jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Айжан қалай адасты?

10 тамыз, 15:13
4708

Әдеттегідей айлық қалтаға түссе, қыз-келіншектің базар аралайтын әдеті. Сол дағдымен адамдар ығы-жығы сапырылысқан Алматының «Алтын Орда» базарын аралап, керек-жарағымды түгендеп келе жатқанмын. Бұл базарда қаланың тең жартысы жүр ме дерсің, құжынаған халықтың қарасы қалың. Құмырсқаның илеуіндей қарбаласқан сәтте біреумен кенеттен соқтығысып қалдым. Екеуміз де қатты соққыдан бір-бірімізге жалт қарадық. Сыпайы түрде кешірім сұрастық. Қарсы алдымда көзі мөлдіреп тұрған жанды танитын сияқтымын. Ол да маған аңтарылып қарап қалыпты…

Айжанмен (есімі өзгертілген) осыдан он жыл бұрын танысқан едім. Ол – менің жеңгемнің сыныптасы әрі жақын құрбысы. Жеңге деп отырғаным өзіммен түйдей құрдас қыз. Айжан да менімен қатарлас. Біз танысқан кезде, ол жоғары оқу орнын аяқтап, ауылға анасына көмектесуге кеткен. Мен танитын Айжан өз-өзіне сенімді, ақылына көркі сай, сұлу қыз болатын.
Ал қазіргі көз алдымда тұрған Айжан мүлдем басқа адам. Соңғы үлгідегі «модный» киімдерді киіп, ең қымбат косметикамен боянып жүретін Айжан емес, басқаша. Басында орамал, үстінде хиджап. Өзгермеген ботадай көздері ғана. Шыны керек, көзінен таныдым. Амандық-саулық сұрасқан соң жақын маңдағы асханаға барып, әңгімемізді жалғастырдық. Екеуара әңгімені Айжанның сөз саптасын сақтай отырып жаздық.

