаныңыз!
16 қараша, 12:09
Тақиялы періште: тақиясы табылмай тұр
16 қараша, 10:16
Бұл идея экономикаға қауіпті!
09 қараша, 14:53
Гүлзат Көбек: Арзанның жілігі татымайды
09 қараша, 14:36
Полиция: Реформа киім ауыстырудан басталады
09 қараша, 14:26
Айқайға қиқу қосып...