jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Бағдарлама берген мүмкіндік

17 тамыз, 12:08
158

Әлемдік мұнай өндірісінде соңғы жылдары баға тұрақсыздығы белең алып, мұнай өндіруші компанияларға кері ықпалын тигізіп отыр. Бұл дағдарыс «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ға қарасты мұнай сервис компанияларының табыс көлемінің төмендеуіне алып келді. Бұл өз кезегінде мұнай сервис саласындағы сұраныс деңгейін айтарлықтай әлсіретті.

Мәселен, ҚМГ соңғы 4 жылда ҚМГ мұнай сервистің (МС) шығыны көбірек компанияларына 121,4 миллиард теңге мөлшерінде қаржылай қолдау көрсетіпті. Қысылтаяң кезеңде нақтылы жоспар құрып, шешім қабылданбаса, алдағы бес жыл үшін тағы 160 миллиард теңгеге жуық қаражат қажет болады.

Осы орайда Oil Construction Company, Oil Services Company, Oil Transport Corporation, «Мұнайтелеком», «Маңғыстауэнергомұнай» серіктестіктеріне енгізілген «5/50» бағдарламасы жұмыс көзі мен компанияның әлеуетін сақтап қалу мақсатымен биыл да өз жалғасын тапты. Бағдарламаға сәйкес табыс әкелмейтін кәсіптің қызметкері ерікті түрде әкімшілікке жүгініп 5 жыл үшін жалақының 50% мөлшерінде өтемақы алуына болады. Бұл мүмкіндікті зейнетке жақындаған егде адамдар және денсаулығына байланысты жұмыс жасау қабілеті төмендеген қызметкерлер, сондай-ақ қомақты қаражат қажет еткен қызметкерлер қолдана алады.
Мұнай компанияларына сервистік қызмет көрсету үшін құрылған «Мұнайтелеком» ЖШС 50 жылдан бері Қаламқас, Жетібай Қаражамбас кен орындарында жұмыс жүргізіп келеді. Жұмыс бағыты телекоммуникация телерадиобайланыс, жер серігі (спутник) байланысы, кабельдік желілер, интернет желілерімен қамтамасыз ету, өрт қауіпсіздігі салаларын монтаждау, бейнебақылау жүргізу жұмыстарына негізделген. Қазіргі уақытта компания қосалқы қызмет түрлерін «5/50» бағдарламасымен аутсорсинг жолына ауыстыруды жүзеге асыру үстінде. 2017 жылы «Мұнайтелеком» компаниясының кірісі 2,5 миллиард теңгеден, ал шығын көлемі 3,9 миллиард теңгеден асқан. Соңғы 5 жылда 6,3 миллиард шығын болған. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсе түсуде. Шығындардың 80%-ы еңбекақы төлеуге жұмсалады. Мекемеде 376 жұмысшының 357-сі негізгі салада істейді. 80-і қосалқы қызмет түрлері. Компания жұмысын оңтайландыру бағытында бірқатар шара қабылдап, жұмыскерлер аутсорсинг жолымен клинингтік қызметке ауыстырды. Осының өзінде бұл компания шығынын жабуға жеткіліксіз болып отыр.
2017 жылдың басынан «5/50» бағдарламасын ұжымға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде оңтайлы қабылданған шараның алғашқы 2 кезеңінде 84 адам жұмыстан шықты. Бағдарламаның қарапайым жұмысшыларға берген көмегі аз емес. Біреуі мойнындағы қарызынан құтылды, денсаулығы сыр берген азаматтар емделіп, ота жасатты. Әркім өз шаруасын бүтіндеді. «Мұнайтелеком» серіктестігі «5/50» бағдарламасы бойынша 2017 жылы 84 адамға 750 миллион теңге қаржы бөлген. Алдағы уақытта 1 миллиард 600 мың теңге қаражат қарастырылып отыр. 2018 жылы түсіндіру жұмыстары жалғасып, оның орындалу барысын арнайы комиссия қадағалайтын болады.

Бұл мүмкіндік пайдаланған азаматтың бірі Тоқтаған Жұмсақбаев. Мен Ол «2008 жылдың сәуір айынан бері «Мұнайтелеком» ЖШС-де жұмыс істеп келемін. Құдайға шүкір, он жыл болды осы мекемедемін. Бұрын біраз жыл Қаламқас кен орындарында көлік жүргізуші болдым. «ҚазМұнайГаз» тарапынан шыққан «5/50» бағдарламасын естідік, таныстық. Өз шешімімізбен жұмыстан шығуды жөн көрдік. Қаражат жағынан қатты қиналып жүрген едім. Сол себепті, бұл бағдарлама мен үшін тиімді болды. Электромонтер болып қайта жұмыс жасап жатқаныма 1,5 жылдан асты. Яғни бағдарламамен шыққаннан кейін, аутсорсинг жолымен жұмысқа қайта орналастым. Еңбекақы, әрине, бұрынғыдан төмен. Дегенмен қомақты қаражат алып, шаруаларымды бүтіндеп алдым. Ешқандай өкінішім жоқ. Бастысы, жұмыссыз қалғаным жоқ. 2018 жылдан бастап жұмысымды жалғастырып жатырмын. 2017 жылдың желтоқсан айында «5/50» бағдарламасымен жұмыстан шықтым, тиісті қаражатымды алдым. Бағдарлама арқылы алған 7 миллион теңге қаржының бір бөлігімен банк алдындағы несиемді жаптым. Қалғанын депозитке салып, баспана алуға қамданып жүрміз» дейді.