– Айжан, қатты өзгеріпсің. Бұл күйге қалай түскенсің? – дедім құрбымды аяп.
– Барлығы осыдан он жыл бұрын басталды ғой, – деді ауыр күрсініп. – Сол кезде Ауғанстанда жұмыс істеп жүрген Арман есімді қазақ жігітпен интернет арқылы таныстым. «ВК» желісінің жаңадан дамып, жастар арасында белсенділігі артып келе жатқан кезі. Көбі осы желі арқылы хат алысатын. Алғашында бейтаныс жігіттен «өте сұлу екенсіз» деген хабарлама алдым. Осылай интернетте таныстығымыз басталып, күні-түні хат алмасып жүрдік. Арман жұмыс сапарымен Ауғанстанда жүргенін, намазхан жігіт екенін, жақында Алматыға келіп менімен танысатынын айтты.
– Сен сонда мүлдем көрмеген адамға тұрмысқа шықтың ба?
– Қалай мүлде танымаймын!? Мен онымен желіде күнде сөйлесіп жүрдім ғой. Уақыт өте келе бауыр басып қалдым. Ол мен сияқты тәрбиелі қазақ қызына үйленгісі келетінін үнемі айтатын. Анама Алматыдан жұмыс іздейтінімді айтып, ініме үйді табыстап қалаға келдім. Арман мені «Сайран» автовокзалынан күтіп алды. Маған сол күні тұрмысқа шық деп ұсыныс жасады. Бірақ оның әйелі болуым үшін хиджап киіп, орамал тағып, намазға жығылуым керек екенін түсіндірді. Мен оны ұнатқаным соншалық, айтқанының бәріне келісім бердім.
– Анаң сенің тұрмысқа шыққаныңды қалай қабылдады?
– Анама қоңырау шалып «Жақында тұрмысқа шығам. Қалада жұмыс істеп, күйеу балаңыз екеуміз көмектесіп тұрамыз», – дедім. «Қазірше некемізді қидырып, бірге тұрып жатырмыз. Кейін ақша тауып, құдалықтың жөн-жоралғысын жасаймыз. Құдалармен де танысасыздар, тек бізге біраз уақыт керек» дедім. Анам «Өз ақылың өзіңе жететін қызсың ғой, аман-есен бол. Тек қандай адамға тұрмысқа шықтың, ата-анасы бар ма? Қай жердің тумасы? Немен айналысады?» деп сұрақтың астына алды. Анама «Еш уайымдамаңыз жақында келеміз. Ол жақсы жігіт, намазға жығылған. Мен де ақырындап дін жолына түстім» дедім. Сонда да анам мен үшін алаңдайтынын ескертті.
Арман екеуміз «Көк базардың» маңынан пәтер жалдап тұрдық. Ол маған немен айналысатынын, қандай жұмыс істейтінін айтпайтын. Бірақ сөз арасында «Қытайдан келген ұялы телефондарды жөндеумен, сатумен айналысатын жігіттерді басқарамын» деп отыратын. Бастапқы жарты жылда жақсы өмір сүрдік. Ол маған діни аудиожазба тыңдататын болды. Намаз оқудың жолын үйретіп жүрді. Орамал тақпайтын, ашық-шашық киінетін құрбыларымды «кәпір» деп, олармен арақатынасымды үздірді. Мен де өзгеріп, Арманның ығына жығылып, тек соны ғана тыңдайтын болдым. Анама ара-тұра ақша жіберіп тұрғаным болмаса, арамыз алыстай берді. Әкем 8-сыныпта өмірден қайтқан еді. Анам әкемнің қазасынан кейін денсаулығы нашарлап, дәрі-дәрмекпен ғана жүретін. Ал мен анамның денсаулығын да ойламадым. «Сіз намаз оқымадыңыз, бұл соның жазасы. Сіз кәпірсіз» деп анаммен сөйлескен сайын ренжітетінмін.
– Күйеуің туралы, оның шыққан тегі, отбасы, әке-шешесі туралы білдің бе? Ол кімдермен көбірек араласатын?
– Ол өзінің туған жері қазіргі Түркістан облысының Сарыағаш ауданы екенін айтқан. Ата-анасы жол апатынан қаза тауып, ата-әжесінің қолында өстім деген.
Бірақ Алматыда ешбір туысы тұрмайтын. Оның араласатын ортасы «ахилар» мен «браттар» қауымы. Себебі ол уақытының көбін сол «бауырларымен» өткізеді. Кейбір кездері нағыз өмір Сирияда, сол жақтағы «бауырларымызға» көмектесуіміз керек. «Жиһад» жасау біздің парызымыз» деген сияқты әңгімелерді жиі айтатын. Бірақ соларға қарай бет бұрып, солардың бір бөлшегі екенімді түсінбеппін. Мен өздерін «сестра» деп атайтын оның достарының әйелдерімен таныстым. Тек солармен ғана араластым.
– Олар да намаз оқитын қыздар ма?
