jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Қандасқа қамқор

03 тамыз, 15:15
181

«Этникалық қазақ екенін ескере отырып…». Алматы облысының Панфилов ауданында өткен Сайрагүл Сауытбайдың сотында үкім оқыған судья Динара Құйқабаева осы сөзді екі рет қайталады. Құлаққа жағымды, жүрекке жылы тигені рас…

Бәрін басынан бастасақ. Прокурор Арзыгүл Имярова айыпталушының шекараны не үшін заңсыз кесіп өтуге мәжбүр болғанын, қандай жолмен Қазақстанға жеткенін сыдырта баяндап шықты. Сондай-ақ прокурор сөз соңында «Біз де анамыз ғой. Ана үшін бауыр еті баласынан артық байлық та, бақыт та жоқ», – деді. Одан ары «Іс-әрекетінде қылмыстық жазаны ауырлататын жағдайлар болмағандықтан, оны Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 392-бабы 1-бөлігімен («Мемлекеттік шекараны заңсыз, қасақана кесіп өту» – ред) кінәлі деп танып, 6 айға бас бостандығынан айыру, бірақ оны шартты жазаға ауыстыру және 6 ай бойы бақылауға алу жазасын кесуді, сот залынан босатуды сұраймын» – деді. Прокурордың сөзін естіген жұрт арасынан біреу «Мұндай сүйкімді прокурорды бірінші рет көрдік» деп дауыстады.
Айыптаушының сөзімен Сайрагүл де, оның адвокаты да келісті. Айыпталушы прокурордың сөзімен толық келісіп, қылмысын толық мойындады. Сөйте тұра, ол өзінің әрекетін «Қытайда саяси қысым көргеннен кейін осындай қадамға бардым» – деп түсіндірді.

Сайрагүл сондай-ақ «Қытайда төлқұжаттарымды алып қойды. Амалсыз осындай заңсыз әрекетке баруға мәжбүр болдым. Өйткені, бұл балаларыма жететін соңғы мүмкіндік болатын. Қытайдың шекарасын кесіп өтетін рұқсат қағазын 40 мың юаньға заңсыз сатып алдым. Шекараны заңсыз кесіп өттім. Балаларыма жеттім. Менің қасақана қылмыс жасау, шекараны әдейі бұзу сияқты бөтен ойым болған жоқ. Бар мақсатым екі баламмен қауышу болды» – деді.
Айыпталушы «Бір жылдан бері Қытайда қазақтарды «Саяси тәрбиелеу орталығына» жіберіп жатыр. Мен бірнеше жылдан бері Қытай коммунистік партиясының мүшесімін. Партия мүшесі Қытайдың ішкі саяси құпиясын сыртқа жарияламауы керек. Бірақ менің жолдасым мен екі балам Қазақстан азаматтары. Сондықтан, қытайлар маған сенімсіздікпен қарады. «Қос жүрексің» деді. Тіпті, мені екі жылдан бері Қазақстанға жібермей, балаларыммен кездестірмей қойды. Шетелге шығатын паспортымды алып қойды. Тау арасындағы «Саяси үйрену» орталығына апарып сабақ бергізді. Балаларыма жететін басқа жол болмағандықтан, шекарадан заңсыз жолмен қашып шығуға бел будым. Мұның қылмыс екенін білемін. Қазақстан заңы бойынша қандай жазаны болса да мойныммен көтеруге дайынмын» – деп сөзін аяқтады.
Сот тәртібі бойынша, одан кейінгі сөз қорғаушы Абзал Құспанға берілді. Ол «Пана іздеуші тұлға» куәлігі «Босқын» мәртебесін алу үшін жасалатын бірінші қадам. Бұл куәлікті біздің өтінішімізге сәйкес, 25 шілде күні Алматы облыстық көші-қон полициясы берді. Куәліктің маңызы өте зор. Оның иесі Қазақстан аумағынан шығарылмайды. Тіпті, өзге мемлекетке берілмейді. Бұл мәселені тікелей БҰҰ жанындағы Босқындар ісі жөніндегі комиссариат қадағалайды. Сонымен қатар, Қазақстанның халықаралық талаптарға сәйкес қабылданған «Босқындар туралы» заңы бар. Сондықтан да, бұл қылмыстық істе аталған куәліктің маңызы өте зор, – деді.
Айыптаушы мен қорғаушы сөзінің бір жерден шыққаны – жиылған жұрттың көңіліне үміт ұялатты.
Соттың екінші отырысында судья қылмыстық істі басынан аяғына дейін оқып шықты. Сондай-ақ ол «Сауытбайдың қылмысы аса ауыр емес» – деп бағалады. Үкім шығарғанда БҰҰ балалар құқығы Конвенциясын негізге алып, Сауытбайды екі баласынан, отбасынан ажыратпауды жөн көргенін айтты. Д.Құйқабаева «Сайрагүл Сауытбай қазақ ретінде, Қазақстан азаматтығын алуға құқығы бар азамат ретінде, оны Қазақстаннан шығарып жіберу жазасы тағайындалмады. Қазақстан Қылмыстық кодексінің 392-бабы 1-тармағы бойынша Сайрагүл Сауытбайды кінәлі деп тауып, 6 айға бас бостандығынан айыру туралы шартты жаза тағайындалсын. 6 ай мерзім пробациялық бақылау мерзімі тағайындалсын. Сот залынан босатылсын!» – деді. Осы бір ауыз сөзді күтіп тұрған қауым судьяны сот залынан құрметпен, шапалақ соғып шығарып салды. Бұрын-соңды үкім шығарған судьяға мұндай қошемет көрсетілді ме екен?
Сайрагүл ісін бірқатар шетелдік ақпарат құралдары әу бастан назарда ұстады. Қазақ соты өз қандасына қамқор болды.

Жарас Кемелжан

21 қыркүйек, 11:17
"Чайка" жігіттер
14 қыркүйек, 17:06
Құжат мақұлданды
14 қыркүйек, 16:54
Ертегіші қыз
14 қыркүйек, 16:46
Латын әліпбиіне көшу - қазақ тілінің жаңа белесі
31 тамыз, 12:05
Түйткілді дипломатиялық жолмен шешу керек
24 тамыз, 12:21
Ұлы тұлғалармен сұхбат
24 тамыз, 12:03
Қаңғыбас бала қайдан шығады?
24 тамыз, 11:56
Баукеспе