Ал Динара Өтегенова «Мұнайтелеком» мекемесінде еңбекақыны төлеу жөніндегі бөлімнің жетекші маманы болып бес жылға жуық жұмыс істеген. Д.Өтегенова «Осы жылдың наурыз айында «5/50» бағдарламасы бойынша жұмыстан шығып, сәуір айында аутсорсинг жолымен қайта жұмысқа орналастым. Бағдарлама арқылы алған қаражатты баспана алуға жұмсадық. Мен үшін ең үлкен көмек осы болды. Бұл бағдарлама туралы оң пікірдемін. Әркімнің әртүрлі тұрмыстық мәселелері, шешілмей жатқан шаруалары бар, осы тұрғыда бағдарламаның тигізер пайдасы бар деп білемін. Тұрмыстамын, өсіп келе жатқан балаларым бар. Жоғары білімдімін. Балалармен пәтерде жүрген оңай емес. Осы орайда маған өте тиімді болды деп ойлаймын», – деп өз ойын түйіндеді.

«Маңғыстауэнергомұнай» мекемесі де – мұнай нарығында тығырыққа тірелген компанияның бірі. Компанияға «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ тарапынан берілетін жұмыс көлемі айтарлықтай азайған. «Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС бас директордың Адам ресурстарын және еңбекақы төлеу жөніндегі орынбасары Бердіғұл Ізбасовтың айтуынша, компанияның бүгінгі табыс көлемі шығындарды жаппай отыр. 2015 жылдан бері мекеме шығындарын «ҚазМұнайГаз» АҚ Ұлттық компаниясы өтеп келеді. 2017 жылдың қаңтар айы есебі бойынша мекемеде электр жөндеушілер, көлік жүргізушілері, т.б. қосалқы жұмысшылар, жалпы саны 629 адам жұмыс істеді. Мекеме «Қаламқас», «Жетібай» кен орындарында электр қондырғыларына қызмет көрсетеді. Бірнеше жыл қатарынан компанияға түсетін тапсырыс көлемінің төмендеуі, табыс көзінің азаюы және шығындардың кірістен асып түсуі «5/50» бағдарламасын енгізуді қажет етті. Арнайы комиссия бағдарламаны жұмыскерлерге жан-жақты түсіндіріп, жеткізді. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 2017 жылы «5/50» бағдарламасын 120 адам пайдаланды. Әр жұмыскерге 8-9 миллион теңгеден, жалпы 1 миллиард 50 миллион теңгеден аса қаражат бөлінген. «5/50» бағдарламасы арқылы мекемеден қомақты қаражат алған жұмыскерлер арасында жеке кәсібін жолға қойғандары, банктердегі берешектерін жауып, балаларының оқу ақыларын өтегендері, сондай-ақ аутсорсинг жолымен жұмысқа қайта қабылданғандары да баршылық. Басшылық ұсынған бағдарламаны тиімді пайдаланған жанның бірі Сәкен Байырбеков «Маңғыстауэнергомұнай» компаниясында 26 жыл еңбек еткен. Алғашында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-да электрик болып, содан кейін «Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС ашылып, Қаламқаста кен орнында жұмыс істеген. «5/50» бағдарламасын өз қалауымен таңдап, шешім қабылдаған ол өз пікірін білдірді.

Сәкен БАЙЫРБЕКОВ: Бағдарлама шарттарымен таныстық, көңілімізден шыққаннан кейін, өз еркіммен жұмыстан кеттім. Бүгінгі күнге дейін Қаламқас кен орындарында электромонтер болып жұмыс істегенмін. Отбасын асырау үшін сыртта көп жүреміз, үй көрмей, апталап кетеміз. Енді есіктен кіріп-шығып, отбасымның жанында болайын деп, бағдарламаны таңдадым. Әрі өзімнің шағын кәсібім бар еді, сол істі қолға алып, кеңейтейін деген жоспармен, жұмыстан кеттім. «5/50» бағдарламасы арқылы алатын қаражат та қомақты. Осы қаржыны қаладағы кәсібімді дамытуға жұмсамақпын және отбасыммен бірге, балаларыма да тәрбие беріп, қарауға мүмкіндік туады. Бағдарламаның пайдасына келер болсақ, бұл енді әр адамның өз мақсат-жоспарына байланысты ғой. Біреулер денсаулығының нашарлауы себепті осы бағдарламамен шығып, емделуді жөн санайды. Себебі қазір ем-домға мол қаражат қажет екенін білесіздер. Енді бірі өзінің жеке шаруаларымен, кәсібімен кеткісі келеді».

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ,
Маңғыстау облысы

16 қараша, 15:03
Өткір мәселе өзекті өртейді
16 қараша, 13:56
Қашан да құнды
16 қараша, 12:21
Улы дәріден сақтаныңыз!
16 қараша, 12:09
Тақиялы періште: тақиясы табылмай тұр
16 қараша, 10:16
Бұл идея экономикаға қауіпті!
09 қараша, 14:53
Гүлзат Көбек: Арзанның жілігі татымайды
09 қараша, 14:36
Полиция: Реформа киім ауыстырудан басталады
09 қараша, 14:26
Айқайға қиқу қосып...