– Иә, олар менің күйеуімнің «бауырларының» әйелдері. Тіпті кейбіреуінің күйеуі түрмеде екен. Арамыздағы бір қыз түрмеде жазасын өтеп отырған жігітпен интернет арқылы танысып, телефонмен некесін қидырыпты. Ол жігітінің жазасы өтелгенше күтпек.
– Арманмен неше жыл отастың? – дедім сөзін бөліп.
– Біз 2008 жылы таныстық. Жарты жыл хат алысып жүріп, сол жылы жазда некелестік. Арманмен 2 жыл бірге тұрдым. 2010 жылдың күзінде ол жұмыс бабымен Ауғанстанға кетті. Бірақ мен біз жалдап тұрған пәтерде жалғыз тұрдым. Ал пәтерақы мен азық-түлікке «Арман жіберді» деп Мұрат деген «бауыры» ақша әкеліп жүрді. Күйеуім жарты жылдай хабар-ошарсыз кетті. Кейін телефоныма қоңырау шалып, ол жақтағы жұмысы бітпей жатқанын, жақын арада Алматыға келмейтінін айтты. Арада тағы екі жыл өтті. Мен осы аралықта барахолкада сатушы болып жұмыс істеп жүрдім. Өйткені Арманның «бауырлары» пәтерақымды төлегенімен, азық-түлікке ақша бермеді.
– Ал Арман қайда жоғалып кетті, ешкімнен сұрастырмадың ба?
– Қаладағы «брат» деп жүрген «бауырларынан» сұрастырғанымда, Арманды «жақын арада оралады» деп жұбататын. Бірақ күйеуім сол кеткеннен мол кетті. Қайтып оралған жоқ. Бір күні ол маған өзіне жала жабылып, Ақтөбеде түрмеде отырғанын, 3-4 жылдан кейін оралатынын айтып хабарлама жіберді. Сөзінің соңында «Мен саған «талақ» бердім. Бұрынғыдай пәтерақыңды төлеп тұруға көмектесе алмаймын. Басыңды босаттым, жаныңды баға алмасаң ауылыңа қайт!» деді.
– Сонымен, ауылыңа қайттың ба?
– Жоқ, қалай қайтам? Анамды кәпір санап, онымен араласпағаныма біраз жыл болған. Туыстарым да менен сырт айналған. Ауылға баруға бетім жоқ.
Базардағы жұмысымды жалғастырып, «сестраларыммен» бірге тұрып жаттым. Арамыздағы ең үлкен «сестрамыз»: «Күйеуің талақ берсе, үш айдан кейін тұрмысқа шығуыңа болады. Біз сені өзіміздің қауымдағы жігітпен таныстырамыз», – деді. Қанша қарсылық білдірсем де, «бұл мұсылман әйелінің парызы» деп түрлі уағыз айтты. Ақыры көндірді.
– Ары қарай не болды?
– «Сестралардың» ықпалымен бізге келіп көмектесіп жүрген Тахир деген жігітпен некемді қидым. Неке қиғаннан кейін, ол «бауырларыма» айтып, сенің барлық жағдайыңды жасатамын» деді. Бірақ бір ай өткеннен кейін «жұмысқа шық, маған отбасымызды асырайтын әйел керек» деді. Мен қайтадан жұмысқа шықтым. Ай сайын тамағымызды алып отырдым. Сонда да істеген ісім оған жақпай, күнде таяқ жейтін болдым. Бір күні күйеуім мені ұрғаны үшін өкініп жүргенін айтып, кешірім сұрады. Алайда бұл сөзі мені жұбату үшін айтылған екен. Әртүрлі себеп тауып, мені ұнатпайтынын айтып, «талақ» берді. Ең бастысы, менің басымды босатты. Осылайша, екінші рет тұрмысқа шығып, бұл некеден де «талақ» алдым. «Талақ» деп үш рет айтып, өз жөнімен кете беретін ер адамдарды «сестраларымнан» көп көрдім. Біз араласатын қыздардың арасында өрімдей 17-18 жастағы қыздар да болды. Көбі ата-анасынан баз кешіп, белгісіз ағымды ұстанған жігіттердің етегінен ұстап жүргендер. Бірте-бірте бізге көмектесіп жүрген «браттардың» барлығы ұшты-күйлі жоқ бола бастады. Телефондарына хабарлассақ, «мұндай номер тіркелмеген» дейді. Көп қыздар күйеулерінің қайда екендігінен бейхабар болды. Ал біз жалдаған пәтерақыға, тіпті тамаққа да ақша таппай қалдық. Сол кездері күн суытып, қара базарда сауда жасау қиын болып, жұмыстан қол үздім. Ал табысы жақсы, жылы орында орамалды қыздарды қабылдамайды.
