jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Каспийдегі мәміле

10 тамыз, 11:37
241

12 тамыз – Каспий күні. Жағалаудағы елдер тұйық теңізге деген құрметі мен қамқорын осылай білдіреді. Алдағы жексенбіде бес ел ғана емес, күллі дүниенің назары кәрі Каспийге ауғалы тұр. Бұл күні Ақтауда өтетін Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Иран және Түрікменстан басшыларының бесінші саммитінде теңіздің құқықтық мәртебесін айқындайтын тарихи құжатқа қол қойылуы тиіс. Сөйтіп, ширек ғасыр бойы күрмеуі көп түйінге айналған мәселе оң шешім табады деген үміт мол.

Мұндай сенім былтырғы желтоқсанда бес елдің сыртқы істер министрлерінің Мәскеудегі кездесуінен кейін пайда болған еді. Жақында ғана Ресей үкіметінің сайтында 18 беттен тұратын келісім жобасының мәтіні жарияланды. Рас, оны көп өтпей алып тастады. Сарапшылар мұны жұртшылықтың «тамырын басып көру» деп бағалады. Жаны бар пікір. Қазір әлемдегі геосаяси ахуалдың шиеленіскені сонша, бұрынғыдай тек өз қамын күйттеп, «айттым, бітті» деп тізеге басу қиын. Өзгенің де тілек-талабын ескеріп, келісімге келуге тура келеді. Содан шығар, әлгі мәтіннің мазмұны хақында өз ойын ортаға салғандар көбіне мәміледен сөз етті. Бұған дейін саяси және экономикалық мүдделердің қайшылығы келісімге келуге мүмкіндік бермеп еді.
Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы әңгіме алғаш рет 1994 жылы айтыла бастады. Сол кезде Әзірбайжан теңіздегі бай кеніштерін Батыстың алпауыт компанияларымен бірлесіп игеретінін жария етті. Ресей Каспийдің әлі ұлттық секторлар бойынша бөлінбегенін, нақтырақ айтқанда, құқықтық мәртебесінің айқындалмағанын алға тартып, «ғасыр келісіміне» наразы екенін білдірді. Арада көп уақыт өтпей, Кремль айтқанын «қайтып алды». Бұл ресейлік «Лукойл» компаниясының осы жобадан 10 пайыз үлес алуымен тұспа-тұс келді…
Оған дейін теңізді пайдалануда КСРО мен Иран арасында 1921 және 1940 жылдары қол қойылған келісімдер басшылыққа алынатын. Кеңес үкіметі құлап, жағалауда жаңа тәуелсіз мемлекеттер пайда болған соң теңіздегі шекараны айқындауға қажеттілік туды. Алайда көмірсутегінің мол қорымен трансұлттық компаниялардың көз құртына айналған Каспийде барлық тарапты бірдей қанағаттандыратындай мәмілеге қол жеткізу де оңай емес-ті. Оның үстіне тұйық теңіз, яғни әлемдік мұхиттарға қосылмайтындықтан БҰҰ-ның 1982 жылғы Теңіз құқықтары жөніндегі конвенциясын мұнда қолдана алмайды. Сол сияқты көлемі, су құрамы және табанының ерекшелігіне орай көл деуге де келмейді. Міне, сондықтан жағалаудағы елдер Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындауға әрекет жасады. Осыған дейін Арнайы жұмыс тобы 51 рет бас қосты. Сыртқы істер министрлері деңгейінде ондаған кездесу өткізілді. Бірақ ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже шыға қойған жоқ. Ресей мен Иран кондоминимум қағидасын – бірлесе игеру керектігін мәлімдеді. Айта кеткен жөн, Теһран осы уақытқа дейін теңіз табанын теңдей бөлуді ұсынып келді. Жас мемлекеттер үшін кеніштерді игеріп, игілігін көру уақыт күттірмейтін міндет еді. Сол кезде мамандар мұндағы мұнай мен газ қоры Парсы шығанағымен бәсекеге түсе алатынын айтып жатты. Осының өзі тараптардың мәмілеге келуі қиын екенін көрсетті. Бұған қоса, Әзери, Кяпаз, Чыраг (түрікмендер оны Сәрдар дейді –ред.), Сардар Жангал кеніштері бойынша Әзірбайжан, Түрікменстан және Иран арасында меншік таласы бар.
