jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Мұхиттан соққан суық жел

10 тамыз, 11:27
643

«Қызың үйде, қылығы түзде» деген мәтел бар. Мұны неге айтып отырмыз? Осы аптада мұхиттың арғы жағында үш бірдей отандасымыз қолға түсті. Үшеуі де нәзік жанды арулар. АҚШ-та алаяқтық жасады деп айыпталған жерлестеріміз Тараздың тумалары екен. Бізге жеткен ресми ақпаратқа сенсек, олар интернет арқылы «көлік сатамыз» деп жалған жарнама жасап, алаяқтықпен айналысқан 25 адамнан құралған топтың құрамында болыпты.

Нью-Йоркте ұсталған отандасымыздың екеуі қазір қамауда, біреуі денсаулығына байланысты ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Шетте жүріп қылмысқа шырмалған қыздар туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров былай деді: «Қыздар алаяқтықпен айналысты деген күдікпен ұсталды. Олар – 1991, 1994 жылғы және 1970 жылғы Қазақстан азаматтары. Қазір тергеу жүріп жатыр, бір аптаның ішінде сот басталады. Қалған ақпарат содан кейін белгілі болады».
Шетелде жүріп істі болған қыздар кімдер? Қазірге дейін анықталған ақпарат бойынша олар – 24 жастағы Әзиза Жалолова, 27 жастағы Диора Әширова және 48 жастағы Елена Құдайбергенова. Тіпті олардың туысқан екендіктері де расталды. Қыздардың мұндай қылмысқа не үшін барғаны ғана жұмбақ.
КТК телеарнасының Тараздағы тілшісі Диораның әкесі Мирсұлтан Ахунжановқа барып жолықты. Ол кісінің өзі әйелімен 10 жыл бұрын ажырасып, жұбайы жалғыз қызын АҚШ-қа алып кеткен екен. Сондықтан қызымен соңғы рет 5 жыл бұрын телефон арқылы ғана тілдесіпті. «Таң қалып әрі қорқып тұрмын. Мен ондай қыз тәрбиелеген жоқпын. Ол өзі алданып қалды деп ойлаймын. Олардың немен айналысып, не істеп жүргендерін де білмедім. Бірақ қызымның кінәсі жоқ деп ойлаймын. Оған сенемін», – дейді Мирсұлтан Ахунжанов.
Кім жақынын жамандыққа қисын? Оның үстіне, мұндай ақпараттың әкеге ауыр соғатыны анық. Екінші отандасымыз Әзизаның да анасы қызының мұндай қадамға барғанына сенбейді. Төбесінен жай түскендей болған Лола ханымның айтуынша, Әзизаның мамандығы дәрігер екен. Ол 5 жылдан бері сонда тұрады. АҚШ-та жеке клиникада жұмыс істейтін көрінеді. Жұмысы тұрақты болған. Қызы осы көктемде ғана тұрмысқа шығыпты. Әзизаның мұндай қылмысқа барғанына сенбей, арандату шығар дейді. Ал Елена Құдайбергенова туралы қазірше ешкім ақпарат берген жоқ.
Тергеу мәліметінде қыздардың интернетке жалған жарнамамен машиналарды саудаға шығарып, клиенттерден ақшаның бір бөлігін алдын ала алып, кейін өздері таптырмай кететіні айтылған. Сөйтіп, әлгі 25 адамнан тұратын қылмыстық топ жалпы көлемі 4,5 млн доллар шығын келтірген.
АҚШ полицейлерінің таратқан мәліметінде қылмыстық топ құрамында сегіз елдің азаматтары болғаны айтылады. Үшеуі – біздің жерлестеріміз. Осы аптада алғашқы сот отырысы өтті. Егер олардың кінәсі дәлелденсе, әрқайсысы АҚШ заңы бойынша 20 жылдан 30 жылға дейін жаза арқалауы мүмкін. Неге екенін қайдам, біраз уақыттан бері қылмысқа шатылған нәзік жандылар көбірек бой көрсететін болды. Ақжарқын Тұрлыбай Қытайда қолға түсіп еді, одан кейін міне тағы үш қызымыз шетелде жүріп істі болды. «Қызың үйде, қылығы түзде» деген осы.

Жарас Кемелжан

21 қыркүйек, 11:17
"Чайка" жігіттер
14 қыркүйек, 17:06
Құжат мақұлданды
14 қыркүйек, 16:54
Ертегіші қыз
14 қыркүйек, 16:46
Латын әліпбиіне көшу - қазақ тілінің жаңа белесі
31 тамыз, 12:05
Түйткілді дипломатиялық жолмен шешу керек
24 тамыз, 12:21
Ұлы тұлғалармен сұхбат
24 тамыз, 12:03
Қаңғыбас бала қайдан шығады?
24 тамыз, 11:56
Баукеспе