Күн көрудің амалымен «Көк базарда» жұмыс іздеп жүргенімде, Жазира атты қызбен таныстым. Ол да намаз оқиды екен. Ол базардың ішінде мен сияқты адасқан қыздарға көмектесетін «Шаңырақ» орталығында жұмыс істейтінін айтты. Қолымнан ұстаған күйі сол жердегі әйелдерге әкеліп, әңгімемді айтқызды. Сонда ғана істеп жүрген ісімнің дұрыс емес екеніне көзім жетті. Шыны керек, Жазира менің көзімді ашты. Бізбен психолог, теолог мамандар жұмыс істеді. Есімді жиып, еңсемді тіктедім де анама хабарластым.
Кез келген ана ішінен шыққан баласын сыртқа теппейді ғой. Мен «Мама, мені кешіріңізші! Сізден өмір бойы кешірім сұрап өтемін. Тек менен бас тартпаңызшы!» дедім. Анам шыдай алмай жылап жіберді. Сосын «Маған тірі болғаның керек. Үйге орал, ештеңеге қарамай такси ұстап, ауылға тарт, мен ақшаңды үйде дайындап отырамын!» деді.
Осы күнге дейін менің істегеніме ренжімей, келе ғой деген бірауыз сөзі ғана маған демеу болып, алды-артыма қарамай, орталықтағы ұстаздардан рұқсат алып, ауылға қарай құстай ұштым. Жол бойы көп ойландым. Өзімнің адасқанымды кеш түсіндім. Қатты өкіндім. Жол бойы 4 сағатта бүкіл өмірімді көз алдымнан бір өткізіп шықтым. Анам мен бауырымнан безгенім, құрбыларым мен жақындарымнан кетіскенім – бәрі-бәрі кино лентасындай өтіп жатты. Қалайда өз өмірімді өзгертемін деп өзіме сөз бердім. Үйге жете сала жылап тұрып анамнан кешірім сұрадым!
– Ананың мейірінен ыстық мейір, жүрегінен кең жүрек жоқ қой, шіркін!
– Жаныма қатты батқаны – анам менімен соңғы рет сөйлескеннен кейін, қатты ауырып, денесінің оң жағы сал болып қалыпты. Төсекке таңылып жатқан анамды көргенде, өзегім өртеніп, ащы өкініш жанымды пышақтай тіліп өтті.
Мешітке барып имамдардан сабақ алып, намаз оқуды қайта қолға алдым. Неге екенін білмеймін, дәл қазір үстімдегі киімді шешіп, қатарға қосылып кету маған өте қиын. 7 жыл өзге ағымда болып, бірден қалыпты ортаға сіңіп кету оңай емес екен. Қателігімді кеш түсіндім. Кеш түсінгенімді қайтейін, ата-анама, жақындарыма кесірім тиді. Қазір анамның дәрі-дәрмегі, ем-домы үшін жұмыс істеп жүрмін. Бұрынғы араласқан «сестраларыммен» байланысым үш жылдан бері үзілген. Өмір жалғасып жатыр. Кейде осы қым-қуыт оқиғалар менің басымнан өтті ме деп таңданамын. Гүлдей жайнап жүретін шағымда білместікпен қор болғаныма өкінемін!
– Қазір намаз оқисың ба? Діни сауатың қай деңгейде? Тағы да адасып жүрмейсің бе?
– Ауылда «анамның еміне шипа бер» деп жаратқанға жалбарынып, күн сайын мешітке барып жүрдім. Ауыл молдасы менің басымнан өткен істен хабары бар екен. Ол кісі маған діни кітап беріп, намазды дұрыс оқуды үйретті. Шариғат жолын айтып, дінге деген көзқарасымды өзгертті. Ең алдымен Жазираны кездестіргеніме қуанамын. Себебі ойым шырмалып, өз басымды ала алмай жүрген кезде, маған жолығып, өмірімді өзгертті. Кейіннен естідім, менің күйеуім жат ағымды насихаттап, Ақтөбеден Сирияға кететін адам жинаған. Сол жерде сыбайластарымен бірге тұтқындалып, 9 жылға сотталыпты.
– Қазір немен айналысасың?
– Қазір, міне, өзің көріп отырғандай, «Алтын Орда» базарында шаштараз болып жұмыс істеймін. Бұл жұмысқа ауылдағы сыныптас құрбым шақырды. Екеуміз былтыр шаштараз, тырнақ әрлейтін мамандықтың курсын оқығанбыз.

Базардан қайтар жолда жас қыздың шытырман тағдыры ойымнан кетпей қойды. «Қайран, Айжан. Енді адаспа, ешкім тура жолдан тайдырмасын сені!» дедім іштей.

Мақпал Ноғайбаева

21 қыркүйек, 11:17
"Чайка" жігіттер
14 қыркүйек, 17:06
Құжат мақұлданды
14 қыркүйек, 16:54
Ертегіші қыз
14 қыркүйек, 16:46
Латын әліпбиіне көшу - қазақ тілінің жаңа белесі
31 тамыз, 12:05
Түйткілді дипломатиялық жолмен шешу керек
24 тамыз, 12:21
Ұлы тұлғалармен сұхбат
24 тамыз, 12:03
Қаңғыбас бала қайдан шығады?
24 тамыз, 11:56
Баукеспе