90-шы жылдардың екінші жартысында біздің еліміз Ресей және Әзірбайжанмен екі жақты келіссөз жүргізуді бастады. Теңіз табанын орта сызық (желі) бойынша бөлуге мүмкіндік беретін аса маңызды уағдаластыққа қол жеткізді. Ал талас тудыратын кеніштерді бірлесе игерілетін болды. «ҚазМұнайГаз» бен Лукойл компанияларының Хвалынское кенішін бірлесе игеруді көздейтін жобасы бұған айқын дәлел бола алады. Қазақстанның Каспийдегі көпвекторлық әрі өзара тиімді энергетикалық саясатында, сөз жоқ, Қашаған кенішінің орны бөлек. Ғаламат жоба еліміздің көмірсутегі әлеуетін арттырып қана қойған жоқ. Қашаған соңғы жылдары игерілген әлемдегі ең ірі кен орны екендігімен де ерекше.
Арадан біраз уақыт өткенде Қазақстан мен Түрікменстан арасында келісім жасалды. Ресей мен Әзірбайжан, бертін келе Түрікменстан мен Әзірбайжан арасында қол жеткізілген уағдаластықтар ірі жобалар қатарын молайта түсті. Кейбір кеніштер бойынша өзара түсіністік таппай жүрген түрікмен мен әзірбайжанның тіл табысуы аса маңызды оқиғаға айналды. Екі ел Транскаспий (ТАР) жобасын іске асырғысы келеді. Түрікмен газын Каспий теңізі арқылы Әзірбайжанға, одан әрі Еуропаға жеткізуге мүмкіндік беретін осы құбыр желісіне Еуропа одағы да мейлінше мүдделі.
Әр түрлі қолдауын аямаған кәрі құрлық көптен бері Ресейден келетін «көгілдір отынға» балама іздеп жүр. Бұл Ресейді айналып өтетін алғашқы бағыт емес. Бұған дейін Баку-Тбилиси –Жейһан құбыр желісімен «қара алтын» әлемдік базарларға жеткізілген еді. Ал биылғы маусым айында іске қосылған ТрансАнадолы құбыр желісі (TANAP) де Каспий газын Грузия мен Түркия арқылы Еуропаға жөнелте бастады.
Жуырда ақпарат құралдары Әзірбайжан мен Иранның 700 млрд текше метр газ қоры бар Араз Алов Шарг кенішін бірлесе игеру жөнінде келісімге қол қойғанын хабарлады. Аталған жобалардың барлығы Каспий табанына құбыр төсеуді көздейді. Дәл осы мәселе жағалау елдері арасындағы келіссөздерде талас туғызатын. Әсіресе, теңізді кесіп өтетін ТАР жобасына экологияны, шығын көлемін алға тартып, өре-тұра қарсы шыққандар табылды. Түрікмендер қарап жатпады. Он шақты жыл бұрын Мары қаласы маңындағы газ кеніштерінен жағалауға дейін құбыр тартты. Оған кейбір деректер бойынша, 3 млрд доллар қаржы жұмсады. Ендігі жерде Түрікменбашыдан Әзірбайжанның Сангачал терминалы арасында қуаты 30 млрд текше метр газ тасымалдауға арналған құбыр желісіне кететін қаржы көлемі 1,5 млрд доллардан аспайды.
Сарапшылар бүкіл дүние көз тіккен бес мемлекет басшыларының Ақтаудағы саммитінде қол қойылуы тиіс Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы құжатта теңіз табанына құбыр төсеу мәселесі оңтайлы шешім табатынын айтады. Бұрын құбыр желісіне үзілді-кесілді қарсы шығатындар барлық елдердің келісімі қажет екенін алға тартып, түрлі жобаларды іске асырмауға күш салатын. Бұл жерде Батыс – Ресей, АҚШ-Иран қарым-қатынастарында геосаяси және экономикалық текетірестің үстем болғанын әмбеге аян. Әңгіме басында мәмілеге бару қағидасы белең алып келе жатқанын айтып өттік. Мәскеу мен Теһран үшін қазіргі кезде сыртқы күштердің өз әскерін Каспийге әкелмеуі көкейкесті міндет боп тұр. Жақында Брюссельдің «Украина мен Грузия НАТО-ға мүше болады» деп жар салуы Кремльге жайсыз тиді. Ал Вашингтон Иранмен жасалған ядролық келісімнен шығатынын мәлімдеген соң Парсы Шығанағындағы саяси ахуал шиеленісе түсті. Мұндай жағдайда Мәскеу мен Теһранның экономикадан гөрі геосаясатқа басымдық беретіні түсінікті болса керек.
Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындайтын тарихи құжатқа Қазақ жерінде қол қойылғалы тұр. Бұл осы келісімнің дүниеге келуіне ерен еңбек сіңірген Қазақ елінің тағы бір тамаша жеңісі екеніне ешкімнің таласы жоқ шығар!

Срайыл Смайыл,
шолушы

21 қыркүйек, 11:17
"Чайка" жігіттер
14 қыркүйек, 17:06
Құжат мақұлданды
14 қыркүйек, 16:54
Ертегіші қыз
14 қыркүйек, 16:46
Латын әліпбиіне көшу - қазақ тілінің жаңа белесі
31 тамыз, 12:05
Түйткілді дипломатиялық жолмен шешу керек
24 тамыз, 12:21
Ұлы тұлғалармен сұхбат
24 тамыз, 12:03
Қаңғыбас бала қайдан шығады?
24 тамыз, 11:56
Баукеспе